• Әдебиет
  • 07 Мамыр, 2020

ТАРИХИ МЕКЕНДЕРДІ ШАТАСТЫРМАЙЫҚ...

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңнің ішінде патша заманында жойылып кеткен тарихи жер-су, елді мекен атаулары қалпына келтіріліп, игілікті, ұлттық маңызы зор іс-шаралар атқарылды, сонымен бірге бұл іс әрі қарай жалғасып келеді. Дегенмен мұндай шаралар кезінде жаппай қолға алынғандықтан, белгілі  бір жағдайда науқаншылық сипат та алды, оның зияны әлі де тиіп келеді. 

Осындай науқаншылықтың салдарынан кеткен қателік Түркістан облысы Түлкібас ауданы Келтемашат округінде де кездесетініне қынжылмасқа амал жоқ. Аталмыш округтегі отаршылдық атаулар Антоновка – Кершетас, Димитровка – Жиынбай, Военка – Қоғалы болып өзгертіліп, бұрынғы атаулары қалпына келтірілді. Алайда осы округтегі Келтемашат ауылының шығыс жағында жатқан Кончасть, Сеславино, Карл Маркс елді мекендерінің байырғы атауларын қалпына келтіру туралы тұрғындардың пікірлері ескерілмей қалғандықтан, бүгінде шешілуі қиын мәелеге айналып отыр. Сеславино елді мекені бұрын Дәубаба деп аталған. Осы атау қалпына келтірілуі керек еді. Бұл іс те оң шешімін таппады. Ал Дәубаба б.з.д. ІІІ ғасырда өмір сүрген тарихи тұлға. Тарихи құжатта Елсау бидің әкесі саналады. Елсаудан Нулы, Дулы таралады. Нулы Есіктен табылған «Алтын киімді» ханзада. Дулы Еуропаға ауған, Болгар мемлекетін құрушы. Дәубабаның атын өзгерту – тарихи сананы жою. Дәубаба үйсін қағаны, әулие аталып кеткен кісі. Қойбек би (1830-1910) болса, есімі ­тарихи еңбектерде хатталған, қайраткер тұлға. Дәубаба өзенін таулы жерге 30 км арық қаздырып шығарып, елінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз еткен. Қойбек би ауылының аты ­Совет үкіметі кезінде өзгертілген. Содан соңғы аты Кончасть ­болып аталған. Бұл елді мекеннің де байырғы Қойбек би атауы қалпына келтірілмей қалды, мұның өзі елдің ренішін туғызатын жағдайға айналып отыр. Жер-су ­атауын өзгертумен айналысқан ­азаматтар тарихи жағдайды біле бермеген. Дәубаба туралы геолог И.В.Мушкетов «Туркестан» (1874-1880 жылдар аралығы) деген кітабында тоқталады, ол Дәубаба тауының геологиялық құрылымына сипаттама береді. Дәубабаны алғаш зерттеген ғалым академик В.В.Бартольд 1903 жылы Орта Азияға іссапарға шығып, ол да Дәубабада болып, оған қатысты мәлімет келтіреді. Академик Дәубаба Келтемашат ауылынан 16 верст (км) жерде жатыр деп арақашықтығына дейін дәл көрсетіп жазады. Ол Дәубаба әулиенің басына қойылған тасты зерттемек болады, бірақ дерекке кезікпейді. Дәубаба патшаның отаршылдық саясатынан Сеславино болып, ал Қойбек би ауылы кеңестік идеологияның ықпалының зардабынан әртүрлі аталып келіп, соңы Кончасть болып өзгертілген екен. Патшаның отаршылдық, Кеңес үкіметінің коммунистік идеологиясының құрбаны болған байырғы Дәубаба мен Қойбек би ауылдарының тарихи аты күні бүгінге дейін қалпына келтіріле алмай келеді. Сеславино селосы Дәубаба ауылы болып өзгертілудің орнына, бұл ­тарихи атау науқаншылдық салдарынан 10 км қашықтыққа жылжытылған, сөйтіп Кончасть Дәубаба болып кеткен. Тұрғындардың, ­сондай-ақ білікті азаматтардың пікірлері ескерілмегендіктен осы екі елді мекен атауын өзгерту кезіндегі жіберілген қателіктің зардабы тарихи сананы жойып жіберуге әкеліп отыр. Сеславино және Кончасть тұрғындары жаңа атау сұрап отырған жоқ, керісінше, Ұлттық ономастика комиссияның үкіметіміз бекіткен ережесінің 3-тармағына сай байырғы тарихи атауларын қалпына келтіруді ойға алған. Жер-су, елді мекен ­атаулары – бұл тарихи санамыздың көрінісі, халқымыздың жады, жүріп өткен іздері, оған аса ыждағаттылықпен, байыппен қарау парыз деп білеміз. Күрмеуі күрделі болып тұрған осы мәселені шешудің дұрыс жолы былай болғаны жөн деп санаймыз: ол Сеславино және Кончасть (шатас­тырылып қойылған Дәубаба) елді мекендерінің байырғы тарихи атауларын қалпына келтіру үшін жеке-жеке шешім қабылдап, тиісті құзырлы орынға ұсыну. Әңгіме жаңа атау емес, тарихи атауды қалпына келтіру тұрғысынан ғана болуы керек. Сонда ғана тұрғындардың ондаған жылдар бойы талап етіп келе жатқан мәселесі әділ шешілмек.

Мұхтар ҚАЗЫБЕК, жазушы-тарихшы

922 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы