• Тіл
  • 14 Мамыр, 2020

ҒҰМЫРЫ ҒИБРАТҚА ТОЛЫ ҒАЛЫМ

Қазақ тіл білімінің көрнекті маманы, филология ғылымының докторы, профессор Манкеева Жамал Айтқалиқызы 1950 жылы сәуір айында Орал облысы, Шыңғырлау ауданы, Шілік кеңшарында дүниеге келген. 1967 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1972 жылы үздік дипломмен бітіреді. 1977 жылдан осы кезге дейін Қазақ тіл білімінің қара шаңырағы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында кіші, аға, бас ғылыми қызметкері болып істеп келеді. Академик Ә.Қайдаровтың жетекшілігімен 1987 жылы «Қазақ тіліндегі бастапқы етістік негіздерінің реконструкциясы» деген тақырыпта кандидаттық, 1997 жылы  «Мәдениет лексикасының ұлттық сипаты» деген тақырыпта докторлық  диссертациясын қорғады.

Жамалдың елге, ұлтқа сіңірген еңбегін танытқан басты қыры – оның ғалымдығы. Оның қаламынан шыққан үш жүздей ғылыми еңбек­тер (моногра­фиялар, оқу құралы, ғылыми ма­қалалар) жарық көрді. Ж.А.Манкеева – Қазақстан Республикасында тарихи морфология, лексикология салалары ­бойынша қазақ тіл біліміндегі жетекші ғалымдардың бірі. Ғасырлар бойы халықтың көкірегінде жатталып, жадында сақталған көне тамырлы сөздердің тарихына үңіліп, тілдік тұрғыдан табиғатын барлап, жасалу және сақталу жолдарының тілдік құралдарын анықтау, мағыналық даму заңдылықтарын көрсету мен көнеру себептерін ашу, т.б. түркітану аясында ғана емес, қазақ тіл білімінің де зерттеу нысанынан тыс қалған жоқ. Профессор Ж.А.Манкеева 2007 жылдан бері «Қазақ тілінің ұлтты рухани тұтастырушылық қызметі» деген тақырыпқа жетекшілік етіп келді. Бұл тақырып «Ұлттық идея – Қазақстанның тұрақты дамуының негізі» деген мемлекеттік бағдарлама бойынша орындалуда. Жұмыстың негізгі мақсаты казіргі қоғамдық-әлеуметтік жағдаят пен ұлттық сананы жаңғыртумен байланысты. 2008 жылы Ж.А.Манкееваның зерт­теулерінің бағыты мен нәтижесін көрсететін «Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері» атты ғылыми монографиялық еңбегі жарық көрді. Бұл еңбек қазіргі тіл білімі даму деңгейінің сан салалы ­тео­риялық ұстанымдарына сай бүгінгі күнгі тілдік зерттеулердің ­бағыт-­бағ­дарын анықтауға, жеке лингвистика шеңберіндегі маңызды тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді. Осыған сәйкес тілдің қоршаған әлеммен, адам факторымен сабақтастығын зерделеу қазіргі қазақ лингвистикасының халықтық сипаты мен әлемдік ғылым деңгейіне көтерілер биігін бір ­арнада тоғыстырады. Осы тұтастықта қарастырылатын тілдің табиғатын адамның мәдени, ­рухани, әлеуметтік, психологиялық болмысымен, оның қимыл-әрекетімен ұштастыра талдаған қазақ ғалымдары соңғы кезде таным мәселесіне ерекше назар аударып, «ұлт пен біртұтас» деген қағидаға сәйкес қазақ тіл білімінде антропоөзектік бағытты қалыптастыруда. Ғалымның осы аталған еңбегі бағаланып, 2010 жылы ҚР ҰҒА-ның Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаттығына ұсынылды. 2010 жылы ғалым «Қазақ тіліндегі байырғы түбірлерді жаңғырту» атты монографиясын баспадан шығарды. Жәкең Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында шығарылған 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігін» құрастыруға белсене араласып, төртінші томның редакторы болды. Ғалымның бойына біткен жағымды қасиетінің бірі – оның асқан еңбек­қор­лығы. Оның ғылыми дәрежесі, атақ-абыройы – еш жал­ғансыз өзінің таза еңбегімен, білуге құмарлық талантын бар қы­рынан көрсетуімен, тынымсыз ізденісімен, дарын-қабілетімен жеткен жетістігі. Бар ғұмырын ғылымға бағыштаған ғалым түн ұйқысын төрт бөле жүріп, ана тілі ғылымының толы­ғуына шама-шарқынша үлес қосып келеді. Жамалды ғылыми әлемде кеңінен мәлім еткен тағы бір қырына оның талапшыл ұстаз ретінде ­танылуы, жастарды ғылымға тарту жағынан да қыруар еңбек ­тындыруы ­жатады. Атап айтқанда, оның ғылыми жетекшілігімен ­жиырма бір кандидаттық диссертация және бір докторлық диссертация қорғалды. Ғылыми кеңесшілігімен үш докторлық диссертация және бірнеше кандидаттық диссертация жазылып, аяқталуда. Профессор Ж.А.Манкеева қазіргі қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыт – лингвокогнетивтік бағыттың қазақ тіл білімінде қалыптасып, дамуына өзінің және өзі ғылыми жетекшілік жасаған шәкірттерінің зерттеулері арқылы нақты үлес қосып жүрген ғалымдардың бірі. Шәкірттері бар, өзінің жолын қуған мектебі бар ғалым бақытты. «Ұстаз бағасын шәкірті береді», «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», «Шәкіртсіз ғалым – тұл», «Ұстаз жолы – ұлы жол» деп тегін айтылмаған. Ана тіліне қатысты өзекті мәселені шешумен қоса, ұстаздың бойындағы бар ізгі қасиеттерін бөлісуі шәкірттерін сауықтырып болашаққа нық сеніммен қарауға ұмтылдырады. Ғалымның адалдығы, жанының пәктігі, жақсылыққа жақындығы өз ұлты мен тіліне деген ынталылығы жастарға үлгі. Ол жоғарғы оқу орындарында бірнеше жыл дәрісхана толы студенттер алдында өзінің болмысына тән байыпты қалпымен, құлаққа жағымды қоңыр даусымен ел бірлігі мен оның қамы, тіл мен дін бірлігі, Отан тағдыры мен оның болашағы, жастар тәрбиесі мен ұлттық құндылықтар хақында халқымыздың рухани қазынасының терең өрнектелген ғибратты да мазмұнды лециясын оқып, балғын жүректерге білім нәрін құйып бақты. Әрбір еңбек адамының екінші үйі өзі жұмыс істейтін қызмет орны екені белгілі. Қырық үш жыл бойы бір орында еңбек етіп келген Жамалдың кәсіби және адамгершілік қасиетін жоғары бағалаған ұжым мүшелері оған сенім білдіріп, институттың лексикология бөлімінің меңгерушілігіне, сондай-ақ лингвистикалық басылым «Тілтаным» журналының жауапты редакторлығына тағайындалды. Ж.А.Манкеева түрлі ресми деңгейдегі бағалауға, ұсынылған бірнеше ғылыми жұмыстарға эксперт, оппонент ретінде қатысып, салмақты ғылыми ойларын ортаға салып көп жылдар бойы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы – қазақ тілі мен түркі тілдері мамандықтары бойынша қорғалатын диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы қызметін атқарды. Жамалдың өмірлік өнегесі қомақты ғылыми еңбектерімен ғана шектеліп қоймайды. Оның бізді сүйсіндіретін бір ерекшелігі – өзгелер үлгі-өнеге тұтар рухани адамгершілік қасиетімен де құрметке ие болуы. Иманды адамның сырты нұрлы, іші сырлы, жүзі жарқын, ­рухани бай. Соған орай халқымызда «түсі ­жылыдан түңілме», «түсі жақсының іші де жақсы», «түсі, іші жақсының ісі де жақсы» деген сөз бар. Қазақ әйеліне тән инабаттылығы бойына жарасқан, ғылым мен білімді, кісілік пен кішілікті, парасат пен мейірімді қатар сыйдырған ғалым сабырлы да салмақты көркем мінезінен айнып көрген емес. Сөйлегенде өте ­жайдары, айналасына шуақ шашып, әсерлі шырай білетін жаны жайсаң жанға әркімнің-ақ үйір болатынын көріп жүрміз. Жамалды туған-туыстары, дос-жарандарының құрмет тұтуының тағы бір себебі – оның ерін сыйлағыштығы. Адам бақытты болу үшін ең керегі үш нәрсе болса, соның бірі – ынтымағы жарасқан берік отбасы. Өмірде отбасы бақытынанан асқан бақыт та, байлық та жоқ деп жүрміз. Бүгіндері 70-жылдық мерейтойын ерен еңбекпен, зор жетістікпен қарсы алып отырған Жамал – аяулы да, адал жар, асыл ана, мейір-шапағаты мол әже. Көңілдері жарасып бас қосқан жан-жары өзімен университетте бірге оқып, оқу бітірген филология ғылымының докторы, профессор Бейсенғалиев Зейнол Қабиұлымен 47 жыл отасып, шәй деспей тіршілік кешіп, тәрбиелі ұл, қылықты қыз өсіріп, оларды білімді де білікті етіп тәрбиелеп, үлгілі де өнегелі отбасын құрғызып, балдай тәтті жеті немересінің қылығын ­тамашалап, еңбегінің зейнетін көру – ойға ой ­салатын жайт. Өткендегі дана бабаларымыз «Әйел – аналық ұяның, яғни үйдің иесі, ошақтың құты, әулеттің ырысы. Әдепті, арлы жар сүйсең, оңғарылар бар ісің. Отбасындағы сыйластық пен ілтипат-көңілдің жыры, кәусар бұлағы, өмірдің мәні» деп қадап айтып кеткен. Сондай әйелден бағы жанған бақытты еркектің бірі, өзінің айтуы бойынша, Жамалдың жары Зейнолла. Оларды өмірлері өрнекті ғалымдар отбасы ретінде атайды. Білікті ғалым жетпіске толдым деп шаршап-шалдыға қоятын жан емес. Ана тілінің көкейтесті өзекті мәселесін шешуде сергек үн қосып, тынымсыз ізденіс үстінде жүрген ­Жамалдан институт қауымының күтері көп. Сөз ыстығы тілекте. Қазіргі таңда ғалым «Қазақ сөзінің құдіреті» атты монографиясын баспаға ­даярлауда. Сөзіміздің соңында шеберлігі толысып кемеліне келген, қаламы қатайып көкейіне көп ой өрбітіп келе жатқан, шығармашылық шабытының дер шағындағы Жамалды мерейтойымен құттықтай отырып, зиялы қауымды сәтті ғылыми еңбектерімен қуанта беруіне тілектестік білдіреміз.

Сейдін БИЗАҚОВ, филология ғылымының докторы, профессор

1740 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы