• Әдебиет
  • 14 Мамыр, 2020

Тоқаш есімі ұмытылмауы тиіс

«Ана тілі» басылымының 27 ақпан 2020 жылғы №8 нөмірінде жарық көрген белгілі қаламгер Болат Шарахымбайдың «Таланты тамсандырған Тоқаш еді» атты мақаласын зор ықыласпен оқып шығып, біз, бір топ мәдениет және ғылым қайраткерлері оған үн қосып, қолдау көрсетуді азаматтық парызымыз санадық. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың назарына ұсынылған бұл үшбу хатта оңтүстіктің тумасы, ­поэзия патшалығынан өз орнын ойып тұрып алған арқалы ақын Тоқаш Бердияровтың таланты мен әдебиетке сіңірген айрықша еңбегі тиісті орындар тарапынан ескерусіз қалып келе жатқанына реніш білдіріп, көрнекті тұлғаға Шымкент шаһары аумағынан көше атын беріп, сол көше бойынан ақынға ескерткіш тұрғызуды сұрап мәселе көтерген ­болатын. Шынында да, бұл мәселенің қоғамдық ортада тілге тиек болып келе жатқанына аз уақыт болған жоқ және санада пісіп-жетіліп тұрған өзекті тақырып екенін атап өтуге тиіспіз. Қалай дегенде де өткен ғасырдың 50-80 жылдар кезеңінде қазақтың қара өлеңіне сүбелі олжа салған, жаңғыртып дамытқан, көркемдік дәрежесін шырқау биікке көтерген, артына шәкірт ­ерткен Тоқаштай сирек суреткерге өзі туып өскен, көптеген өлеңдер арнаған өлкеден көше атын беріп, бір ескерткіш тұрғызып, тұлғасын ұрпаққа өнеге етудің зор маңызы бар деп есептейміз және қолдау білдіреміз. Егер біздің ұсыныс-тілегіміз қолдау тауып, жүзеге асып жатса, ұлы ақын есімінің ел есінде мәңгі қалуы үшін жасаған игі ісіміз болар еді. Жалпы Тоқаштай дара тұлғаның қазақ өлеңінде өз алатын орны бар үлкен кәсіби ақын екенін, тек ақын ғана емес, нағыз азамат болғанын дәлелдеп, шын бағасын алуы үшін жарғақ құлағы жастыққа ­тимей тиісті орындардың есігін тоздырып жүгіріп жүрген жалғыз жоқтаушысы әрі рухани інісі ­Болаттан өзге тарихи тұлғаны өз тұғырына қондыруға ниет еткен ­жанашырлар әзірге табылмай тұрғаны өкінішті. Ал, егер Тоқаң ғайыптан тіріліп келіп, «қосауыз» көзін оқтап, тісін шықырлатып сөйлеп берсе, «менмін» деп күдірейіп жүрген талайлардың ұнжырғасы түсіп, сүмірейіп қалуы әбден мүмкін. Бірақ біздің мақсатымыз «кім мықтыны» анықтау немесе олардың төңірегінде талас ­тудыру емес, бір уақ шындықтың көзіне тура қарап қойсақ, сонда Тоқаңдай ұлы ақынның да бағасы биіктей түсе ме деген ой еді... Тар кезеңде таудан құлаған өзендей арқырап, халқыма пайдалы адам болсам деген асқақ арманмен ұлтына табанды қызмет еткен Тоқаш Бердияровтың есімі қалай болған күнде де ұмытылмауы тиіс.

Темірхан Медетбек, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Зәкір Асабаев, жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Бақтияр Сманов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор, Есенғали Раушанов, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Марат Тоқашбаев, «Президент және халық» газетінің бас редакторы, Қасымхан Бегманов, ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Сәуірбек Рузиддинов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымының докторы, профессор, Бекболат Тасболатұлы, физика- математика ғылымдарының докторы, профессор.

921 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы