• Руханият
  • 14 Мамыр, 2020

ДҮНИЕ-КЕРУЕН

Ерғали Сағат

Қазақ журналистикасы мен көсемсөзі ауыр қазаға душар болды. Белгілі қаламгер, журналист-публицист Ерғали Сағат өмірден өтті. Ол 1949 жылы Жамбыл облысы Талас ауданындағы Ойық ауылында дүниеге келді. 1975 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді. Осы жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жолдамасымен «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетіне жұмысқа орналасты. Осында әдеби қызметкерден бастап бас редактордың бірінші орынбасары қызметінде 18 жыл қызмет атқарды. «Алматы ақшамы» газетінің, «Парасат» («Мәдениет және тұрмыс») журналының Бас редакторы болды. 1983 жылы «Жалын» баспасынан «Даладағы ұлы із» атты деректі повесі жарық көрді. Осы еңбегі үшін республикалық ­Баубек Бұлқышев атындағы сыйлыққа, 1988 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Ғимараттар биіктеп барады» публицистикалық кітабы үшін Журналистер одағының сыйлығына ие болды. Бұдан кейін «Келелі келешек», «Дін биігіндегі ел», «Ай нұрын төккен қала» деректі публицистикалық және «Өмір-өсиет», «Ғасырдың бір жылы» атты көркем прозалық кітаптары оқырман қолына тиді. Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академия-сының академигі атанды. Әр жылдарда «Әскери үздік қызметі үшін» (1970), «Еңбектегі ерлігі үшін» (1981), «Астана», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Парламентіне 10 жыл», «10 жыл Астана», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медальдарымен марапатталған. Бірнеше «Құрмет грамоталарына» ие болған. «Құрмет» орденінің иегері. Қаламгердің отбасына, туған-туыстарына көңіл айтамыз. Ардақты азамат есімі ешқашан ұмытылмайды.

«Қазақ газеттері» ЖШС

Сыйлы  азамат болды

Мен Ерғали Сағатты ерекше сыйлайтынмын. Артық сөйлемейтін, ешкімді ренжітпей, сыпайылық ­танытып отыратын. Білікті, сабырлы азамат болатын. Ресми жиын-тойда, мерекелерде кездескеніміз болмаса, көп араласқан жоқпын. Мына суыт хабарды естігенде сенер-сенбесімді білмей қалдым. Қызмет істеп жүрген кезде өте абыройлы болды. Димаш Ахметұлы Қонаевқа қатысты шаралар өткенде үнемі аруақты істің басы-қасында жүретін. Артында ұрпағы қалды, ­балаларына жақсы тәрбие берді. Иманды болсын!

Амангелді ШАБДАРБАЕВ

Кісілік келбеті

Елдің басына қиын тұстан күн туып жатқан кезде айтпай келетін ажал арамыздан қазақ журналистикасының көрнекті өкілдерінің бірі, жаны, жүрегі жайсаң, жомарт азамат Ерғали ­бауырымызды алып кетіп отыр. Ерғали Сағат сонау 70-жылдары қазақтың көсемсөзіне өзіндік өзгеше үнімен, ырғағымен, қолтаңбасымен келген санаулы жүйріктеріміздің бірі еді. Біз Ерғалиды «Лениншіл жас» газетінде марқұм Сейдағаңның, Сейдахмет Бердіқұловтың қасында жүріп, сол кездегі маңдай алды газетіміздің беделді өкілдерінің бірі болғанын жақсы білеміз. Ерғалидың жүрісі де, тұрысы да, өзінің азаматтық адамгершілік ­сипаты да ерекше болатын. Алысты жақындатып, аразды табыстырып жүретін, кісілік келбеті жарасқан ­дипломат жігіт еді. Кейде өкшелес ­бауырым болғаннан кейін: «Ереке, сені өзі Алла әу баста келісті етіп жаратқан адамсың. Жүрісің де, тұрысың да, сөзің де қай жағынан болмасын келіп тұр. Бір елге елші болып барсаң, қолға түспейтіндерді кезіктіріп, келіспейтіндерді келістіріп жүретін Алла Тағала бойыңа ғажайып қасиет берген ғой деп» разы болып жүруші едім. «Лениншіл жаста» жемісті қызмет етті. Ұзақ жылдар «Алматы ақшамын» басқарғанда тақырып таңдауда, ­авторлар қауымын жұмылдыруда үлкен ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті. Оның шығармаларын оқығанда, ел алдында сөйлеген сөзін тыңдағанда қатты сүйсінуші едік. Отының басында да, жолдас-жораларының ортасында да қадірі асқан, аса бір үлкен қасиеттің иесі болатын. Айтпай келген ажал арамыздан, міне, осындай алаштың біртуар ұлын ойда-жоқта алып кетті дегенде қабырғамыз қатты қайысты. Отбасына ғана емес, бүкіл қазақтың журналис­тикасына, қазақ көсемсөзін жасап жүрген, Ерғалидың тәрбиесін көрген іні-қарындастарына, әріптестеріне көңіл айтамын. Жаны жаннатта ­болсын, Ерғалидың. Артына өлмейтін сөз қалдырған, үні де, жүрісі де, тұрысы да ешкімге ұқсамайтын тұлғалы ­азамат өмірден өтіп бара жатыр. Ол қазақ журналистикасының ауыр жүгін қайыспай көтерген Ерғали ­бауырымыз, Ерғали Сағат. Ерғалидың аты, қаламынан шыққан көсемсөзі қазақтың болашағына, ертеңіне қызмет етеді деп сенемін. Бақұл бол, бауырым. Жаның жаннаттың төрінен болсын!

Нұрлан ОРАЗАЛИН

Адами қалпынан айнымаған

Алланың ісіне қарсы келер шара жоқ! Ұлттық журналистиканың туын биікке көтерген ту ұстаушы қайраткер ағаларымыздың ішіндегі ақсүйегінен айырылдық... Сымдай тартылған тұлғасы, көрсе көз қуанатын келбеті, мұнтаздай киім киісі, салмақты сөзі, салиқалы ойы және сабырлы мінезінен қашанда, қай жерде де, қандай сәтте де өзгермей, мүлтіксіз түзу қалпын сақтап өткен екі адам болса – бірі, біреу болса – сол бірдің өзі еді... Осыдан жарты ғасыр бұрын Журналистика факультетінде оқып жүргенде де, кейін де қандай қызмет атқарса да, қандай биікке көтерілсе де өзінің азаматтық ұстанымынан айнымай, адами қалпынан аумай өткен тұлғаның бірегейі еді. Алаш қайраткерлері көтерген қазақ аты-жөнінен «ов» пен «ев»-ті алып тастау бастамасын өз заманында алғашқылардың бірі болып жүзеге асырған осы патриот журналист-­редактор ағамыз болатын. Оның «Ерғали Сағат» деген ­ныспысы ешқандай қосымша қосуға болмайтын, қосылуға келмейтін бұзылмас, бұлжымас саф күйінде тасқа басылып, тарих қойнауына мәңгі өшпес болып енді. Бақұл бол, абзал аға!

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ

Адалдықтың айнасындай...

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары басталғанда қолымызда «мамандығы – журналист» деген дипломымыз бар, бірақ корректор болып баспасөз босағасынан алғаш аттағанбыз. Республикалық ­газет «Лениншіл жастың» корректоры атанудың өзі мәртебе еді! Онда коррбюро мен машбюро – редакцияның жауапты хатшысының құзырында. Бұл бюроларға кімді жұмысқа алуды сол кісі шешетін көрінеді. Сөйтіп, Ерғали Сағатов ағаның алдында тұрдық. Және меселімізді қайтармай, бүкіл баспасөз әлеміне өз қолымен жетектеп енгізіп жіберді. Сонда жиырма үш жастамыз, ал Ерғали ағамыз небәрі отыздан жаңа асыпты. Ал тым үлкен көрінді. Жүріс-тұрысына қарағанда арамызда біз ешқашан жетпес алшақтық тұрғандай сезілетін. Мұнтаздай. Мұнтаздай деу аз. Өз басымыз газет қызметкерлері арасынан сөзбен айтып жеткізгісіз соншалықты талғаммен киінетін екі кісіні көрдік. Бірі – осы Ерғали ағамыз да, екіншісі – сол тұстағы «Социалистік Қазақстанның» жауапты хатшысы Кеңес Юсупов еді. Киімін, шаш тарауын айтпағанда, денелерінде артық ет жоқ, спортпен айналыса ма, жоқ па, екеуі де оқтау жұтқандай тіп-тік жүреді. Сірә, жауапты хатшы деген осындай болуы ­керек деп еріксіз ойлайтынбыз. Кешікпей Ерғали аға өзі ұсынып, бізді корректордан секретариатқа қызметке алды. Ендігі жұмыс – ертеңгі газеттің макетін сызу. Үш күнде бір айналып келетін кезегіміздегі макет бес рет қайталап сызғанның өзінде қара-қожалақтау болып тұрады. Ал ара-тұра мерекелік нөмірдің немесе арнаулы беттің макетін Ерғали ағаның өзі сызғанда тура көрмеге жіберетін суреттей мөлдіреп шығады. Иә, әрбір сызғаны бетін шынылап, сыртына қаптама жасатып қабырғаға іліп қоюға жарайды. Мұндай ғажап макетті оған дейін де, ол кісіден кейін де ешкімнің сызғанын көрмедік. Алдында түрлі-түсті қарындаштың қорабы жатады. «Жатады» емес-ау, әлгілер ерекше тәртіппен, ретпен қатарласып тұрады. Бәрі асқан ұқыптылықпен ұшталған. Әр мақаланың, әр суреттің орнын сонымен белгілейді. Ондай қарындаштарды бізге де береді, бірақ, бәрібір Ерғали ағаның қолындағыда өзгеше бір сиқыр бар сияқты. Қара қарындаштың өзімен кемінде үш түсті бояу түсіре алатын. Кейде «мә, былай болсын» деп, бір беттің жобасын тек қара қарындашпен сызбалай салады. Ал қарасаң мақаланың тақырыбы бір түспен, оның алатын көлемі бір түспен, суреттің орны үшінші түспен белгіленген. Ер-ағаның қолына ұстағаны – жалғыз қарындаш. Таңданбай көр! Айтпақшы, сызғышсыз-ақ түп-түзу сызықтар тартады. Оған қарасаңыз, бұл кісі біздей журналис­тика факультетінде оқыған емес, арнайы геометрияның академиясынан келгендей еді. Ал журналистика факультетінде Несіп Жүнісбаевпен курстас болғанын, міне, енді Ерғали Сағатов аға өмірден өтіп, әлеуметтік желіде оны жүрегі қан-жылап жоқтаған Несіп ағаның жазбасынан біліп отырмыз. Бұл кісі жауапты хатшы, Несіп аға Спорт бөліміне меңгеруші болғанда бір рет те «курстаспыз» дегендерін естімеппіз. Онда қызметті адал атқару ғана мақсат етілген ерекше таза редакциялық ахуал қалыптасқанын осы да аңғартар. Осылай макетке машықтанған бір жыл өткенде бізді бөлімге тілші етіп ауыстыруға өзі біртуар редактор Бердіқұловқа ұсыныс жасады. Сөйтіп, корректор мен ­секретариат мектебінде шыңдалып, ақыры аңсаған арманға жеттік. Анығында Ерғали Сағатов ағамыз жеткізді. Онда басшылардың еңбек бөлінісі бар екен. Редактордың өзі Әдебиет, Адамгершілік тәрбие және Спорт бөлімдерінің мақалаларын оқып, қол қояды. Комсомол тұрмысы, Насихат, Шаруа жастар, Студент және оқушы жастар бөлімдерінің материалдарын оқу – редактордың орынбасары Ержұман Смайыл ағамыздың міндеті. Ал Жұмысшы жастар және Жедел хабарлар мен тілші хаттары бөлімдерін жауапты хатшы оқиды. Сайыпқыран Сейдахмет жыл аралатып бөлім тілшілерінің орындарын ауыстырып қояды. Жалығып, жалқауланып кетпесін дегені. Ол да өзіндік ерекше тәсіл еді. Кезекті ауыс-күйісте Жұмысшы жастар бөліміне аға тілші болып келіп, тағы Ерғали Сағатовтың тәлімін көрдік. Сонымен үшінші рет! Енді мақалаға тақырып қою, қажетті ойларды жеткізе білу, фактілерді, әсіресе цифрларды қолдану мен ойнату деген жайттерға көзімізді ашты, көкірегімізді сайратты. Өзі де өндіріс тақырыбына мақала жазып қоятын. Жалпы сол тұста қазақ публицистері арасында экономиканы жетік білетін санаулы тұлға бар еді. Көшбасшылары Камал Смайылов екеніне сөз жоқ. Ол кісі шамамен екі айда бір рет Сейдахмет досына келіп, мақала тастап кетеді. Тура газеттің бір бетіне лайықтап жазады. Қолы айбақ-сайбақ, біз машбюрода тура кроссворд шешкендей, диктовка жасап беретінбіз. Камал ағадан басқа «СҚ-ның» Өндіріс бөлімінде Зұлқарнай ­Сахиев деген аға экономиканы шемішкеше шағатын. Осы шоғырда біздің Ерғали Сағатов та тұрды. Редакция тілшілерінің кезекті орын ауыстыруы барысында біз тағы бір саты өсіп, «Лениншіл жастың» Орталық Қазақстандағы үш облыс бойынша өз тілшісі болып, Қарағандыға аттандық. Онда өндіріс көп. Негізгі мақалаларымыз Жұмысшы жастар бөлімі арқылы өтеді. Сөйтіп, жауапты хатшы Ерғали ағаның ­алдына түседі. Жазғанымыз кешікпей дереу шығып жатады. Енді байқасақ, мақаламыз көрнекі орында және өзіміз жолдамаған суретпен, коллажбен көркемделіп тұрады. Ерғали ағаның қолдауы мен қамқорлығы тағы осылай сезілген. Айтпақшы, секретариаттың өзінде әрбір сенбі күні нөмірге «Ақшам» атты ­арнайы бет шығатын. Бұл – басқа бөлімдердің мақалаларына мүлде ұқсамайтын тылсым әлем, жұмбақ жайттар, тосын құбылыстар, әйтеуір бейтаныс тақырыптар беті. «Ақшам» – тек секретариаттың еншісі. Сонда қызмет атқарғанда күнделікті макеттер өз алдына, өзіміздің төл өніміміздің ерекше шығуына барымызды салатын едік. Қазірге дейін тақырып іздегенде, оны жазғанда сол «Ақшам» бетіне арнап жазғандай ерекше сезімде отырамыз. «Сезіммен жаз, сезініп жаз» дейтін басшымыз. Ерғали аға бойға құйған сол сезім, міне, қырық жыл бойы суыған жоқ. Кейін ағаның өзі «Лениншіл жастан» сол атауды еншілеп алған қалалық қазақша «Алматы ақшамы» газетіне бас редактор болып ауысты. Біздің көз алдымызда адалдықтың айнасы, тазалықтың тақтасы болып мәңгіге қалды!

Қайнар ОЛЖАЙ

Бауыр-дос

Не боп кетті өзі? Өткен жылы ғана емес пе еді, бірге оқыған жігіттер мен қыздардың курстастар чатына Ерғали достың жетпіс жылдығына орай жан-жақтан жамырай тілек жазып ­жататыны, күні кеше ғана емес пе еді, университетке түскенімізге жарты ғасыр толуын биыл Алматыда атайықшы деп сөз байласып жүргеніміз, жер-жерден жететін азаматтарды күтіп алудың салмағы алматылықтарға артылатынын айтып, солардың бірі атқа ерте мінген Ерғали деп сенім білдіретініміз? Енді, міне, сол Ерғали, қазақ журналистикасының қабырғалы қайраткерлерінің бірі Ерғали Сағат дүниеден өтіпті деген суық хабар жетіп, жүректі тілгілеп жатыр. Осыдан жарты ғасыр бұрын, КазГУ-дің журфагына жаңа түскен шағымыздан-ақ курстағы елу студенттің арасынан суырылып көзге түскен жігіттердің бірі еді Ерғали. Сыртқы сымбаты қандай сұлу болса, жан дүниесі де сондай жарқын жігіт еді. Сенісуге болатын. Сол қасиетінің бір пайдасын көргенімді бұрын Ақселеу ­туралы естелікте жазғаным да бар. Орталық ­Комитетте жүргенімде, 1987 жылы тиісті органның тарапынан Шона Смаханұлы мен Ақселеу Сейдімбекті қаралаған мақала дайындалып, ол қазақшаға аударылып, әне-міне газетке берілгелі жатқан жерінде екі кештің арасындағы апақ-сапақта Ерғалиды жұмыс жаққа шақырып, әлде ­ауылдасы, әлде аудандасы, әйтеуір, жерлесі болып келетін Шона ағасының атынан тез жеделхат түсірмесе істің насырға шапқалы тұрғанын оңашалап, абайлап айтқанмын. Сол жеделхат ең жоғарыға жетіп, елім деп, тілім деп шырылдаған екі азаматты құрыққа түсіру жөніндегі жоспарды бұзып жіберген еді. Әрине, мұндай шаруаны ­ондай қилы кезде тек аузы берік адамға, ең бастысы – сенісетін азаматқа ғана тапсыра аласың. Ерғали университетті бітіре сала «Лениншіл жасқа» шақырылып, онда ­талай жыл бойы аянбай тер төкті, кейіннен қалалық «Алматы ақшамын» басқарып, тәуелсіздіктің таңсәрі шағында жалғыз ғана қазақ мектебі бар қаланың қазақылануына барын сала еңбек етті. «Парасат» журналын да біраз жыл басқарды. Соңында біраз кітабы қалды. Азаматтық ізі қалды. Соған тәубе дейміз. Бақұл бол, бауыр-дос!

Сауытбек АБДРАХМАНОВ

Қош, жігіттің төресі!

Астапыралла, төрт қабырғадан аттап шықпай, онсыз да жадап-жүдеп отырған шақта неткен суық хабар мынау, неткен қасірет. Айналайын Ерғали, зиялы десе зиялы, кішіпейіл, кісілігіне адамгершілігі сай, қоңыр тіршілік кешіп, айналаға нұр төгіп жүретін ерекше жаратылыс едің. Бүгінге дейінгі қысқа ғұмырыңда туған халқыңа жан-тәнімен қызмет еткен біртуар қалам қайраткері едің. «Лениншіл жаста» («Жас алаш») қызмет еткен жылдарыңнан таныс-біліс, сыйлас едік. «Парасат» журналын басқарған алты жылдай уақытта бірге қызметтес болып, етене жақын жүрдік. Қашанда кішіге аға, үлкенге іні қалпыңды сақтадың, сақтай білдің. Аталмыш ­журналда айшықты қолтаңба іздерің қалды. Еңбектерің нәрлі, мәнді, шұрайлы, шырайлы болатын. Сыпайы жүріс-тұрыс, жанашырлық, құрмет, ізет, жібектей мінезің қандай еді!? Әлі бергеннен берерің мол болашағың алда еді. Ұл-қыздар өсіріп, немерелер сүйіп, ата атанғаныңа да шүкірлік етуден бөлек, лаж жоқ, сүйген жарың келінге, ұрпақтарыңа көңіл айтамыз. Қайғыларына ортақпыз. Топырағың торқа, жаның жаннатта болсын, жігіттің төресі! Қош, Ерғали. Қапылтып кеттің, қайтейік.

Зәкір АСАБАЕВ

Сен біздің есіміздесің

Ерғали Сағаттың дүниеден өткені туралы суық хабарды естіп, қабырғамыз қайысты. Артымыздан ерген ініміз еді. Бір топырақтан, бір судың бойынан едік. Сол топырақтың, сол судың қасиеті жүрегімізді тербеді. «Қош, Ерғали, иманың саламат болсын» дедік. Ерғали Сағат өзінің шығарма­шылық еңбегімен, кәсіби білік­тілігімен қазақ мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосты, қазақ журналистикасына еңбек сіңірді. Артында шығармашылық мұра, жастар үшін сабақ болар үлгі қалдырды. Қош, Ерғали, Алла алдыңнан жарылқасын. Сен біздің есіміздесің.

Рафаэль НИЯЗБЕК, Жанғара ДӘДЕБАЕВ

Қаршадай кезімнен қанатыңыздың астына алып, қалалық газетке тілшілік жұмысқа қабылдап, алғаш жолымды ашқан тұңғыш редакторым едіңіз. Қарамағыңызда үш жыл ақ-адал қызмет еттім. Қанаттандырып «Жас алаш» газетіне түлеттіңіз. Өмірдің күнгей-теріскейінде сізден ешқашан көз жазғам жоқ. Түркістанда тұратын көрнекті әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек ағамыз «Үстін таза ұстайтын азамат еді. Ішін де кірлеткен жоқ» депті. Расы осы. Бақұл болыңыз, Ер-Аға! Жанарбек ӘШІМЖАН

1737 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы