• Әдебиет
  • 14 Мамыр, 2020

Алматыда Ай-ару қыз бар еді...

Айбек  ЕРЕЖЕП

Алғаш…  Алғаш атқа үш мың жыл бұрын міндім, Дүниенің беймәлім тілін білдім. Табиғатпен сөйлессем деп ойладым, Адамзатқа келді оны ұғындырғым.   Жүгендедім, баптадым, сұлы бердім, Қатты асықтым, арманның тіліне ердім. Дәуірлердің басынан қарғып өтіп, Дүбірлеттім кеудесін сірі жолдың.   Жүйткіп жердің шетіне жетсем дедім, Уақытты алқынтып кетсем дедім. Ерте күнде айналып ертегіге, Болашақтың жүзінен өпсем дедім.   Қыр басында шаң жұтып мына жалған, Айдалада аһ ұрып жылап алған. Ғасыр сайын қоштасып қала берді, Адыр сайын көз жазып тірі адамнан.   Алғаш құйғып өткенде сардаладан, Желге мінген патшадай паң қарағам. Ажалды да жеткізбей кетсем деген, Алаңғасар ой келген сонда маған.   Көне соқпақ Бағзы заман орныңнан түрегел енді, Күнде бір күн онсызда түнге енеді. Сәлемін ал жамбастап жата бермей, Біздің жаққа шығыстан күн келеді.   Тұрғын енді, оянғын,  аш көзіңді, Ей, дүние,есіңе ал жас кезіңді. Көне дәуір үстіңнің шаңын қағып, Күн астына сүйретіп таста өзіңді.   Көрсет бізге қадамды ағат болар, Өкінішті, қайғыны сабақ болар. Көрсет бізге адалдық, адамдықты, Нұрға оранған жүректер қанаттанар.   Соқпақтардан далада, тауда қалған, Ескі шаһар, иесіз таңбалардан. Көзіңді ашшы, төсеші қалқаныңды, Қылыштардың жүзіне қанға малған.   Айтшы бізге сұлудан әр таярын, Сәбидің де сәлден соң қартаярын. Айтшы бізге су жаңа мына күннің, Ертең барып жаныңа жантаярын.   Бағзы заман орныңнан түрегел енді, Күнде бір күн онсызда түнге енеді. Сәлемін ал жамбастап жата бермей, Біздің жаққа шығыстан күн келеді!   Болашақ Ей, болашақ, жасаймын деп төбеңнен, Күннің нұры құйылатын терезе. Құм далада құдық қаздым тебенмен, Бұл сапарда кеппесін деп кенезең.   Жол бойына аспа шам қып ілем деп, Айға мініп жұлдыз тердім ғарыштан. Желдің өзін ерттеп қойдым, жүгендеп, Мінсін дедім сапар шексе алысқа.   Құстың жырын түсінсе деп аудардым, Күн ұзақта гүлдерменен сөйлестім. Төбесіне жол салам деп таулардың, Мұхиттардың тереңінде ой кештім.   Мұздан сағат тағып беріп қолыңа, Ортасына ертіп келдім көктемнің. Сен келер деп жазды төсеп жолыңа, Шаһар салдым ұясына кептердің.   Аяқталмас артық бақыт елестеп, Қалам жондым найзалардың сабынан. Өткінші бақ менің орным емес деп, Ойып жаздым патшалардың тағына...   Керемет қой көк пен жерді жыр етіп, Тағдыр біткен аппақ нұрға боянса. Қалғып кеткен ғалам қайта дүр етіп, Бір жүректің дүрсілінен оянса...   Көбелек жазған Жүрегіне нұр сауып күн төсінен, Алау байлап сезімнің пілтесіне, Ақ көбелек жыр жазды көз жасымен, Үлбіреген гүлдердің күлтесіне.   Үлгерді ме ол айтып көңілді әнін, Айтпақ болды немесе өмір мәнін. Көрдім сосын тірліктің кірпігінен, Сырғанаған тамшыға шомылғанын.   Қанат қақты соңғы рет гүлді айналып, Бүкіл әлем ұшқандай күнді айналып. Аза тұтты жамылып жаздың кешін, Жүрегіне гүлдердің мұң байланып.   Кетті, кетті өмірдің бір керуені, Сүйді, күйді, сол ғана үлгергені. Тереземнің алдында жырын оқып, Ұйықтатпады сол түні гүлдер мені.   Қандай ауыр ғашықтың тыңдау әнін, Жазған екен бақытсыз тумағанын. Мен не деген бақытты жанмын депті, Көрмей кеткен гүлдердің қурағанын.   Іздеу Мені бүгін іздеме, хабарласпа. Болмағайсың мен үшін алаң босқа. Өткен күнге кеттім мен сапар шегіп, Жүрек ертіп барардай адал досқа.   Бір шешімінің іргесін қалап бүгін, Кері қарай бұрадым сағат тілін. Өткенімде қамалған тарихымның, Қолын шешіп берейін азаттығын.   Әр жерінен мекеннің Отан атты, Көруші едім үздіккен Махаббатты. Мекендейтін жұмсақ жүректерді ол, Мейірімді, пәк, адал, шапағатты.   Санам әлі сақтаған өшпей түрін, Айырмасы жоқ гүлден еш кейпінің. Енді менің билеп жүр бойымды үрей, Гүлдің тасқа көрген соң өспейтінін.   Іздеу-2 Жолға шықтым өзімді-өзім іздеуге, Ауласына мойын созып әр үйдің. Бекінгенмін үмітімді үзбеуге, Мен өйткені бала күнді танимын.   Тым арманшыл ұмытқам жоқ шын кейпін, Алдамшы сөз сенгіштігін жасытқан. Кек сақтауды, өштесуді білмейтін, Ренжіссе достасуға асыққан.   Жаратқанға шағымданбас ауырса, Тағдырына ризашыл салқындық. Балалармен ең адал бір қауымша, Бағалаған жымиысын алтын қып.   Маңызды емес дүниенің есебі, Ас ішпейтін жалғыз өзі отырып. Мазаламас мимырт тірлік кешегі, Өткен істі еске алмайтын өкініп.   Шықтым, міне, сол бейнені сағынып, Жүрген шығар балалықтың бағында. Табу керек күннің нұрын жамылып, Өзімді-өзім танып тұрған шағымда.   Сұлулық Гүлдердің жүрегі күлтесі, Көреді ғашықтың жанары. Сезе ме тасжүрек жұрт осы, Шындықтан бар ма екен хабары.   Тар шелек тауқымет сыйлаған. Тағдыры-ай тамырсыз гүлдердің… Табиғат анасын қимаған, Байғұстар жылап та үлгерді.   Ол енді ұқсайды өлікке, Өмірсіз, сезімсіз сол қайғы. Күлтесіз гүлдерді көріп пе ең, Сұлулық жүрексіз болмайды.   Мен бар едім… Алатаудың басында мұз бар еді, Алмалықта ақпанда ызғар еді. Жаурап қалған жанымды жылытатын, Жанарынан күн тамған қыз бар еді!   Қыз бар еді жанымның тапқан емін, Жұлдыз көзі кірпігін қаққан еді. Ару қала аққудың қауырсынын, Ай астында жамылып жатқан еді.   Ай бетінде тарыдай мең бар еді, Айға сонша үздігіп нем бар еді… Алматыда Ай-ару қыз бар еді, Алматыда ол кезде мен бар едім…   Бұлбұл дауысы Тыңдайыншы тағы да бұлбұл даусын, Күн жырласын,,мейлі ол түн жырласын. Көңілімнің гүлзарын мекен етіп, Сенің күміс күлкің боп сыңғырласын.   Сонда менің кеудемнен самғайды арман, Тұтанады үміттер жанбай қалған, Бүлбұл даусы ол сенің жүрегіңнің, Лүпілдеген үні ғой әнге айналған.   Бұлбұл даусын тыңдатшы маған енді, Толқынын да жүзейін сол әуеннің. Жүрегімнің ішіне оған арнап, Гүлін егіп қояйын бар әлемнің!   Сезім көрінісі Қалам алып хат жаздым қаракөзге, Көңіліме тіл бітіп бала кезде. Құс тілін де сөйледі ол гүлге ғашық, Гүлдер жұпар аңқытты маған өзге.   Өлең жаздым ай кетті шамға айналып, Жұлдыз біткен ләйліді таңдай қағып. Түнгі самал жырымды жатқа оқыды, Көл бетінде қос аққу қалды ойланып.   Көл жүрегі дір етті, толқын ба еді, Сезім тербеп жүр әлі сол түндегі. Түннің сонда көрдім мен жымиғанын, Нәзіктікпен қарғалдақ көркіндегі.   Жүрегіме сан алуан құстар қонып, Енді ғалам ғажайып түске әрленіп. Хауыз ашты сан мың гүл, сол арудың, Құшағына құлауға құштар болып.   Қарға тамыр Тіршіліктің зырылдап дәу ұршығы, Шалдықтырып тірліктің ауыр сыны, Шарбақта отыр ақ қарға кемік тұмсық, Оңып кеткен матадай қауырсыны.   Ынтымаққа негіздеп күн көрісін, Кінәлі ме ұзақ жол жүргені үшін. Қарқ-қарқ етіп жалғанға күледі тек, Қайғырған жоқ бұлбұлдай гүлдер үшін.   Кейпін де байқатпай, тіпті ашулы, Өткереді басынан үш ғасырды. Ұзақ өмір сүрудің жолын айтып, Шығармайды бұлар да тысқа сырды.   Бағып көрсем біреуін торға қамап, Ақыл емес, алайда ол ғаламат. Жем беруге бір күні келмей қалып, Мәңгі күтіп қалады-ау жолға қарап.   Сондықтан да ол ойдың мәні бар ма, Одан бөлек бір жолы табылар да. Мені атамның ұқсатып жас кезіне, Отыр әлі шарбақта кәрі қарға.   Байқап қалдым маңынан шеткі ауланың, Жастау қарға қасына кеп қонғанын. Тұмсығына көтерген жауын құртты, Тастай салды аузына қарт қарғаның.   Үлгі болған Қабылға солма түбі… Қартаң қарға «қарқ» ете қалды ақырын. «Ұзақ жаса» деді ме,,не деді екен? Түсінбеймін мен әлі қарға тілін.   Жалған бейне Айнадан сен көре алмайсың жақсы адам, Әдемілік өлшемі емес бұл нақты. Жауыздықтың тісі шайнап тастаған, Жүрегіңе басып кірген зұлматты.   Көре алмайсың қолыңдағы күнәнің, Суға жуып кетіре алмас сатпағын. Айна артынан іздеп көрді кім арын, Жүрегінің тасқа айналып жатқанын.   Өңімізді айналаға сатамыз, Қуыс кеуде басқа ештеңе қалмаған. Қара айнаға, киім-кешек, бет-ауыз, Сен адамнан аумайсың деп алдаған…   Өз орнына қою керек… Жағалауда жүрген кезім ойланып, Көрдім айдың көл түбінде жатқанын. Шықсам дедім тұңғиықтан айды алып, Күтпек болдым сосын таңның атқанын.   Таң да атты өзен бетін терлетіп, Шөп басына қонған шықты құрғатты. Көл астында ақша бұлттар тербеліп, Ай орнында алтын кірпік күн жатты.   Қайтпек керек… Уақыт қайта келер ме, Ешкім бізді сөкпеу үшін сынға алып, Нар тәуекел, сүңгіп кеттім тереңге, Өз орнына қою керек күнді алып!   Нұхтан кейін Бұл кітапта алғашқы бетті өзімнің, Шиырымен бастайын өткен іздің. Дәу кемеде жатырмын көзімді ашсам, Жүзіп келеді үстінде көк теңіздің!   Үстіндемін туғалы сол кеменің, Сол арада қартайған ел көремін. Кәрілік ол – көрсету теңіз түбін, Теңіз түбі көздердің көрмегені…   Толқын асып келеміз алға ышқынып, Кей толқындар кемеге қарғып шығып. Жас-кәріні кетеді қайраңға алып, Тағдырына танымал жарлық шығып. Санасында сайтанды тайраңдатып, Өзін-өзі жіберген қайраңға атып, Пендені де көрдім мен, өзіне де, Өз ғұмыры керексіз, тайған бақыт.   Пенделігі сезілді бір кісінің, Ғұмырына өзгенің қылды шығын! Ең басында Қабылды алдап соққан, Қызғанышқа тұншыққан тұңғыш ұғым.   Әр санада ақ толқын ыржиып тұр, Кей жүрекке ене алмай күн биік тұр. Қартаң ойлар күтуде өз толқынын, Ғажабына елітіп тұңғиықтың.   Теңіз тулап, кел-кел деп қанды басың, Толқындардан жол іздеп қаңғырасың. Ұшып кеткен ғажайып мекен іздеп, Бұтақ тістеп оралшы қарлығашым!   Мәңгілікке сапар Тау етегі. Сабылысқан пенде көп, Арқалаған тіршіліктің қоржынын. Тауға шығам дедім дағы мен кенет, Дайындадым керек жарақ, жол жүгін.   Асып өтіп әркім асқан қырқадан, Шыңға қарай шымыр ойлар жетелеп. Қапталдаған соқпақ жатыр мың тарам, Қия кесіп өрмеледім төтелеп.   Жүре-жүре соқпақ біткен сұйылып, Шырмауықты бұталарға оранды. Төмен жақта соқыр тұман киініп, Толқып жатқан көз шалады қоғамды.   Өрмелейін жеткенінше шамамның, Ақбас шыңды жақын барып көрген жөн. Ал, ол шыңның төбесіне ғаламның, Құс жүректі адамдары жерленген!   Қоштасу I Қағидаға көрмеген қарсы барып, Қиғыр жүзін кездіктің қан суарып. Сүйір мұрын именбей сұмдық қуып, Лүпілдеген жүрекке сүңгіп кіріп. Үрей билеп тәннен жан үркіп қашып, Тыныш жатқан әлемді дүрліктіріп.   Тау толқындар жартасқа атырылып, Желкендерді жыртқандай дауыл ұрып. Қопарылып ағаштар тамырымен, Судай ағып кеткендей тау үгіліп.   Жанарына ұсқынсыз күз байланып, Тұла бойын өкпек мұң мұздай қарып. Табанынан тайғанап кең дүние, Табан асты кеткендей құзға айналып.   Күре тамыр қурайдай қурап барып, Қайран көңіл асаудай тулап қалып. Жанарынан соңғы нұр тамып кетіп, Таңдайында соңғы сөз шумақталып.   Тұтқа таппай тұратын тағы ұстасып, Фәни жалған жат бауыр алыс қашып. Оның жаны – сарғайған жапырақтай, Соққан желмен барады қол ұстасып!   II Шексіз билік егесі есімімен, Бұйрық келді шешімді кесімімен. Оған жайған дастарқан жиналды да, Шығып кетті жалғанның есігінен.   Кірер есік жоқ екен сырттан бірақ, Миға нөсер жаудырды ұққан құлақ. Әр сапардың түсінбей  соңы барын, Жалғыз тамшы келеді бұлттан құлап.   Сол бір тамшы жұтылмай топыраққа, Қалсам дейді ілініп жапыраққа. Оның мөлдір жанары көрді ме екен, Күз қанатын жайғанын атырапқа   III Санама сыр сүрелер құйды оқылған, Жұрт тыңдасып бір мұңлы күйде тұрған. Жан-жүйеңді әлдебір үрей билер, Әйелдердің даусынан үйде отырған.   Біреу жылап, бірі өксіп егіледі, Қараша үйдің қауым ел төңірегі. Осы үйдегі қайғыны бәрі келіп, Шығара алмай жатқандай көрінеді.   Естігендей құлағы түрік кісі, Кеңістікті қанаты қиып түсіп, Төбемізде  бозторғай шырылдайды, Көрдім сосын кеткенін биікке ұшып.   Әйелдерді қалдырып, жаяу-жалпы Беткейдегі бейітке таяу барып, Қазылған бір шұңқырды топырақпен, Толтырдық та қайта үйге аяңдадық.   Қайта кейін жиынның көшті легі, Шаңын қағып қыраттың ескі жолы. Тек бір адам үйіне қайтпай қалды, Үйінде де күткен жоқ ешкім оны...  

1856 рет

көрсетілді

68

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы