• Руханият
  • 21 Мамыр, 2020

ДҮНИЕ-КЕРУЕН

Қазақ журналистикасы ауыр қазаға душар болды. Ұлты үшін еңбек етіп, адал қызмет атқарған Бейсен Абайұлы Құранбек 49 жасқа қараған шағында өмірден озды. Бейсен Құранбек 1971 жылы ­Алматы облысының Кербұлақ ­ауданы, Қызылжар ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын республикалық «Спорт» газетінде бастап, «Рахат», «31 арна», «Хабар» телеарналарында және Прези­дент телерадиокешенінде қызмет ат­қарған. 2007-2012 жылдары Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас ­директоры болды. 2013-2017 жылдары «Қазақстан» телеарнасынан көрсетілген «Айтуға оңай» әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуының жүргізушісі, кейін «Қарекет» бағдарламасының тізгінін ұстады. 2014 жылдың қазан айында Алматы облыстық «Жетісу» телеар­насының бас директоры болып қайта тағайындалды. Қазақстан Президенті сыйлы­ғының иегері. «Қазақстан Респуб­ликасының Мәдениет қайраткері» атағымен марапатталған. Әріптесіміздің жарқын бейнесі ешқашанда өшпейді. Отбасына, туған-туыстарына, қабырғасы қайысқан қалың жұртқа көңіл айтамыз.

«Қазақ газеттері» ЖШС

СОҢҒЫ СӘТКЕ ДЕЙІН ҮМІТТЕНІП ЕДІК...

Асыл азамат, ардақты бауыр, білікті тележурналист Бейсен Құранбек дүниеден өтті. Жүрегім езіліп, жаным ауырып, көкірегім қарс айырылып отыр. Мен Бейсенді ең алдымен азаматтық болмысы, адами қасиеттері, шыншыл мінезі үшін жақсы көруші едім. Ол жағынуды, кемшілікті жасырып-жабуды білмейтін. Ешқашан ақиқаттың жолынан айныған емес. Маңайына шуағын шашып, мейірімін төгіп жүретін жаны жарық азамат еді. Мен әкім болып тағайындалғаннан кейін екінші күні келді. «Аға, мен қайтып келіп, сізбен бірге жұмыс істегім келеді» деді. Содан бері бірнеше жыл қоян-қолтық жұмыс істедік. Алматы облысының «Жетісу» телеарнасына білікті басшылық жасап, телеарнаның беделін көтеруге, мазмұндық сапасын жақсартуға зор үлес қосты. Журналистер үйі ғимаратының салынуына тікелей ықпал етіп, осы істің басы-қасында жүрді. Жас журналистерге тәлімгер болып, жолын ашты. Ағаға іні, кішіге қамқор аға бола білді. «Қазақстан» телеарнасындағы «Айтуға оңай» бағдарламасы арқылы да қаншама мыңдаған адамға көмектесті. Мен соңғы күнге дейін оның ауруды жеңіп шығатынына сеніп едім. Әттең... Бірақ ажалға араша жоқ екен... Бейсен туралы өткен шақта айтудың өзі ауыр... Арыс азаматымыздың жатқан жері жарық, иманы жолдас болсын! Бейсеннің жарқын бейнесі біздің жадымызда мәңгі сақталады.

Амандық БАТАЛОВ, Алматы облысының әкімі

ЕСІМІҢ  ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Бейсен Құранбек менің әрі інім, әрі шәкіртім еді. Ол өзі небәрі 49 ғана жас жасады. Қазақ журналистикасында, қазақ телевизиясында жарқыраған өзіндік орны бар, өзіндік үлесі бар көрнекті тұлғаға айналды. Таза кәсіби тұрғыдан алғанда оның жүргізген «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламалары шын мәнінде бүкіл қазақ телевизиясының тарихындағы өте үлкен рейтингі бар, бұрын-соңды болмаған көрерменін мол жинаған бағдарлама болды. Мені де сондай хабарларға шақырып, «сіздің айтатын ойыңыз, пікіріңіз бар, соны ортаға салыңыз» деп атсалыстырып отыратын. Бейсеннің айрықша қабілеті, қолына микрофонын ұстағанда әлдебіреулер секілді тәкәппарсынып, білгішсініп кетпей, өзін тек қарапайым журналист, қарапайым азамат ретінде көрсететін. Білімімен, білігімен, шеберлігімен ­хабарды жүргізу арқылы елдің мәңгілік есінде қалды деп ойлаймын. Отбасы, бала-шағасы жөнінде өзі әлеуметтік желілерде жазып жүрді ғой. Анасының қартайған шағында қайғы жамылып қалғаны менің жаныма қатты батады. Жұрттың жадында бұрынғы қалпын сақтағысы келген болуы керек, өмірінің соңғы кездерінде қатерлі ауруға ұшырап, қиналып жүрген кезінде ортаға көп шыға бермей, ауруымен өзі жалғыз арпалысып, ешкімге сыр бермей өтті. Бұл да оның батырлығының бір көрінісі. Айналайын Бейсен, алтын бауырым, топырағың торқа, иманың саламат болсын. Қазақ журналистикасы барда сенің есіміңді ешкім ұмытпайды.

Марат ТОҚАШБАЕВ

ТЕЛЕЖУРНАЛИСТИКА ҮШІН ТУҒАНДАЙ ЕДІ

..Астананың аспаны жерге түсердей боп қақ айырылып жатыр. Бейсенжанды жоқтаған бәріміздің көз жасымыз көк әлемнен шелектеп төгіліп жатыр. «Лениншіл жас» газетінде 16 жыл қызмет істеп,1991 жылы 23 қаңтарда республикалық «Спорт» газетіне бас редактор боп ауыстым. Келе сала, талантты спорт журналистерін іздей бастадым. Ол кезде редакцияға ­елден хат келеді. Бір күні оқушының кең жол дәптерінің бетіне спорт ­жарысы жайлы қолмен жазылған хабар келді. Жарты беттен сәл ғана асады. Оқып едім, таза көңіл мен таза жүректі көрдім. Қызметкерлеріме осы баланы тауып, бірден редакцияға шақыруды тапсырдым. Хабар ­авторын ұзақ уақыт таппай, ақыры Үштөбе қаласы жақтан ғой деймін, тауып, шақырыпты. Келді. ­Биязы, күлкісі балаларға салған күннің күлімдеген суретін еске түсіретін, «Шіркін, мынау неге менің балам, бауырым емес!» деп өкіндіретіндей жігіт екен. Сөзге келместен, газетке жұмысқа алдым. ...Шіркін, Бейсенжанның сол жазған жарты бет қағазын табар ма еді! Бейсенжан тележурналистика үшін туғандай еді. Оның алғашқы жылдары болашақ майдандарға дайындалған сәттері еді. Жұмысқа ыждағатты, тапсырма ­орындауда ұятты, ұғып алғыш жан болды. Сол жылдары білімін көп көтерді. Бәрімізден үйренетін. Көп ізденетін. Редакцияда жүріп кітап оқитын сиректердің бірі болды. Соның бәрі оның кешегі елге сүйікті болған жылдарына бастады. Телеарналардағы қызметінде, әсіресе «Айтуға оңайда» ­Бейсенжан бар табиғи ­таланты мен ұзақ жыл жиып-тергенінің жемісін көре ­бастады. Тілі таза, сөзі түзу, адам біткенге жақын жігіт өз бағдарламасының өзінде өз кейіпкерінің күйін кешіп, ­солармен тұтасып кететін. Әдемі ақ жүзді, жағымды жарқын ­дауысты, сезімі, мейірімі бет әлпетінен сезіліп тұратын Бейсенжанға ­хабарына қатысқан кейіпкерлердің бәрі қалтқысыз сенетін. Ол солармен армандас та, мұңдас та болып кете алатын. ...Телеэкран деген сүйікті адамын көрермен жүрегіне ойып тұрып ­орнатады. Бейсенжанның қазасы осы жағынан да ауыр. Ал жас қазақ елінің телеарналарында бүкіл елге сүйкімді азаматтың болуы ортақ қуанышымыз еді. Тележурналис­тика үшін туған Бейсенжанды да Жаратқан жанына тез шақырды. Алтынның қадірін осылай білдіргісі келді ме екен?! Біз бүгін қазақтың жақсы бір ұлынан, ұлт ретінде кемшін қалған бір саламыздың жарқын тұлғасы ­болар асыл азаматтан айырылдық! Бақұл бол, Бейсенжан!

Несіп ЖҮНІСБАЕВ

ӨЗ МЕКТЕБІН ҚАЛЫПТАСТЫРДЫ

Бейсен Құранбекті уақытында «Айтуға оңай» деуші едім, кешеден бері ол туралы айту маған қиын болып тұр. Басқасын былай қойғанда, осы салада жүргендіктен Бейсеннің телевидениедегі жасаған еңбегін әзірге үш сатыға, үш бөлікке бөлгенді дұрыс санаймын. Біріншісі, Президент телерадиокешенінде, әсіресе «Хабарда» жұмыс істегенде қолға алған кәсібі – журналис­тиканы жүрек қалауымен таңдағанын анық байқатты. Ол репортаж жанрындағы, яғни жаңалық жаршысы болудағы өзінің алғашқы мектебін қалыптастырудағы даңғыл жолының басы еді. Екіншісі, әлеуметтік-тұрмыстық мәселе. Ұлттық арнадағы «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламалары арқылы түнерген өмірдің аржағында жарық бар екендігін бүкіл көрерменге айтып қана емес, сендіре білу шеберлігі. Бұл да, менің ойымша, көптеген журналистер, өзінің әріптестері барып, бірақ даңғыл дүние жасай алмағандығын бүгін айтуымыз керек деп ойлаймын. Үшіншісі, ол аймақтық телеви­дениенің деңгейін орталық теле­видениенің деңгейімен теңестірудегі менеджерлік қызметі. «Жетісу» аймақтық телевидениесінің респуб­ликалық бәйгеде алдына жан салмай бір емес, бірнеше рет келуі осының айғағы. Жалпы бүгінгі замандағы телевиде­ниенің тікелей өнер екендігін жасап жүрген азаматтар көп емес. Солардың бірі және бірегейі біздің Бейсен Құранбек болатын. Мен жеке өз басым 46 жыл ғұмырымды осы телевидениеге арнағандықтан, телевидениеде жұмыс істейтін азаматтарды екі топқа бөліп жүрмін. Біреуі телевидениенің мүмкіндіктерін өзінің жеке мүддесіне пайдаланудың шеберлері, ойыншылар. Бұлар қазір бізде көп. Екіншісі, телевидениенің ағартушылық рөлі бар екендігін жан-тәнімен сезінетін, өсіп-өнуіне, өркендеуіне жан ­аямай жұмыс істейтін әріптестерім. Солардың бірі және бірегейі, тағы да қайталап айтамын, Бейсен Құранбек еді. Меніңше, Бейсеннің өзінің қалыптастырған, ел мойындаған, әріптестері мойындаған мектебі болды. Сол мектепті жалғастыратын шәкірттері бар екендігі көңілге медеу. Қазіргі әлемдік індет кезінде республиканың түкпір-түкпірінен жолын тауып, топырақ салуға келген адамдардың шоғыры, адамдардың көптігі Бейсеннің қаншалықты елдің арасындағы беделді, абыройлы екендігін көрсетті. Менің ойымша, Бейсен туралы ғылым өмірге келуі ­керек. Біздің әріптестеріміздің, әсіресе жас әріптестеріміздің алдындағы үлкен мақсат Бейсенді жоғалтпау, Бейсенді ұмытпау, Бейсеннің алға қойған мақсат-мұратын жалғастыру үшін оның еңбектерін, тындырған істерін зерттеуші, дәріптеуші болуымыз керек. Сондықтан Бейсен туралы, оның мәңгілік ғұмыры туралы әңгіме енді ғана басталды. Абай атам «Қазақтың өлгенінің жаманы жоқ, тірісінің жаманнан аманы жоқ» демекші, біз өмірден озғанда ғана бауырларымыз жайында жақсы сөз айтушы едік. Бізде осындай бір ғадет, дағды бар. Бірақ осы жолы ол дағды емес, шынайы, жүрекжарды ықыластың мұхитын, теңізін көріп қайттық. Жетісу жұрты ғана емес, бүкіл қазақ жұрты Бейсенді қалай құрметтейтіндігін айтып жеткізу мүмкін емес. Мен оны «менің шәкіртім» деп айтып көрмеген едім, бірақ ол мені «ұстазым» деп айтудан жалықпағандығын бүгін айтпағанда, қашан айтамын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Соңында қалған қос құлынына, Гүлмирадай келінге, Абайдай әкесіне, бауырында өскен жүзге таяған әжесіне, туған-туыстарына ғана емес, бүкіл қазақ жұртына ата жолымен көңіл айтамын.

Нұртілеу Иманғалиұлы

ОРНЫ ТОЛМАС ҚАЙҒЫ

Бейсен бауырымызды журналистика факультетін бітірген, «31 телеарнада» жұмыс істеп жүрген кезінен білеміз. Мен ол кезде журналистерге қолдау көрсететін халықаралық «Internews Network» ұйымында жұмыс істеймін. Сол жерде жүрген кезден бастап хабарласып, әпкелі-інілі болдық. 2011-2016 жылдары мен «Қазақ­стан» телерадиокорпо­рация­сын басқарған кезде «Айтуға оңай» әлеуметтік жобасына Бейсенді жұмысқа шақырдық.Оның адам­гершілігі, кішіпейілдігі, жана­шыр­­лығы ерекше еді. Жобада көтеріл­ген кез келген тақырыпқа бар ынта-жігерімен, жүрегімен, шынайы көңілімен кірісетін. Өзінің командасын жасақтап, сол командамен бірге бүге-шігесіне дейін зерттеп-зерделеп, Ұлттық арнадан көмек күткендерге қамқоршы болды. Әр кейіпкердің үміт отын жақты, солармен бірге мұңайып, солармен бірге күлді, бірге қуанды. Соның барлығын өзінің жүрегімен қабылдайтын. Кейде өте шұғыл өзекті мәселелерді қозғау керек болады. Мәселен, авиаапат болған кезең немесе Ақтөбедегі теракт кезіндегі оқиғалар. Мұндай кезде Бейсен бауырыма хабарласып, «Бейсен, мына тақырыпты көтеруіміз керек» десең болды, бірден «жақсы, ұйымдастырамыз» деп іске кірісетін. Тақырыпты көтерудегі тереңдігі, ізденімпаздығы, жанашырлығы ерекше еді. Енді Бейсен бауырымыздың орны ойсырап қалды. Қазақ журналистикасында, отандық журналистикада талай шәкірт тәрбиеледі, көптеген жастарға қамқоршы болды. Астанада қызмет етіп жүргенде өзіме орынбасарлыққа шақырдым. Бұдан бөлек сан мәрте үлкен қызметтерге, министрлікке де шақырту алғанын өзі де айтатын. «Менің анам қолымда ғой, анама қараймын. Анамнан, туған жерден алыс­тап кете алмаймын» деп, өзінің жүрек қалауымен анасының жанында жүргенді қалады. Алматы мен Талдықорғанның арасында талай жолды жүріп өтіп, арнайы келіп, бағдарламаны жүргізіп кететін. Қазір қарап отырсам, осының бәрі Бейсеннің бойындағы еңбекқорлығын, сөзге беріктігін көрсетеді. Бірде дәм бұйырып, өз үйінің төрінде отырып, анасының қолынан дәм татып, бата алған кезіміз болып еді. Сол кезде Бейсеннің жұбайымен де таныстық. Менің бауырым мен келінім бір-бірімен сіз деп сөйлесетін. Ол да бір тектіліктің, тәрбиеліліктің белгісі еді. Осындай бауырымыздан айырылу орны толмас қайғы. Ауырып жатқан кезде бірнеше рет хабарласып, көңілін сұрағанда, қиналғанын білдірмеуге тырысатын. Бұл да оның жігерлілігі еді. Әрдайым өзінің кәсібилігімен көпті иландырып, сендіре білді. Айналасына шәкірттерді топтастыра білді. Үлкенге үлкен, кішіге кіші деп ізет көрсетіп, сыпайы ғана ­жымиысымен, әдемі қалпында біздің жүрегімізде мәңгіге қалады. Бүкіл қазақ халқына, қазақ көрерменіне көңіл айтамын. Алла алдынан жарылқасын!

Нұржан ЖАЛАУҚЫЗЫ

КӨЗІ ТІРІСІНДЕ АҢЫЗ БОЛҒАН...

Көкіректі өксік, жанарды жас буып тұр... Бұл – қазақ журналистикасы үшін ауыр қаза. «Мына бес күн жалғанға екі-ақ түнеп, Бейсен-Бисақаң көшті» дегенге көңіл де, көз де сенбейді. ...Бәрі көз алдымыздан тартылған таспадай өтіп жатыр. Қарт КазГУ-де ілгерінді-кейінді білім алдық. Іні болып ізіне ілестік. Әріптес болып сапында тұрдық. Спорт алаңдарында құрған шебінің шетінен табылдық. Қандай кезде де көшімізді бастап, Тәуелсіздік дәуірі журналистикасының басында тұрды. Өзі жекпе-жек өнерін жіті меңгерген шебер спортшы болды. Кәсіби қызметін де жанындай жақсы көрген «Спорт» газетінде қатардағы тілшіден ­бастады. Сол бір күнгей-теріскейі мол күрделі жолын журналистиканың ұшар ­басына дейін алып шықты. Бейсекең бел шешіп араласқан қай саланың болмасын берекесі кіретін. Өзі де берекелі еді-ау... Кейін газеттегі кәсіби мәнсәбін еліміздегі жетекші телеарналарда тележурналист ретінде жалғастырды. Екінің бірі емес, бірдің өзі болды. Тұңғыш Президенттің жеке репортері болып жемісті еңбек етті. Бұл да екі журналистің біріне бұйырмаған бақ.Уақыт өте келе ірі әлеуметтік тележобалардың белортасынан табылды. Бейсен Құранбектің телеарнаға келген шағы – өз алдына бүтін бір дәуір. Артынан ерген әріптес іні-қарындастарына жол көрсетіп, жас буынның қанатын қатайтып, қатарға қосылуына күндіз-түні ақ-адал еңбек етті. Журналистика – Бейсекеңнің өмірінің айнасы болды. Көзі тірі кезінде күллі Алаш жұртына аңыз болған мұндай Тұлғалар некен-саяқ. Барымызды киіп, бақанымызды асынып бәріміз Астана мен Алматыны жағалап жүргенде аяулы Азамат көлікті көшін өзінің туған өлкесі, жер жаннаты – Жетісуға бұрды. Жалғыз келмеп еді, жанына есімі елге мәшһүр әріптестерімен бірге келді. Сол бір кезеңдерде «Жетісу» телеарнасының басшылығына Тұлға келгені айқын сезілді. Аймақтық арна деген аты болмаса, республикалық арналардан аты озды. Ел сүйсініп қарайтын жобалардың тамырына қан жүгірді. Өңірдің әлеуметтік, мәдени-рухани дамуына жан аямай қызмет етті. Мұндай біртуар Азаматтың орны толмайды. Мысқалдап кірген ауру ақыры алып тынды. Ішің удай ашиды. Қолқа жүрек бүтін қабырғасымен қопарылып түскендей. Құдай тағаланың ісіне қайран жоқ. ...Түнеу күні Алматыдағы Орталық стадионның қарсы бетіндегі емделіп жатқан ауруханаға көңілін сұрап бас сұқтық. Қабағымыз салыңқы. Көңілсіздеу кірген едік. Жалын атқан жанарымен жан дүниемізді жарық қылып жіберді. «Еңселерің түспесін! Ертең-ақ аттай ­шауып, журналистиканың аламанына атойлап кіреміз. Бас ауырып, балтыр сыздап жатқан аз-кем ғана қиындық қой» деген. Жоба-жоспарларын айтты. Жақсы сөз жанға ем ғой. Көңілімізді аспанға ұшырды. Бүкіл әлем жайнап, жарқырап сала берді. Мұндай қайсар, қаһарман, өмірге деген құлшынысы құрыштай адамды бірінші рет көрдім. Күні ертең аяққа тұрып кететіндей масаттанып шығып едік... Амал жоқ, амал... Бақұл болыңыз, аяулы Аға-бауыр, әріптес. Екі жастың біріне келмей Алты Алашқа аңыз болған, қайран Азамат... Біз азаматтың нұрлы бейнесін кеудемізде жанымыз барда ұмытпаймыз.

Жанарбек ӘШІМЖАН

БОЛМЫСЫ БӨЛЕК, ТАЛАНТЫ ЕРЕК

«Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге ­жарар ол» деген нақыл сөзді есті бабаларымыз еліне аянбай еңбек еткен осы Бейсен секілді болмысы бөлек, таланты ерек, тазалықты ту еткен тума таланттарына арнап айтса керек. Журналистика мамандығына өзінен кейінгі талай жас буын өкілдерінің сүйіспеншілігін ­оятып, өзі де туған халқының сүйіктісіне айналған ең бір сүйкімді жан дүниеден озды дегенді естігенде денем шошып, дегбірімнің қашқанын несіне ­жасырайын. Өмірден өтпейтұғын пенде жоқ қой. Десек-тағы өзінің бойға біткен табиғи талантымен отызында орда бұзып, қырқында қамал алып, қазақ деген халықтың қамын жеген қаршадай ғана қара бала Бейсен Құранбектің еңбегі ерен еді. Өз ­ортасында орны бөлек еді. Бергенінен берері көп бауырымыз халыққа әлі де болса керек еді. Алпыстан асып ақсақал, елуден асып елаға жасына жетпесе де еліне ерте ағалық еткен есіл еріміз жайлы енді әрбір еске алу сөзімізді осы «еді» деген өткен шақпен ғана баяндауымыз өкінішті-ақ. Амал қанша!? Біз қимағанмен, қимастықпен өзімізді қинағанмен өлшеніп берген өмір бар.Тағдырға салған көну бар. Бәріне шүкір, тәубе дейік. Өзінің кәсіби мамандығы, яғни сүйікті ісімен жалпақ жұрттың сүйіктісіне айнала білген бірден-бір дарынды да дара тұлға осы Бейсен бауырымыз десек, еш артықшылығы жоқ шығар. Себебі өзінің білімі мен білігіне қоса, көп ізденіп, көп оқып, орын алған олқылықтардың негізгі салдары мен себептерін ерінбей зерттеп, зерделейтін. Артық әрекет пен бос мақтанға бармайтын. Өтірікке ермейтін. Өсек сөзге сенбейтін. Көпіртіп көп сөйлемейтін. Көңілдің кілтін тауып дөп сөйлейтін. Нәтижесінде ол тіліне тиек етіп, қолына алып қозғау салған небір түйткілді мәселелердің түйіні шешіліп, хабарға қарағанның да, қатысқанның да көңілдері жай табатын. Осылардың бәрінен Бейсеннің байыпты ісі мен байсалды мінезі байқалып тұрушы еді. Өз ісіне жете мән бермеуінің салдарынан келеңсіздікке жиі ұшырап, істі ушықтырып алатын кейбір басшылардың кемшіліктерін де жасырып жаппайтын. Қайта «қалыпқа салмай, халыққа сал» деген халықтық қағиданы бетке ұстап, қандай да бір кемшілік болса көгілдір экран арқылы көпшіліктің талқысына салып, қоғамдық пікір қалыптастыратын. Бірақ ешкімнің бетінен алмайтын. Әдепсіздікке бармайтын. Ешкімнің жеке арына тимейтін. Жалғандықты сүймейтін. Бар еңбегін халыққа арнаған, әділдіктен танбаған. Бейсеннің өзі ашып, үнемі жүргізіп келген бұрынғы «Айтуға оңай», кейінгі «Қарекет» бағдарламаларына қатысып, әділетсіздік жолынан жапа шегіп, араша сұраған ағайындардың бірде-біреуінің арыз-шағымдарының аяқсыз қалғанын көрген емеспіз. Қандай да бір болмасын қоғамдық деңгейдегі орын алған олқылықтардың бәрін ортаға салды. Ойландырды. Сөйтіп, әділетсіздікке ұшыраған әрбір істің оң шешілуіне орынды баға бергізіп, жазықсыз жапа шеккен жандардың жандарына жалау, жүрегіне алау бола білді. Кейбір әділетсіз әрекеттердің құрбаны болып құрдымға құлағалы тұрған талай жандарға көмек қолын созып қамқор болды. Соның бәрін де ол көптің тілегімен, мейірімді жүрегімен, Абай данамыз айтпақшы, жалған абырой мен атақтың парызы үшін емес, «адамдықтың қарызы үшін атқарған» адал еңбегінің арқасында Бейсен бауырымыздың мерейінің өсіп, беделін биіктеткенін баршамыз ­мойындауымыз керек. Өзінің пайымды парасаты, ­сабырлы мінезімен салмақтылық таныта ­отырып, санасы сансырап сағы сынған талай жандардың тығырықтан шығып, тура жолға түсуіне көмек қолын созғанының да куәсіміз. Көп ізденіп, көп білетін білімділігі мен күліп қана тұратын көркем мінезі кімді болса да қызықтыратын. Туа бітті табиғатына тән тазалығы мен тартымды сөз, татымды ойы кімді болса да тәнті етіп тұрушы еді. Бұның бәрін мен сырттай ғана біліп, тілектес боп жүрген көптің бірі ретінде ғана емес, Бейсен бауырымыздың өзі өтініш жасап шақыртуымен әртүрлі тақырыптардағы он бес хабарына қатысып, пікір айтқан сарапшысы әрі жақын араласқан ағасы ретінде азаматтың адал ниеті мен асыл бейнесі жайлы азырақ болса да айта кетуді өзімнің борышым деп санаймын. Алла жар болып, алдыңнан жарылқасын, асыл бауырым! Жаның жаннатта, тәнің рахатта болып, пейіште нұрың шалқысын!

1986 жылғы ҚазМУ түлектері, әріптес аға-апаларыңның атынан Камнұр ТӘЛІМҰЛЫ

1664 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы