• Әдебиет
  • 21 Мамыр, 2020

Дария кеуде, тау мүсін

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме, қашанда қалт айтпайтын халқымыз. Сондай жақсы жанның бірі де бірегейі – Әдепхан Жақыбаев. 1940 жылы 10 мамырда өмірге келген. Жаркент қаласындағы Алтынсарин атындағы орта мектепті тамамдаған соң, 1959 жылы КазПИ-ге оқуға түсіп, 1964 жылы физика-математика мамандығы бойынша мұғалімдік диплом алған. Еңбек жолын Көкшетау облысы, Чкалов ауданы, «Коммунизм» колхозында механизатор болып бастап, тың игеруге атсалысқан.1964 жылғы қыркүйек айынан бастап 2007 жылға дейін Алматы облысы, Панфилов ауданы, Көктал ауылындағы Абай атындағы орта мектепте физика-математика және астрономия пәндерінен дәріс берген. Жоғарғы санатты ұстаз. «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «Алтынсарин» медалінің иегері, «ҚР Мәдениет қайраткері», Алматы облысының және Панфилов ауданының Құрметті азаматы, ҚР Президентінің «Алғыс хатын» алған. Ақын, этнограф, жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. «Балдәурен», «Белжайлау», «Баркөрнеу», «Орбұлақ», «Жапырақ жайған бәйтерек», «Еңкеймеген еменнің бұтақтары», «Ұлттық таным-тағылымы» атты кітаптардың және «Елім дарқан, жерім бай» атты үш томдық таңдамалы жыр жинақтарының авторы. Қазір құрметті еңбек демалысында.

«Ақын болу – өз еркің, азамат болу – парызың» депті ғой бір данышпан. Алдымен Әдекеңнің азаматтығын тілге тиек етелік: жоғарыдағыдай ат үркетін атақтарына қарамастан, ол ешқашан қарапайымдылығынан айныған емес. Қырық жылдан астам ұстаздық еткен ұлағатты жан ғой, үлкеннің де, кішінің де тілін таба біледі. Айтатын ойын анық білдіріп, ақыл-кеңесін жаныңды ауыртпай жұмсақтап жеткізеді. «Ой, ­айналайын ...» деп айналып-толғанғанда әлдеқашан келмеске кеткен әкең алдыңнан шыға келгендей елжіреп сала бересің. Қай ортада, қай кезде де болсын ол кісі отырған жерде «Өсек, өтірік, мақтаншақ» қылыққа орын жоқ. Керісінше, арғы-бергі тарих туралы, туған жердің тау-тасы мен өзен-көлі, туған елдің салт-дәстүрі мен даңқты перзенттері жайлы тәрбиелік тағылымы мол ағыл-тегіл әңгіме өрбиді. Шежіреден сыр шертіліп, түп-тегің түгенделеді. Кейде шамырқанған шабытпен жыр шумақтарын шашқанда поэзия кешінде отырғандай тебіренесің. Арқалана келе тіпті тәп-тәуір ­даусымен асқақтата ән салатыны да бар. Айтпақшы, «Талант тармақты ­болады» демекші, көпшілікке сазгерлік қабілетімен де танылған.Сазы мен сөзін де өзі жазған «Сағыныш сазы», «Қызыл Еспе», «Жаз дидарлы Жаркент», «Саят», «Анама», «Қырқыншы жылдардың келіншегі», «Сағынышым – ұларым», «Назгүлім», «Тау қызы», «Жайлау әні» сияқты ел ішінде кең тараған оннан астам әні республикалық радиодан да шырқалып жүр. Ал, ақындығына келсек, аға­мыздың туындыларына тал­ғамы жоғары әдеби сыншылар да, өлең сүйер қарапайым оқырман да бұрыннан-ақ жоғары бағасын беріп қойған. Сонымен қатар оның бұқара халыққа, әсіресе жас ұрпаққа тағылым-тәрбиесі мол этнографиялық жарияланымдарының да мән-маңызы өте зор. Бұл жөнінде есімдері елімізге кеңінен танымал, аузы дуалы тұлғалардан асып айта алмаспыз. Халқымыздың көрнекті ақыны, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, марқұм Оразақын Асқар: «Әдепхан Төреханұлының ең бір сүйсіне жырлайтын, әр кезеңде қайталап әр қырынан келіп жалықпай ­жазатын тақырыбы – туған жер, ­атамекен. Әдепханның туған жер туралы өлеңдері атамекеннің жырмен жазылған картасы сияқты. ­Лирика демекші, Әдепхан ­махаббат, сүйіспеншілік ­лирикаларында ерекше көркемдік шеберлік ­танытады» деп бағаласа, ақын, филология ғылымының докторы, профессор Сәрсенбі Дәуітұлы: «Әдепхан өз жерін, өз елін өте жетік білуімен, оны шынайы сүюімен бағалы. Оның өлеңдерінде Жаркент өңірінің әр түп жусаны, қарағайы, қайыңы, аршасы, шыршасы, мөлдіреген бұлағы, асау өзені, бәрі-бәрі де атаусыз қалмағаны таңдандырады. Табиғаттың біз білмейтін мол сыры, көп дүниенің беті ашылған. Тіпті кейбір жайлаудың, сайдың, төбенің, ескі жұрттың есімдері жадымыздан өшіп қалған екен. Біз ­осындайда Әдепханға үңілсек болғаны, барлығы санамызда сайрап сала береді» деп тамсанады. Ал «КСРО-ның үздік баспагері», «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» марқұм Ұлықман Асыл Әдекеңнің шығармашылығына арналған тұтастай бір «Айдынға құйған ақ бұлақ» деген кітабында теориялық терең талдау жасай келіп: «Әдепхан Төреханұлы – көпқырлы талант иесі, елеулі еңбегімен танылған абыройлы азамат, ордалы отбасының отағасы. Жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеу жолында талмай еңбектеніп, шәкірттер мен ата-аналардың ­шынайы құрметіне бөленген ­айтулы ұстаз. Шығармалары ешкімге ұқсамайтын тілдік образ­дық сонылығымен, эстетикалық-эти­калық тұщымдылығымен тартымды. Тілге бай, халықтың көне сөздерін көп білетін ақын. Оның жаңа да тартымды теңеу, эпитет, метафоралары қазақ көркем сөзінің құнды табыстарына ­жатады» деген пікір білдірсе, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жазушы-көсемсөзші Сабыржан Шүкірұлы: «Көпті көрген, көп естіген, халық қазынасын мол жинап, ой түйе білген құлағы сақ, жады берік қаламгер... Әдепхан көбік сөз емес, келісті кестеленген ойлы сөз, мағыналы мәнді сөздің майын тамызады» деп ой түйеді. Жазиралы Жаркент жерін солтүстіктен оңтүстікке қарай қақ жарып ағып жатқан «Өсек» атты үлкен өзен бар. Өзі құдды осы аймақтың күретамыры тәрізді. Өйткені күллі өңірді ылғалдандырып жатқан барлық каналдар мен арық сулары осы өзеннен бастау алып, жан-жаққа қан тамырларындай таралып ағып жатады. Кезінде бұл өзеннің батыс жағындағы ауылдарды біріктіретін «Октябрь» деген жеке аудан болған.Оның орталығы – Көктал кенті еді. Қазір мұнда он төрт мыңға жуық халық тұрады. Ал Абай атындағы орта мектеп – осы үлкен елді мекендегі білім мекемелерінің арасындағы ең ежелгісі де іргелісі. Ұлтымыздың ұлы ұстазы ­Ыбырай Алтынсарин «Мұғалім – мек­тептің жүрегі» деген екен. Қырық үш жыл бойы бір орыннан тапжылмай ұстаздық еткен Әдекең осы орта мектептің шын мәніндегі жүрегі – жан-жақты тәлім-тәрбие беретін білім ордасының бүкіл қан тамырларына нәр таратқан ұлағатты ұстаздарының бірі де бірегейі ­болды. Мұнда мыңдаған шәкірт сапалы білім, сапалы тәрбие алып, қазір кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етуде. Олардың арасында Әдепхандай ұстазын еш ұмытпай, әлі күнге дейін хат жазып, хабарласып, кездескенде қуана қауышатындары әсте көп. Себебі бұл кісі олардың өмірінде өшпес өнегесімен, телегей-теңіз білімімен терең із қалдырды. ­Физика-математика бойынша теңдеулер мен формулаларды шешуді ғана үйреткен жоқ, күнделікті өмірдің сан қатпарлы күрмеуі күрделі түйткілдерін тарқата білуді де санасына сіңірді. Мектептен тыс тәрбие жұмыстарында өрнекті өлеңдері арқылы әдеби-мәдени танымдарын байытып, көңіл көкжиектерін де кеңейтті. Этнографиялық жазбалары арқылы туған өлкесін жете танытып, оны сүюге, өркендетуге баулыды. Осындайда еске түседі: екі ғасыр тоғысындағы жылдардың бірі еді. «Астанадан Ауыл шаруашылығы министрлігінде қызмет істейтін үлкен ұлы келіпті» дегенді естіп, аман-саулық сұрасуға үйіне бас сұққанбыз. Әдепхан ағамыздың Айбынға арнап салмақты сөз айтып жатқан сәтіне тап келіппіз. «Балам, Астанаңды білмеймін, ауылдағы ағайынның хал-ахуалы ауыр. Күн көрісі – жер, нәпәқасы – мал ғой. Ал сол жерді дұрыстап өңдеуге – техникасы, малды тойдырып бағуға – жемшөбі жетіспейді. Бастықтарың бар, басқаларың бар осының байыбына барып, бір қарекет жасаңдар, қарақтарым...» деп күйзеле сөйлеп отыр екен. Жалпы ежелден-ақ еңбекқор, ата-бабасынан тартып несібе-дәулет үзілмеген Жақыбаевтар әулетінің ол кезде де жағдайы ­жаман емес еді. Қандай шаруаға болса да епсекті Әдекең отбасының әл-ауқаты әдеттегідей ортаймаған, керісінше аудандағы әжептәуір ауқатты отбасылардың бірінен ­саналатын. Дегенмен, елдік мәселені ешқашан естен шығармайтын, пейілі кең, көңілі дарқан әз ағаның халықтың жағдайына деген жанашырлықтан жүрегін жарып шыққан сөзі еді бұл. Бүкіл саналы өмірін өрнектеген осындай парасатты пайымдаулар Әдекеңнің бойына қайдан қонған?! Бұған жауапты өзінің бір жауһар ­жырынан таптық. ...Бабаң шешен болса егер, Қара қылды қақ жарған. Сенде кемшін түспейсің, Алмас қылыш қанжардан, – деп жырлапты Әд-аға бір өлеңінде. Әлімсақтан-ақ ән мен жырдың бесігі болған жазиралы Жаркент жерінде талай-талай ел бастаған көсемдер, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен шешендер, айбатты батырлар мен атақты билер өткен. Солардың бірі – осы Әдепхан ағамыздың үлкен атасы Салпық би Ілешұлы. Ол тек өз отбасының, өз әулетінің ғана емес, ел мен жердің қамын жеген өр мінезді, ұтқыр ойлы, шешен сөзді қайраткер тұлға болған екен. Бурақожыр өзенінің бойындағы елді егіншілікке баулуға ықпал етіп, диқаншылыққа қажетті арнайы тоғандар қаздырған. ­Содан Қу өзенінен тартқан саға «Салпық тоған», ал ауылға тартқан су ­арнасы «Салпық арық» атанған. Күні бүгінге дейін «Салпықтың сазы», «Салпықтың түбегі» деген жер атауларының сақталуы да – ол кісінің киелі есімі, ғибратты еңбегі ел зердесінен терең орын алғанын көрсетеді. Тыңнан түрен салып, ел игілігіне ерен еңбек еткен Салпық бидің ­зираты басына орнатылған керемет кесене осыдан бірер жыл бұрын қайта жасалып, жаңаша бой көтерді. Ұрпаққа үлгі болсын деген бұл игі бастамаға да мұрындық болған, соны ұйымдастырып басқарған осы Әдекең. Салпықтан – Жақыбай би, одан тарайтын өз әкесі Төрехан (1908-1945) да елді аузына қаратқан сал-сері болғандығы тарихтан мәлім. Оның өлеңмен жазған әулет шежіресі, Күләй, Дәне атты дарынды ақын қыздармен айтысы тасқа басылып, баспасөзде жарияланған. Анасы, ­Болатай қажының қызы Мәриәмкүл де ерекше келбетті, мейлінше мейірімді жан болған екен. Осындай өнерлі, өнегелі отбасында дүниеге келіп, жастайынан ұлттық уызға қанып өскен Әдепхан ағамыздың қазіргідей сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз болмауға әбдісі де жоқ-ау, әсте. «Еңкеймеген еменнің бұтақ­тары» деп Әдекеңнің өзі жазғандай бұл өңірде Салпық биден тараған екі жүздей түтін бар. Солардың арасындағы қара шаңырақ – осы Әдекеңдікі. Отасқандарына елу жыл толып, осыдан бір-екі жыл бұрын «Алтын тойларын» жасаған жұбайы Рысжан Жарасбекқызы ақын ағамыздың тек жан жары ғана емес, қашан да қасынан табылар жанашыр жұбанышы, сүріне қалса сүйенер сүйеніші екеніне ұзақ жылдардан бері біздің де көзіміз жетіп келеді. Ол да 1960 жылы Жаркент қаласындағы Алтынсарин атындағы орта мектепті тамамдап, 1962 жылы Мәскеу кооперативтік ­сауда техникумының Алматыдағы филиалының бухгалтерлік бөлімінде оқыған. 1968 жылы ­Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық институтының ­химия-биология факультетін бітірген. Алғашқы еңбек жолын «Гвардия», «Көктал» кеңшарларында бухгалтер болып бастап, соңғы жылдарында Абай атындағы орта мек­тепте мұғалім, балалар бақша­сында тәрбиеші әрі шаруашылық меңгерушісі болып қызмет еткен. «Алтын алқа» иегері. Ағамыз екеуі алты ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірген. Биылғы мамырдың алғашқы мамыражай күндерінің бірінде сексен жастың сеңгіріне шыққан Әдепхан Төреханұлының әулеттік һәм әдебиеттік өзіндік әлемі осындай. Осы қалпынан өзгермегені қандай жақсы. Артынан ерген інілері – біз де оның алпысында да, жетпісінде де айтқан тілегімізден айнымай, сексенінде де, одан әрі де осы ойымыздан таймай жүре беруге Жаратқанымыз жар болсын! Әңгімеміздің әлқиссасын «Шіркі-ін» деп бастап, көп нүктемен күрмеп едік. Енді түйінін «Е-е, егемен еліміздің әр қариясы өз әлемін осы Әдекеңше әдіптеп, әдемі қартайса, қанеки!» деп леп белгісімен аяқтағанды жөн көрдік.

Нұрәділ БЕГІМБЕТ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

АҚЫН АҒА

Әдепхандай жақсының мен күніге, Еңбегіне тамсанам, ерлігіне. Абыроймен өмірін адал сүріп, Сыймен келді сексеннің сеңгіріне.

Ел алдында ардақты, зор бағасы, Ұлағатты ұстаздың – ол дарасы. Шәкірттерін мыңдаған айтпағанда, Олжа болды Отанға он баласы.

Тәліміңе шөліркеп таласқан ел, Қазаққа бер, барыңды, Алашқа бер. Алты ұл, төрт қыз өрбітті кіндігінен, Жарасбайдың қызымен жарасқан ер.

Айбын – ғылым докторы, академик, Әкеге еріп өскен ұл, ата көріп. Ақылман боп ер жетті анасынан, Ақ сүт пен адалдықты қатар еміп.

Айырбастап еңбекке еркіндігін, Думан ұлы ұстады ел тізгінін. Ақыл нұрын сіңіріп әкесінің, Батырлығын байрақ қып Ер-Төренің.

Дархан ұлы қолға алып құрылысты, Таба білді кәсіптен мың ырысты. Ұжым түгіл, әр ұлдың шамасы бар, Басқаруға би болып бір Ұлысты.

Әр баласы тірлікті жайпар еді, Атасына рақмет айтады елі. Қызметіне халықтың жанын салған, Бата берді Байтаққа байтақ елі.

Ал Ақберен – жігіттің иықтысы, Жүйрік атты жүгірту – сүйікті ісі. Шаңырақтың иесі, елде қалған, Береке мен бірліктің ұйытқысы.

Самұрыққа ұқсайтын әрбір үні, «Самұрықтың» төрінде Барлық ұлы. Парасат пен пайымы жарасқан ер, Келіп сәлем берердей ханның ұлы.

Еркек – түзге, қыз бала – үйге сымбат, Бешпетіне тағады түйме сырлап. Жазиралы Жаркентте туған қызға Жазерке деп қойылған үйлесімді ат.

Бұлбұл әнге қосқандай таңерте кеп, Ынтықтырып мөлдірлік жан өртемек. Аруына Алаштың айналсын деп, Бір қызына ат берген Ақерке деп.

Мейіріммен шыға алса шыңға бірге, Ата-аналар батпайды мұңға мүлде. Берекедей қызы бар осынау үй, Берекелі шаңырақ шын мәнінде.

Еркесі боп елінің Елерке қыз, Мақтанады қызымен кең өлкеміз. Тәлімі зор сүйсініп ата-анаға, Жүректегі толқиды өлең-теңіз.

Қосақталса өмірің дұрыс жанмен, Тыңғылықты жасайсың жұмысты әбден. Жаннатта да жасаңыз мәңгі-бақи, Батыр Ана, адал жар – Рысжанмен.

Жақсыға арнап тілден бал тамыза алам, Ұрпағың мыңға жетсін абыз ағам. Үш-ақ сөзбен үш жүзге атың қалар: Ардақты Ата, Ұлы Ұстаз, Аңыз Адам!

Балғынбек ИМАШЕВ

1395 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы