• Әдебиет
  • 21 Мамыр, 2020

«БАЛЫҒЫ ТАЙДАЙ ТУЛАҒАН...»

Гитлершілермен болған соғыстан кейінгі жылдары Одақта балық өндірісіне байланысты үлкен реформалар жасалынды. Соның бірі Мәскеудегі жоғарғы техникалық балық шаруашылығы институтындағы теориялық жұмыстарды практикамен ұштастыру мақсатында Каспий теңізі жағалауындағы Гурьев қаласында төрт жылдық бүкілодақтық балық шаруашылығы техникумын аштырды. Жоғарыдан тәртіп болғандықтан қысқа мерзімде таңғаларлықтай екі қабатты оқу корпусы, екі қабатты студенттер жатақханасы, Мәскеуден шақырылған мұғалім-профессорларға арналған екі қабатты үй, студенттер клубы, асхана, тағы басқалар бой көтерді. Инфраструктура толығымен салынып, сырттан қызығып қарайтын өзгеше қалашық пайда болды. Мамандар дайындау,  қаражаттың бөлінуі... тікелей одақтық Балық шаруашылығы министрлігіне қарайтын. Қанша адам қабылдау керектігін де аталмыш министрлік белгілейтін. Осындай нұсқаудың арқасында 1952 жылы біз, төрт бала, Дәуқара Аймағамбетов, Жанәлі Әлімбетов, Сырғаш Медетбаев және мен Арал теңізінен келіп, емтихан тапсырып, студент болып қабылдандық. Бұл күнде жоғарыда аталған жолдастарымның барлығы о дүниелік болды. Топырақтары торқа болсын. Олар кезінде елге аға болып, балық шаруашылығында колхоз, заводтарды басқарды.

Техникумда екі факультет ­болды: балықты өңдеу (технолог) және балық аулау (добыча рыбы). Мен екіншісін қаладым. Оның да себебі болды. Елде жүргенімде ағалардан «ана бригада пәлендей балық ­аулапты, түгенше қайық капитандары соншама балық аулап келіпті» дегендерді еститінбіз. Тек балық аулағандардың аттары аталынып, ал балық өңдеушілердің, балық сапасын сақтайтын мамандардың аттары ауызға алына қоймайтын. Сол ойымда қалған болу керек. ­Келешекте атым аталып, бригадир, капитан болсам деген ниет қой.Ең бастысы, оқысақ, маман болсақ деген талап бар еді. Сонау Мәскеуден Гурьевке келіп сабақ берген мұғалім – профессорлар өз міндеттеріне асқан жауапкершілікпен қарайтын жандар еді.Болашақ кәсібімізге ­байланысты көп нәрсе үйретті. Мысалы қай теңізде қандай балықтың түрлері өсетіні, олардың жүретін жерлері, қай мезгілде аулауға болатыны, ­оларды аулайтын ау-құралдың түрлері, ­ау-құралдың есептері, құрылысы...бәрі де тәптіштелетін. Сонымен қатар табиғаттың байлығына зиян келтірмеу жағы да назарға алынады.Білімді, білікті сол ұстаздарыма әлі күнге дейін ризашылығымды білдіріп жүремін. Арал, Каспий, Қара, Азов, Балтық теңіздерінде ауланатын балықтардың жүрген жерлеріне,түрлеріне сәйкес теңіз кемелері де ауыстырылып тұратын. Мысалы, Қара теңізде үлкен, орташа, кіші сейнерлермен балық ауланады. Яғни оларды (БЧС, СЧС, МЧС – большой черноморский сейнер, средний черноморский сейнер, малый черноморский сейнер) дейді. Бірде Қара теңізде балық аулап жүргенімізде, қатты жел болады деген хабар берілді. Бұндайды теңіз тілінде «SOS» дейді. Жүзіп жүрген аймағымызда 10-15 шақты кеме болатын. Капитан дереу бағытты желден ықтайтын бухтаға қарай бұрды. Жүзіп келеміз, кейде толқынның үлкендігінен 100-150 метр қашықтағы қатарласып келе жатқан кемелер көрінбей кетеді. Не деген қорқынышты. Осындай кереметтің куәгері болғандықтан, ойыңа XIX ғасырдың орта шенінде салынған Айвазовскийдің әйгілі суреті «Тоғызыншы вал» түседі. Егер де ұлы суретші осындай оқиғаны өз басынан өткізбесе, әлемді таңғалдырған туынды тумас еді. Оқып жүріп балық ­аулайтын қайықтардың теңізде жүзу мүм­кіндіктерін теориялық тұрғыда да, практикада да толық біліп алдық. ­Мысалы, орыс тілінде айтылатын ­носовой киль, кормовой киль, ­нижняя палуба, верхняя палуба, правый борт, левый борт, носовая часть, кормовая часть, кубрик, камбуз, капитанский мостик, каюты, якорь, якорьная цепь, мачта, кнехт, гальюн және басқалар. Осылардың барлығының атқаратын міндеттері бар және де оларға жауап беретін адамдарына дейін белгіленген. Екі-үш жылда оқуымызды теориялық та, практикалық та жағынан толықтырып, 1954-1955 жылдары Қара теңізде Керчь бұғазынан өтіп Азов теңізінде, Каспий теңізінде кемелермен де, теңіздер жиегінде, Жайық өзені бойында да балық ­аулау тәсілдерін үйрендік. Осындай тәжірибенің арқасында, «помощник капитана дальнего плавание» атағымен қоса, «техник-механик по добыче рыбы и морского зверя» ­деген дипломға ие болдық. 1976 жылы Арал балық өндірісі бірлестігінің бас директоры болып жүргенімде, мамандықты жаңғырту біржылдық курсында ­Калининградта болдық. Сонда Балтық теңізіндегі балық кемелерінің озық тәжірибелерімен таныстық. 1983 жылы Қазақ КСР-і Балық шаруашылығы министрі кезімде, ­қараша айында, Қазақстан ­ком­партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қол қойған, бюроның қаулысына сәйкес ­Вьетнам социалистік республикасына Қазақстан делегациясын басқарып бардым. Оңтүстік Қытай теңізінің жиегінде орналасқан Вьетнамның сол кездегі халқының саны 64,5 млн адам, жер көлемі 555 мың шаршы шақырым болатын. Француз, ­Америка монополистерінің отарлығынан құтылған қайсар вьетнамдықтардың тұңғыш президенті, бүкіл өмірін халқының тәуелсіздігіне арнаған ұлы Хо-Ши-Миннің жұмыс істейтін екі бөлмелі үйін көріп таңғалғанбыз. Қытай теңізінде ауланатын, экспортқа шығаратын хребетка шаянының да дәмін татқанбыз. 1987 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы Байкен Әшімовтің тікелей тапсырмасымен Сахалин облысының басшыларымен келісіп, теңіз балығының, әсіресе селедка, стабрида, скумбрия, хех, лосось, т.б. түрлерінің көп ауланатын жері Охот теңізі мен Жапон теңізінің ортасында орналасқан Сахалин аралына Барнаул, Чита қалалары арқылы ұшып бардым. Жергілікті жердің басшыларының көмегімен Курила аралдарын аралап, яғни Кунашир, Шикотан аралдарында болып, ­жапон императорының қыс айларында ­шомылатын, жер астынан шығып жатқан ыстық суына да түстік. «Атың барда желіп жүріп жер таны» демекші, әлемге белгілі, көбісі мұхитпен шектесіп жатқан, сегіз ұлы теңіздің семіз балықтарының дәмін таттым. Олар өзіміздің Арал мен ­Кас­пийден басқа, Балтық, Қара, Азов, Қытай, Охот, Жапон теңіздері. Айта кететін шындық, осы ұлы теңіздердің балық байлығының арқасында 1980 жылдары Одақта жан басына 18,5 кг, ал Қазақстанда 12-5 кг балық пайдаланылды. Осының ішінде тұщы көлдердің балығының көлемі 30 ­пайызды құрайтын. Яғни мұхиттық және «преснаводный» деп бөлінетін. Осындай байлықтың арқасында ­80-жылдары Қазақстанда, тамақтандыру орындарында әр аптаның төртінші күнін балық күні деп те атағанбыз. Жоғарыда көрсетілген сегіз теңіздің ішінде Арал теңізінде 28 жылдай қызмет істеп, оңтүстігінен солтүстігіне, шығысынан батысына дейін қызмет бабымен тегіс араладым. Осы теңіз жөнінде оқырманға қысқаша мәлімет бере кетейін. Сонау 60-жылдары Арал теңізінің ұзындығы 420, ені 284 шақырым, ең терең жері 68 метр болған. Ауланған балықтың көлемі 424 200 центнердей еді, соның ішінде, сазан 130 000 центнер, тыран (лещ) 70 500 центнер, торта (вобла) 76 050 центнер, жайын (сом) 11 000 центнер, шортан (щука) 40 000 центнер, майлышабақ (щемая) 12 000 центнер, қаяз (усач) 4500 центнер, тісті (судак) 13 000 центнер, ақбалық (жерех) 8 500 центнер, бекіре (шип) 150 центнер, қызылқанат (красноперка) 13 000 центнер, табан балық (карась) 8000 центнер, қылышбалық (чехонь) 9500 центнер, майда торта (плотва) 23 000 центнер, алабұға (окунь) 5000 центнер. Осы жылдары шығарылған балық өнімдері: мұздатылған балық – 23 400, тоңазытылған балық – 15 600, тұздатылған балық – 78 400, ысталынған балық – 27 400, кептірілген балық – 37 500 центнер. Арал теңізінде пайдаланылған балық аулау құралдары: жылым қайық, ау қайық, қабадан қайық, қыс жылым, жаз жылым, күз жылым, кермеше, ахан ау, сазан ау, тыран ау, торта ау, шемая ау. Қосымша құралдар: шығыр, ескек, таяу, желқом, су төккіш, сүймен, прогон, багор, арқан, шыжым, инелік, қалқы, түрлі ине, тас, шонтай, ау жібі, жылым жібі, ат шана, түрлі шана, ат таға, түйе таға, ат хамыт, түйе хамыт, терте, таға шегелері, сүзгі, т.б. 2005-2020 жылдар аралығында, ұзындығы 14 шақырым Көкарал бөгеті арқылы кіші Арал теңізін сақтап келеміз. Көлемі 330 мың гектар, тереңдігі орта есеппен 9-11 метрдей. Ауланған балықтың көлемі 60-70 мың центнер. Түрлері: шортан (щука), тыран (лещь), ақбалық (жерех), сазан, тісті (судак), жайын (сом), қылышбалық (чехонь), аққайран (плотва), ақкөз (белоглазка), амур (амур), дөңмаңдай (толстолобик) , қызылқанат (красноперка), алабұға (окунь), жыланбалық (змееголовка), табанбалық (карась), камбала, аққайран (язь). Егер де Кіші Арал теңізін сақ­таудағы, екінші реттегі Көкарал бөгетінің жобасы іске асса ауланатын балықтардың түрлерін 10,0 мың центнерге жеткізуге болады. Сөз соңында балық та бағалы байлық екенін айтқым келеді. Оны өсіріп, өндіруге мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінуі тиіс.

Құдайберген Саржанов, мемлекет және қоғам қайраткері

1104 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы