• Тарих
  • 21 Мамыр, 2020

АЛТЫНОРДА АҚЫНДАРЫ

Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН

Ешқашан санада сөнбейтін сәуле болады. Бұл соған ақи-тақи көз жеткізген сапар еді. Құстар да күнгей ұзақ жолға қамдана бастапты. Дариға-дәурен! Сынаптай сырғып уақыт өтіп барады. Қилы-қилы қиял кешкізіп, сонымен мәңгі бақи жарысқандай ұлы дария да ағыпты аяңдамай, қаншама дәуірлерді бастан өткерді. Заманауи ұшақ, ұшқыр көліктен бас тартып, ешкімді де мазаламай, екінтіде Қазан қаласындағы айлақтан кемеге отырып, оңтүстікке қарай бет алғанымызда көкей көрігі гулеп, әртүрлі күйді оятты. Қас қарайып, түн жарымы ауғанша ұйқы қашты. Таңға жақын тұман түсіпті. Ол қабаттасып сірескен қасат қардай тұтасқан ойды тұмшалай алмады. Арқырап ауыздығын қарш-қарш шайнап, торкөз сауыт киіп, айбалта мен найза ұшы желбіреп, күн нұрына шағылыса жарқ-жұрқ етіп, қабағын қарс жапқан баһадүрлердің сұсты жүзі елестеді. Жағалау жырақ қалып жатыр. Көшпелілердің өшпеген ошағының қоламта қозының оты жылт-жылт ететіндей. Бірте-бірте Алтынорда (Ақорда, Елорда, Құзорда, т.б. бірігіп жазылып жүрген жоқ па?) аспаны ашылайын депті.

Жалпы бұл күрделі дәуір адамзат ­тарихында әлем, орыс, біздің қазақ зерт­теушілері оған тиісті мән ­бермей, түбегейлі тақырыпқа ат басын ­сирек бұрады. Ғылымда батыстану жоқ та, шығыстану болса да екшеліп көпшілікке ұсынылған мардымды еңбек аз. Қос құрлық кеңістігін көктей өтіп, тұтастырып, ұлттар татулығын сақтап, уақыт өліарасында жаңа тұрпатты зор мемлекет тұңғыш рет құрылды. Әлі күнге дейін Еуразия кеңістігін аңсай беретініміз неліктен әйтпесе? Адам ­баласына қой үстіне бозторғай ұя салатын ­заман туа қойған жоқ әлі. ­Алтынордада да өз артық-кемшілігімен ақырында мұрагерлері бөлек-бөлек отау тігіп, жер бетінде өшпес із қалдырды. Тарихта болған ұлы қағанаттар қайда? Орнын сипатып қалған жоқ па?.. Басқалар боздағы бөденедей ­басын бұғып, үн-түнсіз жатқанда біз Алтынорданың мұрагеріміз деп жарық жалғанға жариялаудың өзі ерлікпен бара-бар. Тарихнамада қазақ ұялатын беттер жоқ екенін тағы бір дәлелдеді. Шаңды шаңға қосқан алапат шапқыншылықтың зардабын алдымен асау дала тартты. Көне кенттер қирап, бау-бақшалар мен гүлзарлар ат тұяғымен тапталды. Бұлақтар мен әуіз-тұмалардың көзі бітеліп мүлкаман-дүниенің күлі көкке ұшып, шаңырақтар шайқалып ортаға түсті. Бұл қасақана қылғандай неге ескерілмейді? Адамзат өркениеті ортақ болғанымен Батыс мұрнын шүйіре қарап, Ресейді күргейлеп жалпы қораға кіргізуге құлықсыз. Онда Шығыс шалығы бар деп ұғатындай. Ал, орыс тарихшылары бәрін татар-моңғол басқыншылығына ­жауып, зұлымдық, жауыздық, сатқындық, опасыздық – барлық бәле-бәтірді соған сілтеп үйіп-төгеді. Жабайылар да солар, тағылар да солар. Тексіз тобыр да солар. Шындығында солай ма? Қайта құдіретті қағанат оны ыдыратпай, тұтастығын сақтап қалғаны қане? Батыс ентелеп, тевтон орденіндегі елдермен халықтар: прусстар, поляктар, литвалықтар тегеурініне төтеп беріп, көкқасқа шегірткедей қаптаған шведтердің шүйлігуіне қасқайып қарсы тұрғандар кімдер екен? Осы орайда Күлік (Куликово) соғысын да қайта қараудың еш артықтығы жоқ. Анығында, бұл – қыпшақтар мен қыпшақтардың шайқасы. Тек жеңімпаздар жағында орыс жасақтарының болғаны рас. Ол сұрапыл соғыстың орыс тарихына қатысы шамалы. Соған қарамастан, ұзақ жылдар бізді Александр Невский, Дмитрий Донскойдың көзсіз ерлігімен тәрбиелеп, қайдағы бір жауынгерлік рухты әспеттеуге күштеп иландырғандай. Бұратаналар ғұмыр бойы бұрмаланып, жалған жазылған тарихпен оқытылып келе жатқанымызды әлдеқашан мойындайтын кез жетті. Өзге маман құрып қалғандай ­тарихты жазуға не үшін жазушы ­отырды? Бәлкім, оның иі жұмсақ па? Әлде биліктің ыңғайына жығылып, астамшыл мемлекеттік мүддеге бейімделген шығар. Қайтсе де, аса құдіретті демей-ақ қояйық, әдебиетке елжірегіш (сентимента­лизмді) енгізген қабырғалы қаламгер Н.М.Карамзин көп уақытын сарп етіп, он екі томдық «Ресей мемлекетінің тарихын» жазып шықты. Мүмкін, біржақты әсіреұлтшылдық ызбарының сызы бар болар. Әйтсе де, ресейліктер бұл еңбектің қанын жерге тигізгісі келмейді. «...Батый умер: сын его – вероятно, Сартак хотел господствовать над татарами, но был жертвою властолюбивого дяди, именем Берки, который, умертвив племянника, согласно с волею великого хана объявил себе преемником ­Батыевым» деп табалады ол. Бұған да місе тұтып, тоқтамай бояуды ­баттастыра қоюлатып, одан сайын былықтыра түседі. «Моголы (?) вступив в наше ­отечество, с ровною свирепостью лили кровь и мирян и духовных, ибо не думали жить близ его пределов и сташась оставить за собою многочисленных врагов, хотели мимоходом истребить всех людей; но обстоятельства переменились. Орда Батыева расположились навсегда ночевать в привольных окресностях Волги и Дона: хан ее для своих выгод должен был в некоторым смысле щадить подданную ему Россию, богатую естественными и для самых варваров нужными произведениями; узнав же власть духовенства над совестью людей, вообще усердных к Вере, моголы старались задобрить его, чтобы оно не возбуждало россиян противоворствовать игу татарскому и чтобы том хан тем спокойнее мог повелевать нами». Көзге ұрып тұрған кемшілікті былайғы жұрт білмей ме? Тағы бір орыс тарихшысы В.О.Ключевский (1841-­1911 гг.)­ бетке басып, батыл айыптайды: «У Карамзина пустеет: герои прячутся за кулисы и зритель видит одни декорации, обстановку, быт, житейский порядок – это в так называемых внутренних обозрениях». Бір тұста оған қайта оралып, ойсырата соққы береді: «Руси XI-XII в. говорят, мыслят и чувствуют так же, как русские князья северной Руси XIV и XV в., т.е. как мыслил историк. Это люди разных хронологических периодов, но одинакового исторического периода... Оптимизм, космополитизм, европеизм, абсолютизм, республиканизм оставлены. Остался сентиментальным моралистом XVIII в. и приверженцем просвещения, как лучшего пути к доброй нравственности, которая – основание государственного развития и благоустройства» (В.О.Ключевский «Исторические портреты» Москва, «Правда», 1990 г., стр. 480). Арғыға бармай-ақ, Ресей мен Қазақ­стан тарихында бұрмаланған тұстар жетеді. Таңдау мен талғау мүлде аз. Теріскей көршіміздің биліктегілері Жошы ұлысынан орыс ортасына сіңіп кеткен ақсүйектер, қоғам қайраткерлері, әскербасылар мен ақын-жазушылар жұлдызды тобының тегі мен санының мол болса да Алтынорда десе тіксініп, тіпті ешкікөзденіп шошына қарап, бүйіше бүрісіп, жыланша жиырылады. Екінші Екатеринаның пәрменімен оған қатысты бүкіл құжат, дереккөздері мен мәлімет-мағлұматтардың басым бөлігі жойылып, құртылып кетті. ІХ ғасырда Яуза, Глинная мен Мәскеу өзендерінің құйылысында кішкентай елді мекен қалың орман ішінде қоныс теуіп, келе-келе ­кентке ­айналып, бұйығы өмір кешіп ­жатты. 1272 жылы Алтынорданың Меңгу (бәлкім, мәңгі) Темір ханы оған ­ерекше мәртебе беріп, басқа серіктеріне қарағанда оның абыройы, беделі асты. Гүлденді. Өсті. Кемеліне келе жатты. Өркендеп қанат жайды. Мәдени, сауда-саттық орталығына баланды. Бұл бағытта Юрий Долгорукийдің қаланы дамытуға сіңірген еңбегі жоқ, мүйізі қарағайдай мамандар мен бірқатар белгілі зерттеушілердің ой-пікірі өркөкіректікпен ескерілмей елеусіз қалып, Ресей патшасы І Николайдың (1796-1855 жж.) (Палькин) нұсқауымен және СОКП Бас хатшысы И.В.Сталиннің алқауымен жұрттың көзін бақырайтып қойып, маңдай терін төгіп Мәскеудің іргетасын қалаттырған Юрий Долгорукий болып шыға келді. Бұл қиянат емей немене? Біздің Еуразия деп мөңіреп тұратынымыз не? Әрине, Алтынорданы кім, қалай қабылдауына байланысты. Жүз сексен жас жасаған ақындар Атасы Сыпыра жырау оның көркемдік шежіресін былай түзеді: Мен қартыңмын, қартыңмын, Не көрмеген қартыңмын. Бастыққа бастық, Бастық хан Оны көрген кәріңмін. Одан соңғы Керей хан, Оны көрген кәріңмін. Одан соңғы Ала хан, Оны көрген кәріңмін. Одан соңғы Қара хан, Оны көрген кәріңмін. Құлағы шұнақ Назар хан Оны көрген кәріңмін. Он екі тұтам оқ атқан, Одан соңғы ер Шыңғыс Оны көрген кәріңмін. Мұнарасы қырық құлаш Өзден сұлтан Жәнібек Оны көрген кәріңмін. Ұлы бабам Домбауыл Оны көрген кәріңмін. Жүз сексенге келгенде, Шықпаған жан жүргенде, Менен дәурен кеткенде... Сонша хандар өткенде Кешегі кеткен еңселі Ерні салпы құбаша құл Сонша жасқа келгелі Осындай ер жігітті Көре алмаған кәріңмін. Бізге там-тұм, үзік-үзік жеткен кей дақпырт ақпараттардың өзінде Дешті Қыпшақ елінің абыз ақыны ­Сыпыра жырау қиял кейіпкер емес, бұрын-соңды дүниеде болмаған жас мемлекеттің ыстығына күйіп, суығына тоңып, бәріне куә болып, ұзақ жасаған адам екені байқалады. Ерлік рухы биік «Қырымның қырық батыры» дастандарының бы­ты­раңқы тұңғыш нұсқаларының да негізін салып, жырлағаны дау туғыз­байды. Ізашар тамаша дәстүр енгізді. Оның тұсында Алтынорданы кімдер билеп еді? Бату (1227-1256 жж.), Берке (1258-1266 ж.ж.), Мөңке Темір (1265-1288 жж.), Туда Мөңке (1282-1287 ж.ж.), Тоқта (Тоқтай 1291-1312 ж.ж.), Өзбек (1312-1342 жж.), Жәнібек (1343-1357 ж.ж.), Тоқтамыс (1380-1395 ж.ж.)... Қырық рудан құралған жас мемлекеттің қай тілде сөйлеуі ықтимал? Тұрғындардың басым бөлігі қыпшақтар, татарлар, түркіленген моңғолдар, қияттар, кейіннен қазақ қауымына толық кіретін қоңыраттар, маңғыттар, ноғайлар, арғындар, тамалар, т.б. еді. Сол дәуірде халықаралық қатынас құралы болған не екенін «Құмандар кітабы» («Кодекс куманикус» (лат.кодекс-кітап) көрсетеді. Алғашқы бетінде 1303 жыл деген белгі соғылған бұл басылым қыпшақша түзіліп, дүниежүзіне (әсіресе, Батыс елдері, Үндістан, Таяу Қиыр Шығыс, Қытай...) таралды. Ордадан төрткүл дүниенің шартарабына қасиетті Құрандай тұтынып елшілер тобы әлсін-әлсін аттанып жатты. Көптен бері бір данасы Венецияның Марк әулие ғибадатханасының кітапханасында көз қарашығындай сақталып тұрған бағалы жәдігер әлемнің біраз жеріне үстемдік еткенін дәлелдейді. Түркі тілдерінің біреуін сәл дамытып өркендете алмағанымыз өкінішті... Қайткенде де қазір мұрнынан есекқұрт түсетін Батыстың есебі түгел. Өлген латын тілін ғылыми айналымға түсіріп, қолданысқа кіргізіп пайдаланып жүр. Өтпелі өмірден сабақ алмаған жақсы емес. Оның үстіне сол тұста Берке хан қызын Мысыр билеушісі Мамлюк, ­мамелюк (Араб сұлтандарын қорғаушы түркі жасақтары) Әл-Мәлік әз-Заһир Рухиәл-Дүние уә ад-дин Бибарыс ­Бундикари әс-Салиге ұзатқан болатын. Египет тарихшысы Құтибы олардың ұлы Бедр ад-дин Мұхаммед Берке екі дәптер өлең тудырып, Құранға түсінік-талдама жасап жүргенде туған қайын ­атасы Қалауын у беріп өлтірген соң шешесі Шам (Димашық) шаһарында жерленген әкесі Бибарыстың қасына қойғызады. Осынау қыпшақ тілінің құдіреттілігі соншама, мамлюктер заманында ақын Шәріп Әмеди Фирдоусидің (Пері даусы) «Шаһнамасының» түпнұсқада жүз он мың жол болса, ол жүз жиырма екі жолға ұлғайтып қыпшақшаға тәржімалайды. Әлбетте, тереңдеп зерттей түссе бұдан басқа да қызықты жайлардың құлағы қылтиятыны күмән тудырмайды. Не десе де бұл ерлік пен елдік жырланатын кезең. Мұрын жыраудың (зираттағы шын аты Тілеген Сеңгірбеков (кейбіреулер жаңылыс жазып жүргендей Сеңгірбаев емес) «Қырымның қырық батырында» Сыпыра жыраудан бастап, (Егер Ж.Тілеповтің көрсетуіне сенсек, 1391 жылы дүние салады) бертінге дейінгі туындылардан өршіл рух, найзағай намыс, жасын жігер мен қаһарман қайраттың лебі еседі. «Қырымның қырық батырын» алғашқы орындаған сол ­Сыпыра жырау Сұрғылтайұлы ­болса, одан кейін Абыл жырлап, Нұрым қағып алып, кейін Қашаған үйреніп айту дәстүрін жалғастырса, Мұрынға жетіп тіреледі. От ауыз, орақ тілді Шалгездің (Шалгиіз) Едігенің шөбересі Темір биді ел бүлініп жатқанда қажы сапарынан тоқтатуға шақырғаны да ешкімнен қаймықпайтын жүрек жұтқандығын танытады. Ақындар Атасы Сыпыра жырау Сұрғылтайұлы (1211-1391 ж.ж.) да бетің бар, жүзің бар демей Тоқтамысқа көзге шұқығандай етіп айтады: –Уа, хан ием, хан ием, Құлағыңды сал ием. Талан болды біздерден Сансыз дүние-мал, ием. Қанды көрсе қалтырар Қырғи құстың баласы. Таңды көрсе, шарқ ұрар Бұлбұл құстың баласы. Бітпес сөздің жарасы. Жемтік болды дұшпанға Көп ноғайдың баласы, Көздерімнің қарасы. Жер жетпесе еш саған, Жерің тұр ғой алдыңда. Көл жетпесе еш саған, Көлің тұр ғой алдыңда. Қырғи болып құтырып, Қызыл етті аңсама... Зияны тиер ырысқа. Себепсіз еш ұрыс болмас, Ұрыс болса, тұрыс болмас. Еліңді талап сен алдың, Темірменен тең алдың. Халқыңды жинап бір жерге, Жеңімпаз хан атандың. Елің әбден толықты, Енді саған не керек? Күн сайын қан төгіспе, Зәрезап болды төңірек. Ұрыстың болар өз заңы, Қаншама қан төгілер, Хан салығынан халқыңның Қабырғасы сөгілер. Күнәсіз қан жуылмас, Біреудің малы бұйырмас. Тентек ханды ел сүймес, Шатақ ерге қыз тимес. Қанды көйлек киілмес, Тұтқын қатын сүйілмес. Қаншама бармақ тістегенмен, өткен ойсырап орнына келе ме? Атасөзге құлақ асып жатқан жан бар ма? Ақыры ХІІІ ғасыр аяғына таман Ақсақ Темірдің қанды жорығы Алтынорданы талқандап, Батыстың алдына жығып берді. Одан кейін тыраштанып тырысқанмен, бір кездегі жұлдызы жоғары құдіретті қағанат ес жиып, қалпына келе алмады. Қанша қайрат көрсеткенмен, күнгейдегі Баязиттің Түрік елі де соның кебін киді. Обал-ай деген ешкім жоқ. Соған ширығып, шамырқанған Асанқайғы Алтынорданың соңғы хандарының бірі Жәнібектің (Әбусағит емес) жанына ­батыра былай ескертеді: – Ай, хан, мен айтпасам білмейсің, Айтқаныма көнбейсің. Шабылып жатқан халқың бар, Аймағын көздеп көрмейсің. Қымыз ішіп қызарып, Мастанып, қызып терлейсің, Өзіңнен басқа хан жоқтай Елеуреп неге сөйлейсің?! Қорған салдың бейнет қып, Қызметшің жатыр ішіп-жеп, ...Оны неге білмейсің?! Қатын алдың қарадан, Айырылдың хандық жорадан, Ел ұстайтын ұл таппас, Айырылар ата мұрадан! Мұны неге білмейсің!? Құладін құстың құлы еді, Тышқан жеп, жүні түледі. Аққу құстың төресі, Ен жайлап көлді жүр еді. Аңдып жүрген көп дұспан Елге жау боп келеді: Құладін қуды өлтірсе Өз басыңа келеді! Құлың көп сені өлтірер, Осыны Асан біледі, Мұны неге білмейсің?! ...Тіл алсаң, іздеп қоныс көр, Желмая мініп жер шалсам, Тапқан жерге ел көшір, Мұны неге білмейсің!? ...Ай, Жәнібек, ойласаң. Қилы, қилы заман болмай ма? Суда жүрген ақ шортан Қарағай басын шалмай ма? Мұны неге білмейсің?! Қош, аман бол, Жәнібек, Енді мені көрмейсің! Бұл адастар туралы жұмбақтар жеткілікті. Қиыр-шиыр шежіре мен тамыры әлсіз тарих болғандықтан бірінің қасиетін біріне жамайды. Бірақ, қан жібермейді. Ағасы Тыныбек пен інісі Қыдырбекті өлтіріп, таққа отырып, өзін арандаттырып ажал құшқан Өзбектің баласы у төккен Жәнібек (қанша әз деп теңге соқтырса да) қазақ хандығының кіші Жәнібегі (Әбусағит) пен Әбілқайырдың немересі тентек Жәнібек, М.Тынышбаев пен С.Сейфуллин алданып, қазақ ханы дейтін 1477 жылы Астраханда билік құрып, Қырымда төбе көрсетіп, орыс патшасы ІІІ Иванды сауғалап, Ковнода өлген қай Жәнібек? Солардың ішінде текті жерден қатын алмай, қала іргесін кеңейтіп, аққуды құладінге ілдіріп, қымызға қызып қызара бөртіп жүретін Алтынорданың Жәнібегі. Шатастырмау керек еді. Қазақ поэзиясының тарихын ұзартып, үш ғасыр ары апарды дейтін қаламгер М.Мағауин сол шақтағы шым-шытырық жағдайды ескермей Асанқайғыны анаған да, мынаған да тықпалай беретіні қалай? «Кейінгі ұрпақ әулие танып, аңыз кейіпкеріне айналдырған, ал Шоқан Уәлиханов «көшпелілер философы» атаған Асанқайғы өз заманының үлкен ойшылы еді. Керей, Жәнібек хандардың ақылшы биі болған Асан қазақ руларының Орда көтеруін жақтайды, қазақтар Шу, Сарысу бойына орналасқан соң, ол іргесі берік, ағайын ұжымы күшті ­болуын үндейді. Өз өлең, толғауларында хандық үкіметті нығайту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажетін насихаттайды, Жәнібек ханды табысқа мастанбауға, елдің түбегейлі болашағын ойлауға шақырады. Феодалдық қоғамдағы әдет-ғұрып, мінез-құлық мәселелерін көтереді. Өзінің ақындық күшін туыстас руларды бір орталықты, қуатты мемлекет етіп, ұйыстыру жолына арнайды. Біздің заманымызға жеткен толғауларынан Асанның қилы кезең табиғатын жыға танығаны, тіпті Алтынорданың ­орнында пайда болған хандықтардың бәрінің құрып бітетініне дейін болжай алғаны көрінеді» дейді. «Ай, заман-ай, заман-ай» басылымында жазған алғысөзінде. (Алматы, 1991 жыл, 8-бет). Бұл аздай-ақ, ол өз ойын ішінара «Қобыз сарынында» («Атамұра», 2006 жыл, 30-бет) қайталайды: «Алтын Орда әміршілерінің бірі Ұлұғ-Мұхаммед ХV ғасырдың 20-жылдарында Сарайдан қуылып, Витовті паналаған да кейінірек Қазанда хандық құрған. Біздің назар аударатынымыз – Асан өмірінің біраз уағы осы – Ұлұғ-Мұхаммед ханның төңірегінде өтті. Асан қайғының алдымен Сарайда, кейінірек Қазанда ханның оң тізесін басқан ықпалды бектерінің бірі болғандығы байқалады. Бұдан соңғы жерде Асан қазақ хандығында Жәнібек ханның маңынан көреміз. Асанның нақты қай жылы, қай жерде өлгені белгісіз. Бір мәліметтерде Асан Ата қазіргі Өзбекстан жерінде Жиделі Байсында дүние салды делінеді. Енді бір аңыздарға қарағанда Асан Ұлытау ­басында қайтыпты. Ал Шоқан Асанның зираты Ыстықкөлдің маңында тұр деп жазады. Ақынның қанша жасағаны да беймәлім. Халық аңызында – ол көпті көрген көне. Бір аңызда Асан 95 жасқа келген қарт, енді бір аңызда оның жасы 120-да еді делінеді. Халық әңгімелерінде дана, ақылгөй адамның қашан да тұғырдан таюға айналған ақсақалды қария етіліп көрсететіні мәлім. Сондықтан мұндай деректерді нақты деп қабылдай беруге де болмайды. Алайда Асанның шынында да ұзақ жасағанын байқаймыз. Жәнібек, Керейлермен бірге Шуға келерден бұрын Ұлұғ-Мұхаммедтің құзырында жүрген кезінің өзінде ол егде тартып қалған адам. Соған қарағанда Асанқайғының өмір сүрген дәуірі – ХV ғасырдың іші. Тарихи Асан туралы біздің білетініміз осымен шектеледі». Жоқ. Олай емес. Ақиқат пен ар ­алдында кім де болса құл. Ғылымдағы жалғыз өзімбілермендік, бірбеткейлік пен қыңырлық алысқа апармайды. ­Немесе Асанқайғы қайда? Қазақ хандығы қайда? Шығыс «Бес елінің тарихын жазған Құрбанғали Халид Аягөзи (1843-1913 жж.) Асан қайғыны Шыңғысханның замандасы Майқының алтыншы ұрпағы (1150+180= шама-шама, Бәйдібектің әкесі Қараша бидің тұрғыласы) деп көрсетіп тайғақ пікір білдірсе, филология ғылымының докторы Ж.Тілепов (1370-1470 жж.) өзге бір ой сілеміне сілтеп, марқұм ұлағатты ұстаз Х.Сүйіншәлиев 1330-1450 жылдарға тоқтайды. Осы соңғы дерек жобаға келетін сықылды. (Х.Сүйіншәлиев «Қазақ әдебиетінің тарихы», Алматы, «Санат», 2006 ж., 232-бет). Қазақ хандығы сол М.Тынышбаев, М.Мағауин айтқандай, 1456 жылдан құрыла бастаса, бұндай даулы екіұшты мәселені анықтауда уәж бен тиянақты тұжырымға тоқтауға тура келеді. Әрине, ешкімнің де аяғы аспаннан салбырап түсе қалған жоқ. Қазақ әдебиеті тарихын (ІІІ том) құрастырушылар ­Сыпыра жыраудан бастап, Асанқайғы тұлғасына дейін бергі уақытқа жаңсақ жетелейді. Соған иек артқан шығар «Қазақ халқы хандық дәуіріндегі әдебиет» («Қазақ университеті», 2013 ж.) те тереңге бармай, оқиғаларды қалқып өте шығады. Сыпыра жырау Доспанбет, Шалгиіз, Асанқайғы, Қарға бойлы, Қазтуған, дау жоқ, Алтынорда ақындары. Ықсуаты келмесе де бастан жақты айыра ма? Олай болса Сайып (ф) Сарай (1321-1391 жж.) бастаған топ Алтынорда әдебиетінің, ал онымен бір дәуірде ғұмыр кешкен Сыпыра жырау (1211-1391 жж.) неге және қалай қазақ хандығы тұсындағы әдебиеттің өкілі болып қарастырылады? Тіпті үйлеспейді. Мұндай қателікті түзету керек деп ойлаймын. Тарих пен әдебиеттегі ақтаңдақтар ешкімнің де жауапкершілігін жеңілдете ­алмайды. Алтынорда мен оның дәуірі бізде мүлде аз зерттеліп жүр. ­Жазушы Ілияс Есенберлиннің асығыс жазған романдары, Б.Кенжебаев, Х.Сүйіншәлиевтің бірен-саран мақалалары, А.Қыраубаеваның «Ғасырлар мұрасы» («Мектеп», 1988 ж.) кітабы болмаса, тарихшылар әлі үнсіз. Әдебиеттанушы Н.Келімбетовтың ЖОО оқулық ретінде қолданылып жүрген «Түркі халықтарының ежелгі әдеби жәдігерлері» ­(Алматы, «Раритет», ­2011 ж.) еңбегінде Алтынорда әдебиетіне қысқаша шолу жасағанмен, Сайып (ф) Сарай (1321-1391 жж.), Хорезми (ХІV ғасыр), Құтыб (ХІХ ғасыр), Дүрбек (ХІV ғасыр) шығармашылықтарына аз-мұз тоқталса да атүсті атап өтеді. Олар мәдениетті дамытуға үлкен үлес қосқаны жеткіліксіз талданып, күрделі кезеңге лайықты баға берілмейді. Сол дәуірде өмір сүрген ақындар ұмытылып қалғандай. Қазақ хандығы құрылған кезде олардың базбірінің рухы қолдап-қорғап жүргенмен, сүйегі әлдеқашан құрғап кеткен болар-ау. Ендеше, Ж.Тілеповтың «Қазақ халқы хандық дәуіріндегі әдебиетке» әлгілердің біразын жатқызуы ақылға қонбайды. Сонымен, қазақ хандығы тұсындағы әдебиет зерттелді ме? Кездейсоқ бірлі-жарым мақалалар болмаса, бұл дәуірдегі көркем ой кеңістігі әлі бос жатыр. Егер оны шын мәнінде зерделі зерттеу нысанасына айналдырғымыз келсе, Қидан-тайшыдан (Қодан) бастап, қуысты (вакум) толтыру кезекте тұр. ХІV-ХVІ ғасырлар сыры қашан ашылады? Әдебиеттің сол кездегі табыстарын түзген мамандар да мешеулік танытқанын айта кету керек. Қалайда өзімізді өзіміз жөнге қою міндет. Өмір заңы қатал. Жуан жіңішкеріп, жіңішке үзіледі. Бір кездері қос құрлықты айқарып, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Қыпшақ елі, Жошы ұлысы, Алтынорда тәж бен тақ таласынан ізім-ғайым жоғалып кеткен жоқ. Алтынорда тағдыры – біздің тағдырымыз. Ол Қазан, Астрахан, Қырым, Сібір хандықтары мен Ноғай ордасына бөлініп, досқа күлкі, дұшпанға таба болып, кім көрінгеннің жемтігіне айналды. Құдай сондайдан сақтасын. Неге екені қайдам, қайта-қайта «Ер Едіге» дастанындағы Тоқтамыстың ­елмен қоштасуы ойға орала берді: ... Ей, байтағым, байтағым, Бастан сені алдырттым. Ал, аман бол менен соң Байтағымның ішінде Он сан елім ноғайлы, Сені тағы алдырттым. Он сан ноғай ішінде Үш жүз алпыс отау қазағым, Сені тағы алдырттым, Ал, аман бол менен соң.

2507 рет

көрсетілді

158

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы