• Басты мақалалар
  • 21 Мамыр, 2020

ҚАШЫҚТАН БІЛІМ БЕРУДЕГІ ЖАҢАШЫЛДЫҚ

Ақан Әбдуәлиев, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері

Елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты білім беру мекемелері мен ЖОО-дары қашықтан оқыту түріне көшкен еді. Әрине, білім берудегі бұл жаңа формат жаңалық емес екенін айтқанымызбен, сапалы білім беруге келгенде кейбір білім ордалары үшін де өзіндік кедергілері болды. Өнер саласын дамытып, кәсіби деңгейдегі дарынды жастарды даярлайтын оқу орындары бұл белесті қалай бағындырды? Осы кезекте өнердің сан саласын қамтитын Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына осы бір тосын форматтағы білім берудегі мәселе турасында сұраған едік. 

Төрткүл дүниені дүр сілкіндірген індет Қазақстанды да айналып өтпеді. Қазақ елінің тарихы, ондағы тұтастығы мен тұғырлылығы – шөлейтте өскен сексеуіл секілді. Ешбір сыртқы факторға қарамай (жау жағадан алған заман да, геноцид те, репрессия да сағымызды сындыра алмады), тамырын тереңге жайып, кез келген қиындыққа мойы­май келеді. Аты жаман тәж ауруы талай жанның жанын жалмап, талай елдің экономикасын құлдыратты. Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты жұмыс істеу, білім алу, тіпті қарапайым кешкі серуенге шығу да күрмеуі қиын мәселеге айналды. ­Алайда қиындық қамшылайды. Технологиялар қарыштап дамыған заманда мүмкіндікті пайдаланбасаңыз, көштен қаласыз. Мұны ұғынған Қазақстан Республикасының білім беру жүйесі де жаппай қашықтан оқытуға көшті. ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, оған қарасты мектеп-интернат, колледж басшылығы мен ұстаздар қауымы да қиындыққа қаймығып қалмай, жағдайды бағамдап, ­студенттерге сапалы білім берудің тиімді жолдарын қарастырды. Осы орайда академияның құрылымдық бөлімі – мектеп-интернат пен колледжге ерекше тоқталып өткім келеді. Негізгі іргетасы 1986 жылы қаланған оқу ордасы, 1988 жылдан бастап ҚазКСР Білім министрлігінің жарлығымен ­дарынды балаларға арналған Республикалық көркемсурет мектеп-интернаты болып ашылды. Қазіргі таңда мектеп-интернат оқушыларға сурет, кескіндеме, үйлестіру, мүсін және сәндік-қолданбалы өнер пәндерінен көркемсурет бойынша негізгі және орта білім береді. Өнер ордасына қазақ және орыс тілдерінде жалпы білім беретін мектептің 6 сыныбын бітірген, бейнелеу өнерінен ерекше қабілеті бар және қабылдау емтихандарынан байқау арқылы өткен балалар қабылданады. Оқу бюджеттік негізде жүргізіліп (7-8-9-сынып), шалғай облыстардан келген оқушылар интернатпен қамтамасыз етілген. 1991 жылы құрылған көркемсурет колледжі 4 түрлі мамандық бойынша білім береді. «Кескіндеу, мүсіндеу және графика (түрлері бойынша)», «Сәндік қолданбалы өнер және халықтық кәсіпшілік өнері (бейін бойынша), «Дизайн (профиль бойынша)», «Актерлік өнер». Осы уақытқа дейін колледж бірнеше буын оқытып, 5000-ға жуық түлекті қанаттандырды. Мектеп-интернат, колледж құрамында 151 білікті ұстаз қызмет етсе, 575 шәкірт білім нәрімен сусындауда. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев­тың Қазақстан халқына Жолдауын бас­шылыққа ала отырып, оқу орнының ұжымы бүгінгі заманның талаптарына жауап беретін мамандарды дайындауға барлық күшін ­салуда. Осы тұрғыда қашықтан оқу технологиясы 2019 жылдың желтоқсанынан бастап өнер академиясының ­назарында болып, жан-жақты зерттеліп келеді. ­Кез келген тың дүние секілді, алғашында, жанымызға жат көрініп, нәтижеден сескенгенімізбен, ұстаздар қауымы да, студенттер де жаңашылдыққа бейім, жасампаз, алғыр екендіктерін тағы бір дәлелдеді. Әр саланың өз қиындығы бар. ­Десек те, актерлік өнер, хореография, суретші, ­режиссура, т.б. өнер мамандықтарына виртуалды әлемге ену, эмоция мен қылқалам құбылуын экранның арғы бетінен тамашалау – екі есе жауапкершілік пен ынтаны талап етті. Бұл тұста, академия тарапынан түрлі түсіндірме жұмыстары, платформалар мен әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланудың нұсқаулықтары берілді. Академияда, мектеп-интернатта, колледжде қашықтан оқыту бірнеше бағыт бойынша жүзеге асты: • «Moodle» веб-платформасына тіркеліп, студенттерге тапсырмалар беріліп, оны бағалап, кері байланыс орнатылды. • Бейне оқулықтарға, мәселелерді талқылауға және шешуге мүмкіндік беретін Cisco Webex бағдарламасы игерілді. • Видеоконференциялар мен шеберлік сабақтарына арналған Zoom платформасы меңгерілді. • YouTube виртуалды арт-студиясы арқылы жоспарланған бейнесабақтар өткізіліп, YouTube арнасына байланысты тапсырмалар берілді. • MOOCS.kz бойынша студенттің өзіндік жұмыстары жасалып, виртуалды галерея мен зертханалардан өрнектердің графикалық эскиздері қабылданды. Виртуалды галереяның экспонаттарын қарап, саяхаттар жүргізілді. • GoogleDrivе платформасында ­онлайн кафедра орнатылып, жұмыс барысы талқыланды. • YouTube каналындағы виртуалды монтаж студиясында «Кино және телевизия» факультететінің студенттері шығармашылық қабілеттерін шыңдады. • Жастардың ықыласына ие Instagram, Facebook, WhatsApp әлеуметтік желілері арқылы да оқытушы-ұстаздармен жылдам байланысқа түсіп, пікір алмасып, идея ұсынылды. Жалпыға бірдей ұсынылған платформалардан бөлек, әр факультет өз саласына ­байланысты мультимедиялық технологиялар мен түрлі ақпарат алмасу құрылғыларымен (Moodle, Google Drive, Google meet, Google Hangouts, Zoom, Free Conference Call (ұзақтығы 2 сағ), Google Forms) жұмыс істеді. Әрине, бастапқыда қиындау болды. «Басқа түссе баспақшыл» деген, бұдан өзге уақыттары қым-қуыт тіршілікпен жүріп, уақыттың тапшылығынан заманауи технологияларды айлап, жылдап арнайы курс­тар арқылы оқып, меңгеретін оқытушылар қауымы бүгінде қашықтан оқытудың түрлі әдіс-тәсілдерін бір күнде-ақ меңгеріп, төселіп алды. Мұның өзі олардың кез келген жағдайға бейімделгіштігін, еңбекқорлығын, табандылығын көрсетсе ­керек. Дегенмен, ізденімпаз, жаңашыл профессор, оқытушылардың арқасында бұл белесті де бағындырдық. Басқаны былай қойғанда, жаны әсемдікке, көзі сұлулыққа, үні әуезділікке, қолы туындыға, аяғы көрікті мекенге үйір шығармашылық адамына төрт қабырғаға қамалу қиынға соқты. Жалынды жүректің жанайқайын ұғынып, бізде өз тарапымыздан таланттың ­танылуына, шебердің шыңдалуына, шығармашыл ойдың жүзеге асуына ­барымызды салдық. Ортасы – думан, зейіні – талант жастарға қолдау болсын деп, әрі бірыңғай білім ­алмасу жүйесіне әр берсін деген мақсатпен, ­танымы кең, тағылымы мол тұлғалармен әр факультет студенттеріне арналған шеберлік сағаттарын ұйымдастырдық. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің #AlgaKazakhstan, #Bizbirgemiz, #ӨнерОнлайн жобасы аясында өнер академиясының аккаунттарында тікелей эфирде дәрістер жүргізілді. Ол сәуірдің 7-ші жұлдызынан басталып, әлі де жалғасын тауып келеді. Тоқталып өтетін болсам, өнертанушы, өнертану ғылымының кандидаты, профессор Ольга Батуринаның «Живопись ­Казахстана. Мастера и шедевры»; ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Болат Тұрғынбайдың «Қазақ суретіндегі жаңа тенденциялар»; «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының доценті, өнертану ғылымының кандидаты, театртанушы Аманкелді Мұқанның «Абай операсының сахналану тарихы»; «Экрандық өнер режиссурасы» кафедрасының доценті, кинорежиссер, документалист Әсия Махтайқызының «Сандық технологиялар дәуіріндегі деректі киноның жаңа түрлері»; «Экрандық өнер режиссурасы» кафедрасының оқытушысы, анимациялық фильм режиссері Адай Әбілдиновтың «Қазақ анимациясының бүгінгі динамикасы»; «Кино өнерінің ­тарихы мен теориясы» кафедрасының ­докторанты, драматург, сценарист Бағдат Аннастың ­«Мифология және өнер»; ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, кескіндемеші, профессор Жұмақын Қайрамбаевтың «Менің ата-тегім»; «Кино және ТВ» факультетінің ­магистранты, кинорежиссер Қанағат Мұстафиннің «Қазақстан киносының қазіргі жағдайы және болашағы»; қылқалам шебері Серік Тайновтың «Менің балалық шағым»; кино және театр актері Берік Айтжановтың ­«Театр және кино өнеріндегі актер шеберлігі»; өнертану ғылымының кандидаты, «Сәндік-қолданбалы өнер» кафедрасының доценті Наталья Володеваның «Инновационные технологии компьютерной графики в дизайне одежды. Создание казахского костюма в программе Clo3D»; «Платина Тарлан» тәуелсіз сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ЖАК доценті, «Сәндік-қолданбалы өнер» кафедрасының профессоры Сәуле Бапанованың «Қазіргі заманғы дәстүрлі өнер»; құрамында халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары: «Музыкалық өнер» факультетінің оқытушысы Евгений Ястремский, оқытушы Рафис ­Зарипов, студентіміз Асан ­Нарбутаевтардан құралған «Atman» аспаптық тобының «От классики до современности»; ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ЖАК доценті, «Сәндік-қолданбалы өнер» кафедрасының меңгерушісі Раушан Базарбаеваның «Сәндік өнердің заманауи дамуы және композициялық шешімдердің тәсілдері»; Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Гүлдана Сапарғалиеваның «Жеке ән салу» (Бенджамин Блум таксономиясы), «Бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымының кандидаты, профессор Қалдыгүл Оразқұлованың «Қазақ кескіндемесіндегі дала архетипі»; Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Экрандық өнер режиссурасы» кафедрасының профессоры Ғайнижамал Әбілдинаның «Ұлттық мүдде қашанда биік»; Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші, «Театр өнері» факультетінің ұстазы Дәлел Уәштің «Әнім сенсің туған ел»; Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Естай Даубайдың «Қазақ зергерлік өнері»; ТВ режиссері, ҚР Мәдениет қайраткері, «Экрандық өнер ­режиссурасы» кафедрасының доценті Ерлан Ақшаловтың «Қазіргі қоғамдағы телевидениенің рөлі»; Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Білім беру ісінің үздігі, «Құрмет» орденінің иегері, өнертану профессоры, академик, ­«Сахна тілі» кафедрасының меңгерушісі Дариға Тұранқұлованың «Сахна тілінің түйінді мәселелері»; кинотанушы, PhD докторы ­Баубек Нөгербектің «Қазақ киносындағы тарихи жанрдың қалыптасуы мен дамуы»; профессор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, «Mondial Art Academia» Халықаралық Француз өнер академиясының мүшесі Бауыржан Байділдәнің «Қазақ бейнелеу өнеріндегі егеменді ел тарихы» тақырыбындағы, өзге де профессор-оқытушылардың дәрістерінде салалық білімге ден қойылып, өнер мамандықтарының барлық саласын қамтыды. Мұндай онлайн-дәрістер, онлайн-сұхбаттар, онлайн-көрмелер, онлайн-концерттер өткізуіміз жағымды нәтиже берді. Сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Қазақконцерт пен Қазақтелеком ұйымдары бірлесіп, Live форматындағы «Карантиндегі жұлдыз» атты жаңа жобаны қолға алған болатын. Қазақстанның өнер жұлдыздары жанды дауыста әртүрлі бағытта (фольклорлық, эстрадалық, классикалық, аспаптық) өнер көрсетті. Осы күнге дейін 43 онлайн концерт өтті. Біздің академия атынан опералық әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор Толқын Забирова мен әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Түлектер» Қауымдастығының вице-президенті Сәкен Майғазиев қатысты. Бұл жобаға Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Жалпыұлттық жоба» деп бағасын берді. Қазақстан инновациялар дәуіріне аяқ ­басты, технологияға тиіп-қашып жеңіл қарамай, тұрмысты жеңілдетуге, жұмысты ыңғайлауға арналған барлық қызметін жетік меңгерді. Биылғы түлектер дипломның алғашқы нұсқасын Zoom платформасы арқылы қорғап, талқылау-сынақтан сүрінбей өтті. Бітірушілердің диплом қорғауын алдағы маусым айының 15-інен 27-сі аралығында өз деңгейінде өтетініне бек сенімдіміз. Уақыт – технологияға, технология – адамға игерімді заманда, бірін тір­ші­лігіміздің басты құралы ете отырып, бірін бағындырамыз. Яғни адам уақытқа тәуелді болмайды, уақытын басқаруды үйренеді. Талапкерлеріміз де заман ағымына ілесіп, академияның сайтына және почтасына 200-ге тарта хат жіберді. Олардың өтініш-тілектерін ескере отырып, сәуірдің 20-сы мен 25-і аралығында «@Kaznai_info Инстаграм» желісінің тікелей эфирінде «Өнертану», «Хореография», «Театр өнері», «Музыкалық өнер», «Кино және ТВ», «Кескіндеме, мүсін және дизайн» факультеттерінің ­декандары ашық есік күнін өткізді. Онлайн өткен кездесуге 700-ге жуық талапкер қатысып, 1600-ге тарта сауал жолданды. Сұрақтардың дені: «Қандай шығармашылық емтихан ­болады? Көпбалалы отбасыларға квота немесе жеңілдік қарастырылған ба? Қыз-жігіттер бойының ұзын болуы шарт па, әлде өнеріне қарай бағалайсыздар ма? Музыкалық білімнің ­болуы міндетті ме? Шығармашылық емтихан қандай бағытта болады? Ақылы бөлім бар ма? Жатақхана беріле ме, бағасы қанша?». Актерлік өнер, шығармашылық емтиханның тапсырылу әдістері, ҰБТ және шекті балл бойынша да қойылған сауалдарға нақты, жан-жақты жауап қайтарылды. «Әр нәрсенің бір қайыры бар...» дегендей, індет ауыздықталып, кеселді жеңген уақытта біздің қолымызда қашықтан жұмыс істеуге бейімделген Қазақстан, үйде отырып құжат рәсімдейтін ата-ана, технология тілін жетік меңгерген бала қалады. Қайта құрылуы бірнеше жылды талап ететін жүйе бір сәтте өзгеріске ұшырады. Көңіл толқулары, белгісіздік пен бейқамдық, үрей мен аласапыран артта қалған соң, көңіліміз орнығып, бүгінімізді болашаққа қарай икемдеудеміз. Барлық ЖОО студенттері секілді, біздің шәкірттердің де алаңдаушылықтары мен қорқыныштары барын түсінемін. Сондықтан сәуірдің 13-і мен 18-і аралығында факультет, кафедра және мектеп-интернат, колледждің профессорлық оқыту құрамымен, сәуірдің 21-інен 26-сы аралығында мектеп-интернат, колледж, академия студенттерімен Zoom платформасы арқылы тікелей онлайн кездесу өткіздік. Онлайн кездесу барысында студенттер: «Желі нашар болып, емтиханнан шығарып жіберсе, баға мәселесі қалай ­болады? Интернет дұрыс жұмыс жасамаса, артық уақыт беріледі ме? Сервермен байланыс үзіліп, техникалық ақаумен емтихан күнін өткізіп алатын болсақ, емтиханнан құлаған болып есептелінеді ме? Мемлекеттік гранттан айырылу қаупі қандай болмақ?», т.б. сынды сауалдар қойды. Ел жастарының бәрі қалада орналаспағанын түсінеміз, кейбірі интернет желісі тартылмаған ауылда қалып, орталыққа баруға мәжбүр болып жатыр. Кейбірінің отбасылық жағдайы компьютер мен басқа да техникалық құрылғылар сатып алуды қалтасы көтермеуі мүмкін. Сондықтан, студенттердің де сұранысын қанағаттандырып, екі тарапқа да тиімді шешімдер ұсындық. Мамырдың 4-і мен 25-і аралығында студенттер төрт бағытта: практикалық сипатта, ауызша, жазбаша, тест түрінде емтихан тапсырады. Бұл жөнінде оқытушылар әр топқа жеке-жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кездесу ұйымдастырды. Сондықтан қиындық болмайды деп ойлаймын. Қым-қуыт ­заманда студенттерімізді қыспаққа алу ­ойымызда жоқ, сол себепті, қиындығы бар студенттер мәселелерін кафедраға ұсынып, шешу жолдарын қарастырып отырмыз. Арнайы ережеге сүйеніп, компьютер тілімен бағалау кезінде де қателіктердің орын алуы мүмкін. Сондықтан әр студенттің жұмысын, ұсыныстары мен талап-тілектерін жеке-­жеке талдап, қарастырдық. Білімдіге – дүние жарық. Шәкірттеріміз еш қорықпастан, осы уақытқа дейін жинаған білімдерін пайдаланып, емтиханды сәтті тапсырып шығатынына сенемін. Қырық жылдан аса тарихы бар ­академияда 6 факультет, 25 кафедра табысты еңбек етуде. Білім ордасының профессорлық-оқытушылық құрамы 400-ден астам адамды құрайды. Оның арасында 7-і ҚР халық артисі, 3-і КСРО халық артисі, 13-і ҚР мемлекеттік сыйлық лауреаты, 66-сы мәдениет және өнер саласының еңбек сіңірген қайраткері, 43 адам ЖАК профессоры мен ғылым докторы, 50-і ғылым кандидаты, 21-і PhD докторы, 45-і доцент дәрежесінде. Академия қабырғасында 1904 студент, 132 магистрант, 25 докторант білім алады. Қиындық өтер, қауіп те кетер, бейбіт күннің нұрына шомылар күннің ауылы алыс емес. Баршамызға болаттай беріктік, мықтылық, көркем көңіл күй мен шыдамдылық қажет. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мына сөзімен аяқтағым келіп отыр: «Бұл дағдарыс бірлігі бекем, елін сүйетін отаншыл жұрт екенімізді көрсетті. Қашанда осылай ұлт болып ұйыса білсек, барлық мақсатымызға қол жеткіземіз. Оған ешқандай күмән жоқ». Бірлігіміз бұйдалы болсын!

2945 рет

көрсетілді

333

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы