• Басты мақалалар
  • 21 Мамыр, 2020

ТАЙТАЛАС

(Күнделікке түскен ойлар)
  Нұрлан ОРАЗАЛИН, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

«Он милосерд: он Магомету Открыл сияющий Коран, Да притечем и мы ко свету, И да падет с очей туман.» Александр Пушкин.

«Адам өмірі – қылдан нәзік.» Жүсіп Баласағұн.

26 ақпан, 2020 жыл.

Қазақ жері жиырма бірінші ғасыр­дың жиыр­масыншы қысын шығарып салғалы тұр.

Ақпанның ақырған бораны жоқ. ­Осыдан біраз бұрын жауған қалың қар көп жатпады. Еріп бітуге айналды. Алатау бусап жатыр. Көктемнің лебі байқалады. Ит арқасы қиянда – ­Италияда оқитын немерем Рим – Мәскеу – Нұр – Сұлтан рейсімен ұшып келді. Алматыдағы ­атасы мен әжесі тынышталды. Әрине, бұл – ­Алладан тілеп, сұрап жүріп көрген ұрпағың үшін, солардың бүгіні мен болашағы үшін алаңдау ғой!.. Шамасы, бұл алаңдау өміріңнің жарық нұры қаншаға ­созылса, соншаға созылатын әкелік, аталық махаббаттың, тілмен айтып жеткізгісіз, тек адам баласына ғана тән көрінісі болу керек. Мұны арғы-бергіде өткен терең ой мен ұлы сезімнің иелері адам баласының ұрпақ алдындағы жауапкершілігі деп ұққан.

Өйткені...

Ұрпақ ұлтты құрайды. Ұрпағың мықты болса, ұлтың мықты. Ұрпағың ақылды болса, ұлтың да ақылды. Ақыл – адам ­баласын сақтау мен қорғаудың кепілі! Ақыл – адам баласының көркі! Адамзат дамуы мен өркендеуінің қуатты көзі!

Технология мен электроника – дәуіріміздің ғажайып құбылысы!

Баяғыда – алғаш әліппе бетін ашқан бала күнімізде ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақтың ұлы педагогы, ағартушы-ақыны Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық, оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық, Оқысаңыз, балалар, шамнан шырақ жағылар, іздегенің алдыңнан сұрамай-ақ табылар» деген өлеңін жамырай оқып, жаттаушы едік қой. Алтынсариннің айтқаны келді! Ұлы педагогтың арманы ақиқатқа айналды... Үйде отырып, алты құрлық не күй кешіп жатыр деген сұрақтың жауабын қас-қағым сәт ішінде біле қояр күйге жеттік... Электрониканың күші! Адамзат ақыл-ойының қуаты!

***

Иә...

Бәрін игеріп, бәрін өз дегенімен жүргізуге дағдыланып қалған Адамзат Ақыл-Ойы, екі айдан асып барады Уханнан шыққан коронавирус есімді дерттің емін таба алмай әлекке түсуде. Батыс та, Шығыс та, әзірге «ауруы мынау, емі қайсы?» деген сауалдың жауабын айта алар емес.

Құдайдың салғаны болар, «жаһандану» дейтін байланыс пен дамудың өрісті үлгісі мына дертті ұшақтың қанатына қондырып ап, таратып жатыр. Соның бір ошағы – Италия. Бүгін естідік. Кеше 7 адам көз жұмып, ауру жұқтырғандардың саны 150-ге жақындаған.

Кәрі құрлықты Еуроодақ дейтін бір ту астына жиып отырған Брюссель де, мұндайда бір елді қойып, бір адамның жөтелгенін естіп отыратын қуатты державалар да жұмған ауыздарын ашар емес...

***

Күндегі қалыптаса бастаған әдетіммен жазу үстеліне отырдым. Абайға бас қойдым. «Адал тапқан тиынды, сал да сақта қапшыққа» дейді кемеңгер. Бұл – екі дәуір иықтаса келіп, қоңсыласа қонған сонау он тоғызыншы ғасыр төрінен жеткен өмір сүрудің үлгісі. Дәлірек айтқанда, ұрпақ пен ұлтты сол үлгіге тәрбиелеу! «Түстік өмірің болса, кештік мал жина» деген қазақтың қарапайым философиясын нақтылай түскен хакім ойының төркінінен бүгінгі жиырма бірінші ғасыр шындығын тануға болады. «Банк», «ақша», «айналым», «қор», «бюджет» дейтін ол кездегі қыр қазағы үшін белгісіз ұғым­дарды көріпкелдікпен қазақи ұғымға сай үйлестіре отырып, айта білген данышпан ойдың иесіне таңырқамай көріңіз?! Қайран Абай! Қазақты тәрбиелеудің өзіне дейін ешкім айта қоймаған жаңа бір үл­гісін қалай ­тауып, ұсынып отыр.

Абай айтқан ойлардың бүгінгі күнмен үндестігін танығандай боласың. Тәуелсіз Қазақ Елінің тағдыры көкпарға түскен кезеңдердің бір тұсында тұңғыш Президентіміз: «Алдан не күтерін білмейміз. Сақтықта – қорлық жоқ. Ел қалтасына түскен кірістердің есебінен Ұлттық Қор құрсақ па деген ойым бар» дегенде, әлдекімдер: «Ол қор кімнің жемсауын толтырады? Одан да бөліп берейік. Араб елдерінің үлгісімен!..» дегені есімде... Назарбаев айтқанында тұрды. Қор құрылды. Ұлттық Қор – мемлекетіміздің қуатын әлсіретпей ұстайтын қуатты көзге айналды. Еліміз қиналғанда көмек қолын берер үлкен күш екенін сезіне бастадық... Тағы да Абай сөзі еске түсіп, тіл ұшына еріксіз: «Көптің аузын күзетсең, күн көрмейсің, өзіңді өзің күзет, кел, шырағым!» деген жолдары оралады. «Өзіңді өзің күзет» деді хакім Абай ақын Абайдың жүрегімен сыбырлап. Ақын жүрегі ұлт жүрегімен сырласып отыр. «Өзіңе сенбе, жас ­ойшыл!» дейді бүгінгі «максимализм» мен «менмендік» қорығына қамалған ұрпаққа қаратып. Ұлы ақын нарықты ойлап, «адал тапқан ­тиынды, сал да сақта қапшыққа» дей ­отырып, «Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі...» дейді екі дүние байланысына иманындай сеніп...

***

Бүгін...

Сағат 17.00-де Республика ­Сарайында ұлы ақын рухына арналған кеш өтпекші. Кешті қала әкімі Бақытжан Сағынтаев ашады дейді. Ұйымдастырушы да, шақырушы да – қала әкімшілігі. 175 жылдықтың ­Алматы қаласындағы беташар ­шарасы. Бару – парыз. Смағұл, Жұмажан, Фаукен – төртеуміз баратын болып, келістік.

***

Менің есімнен Ухандағы адамдар өлімі мен Италиядағы жұмырбас пенденің алғашқы шетін-шығындары ­кетер емес... Алла мен адам байланысын, ұлы ғалам мен жерүсті тіршілігінің ара қатынасын реттегісі келіп, алуан түрлі қорлар құрып, ұшынған ақшаның буымен ұлы дүниені тізгіндеуге ұмтылғандарды ойладым. Ойламауға көнер емес, ой-ойды жетелеп, сөз-сөзді қанаттандырады. Қайтсек, жер үстін Ібілістің ісі мен Сайтанның сөзуарлығынан тазалауға болады?!

«Айдың асты, жердің үсті өзгерді.

Бәрін... Бәрін... Құлақ естіп, көз көрді.

Жаратушы...

Сынады ма пендесін?..

Кімдер? Қалай Ібіліске сөз берді?!

 

Ойы салқын... Сөзі мірдің оғындай...

Сексеуілдің ойып түсер шоғындай.

Тәңір Ием...

Сынады ма пендесін?

Сайтан қалай өте шықты соғылмай?!

 

Адам Ата, Хауа Ананың ұрпағы

Ібіліске мадақ айтып, шырқады.

Көзсіз мадақ...

Ессіз мадақ айтылды,

кезіп тау мен мұхиттарды, қырқаны...» деп, осыдан бірер жыл бұрын жазылып, «Тәңірмен тілдесу» дейтін кітабыма енген өлең жолдарын іштей қайталадым.

«Адам жаңылса да, Алла жаңылмайды!» дедім іштей өз ойымды өзім қайталап, шегелей түсіп.

Алда бір сынақтың келе жатқаны анық. Алланың адамзатқа жіберіп отырған сынағы ма? Әлде Адам кейіпті, Ібіліс ойлы пенделердің адамзатқа қарсы жүргізіп отырған ұлы қылмысы ма?

Соны ойладым... Мына тізгінсіз ­тажал ойламауға қояр емес...

07 наурыз, 2020 жыл.

Алматыға қыс бойы жаумаған қалың қар жауды. Күн тәп-тәуір салқындап, ауа райы күрт өзгерді. Түнде минус 10-12-ге барды.

Таңға жуық түс көріп ояндым. Түсіме Әбекең – Әбіш Кекілбаев кіріпті. Түс болғанда да өзі біртүрлі постмодерндік үлгідегі фильм секілді... Жапондық ­режиссерлар қоятын шарттылық стиль. Әбекең қайтыс болған екен деймін... Халық ығы-жығы... Әбігер... Жылап-сықтау... Үнсіз қоштасу... Көңіл айту... Бақұлдасу... Өтіп жатқан жері біресе – Астана, біресе – Ақтау, біресе – ­Алматы тәрізді... Әбекең азалы жұрттан оқшаулау, арқасын беріп үнсіз отыр. Қасында – басына ақ күндік ораған анасы – Айсәуле апа... Қалың топ ішінен Клара жеңешеміз: «Нұрлан, өткен жолы ағаңның сүйегіне түскенде жолын беріп, иығыңа шапанын ­жауып едік... Сол жолы ескерілмей, мына бұйымдары қалыпты» деп ­алдыма үш пар тәпішкені қойып ­жатыр. «Қалағаныңды ал» дейді. Екеуі жаңа... Үшіншісі тозыңқырап ­кеткен. Мен алар-алмасымды білмеймін. Үнсізбін. Ақыры бір шешімге келіп, ортада тұрған жаңасын алдым. Сол сәт: ­«Балам, екі қанатың тең болсын! Екі аяғыңмен тең бас! Ана екінші жаңасын да алғын...» дейді Айсәуле апамыз. Әбекеңе қараймын. «Ал» дегендей ишара танытады. Басын изейді... Әлдебір дауыстар, сарындар жеткендей болады құлағыма. Ұзап бара жатқан ана мен баланы көрдім.

Оянып кетсем... Таң себездеп атып келеді екен.

Сағат 6.15.

Түсті ойладым. Бетімді сипап, орнымнан тұрдым. Ауланың қарын күреп жүріп, Әбекеңді еске алдым. Жаны жайсаң, мінезі кең, кемеңгерлік болмысы бөлек, нағыз әулие бітімді ұлы тұлға еді ғой. Ойы терең. Ашыла бермейтін. Бір ашылса, тоқтауы қиын... Тебіреніп кетсе, телегей-теңіздің өзі еді... Бүгін де түсімде сол өңімдегідей өмірдегі қалыбынан жазбай, сабырынан жаңылмай, тұмадай тұнық жанарымен дүниеге үнсіз қарап, кетіп барады...

***

Шынын айтсам... Мен осы күндерде бір белгісіз, салмақсыздық кеңістігінде жүрген ғарышкер секілдімін...Өлең жазсам да, күнделікке бас қойсам да, кітап оқысам да «коронавирус» деген сөз санамнан шықпайды. Ойдың ағысы, уақыттың шабысы, айналып-айналып, осы «COVID-19»-дың төңірегінде жүреді... Уханнан жеткен хабар жақсы емес... Күні кеше табысқан екі супердержава бірін-бірі айыптауда. Бірі «вирусты» «байқамай» зертханадан шығарып алған өздерің десе, бірі «Уханға вирус тастаған сендерсіңдер...» дегенді айтады. Жобасы осы... Ауруды таратушылар қатарын әу баста жүздеп санап еді, енді мыңдап айтыла бастады.

Вакцина белгісіз...

«Аурудың дауасы жоқ», «таралуы тез» дейтін екі мағыналы екі сөз екі дүниенің үрейін алып отыр. Мен де сол:

– Әр сөзің менен әр ісің

есепте тұрар құлыпта.

Екі дүниенің бары шын,

Құдайдың барын ұмытпа! – дейтін екі дүниенің барына сенетін жұмыр жердің қатардағы бір өкілімін. Қанша өзімді сабырға шақырғаныммен, бір үрей, бір сауалдың көкіректі қобалжытып қатар тұрғаны күмәнсіз.

Алла-шебер! Түбін берсін! Елім үшін, ұрпағым үшін алаңдаймын.

«Аузы күйген үріп ішеді» дейді атамыз қазақ. Бір замандарда Сары теңіз бен Балқан тауының арасын алып жатқан ұлы байтақтың иесі болған ұлы бабаларымыз батырлық пен кемеңгерлікті ешкімнен сұрай қоймағаны тарихтан белгілі.

Ол – кешегі күннің баяны.

Лев Гумилевтің айтуына сенсек, әрбір ұлы империялар мен қағанаттардың өмірге келуі мен кетуі ұзағында алты ғасырдан аспайды. Шарықтау биігі – үш ғасыр. Одан әрменгі мезгіл – құлдырау... Ұлы Дала төсінде де осындай империялардың алмасуы жиі болған. Біз – сол атының тұяғы алыс-жақынды тегіс дүрілдеткен, тізесін дірілдеткен кешегі ұлы жұрттардың жоғала жаздап, осы дәуірге аман жеткен ұрпағымыз. Қарап отырсақ, ­«сапиянс» дейтін ұғымға жеткенше, бір-бірін қалай қырып-жойса, жер есімді планетаны мекен еткен жұмырбас пенделер «толық адам» болып қалыптасқаннан соң да бір-біріне аяушылық жасамаған... Бірін-бірі атқан, асқан, қырған, жойған... Мемлекеттер мен ұлттар пайда болып, жойылып кетіп отырған. Біріне сенсең, біріне сенбейтін, тарихты өздерінше қилы-қилы қиырға тартып топшылайтындар бүгінде шамадан тыс көбейіп барады... Құдай дейтін қасиетті ұғымды қайыра реставрацияға салғысы келетіндер байлық пен билікті бір қолға шоғырландыруға ұмтылып бағуда. Әлемдік билік дегеннің төркінінде сол жатыр. Өнерді, ойды, ғылымды «қамшыға бағындырған» заманнан бәрін күтуге болады.

Иә.

Әлемді билегісі келетіндердің қолдан вирус жасамасына кім кепіл? Ылайым мен, мен секілді күдік мен күмәннің қорығына қамалғандар қателесейік. Жеті миллиард жер тұрғынының санын мейлінше азайтып, дамудың төменгі сатысына түсіруді ойлаудың өзі орасан қылмыс емес пе?! Соңғы бірер жыл ішінде көзі ашық, көкірегі ояу, зерделі қауымның аузында жүрген осындай «сақтандыру» бағытындағы сөздер енді желілерді кезіп, желдей есе бастағаны кім-кімді де тіксінтеді?! Әсіресе, мультимиллиардер Билл Гейтс айналасындағы әңгіме кім-кімді де ­ойлантуы керек! Бұл – жалпы адамзат тағдырын таразы басына қояр күрделі мәселе, қатерлі сұрақ. Коронавирустың жұмбақ жаратылысы мен тегінің күмәнділігі туралы сұрақ-сауалдарға жер бетін жайлаған ұлттар мен ұлыстар, бір сөзбен айтқанда, әлем жұртшылығы үзілді-кесілді жауап алмай, бұл әңгіменің өршігені өршіген... Бүгінгі жерүстінің, ең басты ­проблемасы – осы!

«Ағара ма? Дүние көгере ме?

Қуара ма?

Құдырет шөгере ме?

Шырылдаған балаға бесіктегі

не береміз апыр-ай, немереге?!»  дейтін өлең жолдары осындай ойлардың жетегінде туып еді. Болашақты, болашаққа деген сенімді өлтіруге болмайды.

Тәңір Ием, Жерді, Адамзатты, Алаш дейтін адал жұртымды сақтай көр!

11 наурыз, 2020 жыл.

Кеше... 10 наурыз күні... Кешкісін ресми ақпарат тарады.

«11 наурыз бен 15 наурыз аралығында Қазақстанда коронавирус белгі беруі мүмкін. Бұл – ғалымдарымыз айтқан прогноз!» деген сөзді өз құлағымызбен естідік.

Ақпарат Денсаулық сақтау ­ми­нистрі Елжан Амантайұлы ­Бір­танов­тың аузымен айтылды. Арқамызды аяз қауып өткендей болды. Несіне жасырайық, төрткүл дүниені тегіс шарлауға бет алған мына індеттің ерте ме, кеш пе, Ұлы Даламызға да бір келері кәміл еді. Сол хабар Алматы дейтін шаһарда жастықтың ­жалынды кездері мен ой тоқтатып, елге қызмет еткен кездеріміз қатар жүрген, қатар қанаттанып, қатар жетілген көрнекті дәрігер, үлкен жүректі ұйымдастырушы, өмірден ерте кеткен Амантай марқұмның ұлының аузымен айтылады деп ойладық па?! ­Шер-ағаң (Шерхан Мұртаза) марқұмның сөзімен айтқанда, иісі адамзатқа қауіп төндірген «мылтықсыз майданның» қазақ топырағында басталғанын жан-тәнімізбен сезіндік. Уханнан шыққан тізгінсіз тажалдың ашпаған есігі, кірмеген тесігі, жылатпаған бесігі қалмайтыны белгілі болса да, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымы неге екені, бүгежектеп, дерт туралы кесімді сөзін әлі күнге айтпай отыр. Коронавирустан сақтану мен қорғануда негізінен қытай мамандарының ұсыныстарын бағытқа алған Қазақстан дәрігерлері іске бел шешіп кіріскелі де біраз болды. Республика Президентінің 25 қаңтардағы шешіміне сәйкес арнайы Комиссия құрылды. Қазақстан Үкіметі сақтану шараларына әзірлікті бастап та кетті.

Дүние өзгерді... Адамдар да өзгерді...

Рим мен Миланның көшелеріндегі емін-еркін жүріс тыйылды. Жұқтырғандар саны мен өлгендер қатары күн санап көбейе бастады.

Италия Қытайдан көмек сұрады. Театр, музыка, өнер, білім, ғылым ­ордалары мен спорт кешендері ­жабылып, уақытша жұмысын тоқтатты. Бұл не сонда? Сасқандық па? Әлде... Коронавируспен күрестің қиын екенін мойындау ма? Біздің жобалауымызда, ежелгі мәдениеттің ордалы төрі болған көне жұрт халқының басына қауіп төнгенін, індетпен күрестің бірден-бір жолы – екі жарым ай ажалмен алыса жүріп, аурудың бетін қайтарудың тәжірибесін жинақтаған бірден-бір жалғыз ел – Қытай екенін мойындады. Сондықтан халқын аман сақтау үшін Италия арланбай, намыстанбай Аспан асты Елінен көмек сұрау жолын таңдады. Неге екенін, осы күндерде Еуропаның арқалы мемлекеттері ­Италия қасіретіне мән бере қоймады. Еуроодақ та «әліптің артын бағатын» тәрізді.

Сонымен...

Әзірге арты не болары, қаншаға ­созылары беймәлім белгісіз індет қазақ төріне келіп кірді. Жаратушы жар болсын! Елге амандық берсін!

12 наурыз, 2020 жыл.

Бүгін...

«Ана тілі» газетіне менің соңғы жылдар ішінде жазып, баспаға әзірлеп жүрген «Күретамыр» атты өлең кітабымнан «Қай­­шы­ласқан дүние жүрегімде» деген тақы­рыппен бір беттік топтама жарық көрді. Оқыған елдің пікірі дұрыс. Бірінші болып телефон соққан Нұр-Сұлтаннан Қуаныш Жиенбаев. Пікірі жақсы. Өте жақсы!..

***

Бүгін...

Сағат 9.30-да Ұлттық Ғылым Ака­демия­сының ғимаратына келіп, «Алматы» телеарнасының өтініші бойынша Исраил Сапарбайдың шығармашылығы туралы сөз сөйледім. Біраз ойларымды, Іскең туралы пікірлерімді таратып айттым.

Сағат 10.00-де көрнекті тарихшы, ғалым, алашорда тарихын сарқа зерттеген алашойлы, алашбітімді тұлға, академик, марқұм Кеңес Нұрпейісовтің 85 жылдығына орай ғылыми-практикалық конференция өтті. Соған қатыстым. ­Жиынды Шоқан Уәлиханов атындағы ­Тарих және этнология институты мен Қыздар педагогикалық университеті бірігіп ұйымдастырған. Мына жұрт көңілін алаңдатқан коронавирусқа байланысты алыс-жақыннан келетін біраз адамдар келе алмаған. Сонда да... Жиын ойдағыдай өтті... Иә, ақиқатына келсек, Кеңес Нұрпейісов шынайы ғалым, болмысы таза, ­кесек бітімді тұлға, нағыз ұлтжанды азамат еді. Тарих ғылымының, ­жалпы қазақтың ұлттық тарихының ­алдында, Алаш дейтін ұлы жұрт пен алаш арыстарының рухының ­алдында арына шаң қондырмай, парызы мен қарызын адалынан өтеген бір адам болса, осы Кеңес Нұрпейісұлы марқұм болар деп ­ойлаймын. Академик атында ­кабинет ашылды. Талас Омарбеков, Ғайникен Бибатырова, Байынқол Қалиев, т.т. сөз сөйледі. Адам ойы мен жанын парасатқа, әділдікке жетелейтін әдемі жиын өтті.

14 наурыз, 2020 жыл.

Бүгін...

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымы қытай коронавирусына қатысты өз сөзін айтып, әлемдік пандемияны ресми түрде жариялады. Ұйым індет алдындағы өздерінің шарасыздығын мойындады. Әрине, пандемия дабылын сәл ертерек, жыл басында, тіпті өткен жылдың соңында-ақ жариялағаны жөн болар ма еді? Беделді ұйымның мұндай шешімді неліктен кешіктіргені түсініксіз. ДДҰ әлемнің біраз елдерінің көз жасын арқалап, коронавирус алдында тізесін бұлай бүгуі, арқаны кеңге салған біраз елдердің ес жинауына қолайлы болды. Еуразия құрлығының біраз мемлекеттері қам жасауға кірісті.

Бүгінгі Қазақстан Үкіметінің аузымен айтылған ресми суық хабар Алтай мен Атырау арасына бірден тарады.

Кешелі бері біздің елде коронавирус жұқтырған үш адам анықталған. Нұр-Сұлтанда – 1 адам, Алматыда – 2 адам.

Сонымен...

Қазақстан жарты әлемді шеңгеліне алып бүре бастаған, екпіні қатты тізгінсіз тажалмен «майданға» кірді. Алла жіберді ме? Алла жіберсе – Ұлы Жаратушы өз ақылын да қоса жіберіп, адамға араша түсер дауасын да қияр жұмырбас пендеге. «Он милосерд: он ­Магомету, Открыл сияющий Коран» деп ұлы Пушкин айтпақшы, ашуы ақылынан алда жүрер пендесін. Кешірер... Ал? Адамның ойлап тапқан ауруы болса, онда бұл – Құдай жолын кеспекке, Құдай үшін билік жасап, Құдай үшін шешім қабылдауға ұмтылған «ұлылық ­ауруына» шалдыққандардың ұлы қиянаты! Ұлы қылмысы! Онда... Оның жолы да, дауасы да – ауыр! «Өлтірем дейтін біреу бар, өлтіртпейтін Құдай бар» дейтін қазақ даналығы еске түседі. Ол үшін Адам Ата, Хауа Ананың ұрпағы маңдайын сәждеге тигізіп отырып, Ұлы Жаратушыдан Кешірім сұрауы тиіс!

Жалғыз жол – осы!

***

«Кейде міндетті түрде қатысуым керек» немесе «міндетті түрде жазуым керек» деген өзіңе-өзің мақсат етіп белгілеген маңызды «міндеттерің» орындалмай жатады. ­Орындалса да... Кешігіп орындалады... Сол үшін өзіңді-өзің жерден алып, ­жерге саласың, кінәлайсың келіп... Ай емес, жылдарға созылып кеткен сол өз міндетіңнің алдында не деріңді, қалай ақталарыңды білмей, үнсіз тынасың... Тынасың да... Әлгі «жазамын» деп жазылмай қалған пьесаларың мен мақалаларыңды саусақпен санай бастайсың... Құдай-ау! Бәрі кеше секілді еді... Шуағы мен нұры мол, оты мен жалыны қалың күндер ­тасасынан жас кезде жоғалтып алған өлең дәптерің қол созатындай... «Түн ұйқыңды төрт бөлген» қаншама шығармашылық жоспарларыңның пендешілік есеп-қисаптың тасасында тұншығып қалғанын ойлайсың...

 «COVID-19» дейтін тажалмен алысып, әлем төрт қабырғаға қамалғалы, өз басым мына бір екі сезімнің күші мен қуатын бұрынғыдан да бетер сезіне түскендеймін... Біріншісі, жеті ­миллиард жұмырбастың қатарында тұрып, өзің үшін ғана емес, өзіңнен тараған ұрпағың мен ұлтың үшін алаңдап, үрей қорығына қамауға түсетінің... Екінші, екі дүниенің барын жан-тәніңмен сезініп, Өмір, Тіршілік дейтін ұлы қазынаны, уақыт ұсынар адами құндылықтарды өзгеше бағалауға бет алғаныңды аңғарасың...

Айналып келгенде, екі сезімнің екеуі де өмір үшін күресуге жетелейді!

Жазылған, жазылып жатқан жырла­рыңды елекке қайта саласың.

Жазылып, орта жолда үзіліп, бітпей қалған пьесаларыңа біржола отыру қажет екенін сезінесің.

Жазуыңның әр жолы мен әр сөйлеміне Адамзат тағдыры мен өмірін қорғауға өз үлесін қоса алар күш, қуат тілейсің Алладан!

«... Қайрап келемін сөзімді,

Қайрап келемін өзімді.

Жауапсыз сұрақ көбейіп,

салуда отқа төзімді.

 

Жауапсыз жылдар көшуде,

тамшыдай тасты тесуде...

Тәңірім берген бір өмір

жетер ме бәрін шешуге?!

 

Жетер ме?..

Өмір көшуде...» деп осыдан біраз жылдар бұрын жоғарыдағы өлеңіме арқау болған астарлы ойлар тағы да ­алдымнан шығып отыр. Менің ғана емес, бұл жолы адамзат баласының өмірлік ұстанымы мен тағдыр-талайын сынға салар сұрақ болып шығып отыр... Өз өмірің үшін ұрпағың, ұлтың үшін әрі-беріден соң адамзат үшін басталған мына тайталаста жеңіске жету – басты мақсат екенін еске салады мына сұрақ...

17 наурыз, 2020 жыл.

Қазақстан Республикасының Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Елімізде Төтенше жағдай жариялады.

Тәуелсіз Қазақ Еліне мына төніп келе жатқан пандемиямен күресудің, сақтанудың алғашқы шешуші қадамы жасалды!

Иә...

Қазақ-қазақ болғалы нені көр­меді? Міне, енді адамзат баласы жапа-тармағай жабылып, шығу тегін анықтап, емін таба алмай жатқан мына дертпен де бетпе-бет келіп, тайталасқа түсіп отыр... Тәңірдің көмегімен, Жаратушының жарылқауымен осы күнге аман жеткен онсыз да азсанды Алаш жұртын азайтып алмау – басты мақсат екені Президент аузымен айтылды. Адам өмірін сақтау үшін күрестің майданы басталды!

Кешегі тараған ресми ақпарат бойынша, ауырғандар саны 10 адам еді. Оқшауланғандар: үйде – 1100 адам; стационарда – 1500-дей болатын. Бүгін ауру жұқтырғандардың саны 13 адамға барған.

Құдай адамзатты, сол ­санатты қазақты, менің Қазақстанымды сақтасын! – дедім іштей.

Таңғы тілек осы болды!

***

Менің Иранбек досым: «Осы біз қашан ақсақал болып төрде отырамыз шалжиып?» деген сұрақты маған жиі қоятын.

Міне...

Үндемей-түндемей келіп, адам­заттың жанын бір уыс еткен коронавирус Иранбек екеуміздің ағаларымыз бен қатарларымызды қойып, ­жастары алпыс бестен асқан өкшебасар інілерімізді де төрт қабырғаға қамап, төрден бір-ақ шығарды. Ақсақалдық жасқа келгенімізді айдай әлемге жария қылды. Жарасқан марқұмның сөзімен айтқанда, «соғыстан соң туғандар» атанған біздің ұрпақ, өздерінің «ақ сақалды, сары тісті» қариялық кезеңге келгенін сезінді.

Тәубә!

Жақсыны да көрдік, жаманды да көрдік... Бауырымыз ерте тілімделіп, «өтпелі кезең» дейтін өкпе буар, қиын тұста біраз қатарымыздан айырылып, қамыққанымыз рас. Қырық пен елу дейтін ерге қонып, ел алдында жүрер жаста нарықтың әлеуметтік теңсіздігін ойы, санасы, жүрегі көтере алмай, құрдастарымыздың біразы мына жарық дүние – жалғанмен ерте қоштасты, бақи дейтін жұмбақ әлемге ерте, тым ерте аттанды... Дегенмен... Кеткеніміз де, жер басып жүргеніміз де, шамамыз келгенше, ақыл-ойымыз жеткенше, ұлтқа, ұлт тұтастығына қызмет етуге ұмтылдық. Ұмтылып бақтық. Көзін ашып көрген тәрбиесі қоғамшыл, халықшыл, мемлекетшіл, ұлтшыл болуға бағытталғандықтан ба, біздің ұрпақ Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым, деп...» деген ұстанымына айрықша адал болды... Өстік... Өндік... Осы халге жеттік... Әкелері – менің марқұм болып кеткен достарым жетпеген биікке балалары жетті. Сағаттың ұлы – Мәулен үлкен мемлекет және қоғам қайраткері ­болып қалыптасты. Жарасқанның ұлы – Рүстем талантты кинорежиссер болса, Кеңшіліктің ұлы – Амангелді қазақ көркем сынының маңдайалды өкіліне айналды!..

Осындайда қазақтың «әкеге тартып ұл туса, игі, әке жолын қуса, игі...» деген сөзін еріксіз қайталайсың іштей.

Тәубә!

Мен бесігін өткен ғасырдың аш-жалаңаш жылдары тербетіп, ойы мен санасын екі мың жылдықтар арасына көпір болған соңғы қос ғасыр ақиқаты қалыптастырған, шындығы шыңдаған, ойы қанаттандырған ­талантты буынның өкілі болғаным үшін қуанамын, мақтанамын.

19 наурыз, 2020 жыл.

Иә...

Кеше...

Алаш елінде індетке шалдыққан­дардың саны 35 адамға жетті. Дені – алыс-жақын шетелдерден келіп жат­қандар... Бірі іссапардан... Бірі демалыс­тан... Бірі емнен... Асығыс елге қайта оралып жатқандар індетті ілестіріп әкелуде... Айттың не, айтпадың не, мына «түшкіру мен пысқыру» арқылы жайылатын дертпен күресуді, мамандарымыз қанша сақтандырғанымен, түсініп жатқан ел шамалы. Той өткізу мен салып ұрып, базар жағалау әбден дағдысына айналған жұрт тоқтар емес. Қытай мен Италиядағы мыңдап өле бастаған коронавирус құрбандары жұмыр жердің бетінде емес, өзге бір пла­нетада болып жатқандай... Тіпті біздің жұрт сасар емес. Ол аз десеңіз, «жеңнің ұшынан жалғасып», аптекаларға түсетін антисептиктер мен ­маскаларды үстеме бағамен сату, содан пайда көру секілді санаға сия бермейтін сұмдық қылмыстарға бару... Ұлт үшін ұят!

Кеше...

«Алматы» телеарнасынан телефон соғып, мені тікелей эфирге шақырды. Айтылған кезде маскамызды киіп, сақтық шараларын ескеріп, эфирге шықтық... Рахман Алшанов – орыс ­ті­лінде, мен қазақ тілінде сөйледім. Ұзын-ырғасы жиырма минутқа созылған тікелей эфирде коронавирус хақындағы ойларымды жеткізуге тырыстым.

Студиядан қайтып келе жатып, тілімнің ұшына: «Сақта, Құдай!» деген сөз оралды.

«...Сақта, Құдай!

Кесапат, кесіріңнен,

Орынсыз есіруден,

Ордасын ойрандап ап,

Кешуден,

Кешіруден,

Тарыну, тарылудан,

Сарғаю, сарылудан,

Бүтінім бөлшектеліп,

Сақтай көр жарылудан...

Сақта, Құдай!» деген өз өлеңімнің жолдарын қайталадым іштей.

***

Бүгін...

Президент ұйғарымымен, Үкімет комиссиясының шешімімен Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары карантинге ­жабылды. Дұрыс шешім!

Бүгінгі ақпар. Қазақстанда ауру жұқ­тырғандардың саны – өскен! 36 адамға жеткен. Қадағалауда жат­қандардың саны (үйдегілер мен ста­ционардағылардың) – 2500! Италияда бір тәулік ішінде 425 адам көз жұмған. Шошынбай көр! Бас-аяғы бір айға жетер-жетпес мерзім ішінде болған сұмдық динамика!

Аурудың екпіні адам ойы мен санасын шошынтады.

Иә.

Әзірге алты құрлықтың білетіні – карантин, оқшаулану, сақтану, тәртіпке бағыну! Дәрігерлер мен тәртіп сақтау орындарының айтқанын мүлтіксіз орындау!

***

Сағат түнгі 12.15.

Далаға шықтым. Жұлдызды көкке қарадым. Алатаудың шыңдары көкала бұлттың құшағына тығылып, үнсіз күрсінетіндей. Әлдеқайдан түнгі қаланың тынышын алып, белгісіздеу елдің білгісіз бір әуені бебеу қағып, безілдейді. Е-е, Жаратқан Ием! Батыс пен Шығыстың талай көкірек көзі ояу сергек ұлдары тамсанған, «күллі қазақтың сайын сахарасы бір ғажап әнді төгілтіп тұрғандай» деп артына сөз қалдыруына себеп болған Ұлы Даланың қаншама сұңғыла сарыны, сұлу сазы, әсем әндері мен кернеулі күйлері тұрғанда... Жүріссіз аттың шоқырағындай болған мына бір тексіз әуеннің безектеуін қарашы?! Індет болса, мынау... Тегі белгісіз... Көкті үркіткен салдыр-салақ әннің түрі анау... Тегі күмәнді! Тексіздерге тізгін берген заман-ай!

Тіл ұшына мына бір жаңа жыр шумақтары оралды. Үйге кіріп, жазу столына отырдым.

Дәуір – қатал...

Ерге – салмақ...

Елге – сын...

Мына тажал аяр емес пендесін.

Жалап-жұқтап келе жатыр,

Тәңірім!

Өзің түзе!

Ой-сананы жөнде шын!

 

Жабысып ап құйқасына қырқаның,

Қайғы жұтып атқалы тұр бір таңым.

Ібілістің арбауына ілінген,

Кешір, Алла!

Адам Ата ұрпағын! – деген қос шумақ қағазға түсті.

1043 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы