• Тіл
  • 21 Мамыр, 2020

ҚАЗАҚ АНАСЫ – ҰЛТ ТІЛІНІҢ ТІРЕГІ

Жүрегі елім деп соғатын әрбір ­саналы адам ұлттық мәселелер төңірегінде тебіренген сәтте тіл жайында ойланбай кете алмайды. Себебі тіл ұлтпен бірге жасайтын және де ұлт өмірінде шешуші рөл атқаратын аса бағалы құндылық. Шешуші деп отырғанымыз адамзат тарихындағы ұлттар ғұмырының ұзақтығы мен қысқалығы негізінен тілінен айырылу не айырылмау, сақтай алу, сақтай алмау мәселесімен байланысты. Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған жұрттың – өзі де жоғалады» дегені барынша дәл айтылған тұжырым. Асылында, жер бетінде тілсіз ұлт болмайды. Ұлтсыз тіл де болмайды. Ұлт белгілі бір тілімен жаратылады. Адам да белгілі бір ұлттың өкілі ретінде бір тілдің иесі, қолданушысы, сақтаушысы, дамытушысы, өзінен кейінгі ұрпақтарға сол тілдің жеткізушісі ретінде өмір сүреді. Әрине, адам баласы әртүрлі әлеуметтік-тарихи жағдайға, өскен ортасына, ғұмыр кешіп жатқан мемлекетіне, қоғамына байланысты белгілі бір тілді үйренеді. Ол оның ана тілі болады немесе табиғи жаратылысынан бөлек бөгде тіл болады. Бірақ адам өмірлік сұранысына, білім алу қажеттілігіне, қызметтік және т.б. талап-тілектерге сай екінші, үшінші тілдерді меңгеруі де мүмкін. 

Тіл – тарихи-әлеуметтік, мәдени категория ретінде адам баласының санасына, дүниетанымына, мына өмірді қабылдап, түсіну дәрежесіне, адамдармен ұғыса білу машығына, мінезіне, адами-азаматтық қалыбына, жүріс-тұрысына, қоршаған ортада өзін-өзі ұстауына, сөйлеуіне, ой айтып, пікір білдіруіне, тұлғалық қасиеттерінің жетіліп, дамуына, азаматтық көзқарасының қалыптасуына қаншалықты әсер ететін болса, тілдің өзіне де адамның, ұлттың, қоғамның, мемлекеттің, географиялық аймақ пен кеңістіктің әсері мол болады. ­Мысалы, қазақ тілінің – Қазақстанда, қырғыз тілінің – Қырғызстанда, өзбек тілінің – Өзбекстанда кең таралуы мемлекет иесі, жер иесі саналатын ұлттың аталған аймақта қалыптасқан тарихи кеңістігімен байланысты. Бұл әр тілдің өмір сүретін өз топырағы барлығын білдіреді. Әрине, кез келген ұлттың тілі өз ұлтының шеңберінен, ұлтының мәдени-рухани аясынан шығып, ол тілді қолданушылар саны көбейіп, дүниежүзіне таралуы мүмкін. Тілдің әлемге кең таралу факторы сол елдің ­тарихымен, экономикалық дәрежесімен, ғылыми жаңалықтарымен, технологияларымен, білім және ақпарат қорымен, мәдениеттердің қанат жаю ауқымымен де байланысты. Көпшілігімізге белгілі, қазіргі таңда әлемде басым таралған тілдер қатарына жеткен – ағылшын тілі болып отыр. Жаһандық үдерістер негізінен осы тіл арқылы жүріп жатыр. ­Демек, ағылшын тілі британ ұлтының аясынан шығып, адамзат баласының бір-бірімен ара­ласу қажеттігін өтейтін қарым-қатынас, ком­му­никация құралына айналып кетті. ­Жалпы тілге байланысты өмірде, ұлт тарихында пара­доксты жағдайлар аз кездеспейді. Атап айт­қанда, әлдебір ұлттың өз туған тілін ұмыту жағ­дайы; ұлттық тілінің сақталып, дамуына жауап­кершілікпен қарамау, о бастағы жаратылыс тамырынан, генетикалық кодынан қол үзуі. Ұлттық тіл сол ұлт өкілдерінің табиғи жа­ра­тылыс болмысынан ажырап қалмауына мүм­кіндік беретін, еш нәрсемен алмастыруға кел­мейтін рухани күш екенін ес­керсек, бұл орайда ұлттың өз тілін тәрк етуі орны толмас өкінішке, тіпті қасіретке әкелетіні анық. Енді мұның себептеріне үңіліп көрейік. Белгілі бір ұлттың өз ана тілін тәрк етуі, ол тілдің ұрпақтар жадынан бірте-бірте өшуі өмір сүріп отырған геосаяси кеңістігімен, халқының бастан кешкен тарихымен де байланысты. Әлбетте, қандай болмасын ұлт өз қалауымен ешуақытта туған тілінен саналы түрде ­ажырамайды, ажыраймын деп те ойламайды. Бірақ бұған әсер ететін бірнеше себептер бар. Айталық, ұлттың өз билігінің өз ырқынан кетуі, жат тілді үйренуге деген мәжбүрлік, идеологиялық қысым, басқа елдің экспансия­сында, яғни отарлық жағдайда қалып қоюы, т.т. Өкінішке қарай, адамзат тарихындағы ең бір ауыр да қасіретті құбылыстардың бірі – империялық мемлекеттердің қандай да бол­масын ұлтты өз тілінен түрлі саяси техно­ло­гияларды қолдана отырып айыруы. Тілінен айырылған ұлт барынан айырылады. Ең алдымен ұлттық сипаты жойылады, рухы төмендейді, салт-санасы тәркіленеді, тарихын ұмытады, ұрпақтар арасындағы сабақтастық үзіледі. Атасы немересін, немересі атасын түсінбейтін халге жетеді. Десек те, қандай да бір қиындықтарға қарамастан ұлттың туған тілін белгілі бір дәрежеде сақтап қала алатын бірден-бір күш һәм құдірет – бұл балаларына тек қана өз тілінде тәрбие беріп, сол тілдің аясында өсіретін – Аналар қауымы. Мысалы, өзіміздің ұлттық тіліміз – қазақ тілінің тарихтағы түрлі қиындықтардан, сын-қатерлерден аман өтуі қазақ аналарының өз балаларын қазақ тілінде тәрбиелеу арқылы олардың бойында ұлттық сана-сезімді қалыптастыра білгендігінде. Әлбетте, отбасындағы әкелердің рөлін төмен­дет­пейміз, бірақ аналардың рөлі, әсіресе, тіл мәсе­лесінде тағдыршешті рөл атқаратынын және атқарып та келе жатқанын көріп отырмыз. Халқымызда «Ана тілі ана сүтімен ­дариды» деген сөз бар. Алайда ана сүтімен дарыған тіл әрі қарай ана әлдиімен, бесік жырымен, аналардың өз сәбиіне тек ана тілінде сөйлеуімен жалғаспаса, отбасындағы дәстүрлі тәрбиеге ұласпаса, ана сүтімен берілген тілдің тіршілік етуі тоқтайды. Оның орнын бөгде тіл алмастырып, баланың санасын, дүниетанымын басқа арнаға бұрып жібереді. Мұндайда «Бұлағы болмаса, өзен де сарқылар», «Гүлсіз жапырақ – тұл, көксіз топырақ – тұл» деген қазақ мақал-мәтелдері ойға оралады. Жалпы тілге байланысты әр отбасының өз дәстүрі болады. Бір отбасы қарым-қатынас тілі ретінде бір ғана тілді таңдайды. Әкесі бір тілде сөйлеп, анасы екінші тілде сөйлеп, баласы үшінші тілде сөйлейтін отбасылар болмайды. Әр отбасында бір ғана тіл басымдыққа ие ­болады. Сол тіл отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынас жасайтын негізгі тіліне айналады. Неліктен біз тақырыбымыздың арқауы ретінде аналар рөлін алып отырмыз? Себебі тіл мәселесіндегі ойлантарлық жайттардың көбі аналарға тікелей қатысты. Күнделікті өмірден байқап жүргеніміздей, өз баласына қазақ тілінде тәрбие беруі тиіс кейбір аналардың өздері де көп жағдайда қазақ тілін біле бермейді. Анасы қазақ тілінде сөйлемегеннен кейін ол тілді баласы қайдан білсін деген заңды сауал туындайды. Әр бала сәби шағынан, ой-санасы қалыптасқанша, оң-солын танығанша анасының сөздеріне ден қойып өсетіні белгілі. Қазақ анасы – ұлт тілінің тірегі деп отырғанымыздың бір мәнісі осында. Аналардың балаға деген тілдік тәрбиесі баласы жарық дүние есігін ашқаннан басталатын үдеріс. Балаға айтылатын күнделікті сөз, ана мен бала арасындағы сұхбаттар, әңгімелер баланың тілдік қорының толығуына, жаңа сөздерді үйренуіне септігін тигізеді. Осылайша, бала анасының аяулы үні арқылы тіл әлеміне бірте-бірте ене бастайды. Ал ол әлемнің есігін ашып беретін кілт – қазақ тілінің кілті бола ма, әлде басқа тілдің кілті бола ма, кез келген баланың бөгде тілдің жетегінде кету-кетпеуі осы мәселеге тікелей байланысты. Дәл осы жерде ағаттық жіберілсе, өз тілі арқылы ұлтының қасиетін бойына сіңіріп, қазақ дейтін атқа сай болып, ер жеткелі тұрған бала амалсыз өзге тілдің бақшасына еніп кетеді. Сондықтан да өз баласына қазақ тілінде тәрбие бермейтін қазіргі қазақ аналары бұл қадамдарының ұлтымыз үшін, оның болашағы үшін рухани салдары ауыр болатынын түсінсе екен дейміз. Бала сәби шағында тілді талғамсыз қабылдай береді. Себебі ол үшін тілдің бәрі бірдей. «Бұл менің туған тілім немесе туған тілім емес» дегендей таңдау жасай алмайды. Ол таңдауды анасы жасайды. Дәл осындай тұста ұрпақтар тілінің тағдыры шешіліп жатады. Ал әр ана өз баласын туған тілінің аясында тәр­биелесе, ұлттың бақыты да, бағы да сол болмақ. Иә, қазақ тілі, ана тілі, сөзсіз, анала­рымыздың тілі. Бұл ұғымның астарында терең мән жатыр. Ананың тілі қай тіл ­болса, баланың һәм келешек ұрпақтың да тілі сол тіл ­болады. Бүгінде өз ұл-қызымен жат тілде сөйлесетін қазақ аналары, «әжекалары» бар екенін жоққа шы­ғармаймыз. Сонда деймін-ау, ­мұн­дай аналардың, әжелердің ­бойында кешегі қазақ аналарына, қазақ әжелеріне тән дана­лық қайда кетті? Ұлы аналарымыздың ұла­ғатты жолы, ұлт намысы мен абыройын ту еткен ұстанымы қайда қалды? Қазақ даласындағы аналар мектебінің бір дәстүрі – ұлдары мен қыздарын, немере-шөберелерін ана тілінде тәрбиелеу емес пе еді? Ертең жат тілдің аясында ер жеткен ұл, бөгде тілдің саясында бой жеткен қыз «Мен қазақтың ұлымын, мен қазақтың қызымын» деп, нық сеніммен айта ала ма? Қарап тұрсақ, жер бетінде көптеген ұлттар мен ұлыстар бар. Олардың әрқайсысының туған тілі бар. Кез келген ұлт адамзат үшін, ең алдымен, өзінің туған тілімен ғана бағалы, қадірлі. Мұнайымен, жерасты байлығымен емес, табиғи жауһарларымен де емес. Ең алдымен тілі арқылы, сол тілде жасалған рухани-мәдени құндылықтары арқылы ғана адамзаттың ортақ игілігіне үлес қоса алады. Қазақтың рухани байлығы – ауыз әдебиетінде, фольклорында, ән-жырларында, күйлерінде болса, осының бастау негізінде өзіміздің ана тіліміз жатқанын ұмытпауымыз керек. Құдайға шүкір, біздің ата-бабаларымыз «Өнер алды – қызыл тіл» дей отырып, тілімізде жасалған қаншама рухани дүниелерді біздерге аманаттап кетті. Осындай телегей-теңіз қазынаны өз ана тілін білмейтін балалар қалайша меңгермек? «Бабалар сөзін», «Қазақтың ертегілерін» ешқашан оқи алмайтыны қандай өкінішті десеңізші. Қазақ тілін ұлттық текпен байланыстыра зерттеген тіл жанашыры Төлеген Алмахановтың мына пікірі көңілге қонады: «Шынтуайтында, әрбір нәресте ана құрсағынан шыққанда, ұлттық, қазақы нәсілдігін сақтап, бойында бүкіл өткен кезеңдердегі генетикалық кодына жазылған төлқұжатымен, яғни бүкіл ұлттық құндылықтарымен осы дүниеге келеді екен. Баланың тілі былдырлап шыға бастағаннан оған жат тілді үйрету, өсе келе сол тілде оқыту, жат-тілді ақпараттық кеңістікте тәрбиелеу нәтижесі бала бойындағы ұлттық кодтың бұзылуына әкеледі» дейді. Әрине, бұл жерде әңгіме ана тілін ұмытқан, күнделікті тұрмыста мүлдем қолданбайтын қазақ отбасылары жайында ғана болып отыр. Әйтпесе, тілдің ұлт болашағындағы маңызын жауапкершілікпен сезінетін қазақ ­отбасылары аз емес. Ана тілін тәрк еткен отбасында тәрбие алып шыққан қазақ баласы күні ертең қазақ­тілді ортаны іздемейді. Қазақтықтан ­алыстайды. Өйткені ол бала кезінен басқа тілдік ортада тәрбиеленді, достары да, құрбы-құрдастары да, балабақшасы мен мектебі де, білім алған мамандығы да өзге тілде болады. Ондай бала күндердің күнінде есейіп, ер жеткен шағында отбасын құрады. Міне, осылайша өзге тілдік ахуал еш өзгерместен, жалғасып кете береді. Ал осындай жағдайды не өзгерте алады дейтін болсақ, сөзсіз, бұл – отбасындағы тілдік тәрбие. Қазақтың бүгінгі заманауи аналары, келіндері «баламды тек қазақ тілінің ­аясында тәрбиелеймін, сол үшін өзім де қазақша сөйлеймін» деп үлкен мақсат қоя білсе, бірнеше буыннан кейін қоғамдағы тілдік ахуалды міндетті түрде өзгерте алады.

Халқымызда «Ана тілі ана сүтімен ­дариды» деген сөз бар. Алайда ана сүтімен дарыған тіл әрі қарай ана әлдиімен, бесік жырымен, аналардың өз сәбиіне тек ана тілінде сөйлеуімен жалғаспаса, отбасындағы дәстүрлі тәрбиеге ұласпаса, ана сүтімен берілген тілдің тіршілік етуі тоқтайды. Оның орнын бөгде тіл алмас­тырып, баланың санасын, дүниетанымын басқа арнаға бұрып жібереді. Мұндайда «Бұлағы болмаса, өзен де сарқылар», «Гүлсіз жапырақ – тұл, көксіз топырақ – тұл» деген қазақ мақал-мәтелдері ойға оралады.

Қазақ аналары, жасы бар, жасамысы бар, балаларын өз ана тілінде тәрбие алудан, өз ана тілінің уызына сәби шағынан қанығып өсуінен қол үздіре көрмеуі керек. Өткен ғасырлардағы ана­ларымыздың тіл мә­селесіндегі аналық миссиясы бүгінгі заманда да жалғасын табуы керек. Ғалымдар баланың бүкіл дүниетанымы, ой-санасы, тілдік әлеуеті, қабілет-қарымы бес жасқа дейін-ақ қалыптасып қоятынын айтады. Тіпті баланың тәрбиесі жарық дүниеге келмей тұрып та басталып кететіні жөнінде жасалған тұжырымдардың түпкі негізі, ақиқаты бір. Психологтардың зерттеуі бойынша, 2 жасқа дейін баланың сөздік қоры 250-300 сөзге жетеді екен. 6 жастың соңына қарай сөздік қоры 1-2 мың сөзбен толығатын көрінеді. Яғни баланың тілдік іргетасы анасының әлдиінде жүрген шағында қалыптасып қояды. Аз ғана уақыттың ішінде осыншама сөзді жат тілде үйреніп шықса, туған тілдің шетте қалғаны дей беріңіз. Демек, бір-ақ жол бар. Ол – әрбір ана өз баласын қазақ тілімен неғұрлым ертерек таныстырып, соғұрлым баласының өз ұлтының ұланы болып шығуына мол мүмкіндік беріп, тек-тамырынан ажы­рамауын ­ойлауы керек. Сонда ол бала өскенде өзіне ұлт тілінде тәрбие беріп, ұлттық тіл арқылы оның бойына қазақы намыс, қазақы рух дарытқаны үшін анасын өмір бойы ардақтап, рақмет айтып өтеді. Өйткені әрбір саналы азамат қалай болғанда да өзінің ұлты жайында, ұлттық тілі жайында азды-көпті ойланады. Ойланбауы мүмкін емес. Тілі орысша қалыптасса да, өсе келе өзінің қазақ екенін түсіне бастайды. Жалпы тілдік тәрбиенің маңызды тұсы – ана тілінде берілген тәрбие, білім өзге тілдерге қарағанда әлдеқайда сіңімді болады. Өзге тіл дәл ана тіліндей ұлттық рухани байлық, ақыл-ой, таным мен парасат бере алмайды. Өйткені өз тілің алпыс екі тамырыңды қуалап, жүректен, адамның жанынан, жаратылысынан бастау алатын тіл. Сырттан танылған тіл емес. Өкінішке қарай, қазіргі заманда елімізде жаһандық, батыстық құндылықтарға көбірек бой алдырған аналар да аз емес. Олар өз балаларына шет тілін үйретуге күш салуда. Шетел әдебиетін оқытады, шетелдік киноларды, мультфильмдерді көрсетеді. Сөйтіп жүріп, өз балаларын ана тілдерінен мүлдем бейхабар етіп, жат болмысты ең алдымен өздері сіңіріп, жат мәдениеттің дәнегін бойларына өздері егіп жатқанын сезбейді. Мәселеге тереңдей қарасақ, ұлттық құндылықтарынан ажырап қалған баланың еш кінәсі жоқ. Өйткені ол дүниеге келген сәттен бастап өз ана тілінде тәрбие ала алмады. Өзге тілді «өз тілі» ретінде қабылдап, ол тіл санасына сіңді. Осынау жарық дүниеде саф алтындай таза, бұлақтың суындай мөлдір де бай ана тілі бар екенінен хабарсыз өсті. Қазақ тілін білмей өскендіктен оның бойында ұлтына деген жат психология пайда болды. Өз басым өмірде ана тілін білмей өскен қазақ азаматтарын көп жолықтырдым. Сұхбаттасып, әңгімелерін де тыңдадым. Сондай кезде: «Әттең, бала жасымнан ана тілімді үйренсем ғой» деген өкініштерін айтып қалады. Иә, мәселенің төркіні, қарап тұрсақ, отбасындағы тілдік тәрбиеде жатқанын көреміз. Әрине, заманның, саясаттың, идеологияның әсерін жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, отба­сын­дағы ананың рөлі баланың тілдік санасын қа­лып­тастыру бағытында әрқашан бірінші орында. Кезінде демограф Мақаш Тәтімов: «Тілдің ең соңғы ұясы – отбасы ­болып табылады. Ана тілі отбасыдан кетті деген сөз – ол тіл бір­жола жойылды деген сөз» деп айтқаны шындық. Ешбір адам о баста ана тілінің қадір-қасиетін сезініп тумайды. Бұл өсе келе қалыптасатын құндылық. Тілдік таным, тілдік өре, мінез, талғам, ықылас пен ниет өмір тәжірибесінің, берілген тәрбиенің тікелей көрінісі. Мысалы, ата-ананың тілге деген талғамы жоғары болса, сөздің қадір-қасиетін жақсы білетін болса, ол еріксіз баласына да беріледі. Әкенің баласына қазақша сөйлегенінен гөрі анасының қазақша сөйлегені әлдеқайда ықпалды болатынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Неге десеңіз, әкесі қазақ тілін жақсы білсе де, анасы қазақ тілін білмейтін отбасында өскен бала алдымен анасының сөйлеп жүрген тіліне бейімделеді. Алғашқы сөздер де анасының айтуымен ­бойына сіңеді. Мына бір қызықты ­дерекке назар аударайық. Дүниежүзінде ­Нобель сыйлығын алған ғалымдардың 90 пайызы ғылыми жаңалықты өз ана тілінде ашады екен. Яғни ана тілінің топырағынан нәр алған балалардан болашақта әйгілі ғалымдар, данышпандар шығады деген сөз. Тіл – қатынас құралы ғана емес, ол мемлекеттілікті айшықтайтын негізгі тірек. Мұндай ұлттық сипат Өзбекстанға, Арменияға, Грузияға, Түркияға, т.б. елдерге барсаңыз, байқалмай ма? Осының барлығы ұлттық тілдерінің ықпалы. Мемлекеттік тілдерінің үстемдігі қоғамда басым күшке ие болып тұрған елдер әлемде аз емес. Бүгінгі таңда мемлекеттік тіліміздің дәрежесін көтеру ең алдымен қазақтардың өзіне байланысты ­болып тұрғанын айтуымыз керек. «Қазақтардың бар­лығы бір-бірімен қазақ тілінде сөйлесетін күнге қашан жетеміз?» деген сауал тіл жанашыр­ларын әрдайым мазалап келеді. Бірақ бар қазақтың ұлттық, тарихи сана-сезімі қалып­тасқанша, туған тілдерін қадірлеп-қастер­легенше, өздері түсініп, өздері сөйлеп, ұрпақтарына үйреткенше ұзақ уақыт керек екені түсінікті. Түйін сөзімізді аналарға қарата айтар болсақ, иә, құрметті де ардақты аналар, қазақ тілінің аясын кеңейтуге, ең алдымен, сіздер ықпал етесіздер. Бұған «Тіл туралы заң» да, бағдарлама да дәл өздеріңіздей үлес қоса ­алмайды. Жазушы ағамыз Смағұл Елубайдың «Тіл заңы отыз жыл бойы түк бітірмеді» дегені айна-қатесіз шындық. Біз енді бұл мәселеге басқа тұрғыдан келуіміз қажет. Шыны керек, заңдарымыз пәрменді болмай тұр. Оның уақыт, заман талабына сай жетілдіретін тұстары баршылық. Бұл жайында БАҚ беттерінде аз жазылып жүрген жоқ. Бірақ тіл тағдырын тек заңдарға ғана тапсырып қойған дұрыс емес. Ұлт ретінде өзіміз көбірек әрекет етуіміз керек. Сондықтан көп мәселе аналарымыздың қолында. Отбасындағы тілдік ахуалды қазақ тілінің негізінде қалыптастыруға мән беріп, ұл-қыздарымен тек қазақша сөйлесуге талпынса дейсің. Қазақша үйрене алмайтын қазақ болмайды. Тектік тұрғыдан ол бар қазақтың бойында бар. Олай болса, қазақша білмейтін ата-ана балаларына өздері үлгі болуға күш салуы керек. Әйтпесе, кейбір ата-аналар баласын қазақ мектебіне бергенін ғана қанағат тұтып, өздері үйлерінде орысша сөйлесулерін жалғастыра берсе, тілге деген мұндай көзқарастан қан­ша­лықты нәтиже шықпақ? Тәуелсіз ел ретінде біздің тілге деген жауапкершілігіміз бұрынғы тарихи кезеңдермен салыстырғанда бүгінгі таңда екі-үш есе жоғары болуы керек. Заманын­да мұндай мүмкіндік жоқ еді. Бірақ, соған қара­мастан, өз балаларының қазақ тілін ұмыт­пауына күш салған намысты да текті ана­лар­дың арқасында тіліміз сақталып қалғаны шын­дық. Өйткені олар ұлтының, ұрпағының келешегін ­ойлады. Ұлағатты аналар жолын жалғас­тыратын бүгінгі аналардың қатары көп болса, тіліміздің келешегіне алаңдамауға болар еді.

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ, «Ақиқат» журналының бас редакторы

8572 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы