• Тұлға
  • 21 Мамыр, 2020

Надежда Лушникова: ЖӘКЕМНІҢ ЖЫРЫ – БОЙТҰМАРЫМ

Қазақтың қасиетті айтыс өнері қайта жаңғырған 1970-80 жылдары суырыпсалма бір топ ақын жарқ етіп елге танылды. Осы талантты шоғырдың арасында сол кездегі қыз бен жігіт айтысының гүлі болған Надежда Лушникованың орны бөлек. ­Жастайынан домбыра тартып, ән салған жас қыз республикалық жыр сайыстарында топ жарып, халықтың ықыласына бөленді, айтыс өнерінің жаңаша дамуына үлес қосты. Ұстаздық қызметінен бөлек, Алматы облысы, Жамбыл ­ауданында Үмбетәлі Кәрібаев музейін құрып, басшылық жасады. Жыр алыбы Жамбыл бабамыздың батасын алып, ұлағатын ­бойына сіңірген, халқымыздың айтыс өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған ақын, тіл жанашыры Надежда Лушникова бүгінде сексен жастың сеңгіріне шығып, ел анасы дәрежесіне жетіп отыр. Бойындағы қазақ келініне тән иба-инабатымен, киелі сөз өнеріне адалдығымен көпке үлгі Надя апа бүгінде ақын-ана жүрегімен елдің қамына алаңдайды, жаны ашиды, сүйінеді, өрімтал жастар үшін өнегесімен бөліседі. Жамбыл атасы мен жыр жорғасы Үмбетәлі Кәрібаевты пір тұтатын, Кенен Әзірбаев­тың өлеңін жастанып өскен, өзі де, сөзі де қазақ Надежда апамызбен мерейлі мерекесі қарсаңында әңгімелескен едік.

– Надя апа, Қызылорда педаго­ги­калық училищесінде оқыған кезіңізде соңыңыздан ерген сіңлілеріңізге үлгі-өнеге болдыңыздар. Оқуда озат болумен бірге, қоғамдық істе де белсенді сол жастар кімдер еді, олар қандай қасиеттерімен жастарды үйіріп әкетті?

– Алматының маңайынан он сегіз қыз Қызылордаға педучилищеге түсеміз деп бірге аттандық. Арамызда кейіннен Парламенттің бірнеше дүркін ­депутаты болған Мәрия Жүйріктаева, белгілі қоғам қайраткері Шәмша Беркімбаева, ­алтын қолды емші Алтын Сабралиева бар. ­Училищеде 14 пен 18-дің арасындағы 600 қыз оқыды. Нағыз от-жалын ­жаста бәрі, үкідей үлбіреп ел-жұрттың да, жігіттің де көзіне түсетін кезі. Бізде қайбір балалық шақ болды дейсің, соғыс жылдары тудық, өртеңге шыққан гүлміз ғой. Көпшілігіміз әкесіз өстік, интернатта оқыдық. ­Содан ғой үш мезгіл тамақ береді екен деп, педучилищені іздеп барғанымыз. Жоқшылықты бір адамдай көрдік, бірақ соны жоқшылық деп есептемедік. Өмірге келгеннен кейін Күннің нұрын да, Айдың жарығын да бірдей көресің. Менің бір шешемнің баласы қайтыс болып көңіл айтып барғанымда «Қалыңыз қалай, апа?» десем: «Е, жарығым, өмірдің күні сөнді ғой, айдың жарығынан қанша шапағат бар дейсің» деген еді. Сол сияқты қиындықсыз өмір болушы ма еді?

Училищеге жастар бүкіл республикадан келіп оқыды. Бастауыш сынып мұғалімін дайындайды, музыка сабағы қоса жүреді. Мен 4 жыл скрипка аспабында оқыдым, домбыраны онша үйрене алмадым. Сабаққа бармау деген жоқ. Мұғалімдер де нағыз ақ, адал адамдар болды, білімге құштар біз де бүкіл жан-тәнімізбен беріліп оқыдық. Сол училищеден алған біліміміз бүкіл алдағы өмірімізге ұйытқы болды. Қандай қызметте, қандай ортада жүрсек те көш басында жүрдік. Бізбен бірге оқыған 30 қыздың ішінде оқу ісінің меңгерушісі, директор болмаған ешкім жоқ, түгел мықты. Қазір ­Алматыда Қазалыда ұзақ жыл мектеп басқарған Зибаш бар, Мағинур деген старостамыз, мен – кәсіподақ комитетінің басшысы, үшеуміз жырғауда да, жылауда да әлі күнге дейін біргеміз.

– Өлеңдегі, айтыстағы тұсауыңыз­ды кескен де осы оқу орны ғой.

– Училищеде «Отан қызы» деген қабырға газетін шығарамыз. Суретін де саламыз, өлеңді де жазамыз. «Тұңғыш сөзім» деген алғашқы өлеңімді белгілі ақын, сатирик Асқар Тоқмағамбетовтің алдында оқыдым. «Сәрсенбі сайын жас ақындар жиналады, өлеңдерін талдаймыз. Сен де кел, қызым» деді. Жаңағы өлеңнен басқа өлеңім жоқ, содан сәрсенбіге дейін бір апта бойы дәптерге толтырып өлең жазып апардым. Жиналғандар өлең оқып жатыр, кәдімгідей ақын болып қалғандар. Менің өлеңім олардың қасында өлең емес сияқты. Асекең «Оқисың ба, қызым?» деп еді, өз өлеңімді олқысынып: «Жоқ, мен оқымаймын, тыңдайын» дедім. Бәрі кеткеннен кейін Асекең маған өлеңнің не екенін түсіндірді. Шумақ пен бунақ, өлеңдегі ұйқас пен буын, соны үйретуден бастады. Осылайша Асекең өлеңдегі ұстазым болды.

Қазақ тілінің өзі силлабо-тоникалық тіл, өлеңнің бір буыны артық болса сәні кетіп қалады. Мәні жойылады, әнге келмейді. Асекең соның бәрін тәптіштеп түсіндіреді, бізді тыңдайды, өзі де өлең оқиды. Сол жиындар кәдімгі үлкен әдеби отырыс болатын. Осындай ­жиындарда Асекең қолма-қол бір-екі ауыз өлеңімен шап етіп ұстайтыны бар еді, үлкен ­сатирик, классик ақын ғой. Оған мен де өлеңмен жұлып алып жауап берем. ­Сонда Асқар ағамыз: «Ойпырым-ай, адам ­деген топырағына тартпай қоймайды екен ғой» деді. Ол не дегені екенін білмедім. Кейін ұққанымдай, мен туған жер әйгілі Сүйінбай ақын, Жамбыл ата туып-өскен, жыр-думанын өткізген топырақ қой, соны меңзеп айтқан екен.

Студент кезімде «Күрішшілердің ­жиыны болайын деп жатыр, Надя. Бір ауыз өлеңіңді айтып бер» деп шақырып алады. Өлеңімді оқып, жырымды ­айтып мақтау естимін. 1961 жылы Әуезов ­театры гастрольге келді. Жамал ­Омарова, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, бәрін жүзбе-жүз көрдік. Сол кісілерді қарсы алу жиынында құттықтау өлең айттым.

– Айтыс демекші, Асқар ағаңыз айтқандай, талант топырағына тартады емес пе. Сіз дүниеге келген Ұзынағаш өңірі, Суықтөбе баурайы айтыстың қара діңгегі Сүйінбай атамыз, одан кейін Жамбыл, Нұрғиса сынды қасиетті адамдар туған топырақ. Қаршадай қызға жердің киесімен бірге өнердің қонуы тегін емес болар.

– Бұл жердің табиғатының өзі ерекше ғой. Мезгілі жетіп көктем келгенде көздің жауын алатын неше түрлі гүлдер желкілдеп, жердің беті көкмайса кілемге айналады. Ешкім әдейі өсірмей-ақ, суармай-ақ ­айналаны нұрландырады. Асқар таулар мен оның бауырынан сарқырап жатқан бұлақ та бекер емес, Тәңірінің мейірімі түскен жер. Жетісудың жеті өзені дала мен құмды кезек кезіп барып Балқашқа барып дамылдайды. Осының бәрін көріп отырып қалай өлең жазбайсың. Алланың сөзі жүрегіңе қонса, ол үлкен қасиет. Жұрттың сүйсінетіні де содан.

Ауылда Шаматай деген ақын апамыз болды.Соғыста туған балалар жұлдыз туғанда кетіп, жұлдыз жанғанда келетін шешелерімізді кешке дейін аңсап күтеміз. Қайтарда арқалаған отынынан бет-аузы көрінбейді. Қарғалы өзенінен иінағашпен су әкеледі. Сондай қиыншылықта жүрсе де бір-бірімен бөлке нанын бөлісіп жейтін, жарықтықтар. Шаматай апаның қол диірмені бар, шешелеріміз сол үйде жиналады. Әркім бір уыс бидайын тартып отырып ән салады. Сол әйелдер салған әндер әлі есімде. Естіген әнімді үйреніп алып үйге келіп айтамын. ­Шешем қазақша түсінгенмен, сөйлей ­алмайтын. Аталарымыз Алматыға ілгеріде келген, ірі көпес болған адамдар. Қазіргі «Рахат» кондитерлік фабрикасының ­орнында біз­дің атамыздың шай фабрикасы ­болыпты.

Бір күні Шаматай апа Әлкемай деген қызы екеумізді ертіп, бір ауылға шықтық. Таңертең шыққаннан қас қарая тауды бөктерлей орналасқан киіз үйге тоқтадық. Әлкемай шаршап сыртта отырып қалды, мен Шаматай ападан қалмай ішке кірдім.Үйдің төріндегі биіктеу салынған көрпеде ақ жейде мен ақ шалбар киген, аппақ сақалы кеудесіне түскен, басында әдемі тақиясы бар қария отыр екен. Өзі отырған тұста баланың басындай апорт алмалар салынған ыдыс тұр. Ішке кіргеннен иісі аңқып кетті. Шаматай апа Едіге ­деген батырдың жалғыз қызы екен, «Мені күйеуге бергенде он шақты жігіт ақ киізбен көтеріп барды» деп айтып отыратын. Қария апамды танып амандасты, мені нұсқап: «Қызың ба?» деді. «Қызым ғой» деп жауап берді Шаматай апам. «Бәсе, көзінің тұздайлығы саған тартыпты» деп ақ сақалды ата бас жағына қолын созып үлкен бір алманы алып маған берді. Әлгі алманы босаға жаққа отырып алып әбден тойғанымша жедім. Сол алма ұсынған қария жыр дүлдүлі Жамбыл Жабаев екен.

Ауылымыз екі-ақ көше болатын. Көрші үйде сары Омар, қара Омар дейтін аталар тұрды. Жеті ұлы бірдей соғыстан қайтпады. Немерелерінен тірідей айырылған кемпірлері күйіктен өлді. Екі атамызға көршілер кезек-кезек тамақ апарып береміз. Менің шешем борщ пісіріп, менен беріп жібереді.

«Айналайын!» деп мәз болып қалады. Сол Омар атам бірде «Қолыңды жай, қызым» деді. Бірдеңе беретін шығар деп алақанымды азсынып көйлегімнің етегін тостым. Сары Омар атам бір жымиды да: «Жарығым, етегіңе ел толсын!» деп ­батасын берді. Елдің толғаны осы емес пе, бүкіл қазақтың келіні болдым, халықтың адамына айналдым. Тәубе деймін.

– Айтыста топ жаруыңызға жоғары оқу орнында қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын таңдауыңыз да сеп болғаны анық. Студент кездегі Надежданың жетістіктері қандай?

– Сол жылдардағы қазақтың қабыр­ғалы оқу орны ҚазПИ-де оқып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алдым. Қазіргідей емес, ол кезде мұғалімнің беделі жоғары. Біз нағыз ұстаздардан білім алдық. Ермеков деген мұғаліміміз М.Әуезовтің «Абай жолы» романының 4 кітабын да жатқа білетін. «Тіл біліміне кіріспе» дейтін ауыр сабақ бар, содан жалығып кеткенде «мына жерде мынадай сөз бар» деп романның кез келген жерінен үзіндіні жатқа оқитын.

1961 жылы сәуір айында ҚазМУ-дың ғимаратында Қазақстан Жазушылар одағының пленумы өтті. Қызылордадан Асқар аға екі ақынды ала келді, маған өлең оқисың деді. Ауылдағы тіршілік туралы өлең болатын оқығаным. Оқып болған соң, Мұхтар Әуезов Мүсілім ­Базарбаевты жіберіп, мені жанына шақырды. Төрдегі биік мінберде отырған Әуезовтің ­жанына бардым. Бастан-аяқ қараған кезде байқағаным, жанары сондай ұялы, мейірімге толы екен. «Ойпырым-ай, қарлығаштай орыс қызының жүрегіне қазақтың өлеңі қандай әдемі ұя салған!» деген еді сонда ұлы жазушы.

– Ақын болу, әсіресе қыз бала үшін оңай емес. Қызмет пен өнерді, отбасы тіршілігі мен бала қамын қатар алып жүрдіңіз. Бұл, әрине, Тұрлыбек ағамыздың арқасы ғой.

Мені алғаш айтысқа үкілеп қосқан жер де, тұрмысқа шығарда той жасап ұзатқан да қасиетті Сыр өңірі. Тұрекең мектеп бітірген соң ауылда тракторшы болған. Екеуміз бір бастаңғыда таныстық. Төрт жыл әскерде жүрді, келген соң қызылордалықтар комсомол тойын жасап, мені ұзатты. Үш жыл Қызылордада жұмыс істеп, Алматыға келгеннен кейін «Жазушы» баспасында редактор болдым. Тұрекең СХИ-дің агрохимия факультетіне 25 жасында түсіп, отызында бітірді. Балалардың біреуі Қызылордада, біреуі Алматыда, біреуі Ұзынағашта туды. Төрт балалы болдық. Тұрекең маңдайыма жел боп тимеді, тамшы боп тамған жоқ. Қолынан келмейтіні жоқ еді. Екеуміз қатармыз, екі ай ғана үлкендігі бар. Айтыс боларда Алматыдан Ұзынағашқа мен үшін көлік жібереді ұйымдастырушылар. ­Мектепте сабақ берем, сегіз сағат жұмыс істеп жүріп айтысқа қатысам. Ұлым туғанда қырқынан шықпай жатып белді буып алып айтысқа бардым. Тұрекең «шаршап қаласың, байқасаңшы» дейді. «Мені арнайы шақырып отыр, Жәкең тіккен айтыстың туы құламасын» деп қалмайтын едім шақырған жерден. Міне, сондай ұлағатты өмір сүрдік. Қайтыс болғанына он жылдан асты. Жалғызсырап, қабырғам құлағандай құлазып қалдым. Тұрекеңмен бірге сүрген өмірім мен ол кеткеннен кейінгі өмірім мүлде бөлек.

– Надя апа, сізді айтыс өнерін зерттеуші ретінде де білеміз. Қайта жаңғырған кездегі айтыстардың ерекшелігі неде?

Айтыс республикалық деңгейде тұңғыш рет 1943 жылы болды. Соғыстың қайнап жатқан кезі, Жамбыл ата өзі ­бастап берді. Біреудің жар ­дегенде жалғызы майданға аттанып жатыр, біреудің әкесінен қара қағаз келіп жатыр. Бірақ айтыста ол жайында бір ауыз сөз айтылмады. Өйткені соғыс уақытында елдің рухы түспеу керек, содан да ­Жамбыл атамыз «Ақындарым, қарышта!» деп сөз бастады. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды», ертең ол ақындар жер-жерге барып, елдің жанына жалау болады.

Екінші рет республикалық айтыс 1980 жылы ұйымдастырылды, мен онда Манап Көкеновпен айтыстым. Ол ­кезде идеология саласын З.Камалиденов басқарады. Мәскеуден Қазақстанды қадағалайтын Лучинский деген келді, барлығы бірінші қатарға жайғасты. Манап ақын екеуміз бірінші шығуымыз керек еді, бірақ екеумізді ең соңына қойып қойды. Манап мұнысы несі деп абыржып жүр. «Ағеке-ау, мен де тарттым түріңізге, Сайраған сандуғаштай тіліңізге. Тұсыңа қарындасың келіп қалды, Біріміз ұқсағасын бірімізге» деп, алдымен қазақ айтысып алсын деп екі орысты соңына қойған шығар деп әзілдегенім бар. Манап ағамыздың да көзі көк, өзі сары, екеуміздің де ұстазымыз – Асқар Тоқмағамбетов.

Менің айтыстағы қарсыластарым, көбінесе, жасы үлкен ақындар болды. Олар әрі ақын, әрі тұнып тұрған қазына ғой, айтыста төтеп беру оңай емес. Бір ғана Манап Көкеновпен 28 рет айтысыппын. Бірде қармақшылық Шаймұқанмен айтыстым, ол кезде қарсыласың қай жақтыкі болса, сол өңірдің кемшілігі мен жетістігін алдын ала зерттеп аламыз.

Нартайдың жыры шалқыған,

қуаты жүрек шарпыған,

Алатаудай ақынға ескерткіш

жоқ мақұл ма?

Жермен-жексен бейіті қарайып тұр ғой тақырда, – деп бірден ықтыра сөйледім. Көп ұзамай Нартай есімін облыстық театрға берді. Міне, көрдіңіз бе, ол кезде басшылар халықтың көңілінен шығу үшін ақынның айтқан мініне осылай жауап беріп, кемшілігін жөндейтін. Ақындар тек елдің сөзін айтатын. Қазір жақсы ақындар баршылық, бірақ айтқан сөзі сол жерде қалады. Ал біз тіліміз ­жеткенше айттық, халықтың қыжылын жететін ­жерге жеткіздік.

– Ұстазыңыз Үмбетәлі Кәрібаев­тың есімін ұлықтап, музейін ұйымдас­тырғаныңызды білеміз. Музейдің жаны жәдігер ғой, Үмбетәлі атамыздың мұра­жайы қалай құрылды?

– Мен 27 жыл мектепте қазақ тілінен сабақ бердім, одан соң музейді қолға алдым. 1980-жылдардың аяғы, бәрі тапшы кез. Ары-бері жүгіріп қаржы іздеймін. Министрлікке барсам Мәскеуден мәдениет саласын басқаратын Сманқұлов деген келіпті, қабылдауына жазылдым. Әңгімемді тыңдаған соң атқару комитетінің төрағасы мен совхоз директорын шақыр деді. Екеуін ертіп бірге бардым. «Сізге қанша ақша керек?» деді, жобалық-сметалық құжат бойынша 57 мың керек дедім. «Музей жарты гектар жерді алып отыр екен, бәріне жететіндей қылып 100 мың берейік. Үмбетәлі Кәрібаев Жетісудың ғана ақыны емес, ол ұлттық поэзияның ірі өкілі, үлкен көштің адамы» деді. Содан құрылыс жүріп кетті. Үй-үйді аралап музейге жәдігер зат іздеймін, біреуде атамыздың сағаты, біреуде тоны бар, керемет заттар таптым. Барлығын тірнектеп жинадым.

Жамбыл атам Үмбетәліні «Қаражорғам» дейтін. Үмбетәлінің жалғыз інісі соғыста өледі, сонда Жәкең «Қаражорғамның өкпесі қабысып жатыр, жүр көңіл айтайық» деп Кенен Әзірбаев, өзінің ­баласы Тезекбай бар, атамыздың үйіне келіп көңіл айтыпты. Сол ауылдың адамдары ақын аталарды ортаға алып түскен суреті бір үйде сақталған екен. Содан үйдің иесіне базарлығын апарып көңілдендіріп, суретті алдым. Қырғыздармен айтысқан сөздерін сол елдің ғылым академиясынан таптық. Ол жаққа Жылбек Тоқтасынов деген жігітті жіберіп алдырдым.

Үмбетәлі Кәрібаевқа арнап музей ашылды, мектепке аты берілді. Соның бәрі өз қолымнан өткеніне қуанамын. Менің бағыма сол кезде республиканың мәдениет басшылығында Өзбекәлі Жәнібековтей біртуар азамат отырды. Ол кісіні Сырдария ауданының комсомол жетекшісі кезімнен білемін. Музей салынып жатқанда қасына архитекторды ертіп ауылға жиі келетін. Ауылда тұрамыз, сиыр сауамын, сүт пісіріп айран ұйытамын. «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген рас, таңғы бесте сиырды сауып өріске жіберем де жұмысқа барам. Жәнібеков күнара келеді, қой союлы, тамақ дайын. Сонда Өзағаң: «Осы үйдің айраны үшін жұмасына үш келуге бармын» деуші еді. Шешем қайтқанда ол кісі бірінші болып көңіл айтты. Сыйлас дос болдық. Бірақ жұмысқа келгенде талабы қатал. Артистердің киімінің тігісіне дейін қарайтын.

Қазір Өзбекәлі Жәнібековтей ­басшы сирек. Шіркін, қандай азамат, қандай қызметкер еді! «Неге сонша ұяңсып қаласыңдар? Мен сендер сияқты Жамбылдың баласы болсам ЦК-ның есігін теуіп кіріп, музейге қажеттің бәрін алдырар едім» дейтін.

Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығында бізге арнайы ұлттық киім тіккізді. ­Сонда әркімнің бет ажарына қандай киім, қандай түс жарасады, соның бәріне мән берді. Төрткенге сәукеле кигізді, маған үкісі бар тақия берді. Ол маған ұнамай, басқа киім тіккізуін өтіндім. Ол кезде облыстық атқару комитетін басқарып отырған кезі, орталық музейге ертіп барды. Өзі арнайы таңдап тұрып асыл таспен көмкерілген бас киімді алып берді. Сол сәукелені алқызыл көйлекпен кидім, оның үстінен алтын жіппен әдіптелген қара қамзолым бар. Кенен атамның мерейтойына қатысатындардың бәрінің киімін қалада тіккізді, аяқ киімге дейін өзі дайындатты. Сол орталық музейден алып берген бас киіммен Кенекеңнің 100 жылдығында термемді айттым.

– Қазақ әйелі қашанда отбасының ұйытқысы болды ғой, ол дәстүрді әжелердің, енелердің үлгісімен келіндер жалғастырды. Бүгінде сол үрдіс үзілуге шақ қалып, отбасы тәрбиесі ақсап тұрғаны жасырын емес. Ұл-қыз тәрбиелеген ана ретінде бұл жөнінде не айтар едіңіз.

– Біз қазір сөзге тоқтаудан қалдық. Қазақтың мақал-мәтелінде, аңыз-әңгімесінде бәрі тұр емес пе? Жаратылыстың өзі ер-азаматқа үлкен міндет жүктеді, оның қабырғасынан әйелді жаратты. Алғашқы әйел Лилит топырақтан жаратылған екен, ол ерінің бетінен алып, төсіне шауыпты. Содан Адам ата «Ей, Алла, мынау маған жар болмайды» деп шағынады. Сөйтіп, жаратушы Лилитті Айдың арғы бетіне жібереді. Ай бізге бір жағымен ғана көрінеді, арғы бетінде Лилит бар. Өліараның үш күнінде Лилит бері шығып, өзінің билігін жасайды: ажырасатынды ажыратады, ұрысатынды ұрыстырады екен. Лилиттен кейінгі әйелді Жаратушы ұйықтап жатқан еркектің қабырғасынан жаратады. Ол өз ерінің жанкүйері, жанашыры, жақсылығын асырып, жамандығын жасыратын жары болады. Ұрпақ өрбітіп, адамзат көшін жалғайтын да әйел адам. Ерінің бетіне қарап сөйлемейтін, өмірдің қиындығын бірге кешетін адал жар отбасының берекесін, ынтымағын келтіреді.

– Айтыстағы ақындығыңыз шәкірт тәрбиелеуге ұласты. Өзіңіз құрған айтыс мектебі жөнінде айта кетсеңіз.

– Сүйінбай, Жамбыл атам, Үмбетәлі Кәрібаев, Әсімхан Қосбасаров қайнағам, бәрінің айтыстарын, мақамдарын балаларға үйретеміз деп, екі жылдық айтыс мектебін аштық. Бірінші жылы отыз шақты бала келді. Кейін солардың барлығы бір-бір жұлдыз болды. Марқұм Оразалы Досбосынов, қазір танымал әнші-ақын, қайраткер Ақан Әбдуәлиев сол мектепте оқыды. Апта сайын құлаш-құлаш дастанды жаттатамын. Демалыста бір ай өнер мектебі қыз-қыз қайнайды. Бір қазан тамақ жасаймын, балалардың қарны тоқ. Тұрекең – ауылдың әкімі. ­Алматыдан қонақтар келеді, апталап жатады. Қазақтың талай игі жақсысы үйімнен дәм татты, солардың қолын алдым. Ақын-жазушыларды шығарып сала бергенде режиссер Асқар Тоқпанов келеді. Сөзі керемет, қанша айтса да таусылмайды. Шіркін, сонда жазып алатын құрал жоқ, небір сөздер кетті ғой ұмытылып. Сол мектептің түлектері бір күн, бір түн жырласа да бір сөзін қайталамай айтатын термешіге, дәстүрлі әншіге айналды, дүйім жұртқа танылды.

– Надя апа, өнеріңіз бен өміріңіз үйлесіп, алтындай ұл мен қыз өсірдіңіз. Қызыңыз Қарлығаштың өлең жазатынын білеміз. Немерелеріңіз де өнерге жақын ба?

– Нұрберді деген немерем күй ­тартады, Ақнұр қазақша күреспен айналысады. Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауын» тартып жүр. «Сендер біреуің күй шертіп, біреуің күресіп елдің намысын қорғағанда батыр, ақын аталарыңның рухы қолдап жүреді» деп айтып отырамын. Соғыс кезі туралы әңгімемді екеуі де «апа, тағы айтшы» деп қызығып тыңдайды. Негізі біз ­баламен көп сырласпаймыз, олармен көп әңгімелесу керек. Мектептерге ақын-жазушыларды жиі шақырып, кездесу өткізу керек. Қазақта ақындар ешқашан сөзін сатпаған, бүкіл мұрамыз жаттау­мен жетті. Балаларға ән-күйді, жыр-дастандарды үйрететін өнер мектептерін көптеп ашу керек. Кейінгі ұрпаққа керек бұл. Мені қазір мектептер жиі шақырады. Сондай жүздесуден кейін балалардың көздері жайнап, бір-бір атқа мінгендей көңілденіп шығады. Әңгімені қимай үш-төрт сағат жібермей тыңдайды. Көзбе-көз жүздескенге не жетсін. Мен әңгімемді ел өмірімен, ұлт өнерімен өріп сөйлеймін. Елдің көкейінен кетпейтін Сүйінбай Аронұлы, Жамбыл атам, Бауыржан Момышұлы, Мұхтар Әуезов сияқты адамдардың өнегесін қосып сөйлеймін. Соның бәрі балаға ой беретін дүниелер. Осы күннің қадірін білгізу үшін де өткен күн туралы айту керек.

Менің бір таңғалатыным, қазіргі үлкендер мен жастардың газет-журналға жазылмайтыны. Апыр-ау, газет-журнал оқымай өскен бала ертең кім болады? Қазақтың тарихын, өнері мен мәдениетін, асыл сөзін біліп өсу үшін қазақ басылымдарына міндетті түрде жазылу керек.

Бірде Баукең – Бауыржан Момышұлы ауруханада жатқанда көңілін сұрап бардым. Алдында ол кісінің екі томдығы шығып, сол кітапты редакциялаған едім. Сонда Баукең: «Надежда, мына бір сөзімді жадыңда сақташы, иі қанбаған қамырды етке салма, не нәрсе істесең де иін қандырып істе» деді. Өмір бойы осы ұстанымда болдық. Қандай істі қолыңа алсаң да алдымен ойластырып алу керек. Мына латын әліпбиін қабылдаймыз дегелі неше жыл болды, біресе аты шаршайды, біресе өгіздері өрге сүйрей алмай қалады. Сондықтан әбден ойланып алып бұйрық шығарған дұрыс.

– Бір өлеңіңізде:

Сіздермен бір бас қосқан сол таң маған,

Әу бастан мұғалімдік жол таңдағам.

Осындай жиын-тоймен, дүрмекпенен,

Бұл өмір өтсе өтсін шолтаңдаған, – ­деген екенсіз.

– Сол дүрмекпен өмір өтіп жатыр. Қазақтың дара туған бір қызы деп, халық өлеңіме де, өзіме де төрін берді. «Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер» атағын алдым, 75 жылдығымда «Құрмет» орденімен марапаттады. Соның барлығы қазақтың тілінің, менің аузымнан шыққан бір ауыз сөзінің құдіреті, жүрегіме ұя салған ақындықтың арқасы. Көшеге шықсам, бәрі «Надя апа» деп танып ­жатады. Мұсылмандық парызымды өтейін деп үлкен қажылыққа бардым. Ризамын бәріне.

Міне, 80-ге келіп қалдым, бүкіл өмірім той болып өтті. Домбыра қолымызда, қайда барсақ та орта толды. Ел жиналған жерде бес-алты ауыздан айта берген сөздерімді жинасам, бірнеше кітап ­болыпты. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді. Сөз деген құдірет бірден айтылса тандырдан жаңа шыққан күлшедей ерекше нәрлі болады. Сонысымен де қызық екен өмір. Жәкемнің жырлары бойтұмарым болып, қазақтың жүрегінен орын алғаным үшін бақыттымын.

– Әңгімеңізге рақмет! Той-думаныңыз тарқамасын, Надя апа!

Сұхбаттасқан

Дина ИМАМБАЕВА

1586 рет

көрсетілді

63

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы