• Әдебиет
  • 21 Мамыр, 2020

«АРҒЫМАҚТАРДЫҢ ДА АДАМША ЖЫЛАҒАНЫ МА?»

Аңыз болған Алматы ипподромының бүгінгі жай-күйі қалай?

Ашылғанына наурызда 90 жыл толған «Алматы ипподромының бүгінгі жағдайы қандай, болашағы қалай болмақ?» деген сауал көптен толғандырып келе жатқаны анық. Себебі аумағы 42 гектар жерді алып жатқан, орналасқан жері де көз тартатын аумаққа қызығушылар көп болып, «ипподром жабылады» деген ақпараттың бір кездері желдей ескенін білеміз. БАҚ бұл мәселені билік тармақтарына жеткізіп, қоғам белсенділері ара түскен соң тарихи нысанның басына үйірілген бұлт сейілген.  2018 жылы Алматының  тарихи-мәдени  мұралар нысандарының алдын ала жасалған тізіміне енгізіліп, арнайы мәртебесі белгіленген. Ендігі жерде ипподромның жұмыс істеуіне Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени нысандарын қорғау және пайдалану туралы» Заңы кепілдік беретіні белгілі ­­­болған-ды.­ Алайда содан бері 2 жыл уақыт өтті. «Не өзгерді, Алматы ипподромының бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай, 90 жылдығына қандай шаралар атап өту белгіленген?» деген сауалға жауап іздеп, журналистік зерттеу жүргізген едік.

ӨТКЕНІ ӨРНЕКТІ

Осынау тарихи нысанның өткен тарихына көз жүгіртсек, жарқын сәттері мен жұлдызды кездері көп болғанын байқаймыз. 1930 жылы наурызда Ал­матыда ашылған ­ипподромда алғаш сол заманның талабы бойынша әс­керге аттар дайындалған. Сол кезде соғысқа арналған шыдамды орыс және еуропалық аттарды елімізге әкеліп, қазақы жылқылармен будандас­тыру жұмыстары жүргізілген. Бірнеше жылда «жат десе жатып, тұр десе тұратын» арнайы бұйрық-белгілерді түсінетін, ат тұқымдары өсіріліп, бапталады. Кейін 1941 жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталған соң да ипподром осы абыройлы жұмысын еселеп жүргізіп, соғысқа мыңдаған тұл­парлар баптап жіберген. Ал ат спортын дамытуға соғыс біткен соң ғана біржола ден қойылған. 1946 жылы 9 мамыр күні әскери ­парад болып, оның соңынан теңге ілу, аударыспақ, көкпар секілді ат спорттары түрлерінен жарыс өткізіліпті. Бұдан кейін Одақ көлемінде өтетін ат спорты жарыс­тарына Қазақстан командасы осы Алматы ипподромында жаттығып, жарыстан жүлделі орындар алып отырған. Ал 1952 жылы Жамбылдағы «Луговой» ат зауытында қара қасқа құлын туады. Бұл болашақ ­Абсент есімді тұлпар еді. 1955 жылы болашағынан үлкен үміт күттірген Абсентті республикалық ат спорты мектебіне алып келеді. Ал Абсент пен оның ­шабандозын атақты жаттықтырушы Кәрім Әсенов Алматы ипподромының спорт алаңдарында жаттықтырады. Жаттықтырушының қолында ол бірден «әсем жүрістен» КСРО халық спортакиадасында төр­тінші орынды иеленіп, одан соң Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық ауыл­шаруашылығы көрмесіне қатысып, жеңімпаз болады.

Мәскеудегі көрмеде атақты ат спортшысы Сергей Филатовтың жаттық­тырушылары Абсентті көріп, оны ­Мәс­кеуде алып қалады. Сергей Филатов бұл жайлы: «Оның түрі жылтыр қара әдемі, әдеттен тыс үйлесімді еді. Оның маңдайында жарқыраған ақ қасқасы бар, аққу мойын болатын. Жаттығу ­барысында Абсент мені жас балаша тыңдайтын» дейді естелігінде. Бір-екі жыл жаттығудан соң, Абсент Германияның Аахен қаласында ­Еуропа чемпионы атанады. Атақты ­Филатов пен жұлдызды Абсент 1960 жылы Рим қаласында өткен Олимпиадада сенсация жасап, кәрі құрлық пен Американың ең үздік деген аттары қатысқан ­жарыста ­алтын алады. Әрине, Одаққа абырой әперген бұл жеңістерде Алматы ипподромы мен оның мұндағы жаттықтырушыларының да еңбегі және үлесі бар еді. Сондықтан да Абсенттің жетістіктерінде оның Алматы ипподромында жаттыққаны қоса айтылатын. Жалпы сол кезде Алматы ипподромы Ауылшаруашылығы министрлігінен ­арнайы қаржыландырылып, оның ­мамандары мен мұнда жаттығатын спортшыларын материалдық және моральдық қолдау жақсы болады. Осындай қолдаудың нәтижесінде, 1958 жылы Мәскеудегі кеңестік ат жарыстарында қыз қуу ­ойыны мен қыздар жарысында Алматы облысының тұрғыны, сегізінші сынып оқушысы Райхан Аблахатова жеңімпаз болып, жарыстың бас төрешісі даңқты қолбасшы Семен Буденныйдың өзі ­марапаттайды. Алматы ипподромымен маршал С.Буденныйдың байланысы бұдан кейін де жалғасады. Ол 1959-1962 жылдары ­Алматы ипподромында өткен бүкілодақтық ат жарыстарында бас төреші болады. Тіпті ол өзі туралы киноның ­бірер эпизодын осы ипподромда ойнаған деген деректер де бар. Ал 1965 жылы Алматы ­ипподромында бүкілодақтық ат жарысы кезекті рет өтіп, оған 15 мемлекеттен 450 спортшы мен ­аттар қатысыпты. Дәл осы шара қарсаңында ­Алматы ипподромы күрделі жөндеуден өтіп, оның аумағынан 3000 көрермен сыятын трибуна, ветемхана, ат шомылдыратын бассейн, ұстахана, мейрамхана және қонақүй салынған. Бірнеше күнге созылған ат жарысын ондаған мың қала тұрғындары мен қонақтары тамашалаған. 1968 жылы бүкілкеңестік ат жарыс­тары қайтадан Алматы ­ипподромында өткізіледі. Бұл жолы қатысушылар саны 500-ге дейін жетеді. Қазақстан құрамасы жалпы топтық жарыс бойынша екінші орынды иемденеді. Бұдан кейін де бүкілодақтық ат жарыстары Алматы ­ипподромында тағы да 4 рет, 1970-ші, 74-ші, 80-ші, 82-ші жылдары өткізіледі. Осы жылдары Алматы ипподромында 100-ге жуық рекорд орнатылады. Ол уақыттары ипподромда 600 ат сыйғыза алатын ат қорасы болып, жылына 1000 тонна жем-шөп дайындай алған. Алматы ипподромының материалдық-техникалық базасы Одақ көлемінде 2-ші деңгейде бағаланған. Сол кездерде осы жетістіктерді заттай және құжаттармен растайтын ипподромның мұражайы да ашылыпты. Бұл жетістіктердің барлығы ипподромның сол замандағы нақты мүмкіндігінен ­шынайы көрініс береді.

ИППОДРОМ ҚАШАН ҚҰЛДЫРАДЫ?

Ресми мәліметтерге көз жүгіртсек, Алматы ипподромы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан кейін құлдырай бастаған. Ең алдымен, Ауылшаруашылығы министрлігінің қаржыландыруынан шығарылады. Міне, содан бері ипподром көптеген қиыншылықтарды басынан өткізіп келеді. Рас, 2000 жылдары жеке-меншік ат зауыттары пайда бола бастап, ат иелері мен ат зауыттарының басшылары «Жокей клуб» ашып, ипподромды жалға алады. Қайта жөндеуден кейін трибуналар, жарыс жолы ретке келіп, старт бокстар ­сатылынып алып, жаңа ат қоралар соғылады. Ипподромда мықты тұқымдастан шыққан таза қанды аттар пайда бола бастайды. Ипподромның сол кездердегі директоры Нұрлан Тілеулесов өзін маман менеджер етіп көрсете алады. Ат жарыстарға демеушілер ретінде үлкен компаниялар тартылады. Бір маусымдық жарыстардың толық күнтізбесі бекітіледі. Ат иелері жарыс сыйақысына қаржыны өздері қосатын болады. Ипподромды қайта жөндеуге қажет қаражат сол кезде әйгілі болған көрермен тотализаторы мен аттарын ат қораларда ұстайтын жеке жалдаушылардан түсіп тұрады. Мұнда аттарды жалға беріп, қызыққан қала тұрғындарын атқа мінуге, шапқылауға үйрететін болған. Жарыстарға Ресей, Қырғызстан және басқа елдерден жокейлер келетін жағдайға жетеді. Алайда 2008 жылы ипподром өміріне жаман әсер еткен бірнеше жағдай орын алған. Экономикалық тоқыраудың басы алдымен тотализаторға тыйым салумен басталған. «Жокей клуб» құлдырап, ипподром сатылымға түседі. Ал оны «Тенгри-Инвест» ЖШС сатып алады. Жарық пен судың көп өшуінен ­ветемхана басқа орынға ауыстырылады. 2014-2018 жылдары Алматы ипподромы жабылып, орнына тұрғын үй кешені немесе сауда орталығы салынатыны қоғамда көтеріліп, ипподромның басында белгісіздік жағдайы орнайды. Міне, осындай жағдайда 2016 жылы директор болып Юрий Анатолиевич тағайындалады. Ал 2018 жылы Алматының тарихи-мәдени мұралар нысандарының алдын ала жасалған тізіміне ипподром да енгізіліп, арнайы мәртебесі белгіленеді. Осыдан кейін тарихи-мәдени нысан ­басына үйірілген қара бұлттан құтылғандай болған. Біз ипподромның 90 жылдығы қарсаңында қазіргі таңдағы ­директорына жолығып, бүгінгі жағдайлары мен болашақтағы ­жоспарлары туралы әңгімелескен едік.

– Юрий Анатолиевич, сіздерде ипподромда қазіргі таңда қанша адам қызмет етеді, қанша ат бар? – Штатта 4 адам жұмыс істейміз. Мен, есепші, аула сыпырушы және ветеринар дәрігер бар. Қазіргі таңда ипподромның өз аттары жоқ. Мына жүрген аттардың бәрі жеке тұлғалардың аттары. Олар бізден қора-жайды, жарыс жолдарын жалға алып пайдаланады. – Жалдау құны қанша, неше ат бар? – Бір айға бір атты ұстау үшін 30 мың теңге төлейді. Қазіргі таңда 35-40 аттың иелері қора-жайды жалдайды. Дәл қазіргі күні ипподром қиын күндерді басынан ­кешуде. Осы жалдаушылардың қаржысымен жер салығын төлеп, коммуналдық төлемдерді жауып, айналдырған 4 адамның еңбекақысын әрең шығарып отырмыз. Әйтеуір, аттарды шынықтыратын жолды қалыпты жағдайда ұстап тұрмыз. – Ипподром тарихына көз жүгіртсек жақсы ветеринарлық орталығы, мұражайы болыпты, олар бүгінде сақталған ба? – Иә, бір кезде ветеринарлық ­кабинет болған. Бірақ бүгінде оның қызметіне сұраныс жоқ. Орталықты ұстап тұратын маман да жоқ. Мұражайы да кеңес уақытында болыпты. Кейін қайта құру кезеңінде тарқатып жіберген. Мұрағаттарын қайда, кім әкеткенін де білмеймін. Мұның бәрі маған дейін болған. Мен 2016 жылдан директормын. 2014-2015 жылдары ипподром жабылып, оның алаңына тұрғын үй кешенін салмақ та болған. Бірақ қоғам белсенділері БАҚ бұл мәселені көтеріп алып қалған. Қазіргі таңда ипподром тарихи-мәдени ғимараттар қатарына кіргізілген. ­Ипподром аумағында қала­лық бюджеттен қаржыландыратын екі ат спорты мектебі бар. Олардың бірі, ұлттық ат спорты мектебі болса, екін­шісі, олимпиадалық ат спорты мектебі. Бұлардан бөлек, жекеменшік 2 ат спорты мектебі тағы бар. Олар бізден ат қораларды, жарыс жолдарын жалға алады. – Қазіргі таңда жарыстар қанша­лықты жүйелі өткізіліп тұрады? – Бізде ат спорты жарыстары 1 ­мамырдан басталып, қазанның соңына дейін жоспарланған. Ат спортының аударыспақ, жамбы ату, көкпар, теңге ілу, қыз қуу секілді ұлттық ойындар түрлері мен бәйге өтіп тұрады. – Алматы қалалық әкімшілігімен байланыстарыңыз туралы айтып қалдыңыз, жергілікті атқарушы билік қандай көмек жасауда? – Алматы қалалық әкімшілігінің қаржыландыруымен екі бірдей мемлекеттік ат спорты мектебі ипподром аумағын жалға алады. Яғни жалдау құнын төлейді, бұл бізге бірінші көмегі. Екінші көмегі, ат спорты жарыстарын өткізгенде сыйлық қорын қаржыландырады. – Байқауымызша, ипподром ­тозып тұрғандай көрінеді. Мұнда жөндеу жұмыстары қашан жүргізілген? – Менің білуімше, 1979-1980 жылдары соңғы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Одан кейін ондай күтім көрмеген. Ипподром аумағы 40 ­гектарды құрайды. Сондықтан ай ­сайын жер салығына 1 миллион 200 мың теңге қаржы төлейміз. Күрделі жөндеу жұмыстарына мүмкіндігіміз болмай тұр. – Юрий Анатолиевич, болашаққа қандай жоспарыңыз, ипподромды дамыту турасында ойыңыз бар? – Менің ойымша, Қазақстан ­аграрлы мемлекет және ат спортын дамытуға табиғи мүмкіндігі бар елдер қатарында аталатындықтан, халықаралық талаптарға сай ипподромы болуы керек. Және біреу емес, бірнешеу болуы тиіс. Себебі көшпенділердің ұрпағымыз ғой. Біздің ірі кәсіпкерлер бұл салаға қызығып, қаржы құйса ондай ипподром болады. Қазір елімізде жекелеген адамдар шағын ­ипподромдар салып, ұстап отыр. Мәселен, Францияда 256 ипподром бар. Ондағы футбол алаңдарынан да көп. Сондықтан болашақта біздің елде де жекелеген компания мен кәсіпкер азаматтар қолдаса халықаралық талаптарға сай ипподромдарымыз болмақ. Солардың басында Алматы ипподромының көш бастап тұруына негіз бар. Тек қолдау болса, жөндеу жұмыстары жүргізілсе, дәуірі дүркіреп кетер еді... – Ипподромның 90 жылдығына қандай шаралар өткізесіздер? – 1 мамырдан ат спорты шаралары белгіленген болатын. Маусым жабылғанша оннан аса шара белгіленген. Соның біреуін ипподромның 90 жылдығына ­арнайын дегенбіз. Өздеріңіз білетіндей, қазір ­карантин жағдайында енді не болатынын да білмейміз...

ТАРИХИ-МӘДЕНИ НЫСАН ОСЫЛАЙША ТОЗА БЕРЕ МЕ?

Директордың сөзінен байқағанымыз, ипподромның 90 жылдығы атаусыз қалғалы тұрғандай. Карантин жағдайын сылтау етіп, ипподромның қазіргі қожайыны «Тенгир-Инвест» ЖШС басшылары да, тарихи-мәдени нысанның директоры да әлі нақты ешқандай шара белгілемеген. Бұлары енді жұмсартып айтқанда, «жаны ашымастың қасында басың ауырмасынның» нағыз өзі. ­Жалпы мұндай мерейтойлық ­шараларды атап өтуге 1-2 жыл бұрын дайындалып, ұйымдастыру жұмыстары қолға алынатыны белгілі. Ал бұларда мұндай жанашырлық байқалмайды. Әрине, қазіргі таңда мәселенің бәрі қаржыға келіп тіреледі. Ипподром ­директоры Юрий Анатолиевичпен сұхбаттасу ­барысында байқағанымыздай, ипподром аумағын жалға алушылар аз емес көрінеді. ­Директор айтқан жекеменшік 40-қа жуық ат иелері мен 4 ат спорты мектебінен бөлек, 1 жаттығу залы, бірнеше дүкен, ­мейрамхана және қонақүй жұмыс істеп тұрғанын көрдік. Біреудің қалтасына түсетін қаржыны санағымыз келіп тұрған жоқ, бірақ тарихи-мәдени нысанды жөндеп, қала тұрғындары мен қонақтары жыл бойы үздіксіз барып тұратындай ­демалыс орнына айналдыруға болатындай қаражат жиналатынын бағамдаймыз. Ал қазіргі жағдайы, атқарып отырған мәдени шаралары өте жұтаң. 3000 адамға арналған трибуна орындықтары тозып, ғимарат аумағы тұтастай жұтаң тартқан. Ветеринарлық кабинет, ат жүзгізетін бассейн бәрі жабылған. Ат қоралар саны бастапқы кезеңмен салыстырғанда анағұрлым азайып, қалғанының өзі ­тозып кеткен. Ипподром аумақтағындағы жолдар ойылып, жаяу жүргіншінің өзі сүрініп, жығылардай күйге түскен. Ипподромның әкімшілік ғимараты мен өзге де нысандардың сыртқы сылақтары түсіп, тозығы жеткені көрініп тұр. Жөндеу жұмыстары жөнінде айтқанымызда директор қазіргі қаржылық жағдайларымен бұл мәселе мүмкін еместігін айтты. ­Ип­по­дромның барлық мәселесіне өзі жауапты екенін айтқан директор тарихи-мәдени нысанның қазіргі қожайыны «Тенгир-Инвест» басшылығына телефон соғудың қажеті жоқтығын айтып, шыр-пыр болды. Бірақ ниеттерінен ­ипподромды дамытуға деген жанашырлық байқалмайды. Бұдан соң, ипподромды 2002-2007 жылдары басқарған, белгілі кәсіпкер, ат спорты жанашыры Нұрлан Тілеулесовке ­хабарласып, тарихи-мәдени нысанның бүгінгі жағдайы туралы пікірін сұраған едік. – Менің ойымша, ипподром ­директоры басшы ғана емес, ат спорты жанашыры, патриот адам болу керек. Өкінішке қарай, ипподромның қазіргі қожайындары да, директоры да ондай адамдар емес. Олар ипподромды жауып, аумағына тұрғын үй, сауда кешенін салмақ болған. Оған біздер қоғамдық кеңес құрып, қарсы тұрып, ол жойдасыз әрекеттерін тоқтатқанбыз. 2018 жылы ипподром тарихи-мәдени нысандар қатарына енгізілген соң, олардың амалы мүлде таусылған. Дегенмен, ипподромның дамуына бір түйір жұмыс атқарып та отырған жоқ. Әйтеуір, болашақта жеріне ие болып қаламыз ба ­деген оймен ғана ұстап тұр. Бірақ ипподром жыл өткен ­сайын емес, күн өткен сайын тозып ­барады. Сондықтан ипподром ­Алматы қала­сында орналасқандықтан Алматы қала­лық әкімшілігі мен өзге де құқық қорғау ­органдары ҚР «Тарихи-мәдени ­нысан­дарын қорғау және пайдалану ­туралы» Заңы шеңберінде тисті шара қолда­нулары керек. Әйтпесе, тарихи-мәдени нысаннан айырылып қалуымыз мүмкін. Біз ипподромның өзге де ардагерлеріне хабарласқанбыз. Олардың бәрі де осы пікірді қолдап отыр. Қорыта айтқанда, Алматы ипподромына жеке тұлғалардың жалдауынан қанша қаржы түседі? Ол қаржы мақсатты жұмсалуда ма? 40 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары неге жүргізілмеген? Алматы ипподромының қазіргі қожайындары «Тенгир-Инвест» ЖШС басшылары ипподромды ҚР «Тарихи-мәдени нысандарын қорғау және пайдалану туралы» Заңына сай неге күтіп ұстамайды? Әлде олар осы заңның 20-бабында тарихи-мәдени нысанды күтіп ұстамаса сот шешімімен мемлекетке қайтарып алатынын білмей ме, заңды көзге ілмей ме? Жалпы Алматы ипподромының болашағы қандай болмақ?.. Ендеше, бұл пікірлер мен редакциялық сауалдарды Алматы қалалық әкімшілігі мен Алматы қалалық прокуратурасына және өзге де құқық қорғау органдарына бағыттадық.

Нұрболат Абайұлы «Ana tili»

1162 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы