• Әдебиет
  • 21 Мамыр, 2020

Ақынға құрмет онлайн-форматта көрсетілді

Шынайы көңіл болса адамды құрметтеуге ешнәрсе де кедергі болмайтын көрінеді. Бұған - 18 ­мамырда мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, әлемге танымал әдебиетші, лингвист-зерттеуші, көрнекті ақын Олжас Сүлейменовтың ғұмырының бір белесіне көтерілуіне орай  Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ақын туған күнін онлайн-форматта атап өтулері дәлел.

Онлайн кездесуді Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов ашып, Нұр-Сұлтан қаласындағы өз үйіндегі Олжас ақынмен тікелей байланысқа шығып, тау тұл­ғаны жеке мерекесімен құттықтап, оқу ордасының атынан бағалы шапан мен гүл шоғын жолдады. Бұдан кейін байланысқа өз студиясынан қосылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, әнші, актер Нұрлан Әлімжан да ақынды құттықтай отырып, О.Сүлейменовтың сөзіне жазылған «Айналайын» әнін тарту етті. Олжас Омарұлын тікелей эфирде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев және ақынның ТМД елдеріндегі және Қазақстандағы ­ардагер волейболшы командалас әріптестері, университеттің оқытушы-профессорлары, студенттері арнайы құттықтап, жылы лебіздерін жолдады. Шара барысында университеттегі Ғылыми кітапхана мен Студент­тік үйлерде О.Сүлейменов шығарма­шы­лығына арналған әдеби бұрыштар ұйымдастырылып, «Қазына» студенттер үйінде ашылған Олжас шығармашылығына арналған арнайы көрме бұрыштың тұсауы кесілді. Бір айта кетерлігі, Қазақ ұлттық аграрлық университетінде тәрбие жұмысының тиімділігін ­арттыру мақсатында 2004 жылдан бері «О.Сүлейменов атындағы Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты» жұмыс істейді. Ақын оқу орнында оқитын, ауылдан шыққан студенттермен жиі кездесіп, әртүрлі шараларға қатысып тұратыны оқытушылар мен студенттердің сөзінен білдік. Ал мұның бәрі жастар үшін үлкен үлгі, таусылмас тағылым. Олжас Омарұлының қол добы – волейбол ойынына құмарлығын жұртшылық жақсы біледі. Ақын студенттер арасында салауатты өмір салтының ұйытқысы болуда. Оның бастауымен университетте ардагерлердің волейбол командасы құрылып, ТМД және Қазақстанның оқу орындары командаларымен жыл сайын мерекелерде турнирлер ұйымдастырылып жүргені де жастар үшін салауатты өмір салтын ұстанудың үлкен үлгісі. 15 жылдан астам уақыт бойы университеттің студент жастарының шынайы жанашыры, ақылман ­атасы Олжас Омарұлының туған күнін ­мерекелеуге арналған мәдени, спорттық іс-шаралар өткізу игі дәстүрге айналған. Алайда биылғы елдегі ­карантин жағдайына ­байланысты «Олжас оқулары» онлайн-режимде өткен. Көрнекті ақынның өлеңдерін әлем тілдерінде мәнерлеп оқу байқауы қашықтан білім алып отырған студенттер арасында осыдан бір ай бұрын жарияланған. Онлайн-кездесуде осы байқауда топ жарған өнерлі студенттер ақынның өлеңдерін қазақ, түрік, ағылшын, француз, орыс тілдерінде айтып берді. Бұл аралықта бір сағаттан астам уақыт өтіп, университет ректоры, ҚР ҰҒА вице-президенті, академик ­Ті­лектес Есполовтың шара басында жолдаған сый-сияпаттарын арнайы адамдар ­Олжас Омарұлына апарып ­табыс етті. Шынайы көңілден жасалған бұл құрметке Олжас Омарұлы да ерекше қуанып, онлайн-кездесуді ұйымдас­ты­рушылар мен оған қатысқан бар­лық тілектестеріне ризашылығын төмен­дегіше білдірді: – Бәріңізге рақмет! Еліміз аман, жеріміз бейбіт күнде жайнай берсін. Мынау карантин режимі тез аяқталып, спорт алаңдарында кездесер күн жақын болсын!

Нұрболат Сұлтанғазы

919 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы