• Тарих
  • 28 Мамыр, 2020

Тағдыр мен өнер жайлы кітап

Сталин дәуірі қазақ тарихындағы ең бір жаралы, ең бір қаралы жылдар. Қазақ тарихындағы ғана емес, күллі КСРО тарихындағы қасіреті қалың, көз жасы көл, құрбаны көп кезең. Елімізде дәл осы кезеңді зерттеп, зерделеп жүргендер көп. Солардың бірі – мәдениеттанушы, Ұлыбританиядағы Уорвик университетінің түлегі Александра Цай. Александра былтыр дәл осы тақырыпта көрме ұйымдастырған. Оның белгілі ғалым Жұлдызбек Әбілхожин, Михаил Акуловпен бірге осы тақырыпта орыс тілінде жарық көрген «Живая память» кітабын да оқырмандары жақсы бағалады. Мәселен, Оксфорд университетінің профессоры, Ұлыбритания ғылым академиясының мүшесі Катриона Келли: «Орталық Азиядағы Сталин дәуірінің репрессиясына арналған жинақтың ең басты артықшылығы – әртүрлі этникалық топты зерттейтін («кеңестік» тілде «ұлттар») әртүрлі зияткерлік дәстүрден шыққан ғалымдардың диалогы» дейді.

Орыс тақырыбын зерттеуші Катриона Сталиннің басқа ұлттарға қатысты ұстанған саясатын да дәл бағамдаған: «1928-1938 жылдары «тұрғындарды» «халықтарға» айналдыру (немесе «Марксизм және ұлттық мәселедегі» Сталиннің терминімен айтсақ, «тайпалар» мен «нәсілдерді» «ұлттарға» ­айналдыру) – тек «ұлт құру» және «мемлекет құру» емес, ­сонымен бірге бүкіл елдегі кеңес азаматтарының құқықтарына және аумақтық тұтастығына қол сұғушылық болды». КСРО құрамындағы өзге ұлттарды (сол кездегі тілмен айтсақ, тұрғындарды) халықтарға емес, бір ғана халыққа айналдыру саясатының қарқыны қандай болғаны айтпаса да түсінікті. Осы саланың жілігін шағып, майын ішкен ­маман Жұлдызбек Әбілхожиннің көлемді зерттеуі бұл процестің қалай жүріп, қалай өрбігенін жан-жақты түсіндіреді. Ғалымның айтуынша, қыл бұрау әуелі қарапайым халықтың мойнына ілінген. Байлар мен дін өкілдері ғана емес, қарапайым шаруа, малшы да қуғынға түскен. «Оңтүстік облыстардың бірінде уәкілеттілер азаматты шақырып, астықты тапсыруды ұсынды. Ол: «астық жоқ» деп жауап берді. Сонда олар оның етігіне су құйып, түнде 25 градус аязда далаға тұрғызды... Штабқа жүкті әйел келді, олар одан астық сұрады. Ода да жоқ астық. Солай олар ол әйелді сабады, әйел сол штабта мерзімінен бұрын босанды. Сонымен, Қазақстандағы дайындама науқаны кезінде шаруаларға қарсы ауқымды репрессия жүргізілді. Сол кезеңде 56 498 ауыл тұрғыны әкімшілік қылмыстық жауапкершілікке тартылды, оның 34121-і сотталды. Тек үш ауданның (Ақмола, Петропавл және Семей) материалдарына сәйкес, 1928/29 және 1929/30 жж. бұл аудандарда 23 миллион рубльге жуық айыппұл төлетілді және мүлік тәркіленді, 54 мың бас мал, 630 мың пұт, 258 түрлі ғимарат тәркіленді». «Балқаш облысында 173 мың бас мал болатын, бірақ жоғары жақ олардан 300 000 бас мал талап еткен. Немесе жүнді тапсырысқа сай орындау үшін қойды қыста да қырқып, қырып алған жағдайлар болған. Іле және Шоқпар ауданының малшыларынан астық талап етіп, олар 15 фунт астық үшін қой, ал төрт пұтқа жақсы жылқы немесе ересек түйе беруге мәжбүр болған. Яки жүн, шикізатты жоспарға сай орындай алмай, тұрғындардан жылқылардың құйрығын кесуді талап еткен. Оны орындаудан бас тартқан қазақтарға шошқа етін жегізген» дейді ­тарихшы Жұлдызбек Әбілхожин. Александра Цай кәріс ұлтының қуғынға ұшыраған тарихын қозғап: «КСРО Халық ­Комиссарлары Кеңесінің және БК(б)П Орталық Комитетінің 1937 жылы 21 тамыздағы В.Молотов және И.Сталин қол қойған «Корей халқын Қиыр шығыстың шекара ауданынан жер аудару ­туралы» қаулысынан кейін 172 мыңнан астам адам Өзбекстан мен Қазақстанға күшпен көшірілді, олардың 98 мыңы Қазақстанға жіберілді» дейді. Жиналуға бір ғана тәулік уақыт берілген. Адамдар біресе заттарын буып-түйіп, біресе туыстарын іздеп, аласапыран бір уақыт басталған. Оларға қалған үй-мүліктерінің өтемақысын төлейтіні ­туралы айтқанымен, кейін дүние дауламақ түгілі, қарақан бастарын сауға көруге мәжбүр болды. «Бірнеше жыл бойы бөліп орналастырған ұжымшарларынан кету құқығы болған жоқ, ары-бері қозғалыс құқығы мен тұратын мекенін таңдау құқығы да болған жоқ. Олар әупірімдеп тірі қалып, отбасы мүшелерінің амандығын ғана ойлайтындай жағдайда болды. Асығыста салған жеркепелер мен барақтарда қыстың қақаған суығына төзу өз алдына, азық-түлік тапшылығы, бейтаныс жер мен жаңа климат та оңайға соққан жоқ. Тәннің қиындығына ұжымдық психологиялық жарақат қосылды. Адамдар ешқандай кінәсіз мемлекеттік аппараттың жазасына ұшырады. Өкімет оларды сатқын болуы мүмкін деп санады, сондықтан осындай шара қолданған. ...Жылдар өтсе де, қанша ұрпақ ауысса да, корейлердің жер аударылуы мен олардың Орта Азияға келуі туралы естелік әлі де жадымыздан өшкен жоқ». Сталиндік режим ешкімді аямады. Оның қыспағынан аман қалу – бақыт еді. Жыл өткен ­сайын оның қаһары күшейіп, елдің зиялы қауымының жолын байлады. Кітапта өзбекстандық автор И.Савицкий атындағы мұражайдың директоры ­Мариника Бабаназарова бірнеше суретшінің өмірі, туындылары туралы мақала жариялаған. Сонда ­Михаил Курзин есімді суретшіні КСРО-ны насихаттайтын плакаттар салуға мәжбүрлегені жайлы ­баяндалады. Өте тәжірибелі, шебер суретші ­КСРО-ны жан-тәнімен жек көріп, көшеде балағаттап жүреді. Бірақ жоғары жақтың айтқанын орындап, оларға керек суретті салады. Салғанда, ­жаман, ұсқынсыз қылып салғысы келсе де, олай істей алмай қиналады. Өзі жек көретін тақырыпта әдемі сурет салу суретшіні одан сайын қасіретке ­салады. Әлбетте, ол суретші де итжеккенге ­айдалады, кейін қайта оралып, жоқшылықтың шырмауынан шыға алмай, сурет салуға рұқсат ала алмай, 1957 жылы құсалықпен жүріп, өмірмен қоштасқан... Сталиндік репрессия бүтін бір құрлықты суша сапырып, әр тағдырға қасірет күйесін жағып, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін еңіретіп, тентіретіп жіберді. Сол тозаққа түскен қай тағдыр жайлы оқысаңыз да, жаныңызға жара салмай қоймайды. Осы ­туралы Ұлыбританияның Лидс университетінің PhD кандидаты, суретші Әсел Қадырханованың сауатты зерттеуі мен ерекше инсталляциялары бірден ­назар аудартады. Мына инсталляция «Машина» деп аталады. 1929 жылғы ескі жазба машинасының ­артында тұрған, жан-жағындағы үкімді көресіз. Оның үстінен тартылған мыңдаған қызыл жіп жазықсыз қаны төгілген миллиондардың тағдыр жібі тәрізді. «Жұмысты жасау процесінде әр жіпті қолмен иірдім – оны бірнеше рет қайталау – ритуалдық қайғы актісіне айналады. Бұл жұмыстың мінсіз нұсқасында мен жою машинасынан зардап шеккендердің барлығына да арнап жіп иіргім келеді: ол мың адам емес, жүз мыңдаған адам» дейді автор. Бұл кітаптың басты ерекшелігі – «Жанды ауыртатын бұл тарихты білу бізге не береді?» деп сауал қояды. Оған авторлар өздері жауап іздейді: бүтін бір дәуірге келген кесапатты емдеу қиын. Оны уақыттың еншісіне қалдырып, жылы жауып қою да дұрыс емес. Білейік. Зерттейік, көптің көрген қасіреті, жарасы ұрпақтарына да беріледі, соны бірге емдейік деген ой жатыр. Авторлардың әлемдік дәрежедегі психолог, философ сынды әр саланың мамандарынан пікірлер келтіріп, сол оқиғаға басқаша қарауға шақыруы, жараны өнермен емдеуге тырысуы да кітаптың ­сапасын көтеріп, құнын арттырады. Кітапта шебер суретшілердің өмірі талқыланып, бүгінгі заман суретшілерінің ойлы инсталляциялары беріліп отырғандықтан, менде бір ой қалыптасты: кез келген қиындықты өнермен жеңуге болады, «Өнерлінің өрісі кең», ғұмыры да ұзақ, емі де күшті.

Кәмшат Әбілқызы

870 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы