• Тарих
  • 28 Мамыр, 2020

МҰСТАФА ШОҚАЙ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІК МӘСЕЛЕСІ

ХХ ғасырдың басында саяси сахнаға келген Алаш жетекшілері ­артына мол мұра, мәңгі өлмес тамаша идеялар қалдырғаны белгілі. Солардың ең бастысы, азаттық пен тәуелсіздік үшін күрестің негізгі мақсаты қазақтың егеменді, «іргесі бөлек» тәуелсіз, ұлттық дербес мемлекетін құру болатын. Еркіндік пен дамудың алғышарты болуға тиісті мұндай ұлттық құрылымды Алаш зиялылары буржуазиялық демократиялық республика ретінде ұғына отырып, оны ұлттық мүддені қорғайтын, қазақ елін Еуропалық өркениетке жетелейтін бірден-бір дұрыс жол деп санады. Ұлттық мемлекеттілік мәселесіне ерекше көңіл бөлген Алаш ұлт-азаттық қозғалысының оң қанатын ұстанған Мұстафа Шоқай еді. Азаттық сезім сонау балалық шақтан бастау алғанмен ол тәуелсіз мемлекеттілік идеясына тұп-тура жолмен келе алған жоқ. Патшаның жергілікті шенеуніктерінің Шоқай әулетіне жасаған озбырлықтарын естіп, көріп өсті. Сыр еліне танымал әулеттің отбасында ол кезде бүгінгідей жазба әдебиеттер өте сирек болғанымен, атадан балаға мирас болып келе жатқан, талай ел билеген хандар мен өз жерін қорғаған батырлар туралы толып жатқан аңыз дастандар аз болмады. Соларды бала Мұстафа жадында сақтап, оларды өмір бойы рухани азық етті. Ташкенттің ерлер гимназиясын өте жақсы бітіргенде өзіне тиісті алтын медальды өлкенің генерал-губернаторы А.Самсоновтың орыс баласына жаздыруы бұрынғы сезім, түсініктерді күшейте түсті. Елде орысша оқып, гимназияда оны жетілдіре түскен Мұстафа сол кездегі Түркістан аймағының бас қаласы Ташкентке елден келген кісілердің өтініш-арыздарын шешуге қатыса отырып, жергілікті әртүрлі ұлт өкілдері арасындағы әлеуметтік теңсіздікті көзімен көрді.

Мұстафа Шоқайдың қоғамдық-саяси өмірінде Петербург университетіндегі оқуы ерекше рөл атқарды. Мұстафа ең алдымен заң факультетінде терең білім алды, студенттермен бірге қоғамның саяси өміріне белсенді араласты. Ресей мұсылмандары қоғамдық ұйымдарының Орталық комитетінің жұмысына ­тартылуы, Әлихан Бөкейханның ұсынысымен Мемлекеттік Думаның жанындағы Мұсылман фракциясының бюросында қызмет етуі, т.б. шынайы ­саяси университет болды. Мұстафа Шоқайдың ­саяси көзқарасына Алаштың алғашқы ағартушыларының еңбектері де әсер еткені даусыз. Әйтпесе, 1931 жылы жазған «Ұлттық зиялы» атты мақаласында «аса дарынды, мол білімді көсем боларлық деңгейге көтерілген қыр ­баласы» деп атаған Шоқан Уәлихановтың: «Халықтың қалыпты түрде өсуі үшін ол дамудың қандай деңгейінде тұрса да: өзіндік ­дамуы, өзін-өзі корғауы, өзін-өзі басқаруы және өзіндік соты болуы қажет» дегенін білмеуі мүмкін емес. Қол жеткен ұлттық әдебиет үлгілерін назардан тыс қалдырмай жүрген, 1916 жылғы көтеріліс мәселелерімен Торғай даласында болған Мұстафа Шоқайдың сергек саяси ­саналы Ыбырай Алтынсариннің отарлық саясатқа сәйкес ішкі Ресейден ағытылып келіп жатқан келімсектерге байланысты: «Егер істі дұрыс жүргізе білмесе, онда айттым да қойдым, қазақтар – келешегі жақсы деп үміт етіп отырған осы халық тез құрып кетеді, содан кейін бұл істі ешқандай түзете алмайсың» дегенін естуі ғажап емес. Сонау Францияда жүріп, туғанына 30 жыл толуына байланысты арнайы жазылған мақаланың иесі хакім Абайдың «Жиырма бесінші сөзіндегі»: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. ­Залалынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек» деген ойларын білмеді дей ­алмаймыз. Міне, осының бәрі туасы зерек пенденің зердесінде лайықты орын алған. Тілі бөлек, діні бөлек, сондықтан ділі бөлек халықтың тілінің, өнерінің пайдасын қазақ халқы әлі кем көріп келе жатпағанымен, оның залалы неде екен деп бір сәт ойланбай, оның тек тілге ғана қатысты емес екеніне осы кезге дейін мән бермей келеміз. Соның сан салалы салдарын қазір бастан кешірудеміз. Мұстафа Шоқай 1917 жылы сәуірдің басында, Петербургтен кетер алдында бұрыннан таныс, сол тұста бүкіл ­Ресей ауқымында маңызды рөл атқарған Петербург жұмысшы және солдат ­депутаттары кеңесінің төрағасы ­Николай Семенович Чхеидземен кездеседі. Араларындағы сұхбат Түркістан ­туралы болады. Н.С.Чхеидзенің өздерінің бастаған жұмысының жайы туралы сұрағына Мұстафа: «Біз Түркістанның ­автономия алғанын қалаймыз. Сондықтан автономияға әзірлік жасап ­жатырмыз» деп жауап қайтарады. ­Чхеидзе бұл жауаптан шошып кетіп: «Құдай сақтасын, Шоқайұлы жолдас, еліңіздегі жерлестеріңіз арасында автономияны ауызға алмаңыз. Біріншіден, қазір бұл туралы сөз қозғау ерте. Екіншіден, сіздің Түркістан сияқты елде автономия дереу дербестік алып, бөліну деген мағынаны аңғартады» дейді. Бұл пікірге Мұстафа Шоқай бірден автономия жариялау ­немесе елді осылай басқаруды талап етуді құрылтай жиналысынан күтіп жүргенін, болашақта мемлекет пен халықты осы автономияға әзірлеу жұмысымен айналысып жатқандарын түсіндіреді. Ал оны шошытқан бөліну жайындағы мәселе жөнінде «орыс революцияшыл демократиясы ұлттардың бостандығы туралы талай жылдан бері көтерген ұранына берік болса, бөлінуден қорқудың реті жоқ» екенін айтады. Осы кездесуден екі мәселе туады. Бірінші, бұл кезде Алаш көсемдерінің автономия алуға берік бекінгендерін байқатса, екінші, сол кезде орыс революциясының бас өкіліндей дәрежедегі лауызымды кісімен осылай сөйлесе алу Мұстафа Шоқайдың да саяси өресін танытатын еді. Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалы­сының қол жеткізген алғашқы көрінісі, бар-жоғы 64 күн өмір сүрген Түркістан Мұқтарияты еді. Алайда кеңес үкіметі оны қанды қырғынға ұшыратып, оның басшысы болған Мұстафа Шоқай тағдырдың жазуымен Францияға ­кетуге мәжбүр болды. Бұл жағдайлар күрес мақсатын қайта қарауға мәжбүр етті. 1923 жылы Париждегі «Orient et Occident» журналында жарық көрген тұңғыш француз тілінде жазылған «Түркістан ұлттық қозғалысы» деген мақаласында «автономия бағдарламасының орнын енді тәуелсіздік бағдарламасы басқаны» жөніндегі пікірін ашық әрі жан-жақты дәлелдеді. Бұл идея Франция Сыртқы істер министрлігі мұрағатында сақтаулы «Түркістан ұлттық қозғалысының мақсаттары мен міндеттері» деген француз парламентінің депутаты Жео Жеральдқа жолдаған көлемді материалда да баяндалды. Ал кейін Түркістан үшін күрес туына айналған «Яш Түркістан» журналының 1929 жылғы тұңғыш ­санында жарияланған «Біздің жол» атты мақаласында Мұстафа Шоқай былай деді: «Біздің мұратымыз – Түркістанда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттік құрылымға қол жеткізу болмақ. Сонда ғана халқымыз өз жерінің нағыз қожасы бола алады». Бұдан Алаш ардақтыларының бағытын қатаң ұстанған, өз кезіндегі адамзат баласының қолы жеткен әлемдік тарих және әлеуметтік саяси ой-тұжырымдарынан жақсы хабардар жанның рухани қуат-қарымын айқын тануға болады. Мұстафа Шоқай ұлттық мемлекеттілік мәселесіне кейін де қайта-қайта оралып отырды. Егер 1931 жылы жазған «Кеңестік Орта Азия федерациясынан Түркістан ұлттық тәуелсіз мемлекетіне» атты мақаласында: «Келешектегі тәуелсіз Түркістан үкіметінің ең басты міндеті – байыпты да парасатты саясат жүргізе отырып, бүкіл түрік ­атаулыны бір қазанда қайнатып, ақырында бір ұлы ұлттық мемлекет түзу болып ­табылады» деді. Осы жылғы «Орта Азия бюросы» деген мақаласында Өзбек, Түркімен және Тәжік республикалары ­Украина, ­Белоруссия мен Кавказия федерациясындай Кеңестер Одағының тең құқықты мүшелері сияқты көрінгенімен, ­оларды басқаратын Түркістанда құрылған Орта Азия Бюросы Мәскеуге байлаулы болғанын, Бюроның барлық лауазымды кадрларын Орталық бекітетінін жаза отырып, Мұстафа Шоқай болашаққа үміт ­артып: «Біздің болашағымыз, біздің ұлттық төңкерісіміз бен ұлттық мемлекетіміз жастарымыздың үміті мен сеніміне байланысты» ­деген еді. Ал 1935 жылы «Түркістан туралы француз тілінде жарияланған мақаласында» автор большевиктерге қарсы жүргізіп жатқан күрестерінің, барлық іс-қимылдары мен тәсілдерінің негізгі мақсатын нақты көрсетті: «Біздің ұлттық талаптарымыз – Түркістанды жат жұрттықтардың тепкісінен біржола құтқарып, өз тәуелсіздігімізді өз қолымызға алып, ұлттық мемлекетімізді құру». Бұл идея осыдан екі жыл кейін жазылған «1937» атты мақалада да жалғаса түсті. Онда Мұстафа Шоқай 1917 жылғы «Ұлы төңкеріс» деп атаған Ақпан төңкерісі патшалық отарлық жүйені тас-талқан қылып, оның тепкісіндегі халықтардың өз тағдырын өзі шешуіне қадам жасатып, олардың ұлттық мемлекеттігін құруына жол ашқанын, алайда ол орыс пролетариатының диктатурасын орнатқанын жазған болатын. Дегенмен, басты мұратты әсте естен шығармаған қайсар күрескер барлық күш-қуат пен ақыл-парасатын атамекенінің азаттық күнін жақындатуға жұмсайтынын ­былайша бейнеледі: «Біз халқымыздың құқығы үшін, ұлттық мемлекетін құру сәтін жақындату үшін күресеміз. Біз мемлекетімізге қол жеткенін көріп қана қоймай, оны құру істеріне де қатысқымыз келеді». Ал Түркістанда құрылатын мемлекеттің басты сипаты ұлттық болуының аса қажеттігін Мұстафа Шоқай өзінің 1936 жылы Берлин радиосынан сөйлеген сөзінде: «Түркiстанның мақсаты – өзінің құрылысы – миллет (ұлттық – Ә.Б.) үкіметін құрып, дербес боп, өз алдына бір өкімет болып тұру» деп атап көрсетті. Кеңестік шындық көрсеткендей, Қазақстан пролетарлық Ресейдің құрамында ұлттық ұғымнан тіптен алшақ мемлекет болып құрылды. Ол Мәскеуге бағынған, өз тізгіні өзінде емес, принципті мәселелерін тек орталық шешетін тәуелді республикалардың біріне айналды. Қазақ қауымы саяси һәм рухани еркіндікте болудың орнына, неше түрлі саяси, әлеуметтік һәм құқықтық түрлі зобалаңдарға душар болды. Ең негізгісі – осылардың салдарынан Қазақстан типтік ұлттық мемлекет ретінде де, қазақ халқы шынайы ұлт есебінде де толыққанды қалыптаса алмады. Соның зардаптары қазір де алға еркін жылжуымызға көп кедергі келтірумен келеді. Кешегі қайта құрудан басталған егемендіктің елең-алаңындағы ұлттық рух, қайта түлеуге ұмтылыс тәуелсіздікке жетуден ары ұзап кете алмады. Социалистік интернационализм идеясымен уланған санамыз Алаш арыстары аңсаған азаттықтың асқақ идеясымен батыл жаңармады, тәуелсіздіктің тәтті суымен суарылмады. Мемлекетіміздің алғашқы құжаттары – Еліміздің егемендігі туралы декларация мен Мемлекетіміздің тәуелсіздігі туралы конституциялық заңда ұлттық мемлекеттілікті сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданылады деген аса мәнді қағиданы жүзеге асыруда батыл қадамдар жасалынбады. Кейінгі ресми құжаттарда «ұлттық мемлекет» дегенді қолдана бермейтін болдық. Бұл ұғым ресми құжаттарда, лауазымды басшылардың баяндама, мақалаларында айтыла да, жазыла да бермейді. Сонда Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақтың үлес салмағы аздау кезде ұлттық мемлекеттілікті аңсадық та, ал халқымыз қазақстандықтардың басым көпшілігі болғанда оны ұмытқанымыз ба? Мәселені бұлай айтуымыздың қағидатты мәні бар. Біздің қазіргі кенжелеу келе жатқан рухани дүниеміздегі қайшылықты мәселелердің көбі мемлекетіміздің ұлттық сипатының, оны орнатушы және осы аймақта көпшілікті құрап отырған өз ұлтымыздың толық­қанды болуын ойлай бермеуден болып отыр. Оның үстіне қоғамымызда орын алған таңдамай, талғамай Батысқа табыну факторлары кешегі қоғамдағы ұлтсыздық сананың қайта белең алуына жол ашты. Мұның барлығы белгілі дәрежеде ұлттық болмысымыздың күңгірт тартуына әкелуде. Кез келген мемлекеттің ұлттық ­сипатын айқындай түсетін фактор, ол елдің заң шығару қызметін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді органы – Парламент. 1990 жылғы 25 қазанда «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі ­туралы» Декларацияда «Республиканың барлық ұлт азаматтары Қазақстан халқын құрайды әрi ол Қазақстан Республикасында егемендiктiң бiрден-бiр иесi және мемлекеттiк өкiмет билiгiнiң негiзi болып табылады, мемлекеттік өкiмет билiгiн Қазақстан Республикасы ­Конституциясы негiзiнде тiкелей де, өкілдi органдар арқылы да жүзеге асырады» деп айқын жазылды. Сондай-ақ Ата Заңымыздың 1-бабында «1. Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп атап көрсетілген. Кейде осыларды қатаң ескере бермейтін сияқтымыз. Әйтпесе, халқымызды өзінің бірден-бір өкілді органы Парламентке тікелей сайлану құқығынан неге айырдық? Халықтың өз өкілдерін тікелей сайлай алуы Парламенттің демократиялық сипатын арттырып, оның Ата Заңымызда, арнайы конституциялық заңда айқындалған саяси-құқықтық құзыреттерін молырақ пайдалануға жол ашар еді. Сонда жалпы мемлекеттік билік тармақтарының ішінде бірден-бір демократиялық ұстанымы да, ұлттық ­сипаты да айрықша көрінетін халықтың өкілді органы Парламент деген ежелгі қағидаға қайта оралып, қоғамдағы жаңарулар мен жаңа түлеулер соғұрлым ­артып, демократиялық һәм ұлттық факторлар жандана түсер еді. Өркениетті елдер тәжірибесі алдымен мемлекет құраушы ұлттың мүдделерін ойластырады. Бұл, біріншіден, басқа ­этнос өкілдерінің мәселелерін шешудің алғышарты болса, екіншіден, ол мемлекеттің ұлттық ­сипаты жағдайында ғана мүмкін бола алады. ­Былайынша айтқанда, қазақтың шынайы ұлттық мәселелері жалпы қазақстандық деңгейге көтерілмейінше қоғамның ­алдында тұрған аса зор міндеттерді жүзеге асыру қиын. Бәлкім, мұны бұрынырақ айту оңай бола қоймаған шығар, ал қазір қазақ өз жерінде қайтадан басымдыққа ие болып отырғанда жалтақтамауға әбден болады ғой деп есептейміз. Ұлттық жаңару, рухани жаңғыру дегеніміз басқа этнос өкілдерімен мәдени өзара қарым-қатынасқа, әсерге түсе отырып, ұлттық болмысымы бен қабілетімізді, ұлттық бірегейлікті сақтау болатыны белгілі. Бұл бағытта осы бір кең-байтақ мекенде қоян-қолтық жүзден астам ұлттар мен ұлыстармен бірге бола отырып, бірге өмір сүре отырып, халқымыз көп нәрсені көрді, көп нәрсені рухани қазынасына ілді. Әсіресе, ғасырлар бірге болып, бірге өмір сүріп, қоян-қолтық қарым-қатынасқа түскен, орыс халқынан алғандарымызды ­мойындамау әділетсіздік болар еді. Басқа этнос өкілдерінен көрген үлгі-өнеге де аз емес. Ала алмасақ, өз кінәміз. Алайда кейде өзімізді жоғалтып алып жүрген кездерімізге де көз жұмуға болмайды. Осы сәтте Мұстафа Шоқайдың сонау 1937 жылы жазған «Кеңестер Одағындағы ұлттық мемлекет мәселесі» деген мақаласындағы: «Орыс мектептерінде оқып, орысша тәрбие алған орыс емес ұлт зиялылары, өздері меңгерген ғылым-білімдерін туған халқының игілігіне жұмсай алмай, орыс зиялыларының ­тобын көбейтіп, орыс білімін толықтыру үшін қызмет етті» дегені еріксіз еске түседі. Бұған мұндай орыс тілді ­«зиялы» ағайындарымыздың орыс тілін ­шырылдап қорғауын қосуға болады. Шынына келгенде, орыс тілі біздің қорғауымызға тіпті мәжбүр емес. ­Осылай кейде кешегі құлдық ­психологиядан толық айырыла алмау, өзгеге жалтақтау, басқаға жөн-жосықсыз еліктеу, саяси белсенділігіміздің әлі әлсіздігі, рухани жұтаңдық, міне, осының бәрі айналып келгенде, бір жағынан бұл мәселеге жете көңіл бөлмеуден ­туындаса, екінші жағынан ұлттық мәселелердің толыққанды шешілуіне тұсау болып отыр. Рас, рухани сала қоғамның басқа қырынан кенжелеу жүретіні ежелден аян. Алдымен экономикалық мәселелерді шешеміз, содан кейін басқа салаларға көшеміз деп жүріп, рухани дүниелерімізді кешеуілдетіп алдық. Меніңше, саяси-экономикалық салалармен қоса, ­рухани мәселелерді де қатар алып жүру ­керек еді. Қоғамның өзі тұтас бір дүние емес пе? Сол себепті қоғамды құраушы негізгі салаларды бір-бірінен бөліп, оларды кезекке қоюды түсіну қиын. Оның үстіне ретсіз Батысқа еліктеу, ұлттық құндылығымыздың негізі болып саналатын ұлттық тілімізге толыққанды ие бола алмау, соның салдарынан ұлттық ділімізді әлсіретіп алу жоқ емес. Қазақтың ұлттық мемлекеттігін ұйымдастыруда, ең бірінші, қазақ осы жердің, елдің иесі, осыдан бес ғасырдан астам осы алып өлкеде қазақ мемлекетін құрған ұлт ретінде, Қазақстанды өздерінің Отаны санайтын барлық басқа этнос өкілдері нәсіліне, тілі мен діліне, дініне қарамай ортақ құндылықтармен біріге түсуі аса маңыз­ды мәселе. Бұл ба­ғыт­та халқымыздың ұлттық ділінде жатқан дәстүрлі мәдениетінің прогрессивті белгілерін – бостандық пен бейбітшілік сүйгіштік, өзара адамгершілік сыйластық, бірлік пен тұтастық, ынтымақтастық және төзімділік, таби­ғатқа ерекше қатынас, үлкендерге құрмет, тұрмыста ізгілікті мінез-құлық, ұрпақтар жалғастығын сақтау сияқты адами қасиеттерді ­дамыту аса маңызды деп ойлаймыз. Бұл ­алдымызда тәуелсіздікті тұғырлы етуде, Мәңгілік ел болудың аса қажетті де даусыз компоненттері екеніне көзіміз жеткені жөн. Мұстафа Шоқай «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл» деген еді. Алайда қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болғанына 30 жылдан асса да, ұлттық сананың толыққанды қалыптаса алмауы­нан жоғары білімді қазақ жастарының көбісі, облыс орталықтарында, ірі қалаларда қазақ мектептерін бітірген ұл-қыздарымыздың өзі орыс тілінде сөйлеуге икем. Елімізде аралас мектептер бүкіл орта мектептердің 20 пайызын құрайды. Бұл қоғамымызда орыс тілінің қазіргі жағдайында қазақ тіліне қызмет етіп отыр деп айту қиын. Осы жерде ­Елорда өмірінен бір мысал келтіре кетейін. Қаладағы Кенесары, Абай және ­Сейфуллин көшелерінің бір-бірімен тұстас жерінде төрт мектеп орналасқан. Тікелей жүрсе, ең шеткі мектептердің бірінен біріне он минутта жетуге ­болады. Осы төртеудің біреуі ғана таза қазақ мектебі. Ол жылда қиналады. Тіпті, бірде осы №56 мектеп балалар қабылдай алмаймыз деп хабарландыру жазуға мәжбүр ­болды. Мұнымен санасатын тиісті әкімшілік те, оқу орнын басқаратын мекеме де байқала қоймайды. Аудан әкіміне де қай жылы халықпен кездесуінде арнайы айтқан болатынбыз. Ең негізгісі, халықпен кездестік деп белгі қойылды, жоғары жаққа есеп берілді. Кешегі ғасыр басында, қазақтың әлі ұлттық болмысы толықтау кезінде ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлының бастауыш мектепті бес жылдық етейік, оның үш жылында ұл-қыздарымыз ана тілінде білім алып, төртінші кластан (ол кезде осылай аталатын – Ә.Б.) орыс тілін оқытайық дегені бүгін аса қажет болып отырса да, мұны лауазымды басшылар естімеген, білмеген болады. Бәлкім, олар қазақша оқи алмайтын, қазақша білмейтіндер болуы мүмкін. Ал орыстың ұлы педагогі К.Д.Ушинскийдің өзі білім мен тәрбиені ұйымдастырудың аса маңызды қағидаттарының бірі деп оның халықтық сипатына ерекше мән берген болатын. Сол себепті ол жас ұрпақтың дене, ақыл-ой және адамгершілік тәрбиесі мен оқуы ана тілінде жүзеге асырылуы қажет деп есептеді. Өкінішке қарай, ұлттық рухсыз жоғарыдағы ұлы ғалым, педагогтар өсиеттері желге ұшқанмен бірдей болып тұр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ана тіліміздің ұлтаралық қатынас тілі болуын күн тәртібіне қойып отыруының аса маңызды екенін қоғамның терең түсінуі қажет-ақ. Тіл мәселесін әңгіме еткенде соңғы бір ғасырда мемлекетіміздің әліпби жүйесінің тұрақты өзгерумен келе жатқанын айтпай кетуге болмайды. Әсіресе, кириллицаға ауысып, көптеген қиыншылықтарға ұшырадық. Ең қиыны ұлттық үнімізден жаңылдық. Жастау кезімізде Мәскеуде болып, метромен жүргенде біздің орысша сөйлескен сөздерімізді естіп жергілікті үлкен кісілер, әсіресе әйелдер «Сіздер қай ұлттың өкілісіздер, қалай орысша таза сөйлейсіздер» деп таңғалысатын. Шындығында орыс үніне өте жақын сөйлейтіндер қырғыздар мен біздерміз. Бұл біздің жетістігіміз емес, ұтылысымыз болатын. Мемлекеттің ұлттық сипатын айқындай алмайынша, ұлттық мүддеге деген көзқарас түзелмейтінін естен шығармауымыз керек. Билік төңірегінде жүрген қаракөздеріміздің шынайы ұлтшылдығы кемшін. Осы ұлтсыздық сана ұлттық ойлау жүйемізді бұзып, ұлттық ­танымымызды әлсіретіп отыр. Бізге «бұл ең бірінші кімнің мемлекеті, алдымен кімнің «сойылын соғып, жыртысын жыртуымыз» керек, кімнің мүддесін ­ойлауымыз қажет» деген тұрғыда ойланатын мезгіл жетті. Ал ұлттық мемлекет дегеніміз бүгінгі күні тәуелсіздігімізді нығайту, экономикалық жүйемізді түбірінен жаңарту, демократиялық принциптерді орнықтыру, еліміздегі этнос өкіл­дерінің және әлем­дік мол мәдени құн­ды­лықтарымен байыған қоғамдық азат сананың үстемдігіне жету. Бүгінгі күрделі мәселелердің бірі – ұлттық тәрбие. Бұл барлық тәрбие жұмысының негізі, өзегі және ол алдымен отбасында толымды ­бастау алуы қажет. ­Онсыз кейінгі тірліктердің көбісі тиісті нәтиже бере алмайды. Мұстафа Шоқай өмірінен бір мысал келтіре кетейік. ­Отбасы ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы деп ұғынған ата-ана балаға қажеттіден еш тартынып қалмаған. Тіпті «Саяхат шегуді білімнің бір көзі» деп санаған бала Мұстафа әкесімен бірге Түркістан өлкесімен Ресей қалаларында, Уфа, Қазан және Кавказда бірнеше рет болған көрінеді. Қазіргі күнгі көптеген қазақ отбасы бала тәрбиесінде үлгі көрсете алмай отыр. Әсіресе, ұлттық тәрбие мәселесі қаға берісте қалып келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Теледидардан да, қарапайым тұрмыстан да батыстың ­жаман әдеттерін көре-көре көзіміз үйреніп, етіміз өлді. Сағызша созылған сериалдар теріс тәрбиеден басқа тәлім беріп жатқан жоқ» деп жазылғандар біздің бүгінгі күніміздің де шындығы болып отыр. Әлдеқалай теледидар көргің келіп ­экранды ашып қалсаң, қисаң-қисаң ­еткен ұл-қыздарымыз бен, кешірерсіздер, жағаласып жатқан шетелдік ерлі-­зайыптылар. ­Сонда тәуелсіздік жылдары қоғамдық өмірімізден, халқымыздың шынайы тірлігінен ештеңе таба алмағанымыз ба? Кешегі кеңес өкіметі тұсында Мәскеу ұлттық республикалардағы аралас некелерге қол соғып, бұл нағыз интернационалдық отбасы деп барынша насихатталды. Сол кездегі партиялық жұмыстың идеология саласында қызмет ететін өзіміз де мұндай тақырыпқа тағы қандай материалдар табылар екен деп алақанымызды уқалап отырдық. Ал кейінірек ойланып қарасақ, бұдан біздің халықтың ұтқанынан ұтылғаны көп сияқты. Отбасында аралас некенің үстіне тиісті ұлттық тәрбиенің әлсіздігі, ­кейде жоқтығы жағдайында алдымыздағы ардақты ағаларымыздың ұрпақтарының тағдырының қандай болғанын білеміз, ондай мысалдарды бүгін де көріп жүрміз. Сонау әз Тәуке хан кезіндегі алғашқы дін басы болған Мүсірәлі Хазіреттің дін жолымен аралас некеге тыйым салғаны, оған қашырды мысалға келтіргені сияқты аңыз еске түспей қалмайды. Кеше ата-бабаларымыз келін таңдағанда оның тегіне ерекше көңіл бөлетіні жайдан-жай болмаса керек. Ұлттық отбасы – ұлттық мемлекетіміздің негізі. Сондықтан да осы бір аса нәзік адам баласының теңдесі жоқ ұясының төңірегінде қордаланған мәселелерді жан-жақты ойланып, мемлекеттік арнайы бағдарламалар ­жасалып, қабылданып жатса, ортақ ісіміз ұтар еді. Бұл бүгінгі үйленгендердің әрбір екіншісі ажырасып жатуларының толып жатқан себеп-салдарларын шешуде де пайдалы боларына дау жоқ. Қорыта келгенде, Мұстафа Шоқайдың тәуелсіз һәм ұлттық мемлекеттілік туралы идеялары мен ой-тұжырымдарынан туындайтын мәселелерді бүгінгі заман ұсынып отырған өнегелі істермен байланыстырып, шешуге батыл ұмтылу Қазақстанымызды кемел келешекке жетелейтіні даусыз. Бұл бар ғұмырын өз елінің азаттығы жолына арнаған, қажет болған кезде өзін құрбандыққа шалған қайсар саяси тұлғаның өмір бойғы асыл арманы да, сергек сенімі де болатын.

Әбдіжәлел Бәкір, саяси ғылым докторы, профессор

2118 рет

көрсетілді

119

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы