• Әдебиет
  • 28 Мамыр, 2020

МАҚСАТҚА ЖЕТКІЗГЕН НАМЫС

Әріптес іні, қаламдос дос туралы сөз қозғау бір жағынан оңай, екінші жағынан қиын. Оңай дейтініміз – кейіпкермен өмір соқпақтарында араласқандықтан біршама білетіндейсің, қиын дейтініміз – әр пенденің өзіне тән ерекшеліктері болатындықтан, беймәлім жайлар да кезігері заңды. Раукен Отыншинмен сыйластықта жүргенімізге отыз жылдан асыпты. Мен облыстық «Коммунизм жолы» газетінің бірнеше аудандар ­бойынша меншікті тілшісімін, ол газет редакциясының хатшылығында қызмет атқарды. Жылына бірнеше мәрте облыс орталығына шақырылып, редакция аппаратына есеп береміз, нұсқау-тапсырмалар аламыз. Заманның ағысынан шығар, ұжым ­аппараты мүйізі қарағайдай, атағынан ат үркеді дейтіндей ағалардан құралған. Ортасында қағілез балғын жігіт Раукен. Қимыл-қозғалысы салмақты, көп ішін бермейді, кісіге жанасқыш, қай шаруаны да екі айтқызбай тиянақты үлгереді. Сонан бері қаншама су ақты, екі қоғам алмасты, адамдардың дүниетанымы өзгерді. Отыншин үнемі өсу ­жолында қанатын қатайтып, алпыс жасты еңсерді...

Қазір ол – өлкеге ­танымал азаматтардың бірі, құрамына облыстық «Ақтөбе», ­«Актюбинский вестник» газеттері мен екі журналды біріктірген «Ақтөбе-Медиа» ЖШС-інің директоры, Қазақстан ­Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының Саяси кеңесінің мүшесі, Қ.Жұбанов атын­дағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік уни­верситетінің құрметті профессоры, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымы төралқасының мүшесі. Сағызбайұлының қызметтік анкетасына үңілген адам бұдан басқа да жағымды сипаттарына көз жеткізер еді. Облыстық газет ­редакциясында танысқан екеумізді тағдыр «Қазақ­­стан-Ақтөбе» ­телекомпаниясына ол бас­шылық еткен тұста тағы қауыш­тырды, әлденеше рет сапарлас бол­дық, жиналыс-кеңестерде, әртүрлі шақы­рыспада тоқайласамыз. Әңгіменің тиегі ағытылғанда әкеден төрт жасында қалып, анасы Зиябаның тәрбиесінде өскенін ­баяндап еді. Байғанин ­ауданында ұжымшар төрағасы, ферма басқарушысы, ауылдық кеңес төрағасы қызметтерін атқарған әкесі Сағызбай Екінші дүниежүзілік соғыс майданында алған жарақаты салдарынан небәрі 45 ­жасында бақилық болыпты. Марқұм өмірден баз кешер алдында жарына шаңыраққа тірек болар жалғыз ұлды қайта-қайта тапсырған. Алланың бергеніне шүкір, анасы мен апалары Қаным, Айғаным, Сән, Жаңылша, қарындасы Райхан әке аманатын бойтұмар етіп, орнын жоқтатпай қолда барды аузына тосты. Раукен болса «Бес қыздың ортасында тек өзім» деместен, шолжаңдыққа салынған жоқ. Санасына «Әкесі бар балалардан кем болмауым керек» деген қағиданы мықтап орнықтырды. Сабақ үлгерімі үздік, тәртібі жақсы баланың мектеп бітіріп, кәмелеттік ­аттестат алған соң, бірден оқу іздеп кетпей еңбек жолын сол кездегі шұбар­таулықтардың бастамасымен «Сағыз» кеңшарындағы «Жасұлан - 77» комсомол жастар бригадасында шопан болудан бастаған. Жоғары сыныптарда қолға алған машығы – күнделік жазуды қой соңында жүріп те жалғастырды. Мынау – содан үзік сырлар. «5.05.78. Ауа райы жақсы, күн жылы, аспанда бұлт бар. Қойларды өріске шығардық. Дала әдемі, қыраттар қып-қызыл гүлге толы. Май айының алғашқы күндері бірқалыпты өтуде...». «25.05.78. Аспан бұлтты, ­далада жаңбыр жауып тұр. Бүгін мектеп бітіргенімізге бір жыл болды. Қайран оқушылық кез, мәңгі ұмытпаймын, мектеп бітірген 48 оқушының әрқайсысы әр жақта, бірі оқуда, бірі жұмыста, әрбіреуі әр тарап жолға түсті...». Отыншин басқа құрдастары тәрізді бригадада өткізген екі жылын әдемі мектеп ретінде еске алады. Бұдан әрі Гурьев педагогикалық институтының тарих факультетінде оқып, ­тамамдады, Кеңес Армиясы қатарында Мәскеу әскери округінде азаматтық ­борышын өтеді, Қарауылкелді поселкесінде Комсомолдың 30 жылдығы атындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі, директордың орынбасары. Орталық Азия университетінің заң факультетінде оқып, 2006 жылы бітірді. Соңғы отыз екі жыл бойына журналистика майданында. Оңаша отырып ойға алса, қоғамға пайдасы тиерлік біраз шаруаның ­басын қайырған екен. Облыстық «Коммунизм жолы» газетінде жауапты хатшының орынбасары. Тас ғасырдан ­жеткен ­линотип, жазық баспа машинасы қолданыстан шықпаған кез. Бас ­редактор Қуаныш Тектіғұловтың кабинетіне кіріп-шыққан сайын Раукеннің көзі бұрышта елеусіз тұрған екі үлкен қорапқа түсіп, мазасын қашырды. Реті келгенде бастығынан сұрағанда: «Не екеніне мән бермеппін. «Ақтөбемұнайгаз» тресінің Бас директоры Найф Камалов сыйлап еді» деген жауап алды. Қолқалап сұрап алып, секретариат бөлмесіне әкелсе-компьютер. Тілін білетін адам жоқтың қасы. Абырой болғанда баспаханада Мәскеу полиграфия институтын бітірген Асқар есімді жас жігіт істейді екен. Соны және суретші-ретушер Жәрдем Жасжановты шақырып, ойласады. Сөйтіп, облыстық газет материалдарын алғаш рет компьютерде теруді және құрып беттеуді жүзеге асырғаны бар. Кейіпкеріміз халықаралық «Түр­кістан» газетінің батыс аймақтар бойынша меншікті тілшісі қызметін екі жыл атқарған соң уақыт тынысын аңғарды да өңірде жеке меншік газет шығаруды алғашқылар санатында қолға алды. Михнаты жетерліктей шаруаның кілтін ашу оңай емес екен. Бірінші нөмірі 1998 жылдың 30 қыркүйегінде жарыққа шыққан сегіз беттік «Экономика. Бизнес» атты өңірлік ақпараттық-сараптамалық газеттің соңғы бетінде бас редактор Отыншиннің қолы тұрды. Қаржылық дағдарыс алқымнан алған шақ, жұртшылық мардымсыз жалақының бірнеше айда бір рет қолға тигеніне де көндікті. Мұндай жағдайда не істеу ­керек? Сағызбайұлы орталық дүкендердің бірінен үш мың сіріңкенің қорабын ­сатып алады да баспаханада қазақ-орыс тілдерінде дайындалған газеттің аты, шығарылу реті, жазылу құны бар тілдей жарнаманы қораптың екі бетіне жапсыртып, қайтадан сол сауда нүктесінде саттыруды ұйымдастырды. Маркетингтік тәуекел жемісін берді: басылымның алғашқы санының таралымы 2500 дана еді, 7 қарашадағы төртінші нөмір төрт мың данамен оқырманға жетті. Нарықтық экономиканың сұрауы күшті, қол жеткен нәтижені қанағат етуге дағдылансаң уақыт көшіне ілесе алмай қаласың. Раукен Сағызбайұлы осы бір қатаң қағиданы жадынан шығарған емес. Апталық «Жаңа ғасыр – Новый век» газетінде бас редактор, «Отандас­тар-Полиграфия» ЖШС- інің баспаханасында бөлім бастығы, директордың орынбасары болған тұста ұдайы ізденіп, ұйымдастырушылық қабілетін ұштады. «Атырау-Ақпарат» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорнының баспаханасына басшылық жасаған бес жылының бергені айтарлықтай. Еліміздің ­облыс орталықтарында алғаш рет пайда­лануға берілген Баспасөз үйінің бір корпусындағы баспахана осызамандық технологиямен жарақтандырылды. ­Шетелдерден сатып әкелінген қондыр­ғы­ларды тұрғылықты жастардың шебер меңгеруі нәтижесінде газеттерді, кітап­тарды, жарнамалық буклеттерді алуан бояумен шығару жүзеге асырылды. Отыншин үшін айрықша жемісті шақ – «Қазақстан» РТРК» акционерлік қоғамына қарасты Ақтөбе облыстық телекомпаниясында директор болған он жылы. Бәсекелестікке жол ашыл­ған кезеңде ұжымның танылуы, ақ­парат кеңістігінен орын алуы көбіне-көп бірінші басшының жұмыс стиліне байланысты. Ақтөбелік тележурналис­тер кейіпкеріміздің өзіне де, қарауын­дағыларға да талап қоя білетінін айқын аңғарды. Ұжымның елу және елу бес жылдық мерейтойлары үлкен ауқымда аталып өтілді, жаңадан сегіз студия ашылып, тыңдармандар назарына мазмұнды бағдарламалар ұсынылды. «55 жылға – 55 хабар» идеясы сәтімен жүзеге асты. Кейіпкеріміз соңғы үш жылдан бері құрамына екі облыстық газет пен бірнеше журналды біріктірген «Ақтөбе Медиа» ЖШС-нің директоры. Серіктестіктің 2017 жылға дейінгі «Шамшырақ-Ақтөбе» атауын өзгертіп, эмблемасын өзгерттірген де – Сағызбайұлы. Қазір мұнда жүзден астам адам жұмыс істейді. Кеңестік дәуірде, ел тәуелсіздігінің алғашқы ширек ғасырында облыстық газеттер редакцияларының ғимараттан ғимаратқа көшіп жүріп, жұмыс істегені рас. Отыншин бұл жайға бейжай қарай алмады. Қаланың Рысқұлов көшесінде күтімсіздіктен сиқы қашқан төрт қабатты ғимаратқа қайтадан күрделі жөндеу жүргізіп, Баспасөз үйін ашу шаруасымен биліктегі лауазымды адамдарға сан мәрте жолықты. Ешкімге айтқызбастан өз қиялымен техникалық-сметалық құжаттар дайындады, қажетті қаржы мөлшерін есептетіп, қағазға түсірді. Осындай негіздемелер облыс әкімдігі тарапынан мақұлданды. Әріптестеріміз соңғы екі қысты жылы, жайлы, таза, көркем безендірілген ғимаратта өткізді. Олардың игілігінде мұражай, медиамектеп, баспасөз клубы, кітапхана бар. 2018 жылы облыстық «Актюбинский вестник» газетінің 100 жылдығы, былтыр «Ақтөбе» газетінің 95 жылдығы мағыналы сипатта аталып өтілді. «Ақтөбе» атты қоғамдық-ақпараттық журнал өңірдің тыныс-тіршілігінен жүйелі ақпарат береді, Отыншиннің жетекшілігімен шығарылған «Ақтөбе – құтты ­мекен» атты энциклопедия облыстың 85 жылдық ­тойына қатысушылар үшін әдемі базарлық болды. Мойындауға тиістіміз – ­журналист ағайындардың басым бөлігі ­шебер жазып, құлпырта сөйлеуге бейім болғанымен, кінәмшіл келеді. Сондықтан олардың ­бабын табу оңай емес. Раукен Сағызбайұлы Журналистер одағының облыстық филиалына төраға болып сайланғаннан бергі кезеңде қаламдастар еңбегін бағалауды жадынан шығарған жоқ. Филиалдың үш жүзге тарта мүшесінен жиналатын жарна жыртыққа жамау бола алмайды, сондықтан кәсіпкерлер көмегіне, бюджеттен тыс қаржыға иек арту керек. Төраға мұның да иін келтірді. Бірер ­мысал: Төлеміс Меңдіғалиев, Марат Мырзалин, басқа да бірқатар әріптестер шипажай жолдамасын алса, Санат Қалиевке, Нұргүл Қонақбаеваға қаржылай жәрдем берілді. Идош Асқар, Аманғос Орынғалиев, Нұрмұханбет Дияров өздері туып-өскен ауданның Құрметті азаматы атағын иеленді. Ертай Ашықбаев, Меңдіхан Әділханов, Жақсылық Айжанов ­омырауына «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісін тақты. Қазіргі уақытта басылымдар ­таралымын көбейту де оңайға түспей тұр. Отыншиннің бастамасымен газет-журналдарға жазылу науқаны тұсында шығармашылық ұжымдардың аудандарға іссапарға шығып, тұрғындар алдында есеп беруі, оқырманның пікір-ұсыныстарын тыңдауы айтарлықтай пайдалы болып тұр. Тұрақты оқырмандар үшін ақын Есенбай Дүйсенбаев, жазушы Құрал Тоқмырзин, ұстаз Нұрман Қорбин, дәрігер-ғалым Қуандық Дүйсенов, әскери қайраткер Жансен Кереев, өлкенің басқа да танымал адамдары атындағы сыйлықтар белгіленуі – Раукеннің әдемі қиялының жемісі. «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» және «Астанаға 20 жыл» мерекелік ­медальдарымен, Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталған кейіпкеріміз – үлгілі отбасы иесі. Зайыбы Ақманат Бабаомарқызы – дәрігер-педиатр, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде аға оқытушы. Балалары Гүлбарам, Айдос, Рүстем Ресейдің Санкт-Петербург және Мәскеу қалаларында оқып, жоғары білім алды, Елордада мемлекеттік мәртебелі мекемелерде қызмет етуде. Әріптесіміз алпыс жылдық ғұмырдың осындай әдемі несібесіне шүкірлік етеді.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ, Қазақстанның құрметті журналисі. Ақтөбе

1368 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы