• Тарих
  • 28 Мамыр, 2020

ОМАРБЕК МЕРГЕН

[caption id="attachment_57337" align="alignleft" width="250"]1-сурет. Бұл Омарбек Еркінбекұлы­ның Қытайда, шамамен 1963 жылы түскен суреті. Дөңши жақта қалған ағайынға жазылған астыртын хаттардың біріне қоса салып жіберген екен. 1-сурет.
Бұл Омарбек Еркінбекұлы­ның Қытайда, шамамен 1963 жылы түскен суреті. Дөңши жақта қалған ағайынға жазылған астыртын хаттардың біріне қоса
салып жіберген екен.[/caption]

Ресей отаршылдығын ең соңғы болып мойындаған Жетісу өңірі. Батысымызға XVIII ғасырдың соңында, солтүстік пен шығысқа XIX ғасырдың ­басында еніп алған патша Ресей жазалаушылары 1840 ­жылдары Жетісу жеріне бекіністер сала бастады. Қапал, Верный қамалдарына казак полктары орнығып, ноқтаға басы сыймаған халықты жуасыта бастады. Көтерілістер, кескілескен ұрыстар басталды. Жетісу қазақтарына Қоқан хандығының сарбаздары, қырғыздар қосылып, намыс оты лаулай түсті. Көтерілісшілерді 1861 жылы генерал Колпаковский аяусыз жаншығаны тарихтан аян. 1916 жылы да ең көп көтеріліс болған өлкелердің бірі Жетісу еді. Албан көтерілісі, Сырымбет көтерілісі, Қаратал көтерілісі, соңғы кезде Бөрібай ұранымен айтылып жүрген Ақсу-Бүйен, Мырзалар көтерілісі, Сатыдағы, Қордайдағы көтерілістер... Қазақтың азаттық үшін күресі осылай жалғаса берді. Большевизм жеңіске жеткеннен кейін де отаршы терроры тоқтаған жоқ. Қазақтар «қу жақ» атап кеткен Филипп Голощекиннің қанқұйлы саясатына қарсы шыққан ерлер көп болды, жігіт жиып, жауға ұмтылғандар ­арасында әзірге есімі елге белгілісі Құндақбай Төлендіұлы, Омар төре Мұртазин, Көлтай Жолдыбаев, ­Омарбек Еркінбекұлы, Қоспантай Айнабеков, ­Мергенбай Жаманкөзұлы, Сыматай Әрсековтер. Біз Омарбек мерген жайлы баяндамақпыз.

1927 жыл, қазан айы. Бәленің бәрі Совет үкіметінің орнағанына, Ұлы Октябрьдің 10 жылдығына орай ұйымдастырылған тойдан басталыпты. Сол кездің шолақ белсенділері көзге түсу үшін барын салып, үлкен думан ұйымдастырады. Балқаш бойындағы Шөмішкөл мен Бәйгетөбенің арасын белгілеп, 50 шақырымға ат ­айдатады. Омарбектің жүйрік қара аты болған, сол тұлпар аламаннан маңдайы жарқырап бірінші келеді. Тұлпарға мінген бала Саябай ұрандап, қара ат көмбіден дара өткенде тұтас бәйшегір қуанып, сүйіншілеседі. Омарбектің сүйегі жалайыр-бәйшегір, оның ішінде бәйбіше еді.

Жергілікті ОГПУ басшысының бетін қайырғаны үшін Омарбек мерген жазықты болып, қыспаққа түседі, түрлі жаламен екі жылда екі-үш мәрте қамайды, бірақ айыбын дәлелдей алмай қайта шығаруға мәжбүр болады. Омекең атын сонда да бермепті. Соңғы мәрте қамаудан шыққанда «Қара атымды алғанша қара қатынымды ­алсайшы» деп, ­милиция бастығынаң бетіне күлгенін ауыл қарттары аңыз қып айтады. Осыдан кейін өзіне маза болмасын түсінген Омарбек ­мерген осы кеткеннен ауылын көтере көшіп Қытай асады. Жолда атыста он бес адам қаза тапқан. Оның бірі ­Омарбек мергеннің әйелі. Анасы оққа ұшқаннан кейін кішкентай Жаркенті де ұзамайды, Қордай өзенінен асып бара жатқанда ұлдың демі үзіліпті.

[caption id="attachment_57338" align="aligncenter" width="1000"]2-сурет. Сейітжапар Бимендеұлы қызы Шәкіммен 2-сурет. Сейітжапар Бимендеұлы қызы Шәкіммен[/caption]

Ұлы мен сүйген жардан айырылған мергеннің кегі бұрқ-сарқ қайнайды. Өзіне ілескен ­ауылды арғы бетке қоныстандырып, әл жиып жігіттерімен қайта бері ­салады. Мергеннің әуелгі ойы ­милиция бастығынан кек алу еді. Бірақ аштықтан тоза бастаған ­ауылдардан қашқан жігіттер ­мергенге қосылып, үлкен жасаққа айналады. ОГПУ бастығын атып өлтірудің сәті түспейді. Бұл ұжымдастыру, ­онымен бірге аштық басталған кез еді. ­Омарбек бастаған жігіттер екі жыл бойына аң аулап, түнделетіп ашыққан ауылдарға жеткізіп ­отырады. Омарбектің ел ішінде жүргенінен хабардар болған ОГПУ Талдықорған, Бөріліден қосымша сарбаз алдырады. ­Милиция жасағының көбейгенін байқаған мерген марқұм ағасының жесірі отырған ауылды алып, арғы бетке аттанады. Совет милициясымен алғашқы ірі майданы осы ­сапарда, Шаған таудың шығысындағы Қараңғысай деген жерде болады. Омарбек мерген ауылды көшті осы жерге тоқтатып, тынықпақ болған екен. Жігіттер жер шолып кеткенде босқын қазақтың үстінен ­милиция басып қалады. Милиционерлер бәрін сабап, қорлайды. Оқиғаны сол заманда қуғыншылар сапында болған әкесі Сейітжапардан естіген Түгелбай Әрін ағаның айтуынша, екі милиция бесікте жатқан үш айлық баланы шырқыратып жұлып алып, екі сирағынан жұлқа тартып қақ бөліп тастапты. Қорғалап тұрған қазақтар осыдан кейін лап қойған. Әйелдерге дейін, таяқ, орағын алып милиционерлерге тап береді. ­Оларды мылтық дүмі, қамшымен сабап иіріп жатқан кезде жер шалуға кеткен Омарбек пен жігіттері де келіп қалып, атыс басталады. Шайқас ұзаққа созылып, сарбаздар милицияны шегіндіріп, ауылды жылжыта береді. Алғы шепке Омарбек бастаған мергендер орнығып алып, милиционерлерді бас көтертпей ұзақ ұстайды.

Каратальский район:

25 сентября комотряд Аксуйского аппарата ОГПУ под командой ­командира запаса Линск в 19 бойцов в местности Улькуль – Из янды имел 5 часовую перестрелку с прибывшей из Китая бандой Еркимбекова Омарбека и Комбанова Казыбека, неизвестно численности и вооружения, в ­результате со стороны банды убито 5 человек, с нашей стороны ранен 1 комотрядник.

 Банда и откочевщики ушли в северо-восточнем направлений.

ҚР Президенті архивінен 5052-іс, 18-бет

Бұл – Омарбек ­мерген ­жайлы ­архивте сақталған там-тұм құжаттардың бірі. Мәліметтерді салыстырсақ – бұл осы Қараңғысайдағы қырғын. ­Омарбектер дүние-мүлікті тастай қашуға мәжбүр болған. Құжатта есімі аталатын Қомбанов Қазыбек Омарбек мергеннің ағайындас інісі, мергеннің сенімді серіктерінің бірі. Осындай айқастардың бірінде қаза тапқан. Қазыбек қаза тапқанда Омарбек мерген «Бір басың үшін 500 бәлшебектің қанын шашпасам азамат болмай кетейін» деп жер тоқпақтаған екен. Бауырының кегі үшін Морозов деген әскербасыны атып кеткенін Омарбектің ағасы Хаметтен тараған Алтай Рамазанұлының аузынан естідік. Омарбек мергеннің жалғыз суретін осы Алтайдың анасы Аман апамыз сақтап келген екен.

Жаркент, Қоғалы, Қапал маңында апиын контрабандасы 1970 жылдарға дейін тоқтамаған. Омарбек мерген суретті сондай жігіттердің бір тобынан беріп жіберген екен. Түн ішінде қолға ұстатып, лезде жоқ болған. Дөңши, Байшегірде тұратын ағайын-туысы мергеннің тірі екенінен хабар алып, көз жасын сығыпты.

Екінші суреттегі атақты ­Жәл­менде бидің інісі Бименденің ұлы Сейітжапар. Бұл екеуі туралы әңгімелер «Бандыны қуған Хамит» фильміндегі Құдіре мен Хамиттің оқиғасына көбірек ұқсайды. ­Омарбек – Құдыре, Сейітжапар – Хамит. Тек бір үйлеспейтін тұс бар, Омарбек мерген жайлы көп деректі осы күні Сейітжапардың ұрпақтары арқылы тауып отырмыз. Түгелбай аға: «Әкем «ел мені ұмытса да Омарбекті ұмытпасыншы» деп құлағыма құйып отыратын» дейді. Барлық қырғын, Омарбек көрген азапты ұрпағының құлағына құйып кетіпті.

Сейітжапар Бимендіұлы әкеден алты жасында жетім қалып, ­Омарбек мергенге ілесіп жүрген екен. Ұстазынан мергендікті, аң аулауды, саятшылықты сіңіреді. Балқаштың ну қамысындағы мерген жүретін соқпақтың бәрі осы жігітке аян еді, оны милиция бастығы да түсініп, Сейітжапарды зорлықпен жолбасшы етіп алады.

18 октября 31 г. Отряд Талды-Курганского Рай-аппарата под командой Бабешко о горах Чулак (1ППверот южнее г.Талды-Кургана) имел 7 часовую перестрелку с бандой Еркимбекова Омарбека в количестве 80 человек, из них 20 вооруженных 3 трехлинейными винтовками 1 английским карабином, берданами и охотружьями, в результате которой убит 1 бандит, задержаны 3 мужчины, 6 женщин, 24 лошади, 21 верблюд и 3 коровы. Изьяты: 1 английский карабин и 2 охотружья. Остальная часть банды, пользуясь темнотой бежала на территорию Октябрьского района.

МЕРОПРИЯТИЯ: Ориентирован Джаркентский Погран отряд ВОГПУ.

ҚР Президенті архивінен, 5052-іс, 5-бет

Байқасаңыздар бұл мәліметте Қазыбек аталмайды. Омарбек жігіттерді жалғыз басқарған. Ел ­аузында Омарбектің мергендігі ­жайлы мынадай аңыз бар: сұрмергеннің нағашы жұрты арықтынымда Бақберген деген кісі болыпты. Сол: «Омар, мерген екенің рас ­болса, ана қаздың бірін жібермей атып түсірші?!» деп аспанда ұшып келе жатқан алты қазды көрсетіпті. Сонда Омарбек ойланбастан бір оқты езуіне қыстыра салып, оқпандағы бес оқпен бес құсты атып түсіріп, аузындағы оқты оқшантайға тез салып үлгеріп, шүріппені басып қалғанда алтыншы қаз да қалбалақтап жерге топ ете түсіпті. Аспандағы құсты бытырамен ату бір басқа, жалғыз оқпен қағып түсіру бір басқа, осыдан кейін ­Омарбекпен ешкім мергендік жайлы сөз таластырмаған екен. Әлде рас, әлде еріне сүйінген халықтың әсірелей сүйінгені, әйтеуір оның атқан оғы далаға кетпегені ­жайлы осындай қиял-ғажайып әңгіме баршылық. Мерген өз ізіне түскен Сейітжапар секілді ауыл жігіттерін аяп, қан төкпеген екен.

1930-31 жылдары Жетісу жігіттері қатты ширығады. Балқаш ­ауданында Қоспантай Айнабековке Көлтай Жолдыбаевтың жігіттері қосылып, 158 сарбаз жапон мылтығымен қаруланып, қиян-кескі ұрыс ­салады. Қазіргі Жамбыл ауданына қарайтын Суықтөбенің ­бауырында Сыматай Әрсеков, Шалтабай Құдайбергеновтер де күш алып, бұларды жою үшін аэроплан қолданып, әуеден атқылап, әзер шегіндіреді.

КАРА-­КАС­ТЕКСКОМ и КУРДАЙСКОМ ­РАЙОНЕ:

Под руководством активных участников июльского к-р выступления в 11 и 12 аулах Кастекского р-на Шалтабая Кудайбергенова (бай), Умарбека Джантаева (бай), Арсекова Саматая (б.активиста) и др. (см.опер.разв.сводки 28,29,31 и 32) организована банда в 60 человек, вооруженных 10 винтовками, 20 берданами и 30 охотружьями.

19 августа комотряд-Пом.Рупа Перепорова с 7 бойцами следуя к месту нахаждения банды – урочище Кунур-Тобе, был разбит встречным ударом банды, убиты: 5 ­комотрядник, в том числе и тов. Перепоров, двоих захватили в плен, один из них сбежал, второй убит. Банды забрали 6 трехлиновных винтовок, 1 наган и 400 ­патронов...

ҚР Президенті архивінен 141-қор, тіркеу 1, іс нөмірі 5052 15-16-17- бет

Дәл осы кезеңде «Лепсі мен Байшегірдің арасында топтасқан жігіттерге шеттен 500 қорап оқ, 200 жапон карабині келді. Қару-жарақты молаға жасырыпты» ­деген сыбыс тарап Үштөбе мен Лепсі, Талдықорған милициясы бірігіп Бостыбай, Қаракөл деген жердегі жас молалардың бәрін қопарып, қазып шығыпты. Түк таппаған. Осыдан барып, жігіттерге бас болып жүрген Омарбек секілді азаматтарды көп күшпен қудалау басталады. 1931 жылы Омарбек пен сарбаздарын Бетпақтың құмына індете қуып, жойып жіберу үшін 200 дей милиция қызметкері атқа қонып, Бетпақтың түбіне қарай қамай береді. Омарбек мерген 150-200 шақырым жердегі Бестаздың құмы деген тұсқа қарай тартады. Оған дейінгі бес құдықтың төртеуін улап, өздері бесіншісіне бекініп жатып алады. Ұзақ сар жүріске шыдамай біраз аты жолда қалған, мына аптапта кері қайтарға жылқы да, адам да шыдамайтынын түсінген милиция бастығы келіссөз жүргізбек болады. Оны Сейітжапарға тапсырады. Осы кезде Омарбек мерген Сейітжапардың басындағы бөркін жалғыз оқпен қағып түсіріпті. Содан кейін: Сейіт бауырым, аман-есендеріңде қайтыңдар, ағайынның қанына қолымды былғағым кел­мейді деп дауыстапты. Шәкім Сейіт­жапарқызы: «Әкемнің шекесінде тыртық бар еді, Омекеңнен қалған із ғой деп айтып отыратын» дейді.

[caption id="attachment_57339" align="alignleft" width="270"]3-сурет. Аман апа ұлдарымен 3-сурет.
Аман апа ұлдарымен[/caption]

Қарайғанды қалт жібермейтін Омарбек пен оның сайдың тасындай жігіттеріне төтеп бере алмастарын сезген қалың милиция кері қайтады, көбі шөл мен аптапқа шыдамай құмда қалады. Аман шыққан аздың екеуі милиция бастығы Ақмолдаев пен Сейітжапар. Ал мерген бастаған жігіттер осыдан кейін Қытай асып, оралмаған. Мүмкін, аштан бұралған еліне жәрдемдесу үшін келіп-кетіп те тұрған шығар. Өйткені архив деректерінде 1932 жылы Күреңбел тауының төңірегінде жігіттердің өлермен ерлік жасағаны айтылған. Қызыл үкімет қытайдан бері азық тасыған қазақты аяусыз жазалауға әмір етеді. Ұсталғандар, сотталады, атылады. Соған қарамастан, бір айда ғана аш қазақтың қамын ойлаған азаматтар бастаған, ұн тиелген 30 ­керуен ұсталыпты. Ұлтын құтқару үшін қазақ жігіттері осындай өлермендікке барған.

ТАЛДЫ-КУРГАНСКИЙ РАЙОН:

Перешедшей из Китая бандой ­Тулендинова Кундакпая и Мукашева Канапия в 6-м ауле убит председатель правления колхоза Джунчибаев. 17-го сентября банда произвела налет на колхоз 3 аула, забрав 60 лошадей и 254 хозяйств-­откочевщиков, скрылась по направлению местности «Кара» (не ориентировано).

Міне, қызылдардың шеңгелінде қалып, аштан қырылып жатқан ауылдарды жігіттер өстіп, 200-300 түтіннен көшіріп әкете берген. Алматы ­облысы, Кербұлақ ауданы, Малайсарыда тұрған Молдахмет ақсақал ­балаларына шекара асқандары туралы: «Арғы бетке өткенде тігілген үй, асылған етке тап болдық. Аш өзегімізге түспесін деп әуелі сорпа берді, кешке қызылға тісіміз тиді» деген естелік айтыпты. Құндақбай мерген де Омарбек секілді қол бастаған, көш бастаған батыр. Оның тарихын кейініректе бір баяндармыз.

Қолымызға түскен суреттен Омарбек мергеннің ағайыннан хат-хабар алып тұрғанын білдік. Бірақ ағайындары ол хаттарды суырып, көрсете алмады. «Бандының туысы» дегеннен қорқып, өртей берген.

1893 жылы туған Омарбек мерген Еркінбекұлы Қытайдағы Ақсулы деген жерде тоқсан жасқа жетіп, көз жұмыпты. Сонда жерленген. Ол жақта ұрпақтары қалыпты. Алтай Рамазанұлы «Баратола деген ­жерде Өмірәлі деген жиен тұрады, жиі ­хабарласамыз» дейді. Сөз соңында бір мәселені айта кетсем:

Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы

Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуiрдегі N 2200 Заңы.

6-бап. Осы Заңның 5-бабында атал­ған, соттар негiздеп айыптаған, сондай-ақ сот емес органдардың шешiмдерiмен қылмыстық жазаға тартылған, iстерiнде мына төмендегi жасаған қылмыстары жеткiлiктi дәлелденген адамдар ақталуға жатпайды:

а) шетелге қашып немесе ұшып кетуден басқа Отанды сатудың барлық формалары; қарулы көтерiлiс немесе қарулы бандылар құрамында Республика аумағына революцияға қарсы мақсатта басып кiру және олар жасаған кiсi өлтiрулерге, басқа да күш көрсету әрекеттерiне; тiмiскiлiк, терроризм актісі, бүлдiру әрекеттерiне қатысу;

б) жай халық пен әскери тұтқын­дарға қатысты күштеу әрекеттерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы кезiнде осындай әрекеттер жасауына басқыншылар мен Отанын сатқандарға деп берушiлiк;

 в) қарулы бандыларды ұйымдастыру және олар жасаған кiсi өлтiрулерге, басқа күштеу әрекеттерiне қатысу.

1993 жылы қабылданған «Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» Заңның 6-бабының в тармағында қарулы бандыларды ұйымдастырған адамдарды ақтауға болмайтыны тайға таңба басқандай көрсетілген. Дәл осы заңның кесірінен қазақтың жері, елі үшін қару алып соғысқан азаматтардың ешбірі, бәлкім жүздеген, бәлкім мыңдаған, бәлкім жүз мыңдаған адам ақталмай келді. Жетісудың біз айтқан жеті бөрісінің арасынан Құндақбай Төлендіұлы, Омар Мұртазаұлы, Омарбек ­Еркін­бекұлы, Қоспантай Айнабеков ақталмаған. Ал сәбеттің құрығынан құтыла алмай ­итжеккенге айдалған Көлтай, ату жазасына кесілген ­Сыматай, Шалтабайлар 1990 ­жылдары ақталыпты. Осындайда ­«Жаумен жағаласып берілмей, сытылып ­кеткен ерлердің жазығы не?» деген сұрақ туады. Және неге біз оларға «банда» деп, советтік көзқараспын қарауымыз керек! Ерлікке қиянат, елдікке сын боп тұрған бұл кемдіктен құтылар кез баяғыда келген.

«Ілгеріде Серік Әбікенұлы Омарбек мергеннің қайғылы оқиғасын айтқанда адам соншалықты қатыгез болады екен ғой деп жүрек қан жылап еді...
Мына суретті көріп, сенбеске амалың қалмайды екен. 1916 жылы жазалаушы отрядтың баскесерлері Жетісу қазақтарының шаңырағын ортасына түсіріп, отбасын осылай қырыпты. Не көрмеген бұл қазақ?!»

(Сурет Ресей музейінің қорынан алынды)

Серікбол ХАСАН

 Серік ӘБІКЕНҰЛЫ

 Талдықорған  

2098 рет

көрсетілді

205

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы