• Мәдениет
  • 28 Мамыр, 2020

«Алғы» деген шөп болады

Мынау, біздің Мұзбел! ­Көк­­темгі жаңбырдан соң көкорай шөбі дүр етіп ­кө­те­ріліп, қызғалдағы кілемдей құлпы­рып, желкілдеген көк жусаны мен киікоты жұпар шашқан қырдың қазіргі келбетіне бұл атауы онша лайық емес сияқты болып көрінеді. Өйткені кешегі қаһар­лы қыстың дәурені өтіп, қар еріп, тоң жібіп, күн жылынғанда келіп тұрмыз ғой. Осыдан бірер ай бұрын ана-ау ойдағы ауылдан мынау биікке шығудың өзі мұң болғанын жергілікті халық сіздерге бір ауыз тіл қатпай-ақ, басын шайқап, таңдайын қағып тұрып-ақ түсіндіре ­алады. Ары-бері аққан жұлдыздай ­зымырап жатқан көліктердің ол ­кезде өрге қарай тарта алмай, доңғалағы тайып, жолдан шығып кеткенін көз алдыңызға елестетудің өзі үрейлі. Бұл күнде, әрине, әртүрлі машина, трактор дегендеріңіз толып жатыр ғой. Олардың бірі жол тазалап, екіншісі құм сеуіп, бірін-бірі сүйреп, көмектесіп, Ағыбет ауылына келіп-кетудің сан түрлі амалын табады. Ал баяғыда-а жағдай мүлде басқаша еді. Ауылдан, иә болмаса, алыстан жүк тиеп келе жатқан ат шаналарды бұл ­белге шығару да, түсіру де қиын ­болатын. Топ-топ болып шананы, арбаны итеріп, тұмақтарының астынан бу бұрқырап, алқынып, күшеніп, азапқа түсетін ­жолаушыларды жиі көретінбіз. Сірә, содан да болар, бұл қырдың Мұзбел атанып жүргені. Бірақ, аты Мұз болғанымен, біздің көңілімізге жадыраған жаз секілді. Күндік жерден бұлдырап, көзімізге ­оттай басылады. Шіркі-ін, «Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас» дегеніңіз айна-қатесіз рас-ау. Мұнда келгенде, көз де, көңіл де ашылып, бәз-баяғы балалық, жастық шағың, балдай тәтті күндерің тізіліп қайта оралғандай болады. Біздің жас күнімізде анау Майбұлақ өз алдына, мынау Ағыбет өз алдына жеке-жеке ауыл боп отырушы еді. Кейін колхоз болып бірігіп, мидай араласып кетті. Қазір Ағыбет ауылдық округі ­болып аталатын көрінеді. Әкем колхоздың жылқысын бағатын. Қаратаудың Ақтас, ­Жыланды деп аталатын шоқыларының баурайында көшіп-қонып жүрдік. Жастайымыздан ат құлағында ойнап өстік. Қазыналы Қаратаудың қойнау-қойнауы бала күнімізден жақсы таныс. Әкем жарықтық ұзын бойлы, қайратты кісі еді. Көкпар тартқанда, айналадағы жұрт «Жаманқұлдың тақымына серке тисе, тартысып әуре болмай-ақ қойыңдар» деп күліп тұрады екен. Ол кісі күнде кешкілік бізге «Ер Тарғын», «Қобыланды», «Алпамыс» секілді батырлар жырын, әртүрлі қызықты ертегілер айтып беруші еді. Кім білсін, тау ішінде жалғыз үй боп отырған кездерімізде балаларымның іші пыспасын, жұрттан жырылып, шеттеп қалғандай жалғыздық күйін тартпасын дейтін шығар. Сонда да болса, мен әкемнің сонша­лық­ты мол рухани қазынаға қайдан қанып өскенін біле алмай, осы күнге дейін таңға­лумен келемін. Әрине, ол да өзіне дейінгі үлкен кісілерден естіп, құлағына құйып өскен шығар-ау. Бірақ оған да кез келген адамның қабілеті жете бермейді ғой. Әкем сондай балажан, мейірбан кісі еді. Біздің кітап оқығанымызды, ғылым-білімге ұмтылғанымызды жақсы көретін. Қазір ойлап отырсам, тау жайлаған жылқышының тіршілігі де, қадірін білген кісіге, таңды таңға ұрып айтсаң да таусылмайтын ұзақ жыр екен ғой. Қаратаудың қойнау-қойнауында әлі күнге дейін әкемнің ізі сайрап жатқандай болады. Ол кісінің құрау-құраулап жылқы қайырған даусы осындағы жартастарға сіңіп қалғандай көрінеді. Соғыс басталғаннан кейін, арада бір жыл өткенде әкемді әскерге алды. Жасы үлкейіп қалғандықтан еңбек ­армиясына қалдырыпты. Ондағы кісілерге киім де, қару да бермей, қара жұмысқа ­салып қояды деген әңгімені естиміз. Кей кездері артқы шепте, кей кездері алғы шепте жүріп окоп қазып, қорғаныс бекіністерін нығайтады екен. Мұнысы бізге, жазықсыз жандарды ашықтан-ашық ажалға айдап салғандай боп елестейді. Әкем әскерге алынғалы жалғыз-ақ хат келді. «Севастополь деген қаланың түбіндеміз» деп жазыпты. Содан кейін хат та, хабар да сап тыйылды. Анам жарықтық оңашада бізге білдірмей ауыр күрсініп: «Қайда жүр екен? Тірі ме екен? Әлде бір жерде топыраққа көміліп қалды ма екен?..» деп, көзінің жасын сығып-сығып алады. ...Әкеміз армияға кеткен соң, шешеміз колхоздың жұмысына шыққан. Таң бозынан кетіп, түн ортасында бір-ақ оралады. Үйдегі балалардың үлкені менмін. Шамасы, он-он бір жас кезім. «Мектеп ашылыпты,» деген күні сабаққа барамыз. Біраздан бері бір-бірімізді көрмеген балалар шұрқырасып, ойнап-күліп мәз болып қаламыз. Бірақ біздің бұл қуанышымыз ұзаққа созылмайды. Себебі он шақты күннен кейін мектептің есігі тағы да жабылып қалады. «Мұғалім бала кеше отправкі болды» дейді бізге мектепке жақын тұратын ағайынымыз. Оны естігенде басымыз салбырап, көзімізді төмен салып, аяғымыздың ұшымен жер шұқып қаламыз. «Отправкі» деген суық сөз жүрегімізді мұздатып жібереді. Демек... Ол кісінің де майданға кеткені ғой. Ендігі мұғалім қашан, қай кезде келер екен?.. Тағы да сол, азаннан кешке дейін үйдің күйбің-күйбің тірлігіне жегілеміз. Мұғалім барда мектепке келіп, сабақ оқып, мына дүниенің бір шетінде сұмдық соғыс болып жатқанын, әкелеріміздің тобықтан қан кешіп жүргенін, анамыздың әскерге азық-түлік жіберіп, күндіз-түні жұмыстан босамайтынын бір уақ ұмытып, білім деп аталатын ұшы-қиыры жоқ басқа бір әлемге сапар шегіп кеткендей болушы едік. Шешем өте еңбекқор, шыдамды кісі. Тау жақтан десте-десте қылып шөп алып келіп, түнімен солардың тамырын, дәнін жинап, үйдегі қос уыс бидайға қосып, дәу қазанға толтырып қара көже қайнатып кетеді. Шешеміздің осындай естілігі мен ептілігінің арқасында біздің тамақ ішпей қиналып, ішегіміз шұрылдап, аш қалған кезіміз болған емес.

Енді бір-екі жылдан соң, амандық болса, тоқсан жасқа келетін Ұлмекен Жаманқұлқызы әжеміз бұл күнде көзі тірі тарих десек, әбден жарасады. Ол кісі Шымкенттен ұшаққа, кейде пойызға отырып, Алматыға жиі-жиі келіп тұрады. Келген сайын немере-шөберелерін айналып-толғанып, өзінің өткен өмірінен қызықты хикаялар шертіп береді. Бүгін солардың бір үзіндісін сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз, қымбатты оқырман.

Алғы деген шөп болады. Қаратау­дың бөктерінде, әсіресе Жыландысай жақта көп өседі. Сол шөптің тамы­ры жас баланың жұдырығындай түйін болып тұрады. Оны жұрт кішігірім кәр­төшкеге де ұқсатып жатады. Шешем сол алғының тамырын қазып әкеліп, тасқа егеп езіп, дәу қара қазандағы суға салады. Сөйтіп, маңызын айырып, он бес мәрте шаяды. Алғының дәмі тұщы болған кезде әбден қайнатып, қазанның түбіне шөккенін сүзіп ­алады. Сосын ұнға қосып илеп, жұқалап ­жазып, қазанның бетіне жаяды да, отты молырақ жағып, қатты қыздырып, пәтір нан пісіреді. Кей-кейде быламық ­жасайды. Көже пісірсе, таудан теріп әкелген ­жабайы қара тарының дәнін қосады. Бұл да кез келген адамның қолынан келе бермейтін өнер. Өйткені алғы – улы шөп. Оны дайындаудың әдісін білмеген кісілер уланып, іші кеуіп, өліп қалып та жатады. Сол себепті, шешем алғыны қалай ұнтақтайсың деп сұраған абысындарының үйіне барып, өзі пісіріп, үйретіп қайтушы еді. Дәу қазан демекші, ол да біздің ата-бабамыздан қалған мұра еді. Кім білсін, киелі, ырысты, несібелі қазан болған шығар. Оның бәрі бір құдайға ғана аян ғой. «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» демекші, күндердің бір күнінде біздің осындай қоңторғай күйімізді де көре алмаған ағайындардың бірі: «Әй, бұлардың өкіметтен тығып отырған астығы бар. Тексеру керек!» деп, басшылыққа арыз айтады. Сөйтіп, «Сендердің үйлеріңді тексереміз» деп, кәмәсия келіп, тінту жүргізді. Көрпе-төсегімізді ақтарып, сан­дығымызды ашып, киім-кешек­тері­мізді шашып тастады. Шешем байғұс жылап-сықтап, жұрттан жасырып отырған ­еш­теңеміз жоқ деп, үйдегі бардың бәрін өзі көрсетіп жүр. Аудан орталығында тұратын Егетай ағайымның екі сиыры бар еді. Соның біреуін сауып ішіңдер деп бізге берген. Жалғыз сиырдың сүтін жеті балаға жеткізіп, көже-қатық қылып отырмын деген шешемнің сөзіне әлгі кәмәсия сене алмайды. Үйдің, қораның дуалдарына дейін дүңкілдетіп, жасырын қуысы, ұрасы жоқ па деп тексеріп шықты. Бірақ олардың қолдарына ілігетіндей ештеңе табыла қоймады. Ақыры кәмәсияны бастап келген біргәдір ағайынымыз босағада тұрған бір дорба бидайды ала кетті. – Ойбай-ау, үйдегі бар азық-түлігіміз осы! Біз енді не ішеміз?! – деп, дорбаға жармасып шырылдаған шешеміздің қолын қағып тастап: – Не ішсең, оны іш! Онда менің жұмысым жоқ! – деді зіркілдеп. Олар кеткен соң, шешем соғыс ­деген бәлені басымызға салған сұм ­заманды да, сол заманнан асқан қатыгез, ­тасбауыр болып бара жатқан адамдарды да қарғап, көз жасын төгіп-төгіп алды. Оның жанындағы жеті бала да ботадай боздап тұрдық. Ертеңіне шешем белін кендір жіппен шарт буып, қолына қол орағын алды да: «Сен де менімен бірге жүр!» деді маған қарап қатқылдау дауыспен. – Тауға барамыз. Үйде құр босқа ­жылап отыра берсек, біреу біздің аузы­мызға тамақ әкеліп салады ғой деймісің. Әкемнен қалған ескі етікті аяғыма сұға салып, мен де әп-сәтте дайын болдым. Үйдегі балаларға: «Кешке шейін шыдаңдар. Біз сендерге тамақ әкелеміз» деп сыртқы есікті жауып, тауға қарай тартып кеттік. Шіркін, табиғаттың тілін білген жандарға бұл дүниенің берер сыйы мол ғой. Қаратаудың сілем-сілем ­болып жалғасатын жоталарының біріне шығып, шешем қара қоңыр дәні кәдімгі тарыға ұқсас шөпті іздеп, жинай бастады. Ол ­кезде бұл не шөп, оның дәнін, тамырын жеуге болатынын сіз қайдан білесіз деп сұрап жататындай шама жоқ. Бар ойым, тезірек шешеме көмектесіп, әлгі көрсеткен шөптердің дәнін, ­тамырын ­жинап, үйдегі аш отырған бауырларымның қарнын тойдыру. Тауға келген соң шешемнің де көңілі сергіп, ауылдағы көрген қорлығын ұмытып, күш-қайратын бойына жиып алғандай болды. Қолымыздағы қанар қапқа біраз дән, тамыр жинап салған соң, аз-кем тыныстап отырып: – Құдайға шүкір, Қаратау аман болса, сендер аш қалмайсыңдар, – деді жеңіл ғана күрсініп. Сол күні кешкілік шешем таудан теріп әкелген жабайы қара тары мен алғыны қайнатып, күні бойы аш отырған балаларына быламық жасап берді. Іштеріне ел қонып, бойларына қан жүгірген олар бір-біріне қарап күліп, асыр салып ойнай жөнелді. Көп ұзамай шешеміз еңбекақысын алып, үйде азын-аулақ ұн, астық пайда болды. Колхоз күніне жеті жүз грамм қара нан береді. Ата-бабадан қалған дәу қара қазан тағы да қара көжеге толып тұратын болды. Сол кезде үйге: «Әй, осы сендер не ішіп, не жеп отырсыңдар?» деп екінші рет кәмәсия келді. Сөйтті де, даладағы ошақтың үстінде тұрған дәу қазанның қақпағын ашып, ары-бері үңіліп қарады. Қолдарына ожау алып, сапырып көрді. Ақыры, өткенде бізге «Не ішсең, оны іш!» деп ақырып кеткен біргәдір шешеме аң-таң бола қарап: – Әй, Бибісара, мына көжені неден жасағансың, ей? – деп сұрады. – Неден болушы еді, шөптен ­жасадым, – деді шешем ақырын ғана үн қатып. – Уай! – деді енді біргәдір айналасын­дағыларға қарап басын шайқап. –Мына әйелдің ақылдысын қара!.. Таудан шөп теріп әкеліп, тамақ жасапты. Әй, мынандай көже біздің үйде де жоқ қой. Анау, әлгі, аштан қатып жатырмыз деп, күнде жылап келетін жұртқа мұны үлгі қылу керек екен! Ол соны айтты да, өзі ертіп ­келген ­кә­мә­сияны өзі бастап, үйден шыға жөнелді. Ертеңіне ауылда жиналыс болды. Бастық шақырып жатыр деген соң, бүкіл ел тайлы-таяғы қалмай, түгел келді. Жайлаубай біргәдір ортаға шығып алып, екпіндеп сөйлеп тұр: – Әне, өздеріңдей Бибісараға ­қа­раңдаршы, тауға барып, қара тары, алғы теріп әкеліп, колхоздың берген бидайына қосып, мол қып көже пісіріп, бала-шағасын қиналмай асырап отыр. Сендер осыдан үлгі алсаңдаршы! – дейді қолын жоғары қарай сермеп-сермеп қойып.

***

Сөйтіп жүргенде, «Әскердегі сар­баздарға қолғап, шұлық керек екен» деген хабар жетті ауылға. Майбұлақтағы қолының ебі бар қыз-келіншектер, апа-әжелер енді кешкілік жұмыстан шаршап келгеніне қарамай, түнімен үйде қолғап тоқып отыратын болды. Соғыс жүріп жатқан жақта күн қатты суық деп естиміз. Солдаттардың саусағы мылтықтың, автоматтың шүріппесін баса алмай, сіресіп қатып қалатын көрінеді. Осыны естігенде, біздің зәреміз ұшады. «Құдай-ау, мылтық ата алмаса, қара құрттай қаптаған жаудың бетін қалай қайтармақ? Құрысын, ұйқы көрмесек, көр­мейік, солардың бір керегіне жарасақ, қанеки» деп, апаларымыз көз майын тауысып, қашан қалжырап, отыр­ған жерлерінде қисайып ұйықтап кет­кенге дейін қолынан шүйкесін тастамайды. Менің де қолымның ебі бар. ­Шешемнен алған тәрбие ғой, сірә. Жасым он бір-он екіге келіп қалған қолғанатпын. Үлкендермен жарысып қолғап тоқимын. Сосын, таң ата дайын болғандарын ­жинап алып, бригадирге апарып өткіземін. Бірақ ондағылар бір күні: «Сендердің тоқыған қолғаптарың майданға жарамайды екен» деп, жүрегімді су еткізді. «Бұдан былай бес саусаққа киілетін етіп тоқисыңдар. Мынау қап сияқты биялаймен мылтық ату қиын екен. Бізге жоғарыдан сондай тапсырма келді. Оны бұлжытпай орындау керек!» дейді. Сол күннен бастап бес саусақты қолғап тоқуға кірістік. Оны да ­шешем маған тез үйретті. Ендігі тоқыған қолғаптарым өзіме де ұнап, таңертеңгілік терезеден түскен жарыққа тосып, ары-бері қарап, қолыма киіп көретін болдым. Бір күні біздің үйдің шаңырағына бақ құсы қонып, сөзбен айтып жеткізе алмайтындай үлкен қуанышқа кенелдік. Әкеміз майданнан оралды. Сап-сау келген жоқ, әрине. Жараланып, гоститальда ұзақ жатып, бұдан ары қарай соғысқа жарамайсың деген қағаз алып, жадап-жүдеп ауылға әрең жетіпті. Әкемнің алдынан жүгіріп шығып, өз көзімізге өзіміз сене алмай, қуаныштан ағыл-тегіл жылап жүрміз. Мойнынан құшақтап, бетінен, қолынан сүйіп ­жатырмыз. Әкеміз иіліп, біздің маңдайымыз­дан иіскей алмады. Тұла бойы сіресіп, қатып қалған екен. Екі аяғы аман, әйтеуір. Қыбырлап әрең қозғалады. Бірақ белі иілмейді, бүгілмейді. «Бастан құлақ садаға! Әлі-ақ ­жазылып, ел қатарына қосылып, шауып кетесің. Біздің жақтың ауасының өзі дәрі емес пе!» деп жұбатып жатыр үйге жиналған жұрт. Түркістанға дейін әкемізге бір кісі серік болып, көмектесіп келіпті. ­Пойыздан түскен соң, оған рақметін айтып: «Осында бір ағайымның қызы тұрушы еді. Сол әпкемнің үйіне жетіп ­алсам, ары қарай бір амалы табылар» депті. Ол кісі әлгі үйге әкеліп салған соң, екеуі қимай-қимай қоштасады. Шіркін, сол кездегі адамдардың бір-біріне деген бауыр­машылдығын, мейірімін айтсаңызшы. Ауылдағы жақын ағайынымыздың қызы болып келетін әпкеміз де өздерінің аш-жалаңаш отырғанына қарамастан әкемді қуана қарсы алып, екі араға аяқ артар көлік қамдастырып, үш-төрт күн жол жүріп, Майбұлаққа жеткізеді. Мұны естіген ауылдағы ағайын оған дән риза болып: «Айналайын, ағаң үшін соншама бейнет кешіпсің. Бала-шағаңның рәтін көр!», «Алла разы болсын, арманыңа жет!», «Ата-бабаларымыздың баяғыда: «Қыздың ең нәзігі атқа жем салуға жарайды» ­деген екен. Бақытты бол, қарағым» деп қауқылдасып, алғыстарын жаудырып жатты. Не де болса, біз әкеміздің тірі келгеніне қуаныштымыз. Майданнан күнде хат күтіп жүрген ағайын бізге қызығады. Үйлеріне қара қағаз келген қамкөңіл жандар әкеме қарап, көз ­жастарын сығып-сығып алады. Құдай-ау, мұндай бақты бізге неге бұйыртпадың деп налиды. Сонда да болса, кеудесіне толған қалың шері мен қайғысын көрсеткісі келмей, қуанышымызға ортақтасып, біреуі домбыра тартып, енді біреуі ән салып, той тойлап жатыр. Алма ағаштың гүліндей-ау Текеметтің түріндей-ау. Өтіп дәурен бара жатыр, Сіз бен бізге білінбей-ау, – деп бәрі қосыла шырқағанда, күн жадырап күліп, бүкіл дүниенің реңі кіріп, әй, жұртым-ау, мына өмірдің өткінші екені енді естеріңе түсті ме деп мейірімін төгетіндей көрінеді. Ендеше, іңгә-ә деп жарық дүниеге келген күннен бастап-ақ оның өлшеулі екенін білетін мына жұрт көзі тірісінде нені алданыш етеді, неге қуанып, неге қайғырады, неге күліп, неге ­жылайды, кімді сағынып, кім үшін ет-жүрегі езіледі?.. Тағы бір сәтте үйге жиналған қыз-келіншектер: Қара тайға жарасқан қара терлік, Көрсетіп жүр майданда көкем ерлік.

Көкем, көкем, көкем-ай, Аман-есен ауылға, Келер ме екен-ай, – деп, өз жүрегіндегі сағынышын әнге қосады. Бәрінің де көздерінде жас. Көңілде­рін­де көл-көсір сағыныш. Тыңдап отырып, ет-жүрегің езіледі. Майданда жүрген ағалар ауылға тегіс аман-есен келіп, бар­лық үйде той болса екен деп тілейсің.

Жазып алған Нұрғали ОРАЗ

Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы.

2409 рет

көрсетілді

18

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы