• Тарих
  • 28 Мамыр, 2020

РУЗВЕЛЬТ ЖІБЕРГЕН ОРДЕН

Ол 1944 жылы аға сержант Жабас Ізбасовқа тапсырылған

Жанболат АУПБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

...1944 жылдың 23 тамызындағы «Красная звезда» газетіне қызық бір құжат шықты. Ол КСРО-ның Екінші дүниежүзілік соғыстағы одақтастары АҚШ және Ұлыбритания мемлекеттері басшыларының кеңес офицерлері мен жауынгерлерін өз елдерінің орден-медальдарымен марапаттаған тізім еді. Сондағы 324 адамның ішінен жалғыз қазақ көзге шалынады. Ол – аға сержант Жабас Ізбасов. АҚШ президенті Рузвельт қол қойған жарлықта оған Легионер ордені берілгені айтылған. Осы фактіні бірде редакцияда әңгімелесіп отырып, майдангер-жазушы Сағынғали Сейітов ағамызға айтқанымыз бар. 

– Е, ол кісімен мен 1944 жылдың желтоқсанында 5-ші армияның ­193-ші дивизиясы штабында әскери тілші ­болып жүріп кездескенмін. Майдандық қазақша шығатын газетке мақала жазғанмын. Бірақ кейінгі тағдырынан хабарым жоқ, – деді Сәкең. Жазушы аға редакцияға келесі бір келгенінде майдандық газеттегі сол мақаласының қиындысын әкеліп көрсеткені есімізде. Онда Жабас Ізбасовтың Ақтөбе облысынан екендігі, ауылда шофер, тракторшы, ферма меңгерушісі болып жұмыс істегендігі, МТС директорының орынбасары қызметін атқарып жүріп, 1942 жылы әскерге шақырылғандығы жазылған. Ал ол алған жоғарыдағы шетелдік ­награда туралы аталмыш мақалада: «Оның кеудесіндегі одақтастардың Легионер ордені бес тармақты жұлдыз сияқты. Алтын жалатылған лентасы үш түсті: көк, ақ, қызыл. Лентаның екі шеті көк те, оған жалғасатын қос тұсы ақ, ал нақ ортасы қызыл» деп сипаттама берілген. «Сол Жабас Ізбасов Жеңіс күніне жетті ме? Елге оралды ма? Оның шетелдік наградаға ие болған санаулы қазақ жауынгерінің бірі екендігін жерлестері біле ме?». Осындай сұрақтарға жауап алу үшін 2000 жылдың басында Ақтөбе облыстық ­ардагерлер кеңесіне хат жазған едік. Содан кейін, көп кешікпей, бізге ­жауап келгені бар. Оны жіберген ­Жабас ақсақалдың келіні екен. Ол кісінің өзінің Алға қаласында тұратындығын, қарияның майданнан аман-есен келіп, ұзақ жыл ғұмыр кешіп барып, осы бертінде қайтыс болғанын айта келе, шетелдік орденнің қазір көненің көзіндей ­болып үйлерінің төрінде ілулі тұрғанын баяндапты. Бұл хабар қолымызға тигеннен кейін, күндердің күнінде, Ақтөбе жаққа іссапарға шыға қалсақ, Алға қаласына барып, Жабас Ізбасов ақсақалдың туған-туысқандарымен сөйлесерміз, орденді көріп, суретке түсіріп алармыз деп ойлағанбыз. Өкінішке қарай, ол жаққа жолымыз түсе қоймады. Биыл Жеңістің 75 жылдығы жоға­рыдағы жайттың есімізге келмесі бар ма? Дереу Ақтөбедегі әріптесіміз Бердібай Кемалға хабарласып, мүмкін болса қолұшын беруін сұрадық. Ол өлкетанушылар Балғали Жазықов пен Ибраһим Ермекбаевтың жәрдемдесе алатынын айтты. Себебі бұл кісілер Жабас Ізбасовтың Ақтөбе қаласындағы туған-туысқандарымен араласып тұрады екен. Соның бірі Ақалма көп ұзамай: «Мен майдангердің туған қызы боламын. Балғали аға айтқан соң сізге керек суреттерді жіберіп отырмын» деп хабарласты. Төменде біз, құрметті оқырман, облыс орталығында мұғалима болып жұмыс істейтін Жабас Ізбасовтың қызы жіберген Легионер ордені мен оның ресми қағазының фотосын жариялап отырмыз.

836 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы