• Тарих
  • 28 Мамыр, 2020

ТАНКІНІ ТІЗГІНДЕГЕН ҚЫЗДАР

Соғыстағы апа-әпкелеріміз осындай мамандықты да игерген

Жанболат АУПБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Дүниені от пен оққа ораған 1418 күн мен түн өз уақытында өтті-кетті дегенімізбен, біздің әлі де еске алатын, іздестіре беретін нәрселеріміз аз емес. Басқаны былай қойғанда, төмендегі жайларға назар аударып көрелікші. Бұрынғы соғыстарда қайдам, 1941-1945 жылдардағы от кешудің сұрапыл шайқасында алғы шептегі санитар, аспаз, радистен бастап, Бас штабтағы шифр шешушіге дейінгі аралықтағы 110 түрлі әскери мамандық талап етілген екен. 

Міне, соларға біз күні бүгінге дейін ерекше тоқталып, олардың бәрін елге түгел таныстырып болдық па? Жоқ. Білетініміз – жалпылама жазу. Ал соғыстағы сирек мамандық иелері – ұшқыш, теңізші, барлаушы, танкист, сапер, артиллерист өмірін, олар жасаған ерліктерді елге жеке-жеке таныстыру жағы ше? Мәселенің осы жағына келгенде оған жауап таппай, еріксіз қиналамыз. Бәріне кінәлі өзіміз. Әйтпесе, сондай адамдар болған, қазір де бар, тек оны іздеу, зерттеу, табу қажет. Соғыс тақырыбы, майдангер өмірі осы екен деп, оларды елге үстірт таныстырғаннан гөрі, белгілі бір әскери мамандық төңірегінде, оның бүгінгі ұрпаққа үлгі болар тәлім-тәрбиелік қасиеті ­жайында терең ой толғаған жөн. Әрине, кейде бізді нақ ­солай етсек, іске солай кіріссек деген ой ­мазалайды. Бұл бағыттағы белгісіз батырлар есімін іздестіру жұмыстары, мүмкін, ондаған жылдарға ­созылар, мүмкін, бүтін дәуірге жалғаса берер, бірақ ұмытылмақ емес. 1941-1945 жылдардағы соғыс тақырыбында иге­рілмей келе жатқан мәселенің бір жағы – сирек әскери мамандықтың мән-мақсаты, оның сол кездегі атқарған рөлін елге таныстыру болса, бұл мәселенің екінші жағы да бар. Ол – сұрапыл шайқастарда ерлермен қатар соғысқан қыз-келіншектер тағдыры... Олар игерген әскери мамандықтар... Кәне, енді осыған ой жүгіртіп көрелікші. Бұл орайда Кеңес Одағының маршалы А.И.Еременконың дәл осы тақырыпқа берген бағасынан артық пікірді тауып айту қиын. Себебі атақты қолбасшы өзінің әскери мемуарларының бірінде: «Ұлы Отан соғысында қыздар араласпаған, қыздар меңгермеген әскери мамандық кемде-кем» деп, олар туралы шын жүректен шыққан сөзін айтқан еді.

Иә, сұрапыл шайқаста ер-азаматтармен қатар қолына қару алған апа-әпкелеріміздің саны, патриоттық ісі бұрынғы соғыстардың қай-қай­сысындағы ерліктің бәрінен асып түскен. Оқ бораған ұрыс даласынан жаралы жауынгерлерді алып шығу, парашютпен жау тылына түсіп, рация арқылы хабар беру, бомба тасығыш «Түнгі перілер» атауын­дағы эскадрильямен ұшып, фа­шист объектіле­рін тал­­қандау, пулеметші мамандығын меңгеру, кір жуушы, аспаз мін­детін атқару, міне, осы­ның бәрінде де ­қыз-­ке­ліншектердің үлкен үлесі болды. Оған деген мысалды алыстан іздемей-ақ, өзіміздің туған өлке түлектері: ұшқыш Хиуаз Доспанованы, пулеметші Мәншүк Мәметованы, мерген қызымыз Әлия Молдағұлованы, ­радист Нұрғаным ­Байсейтованы, ­медбике Рәзия Ысқақованы айтсақ та жеткілікті. Бұл 1941-1945 жылдардағы ­со­ғысқа біздің республикамыздан барған апа-әпкелеріміздің шағын бір тобы ғана. Ал сол кездері басқа одақтас республикалардан да жүрек әмірімен аттанып, майдан шептерінде шайқасқан осындай от жүректі өрендер қаншама еді десеңізші? Олар көп, тіпті көп болатын! Солардың ішінде танкшы мамандығын меңгеріп, соның экипажында қызмет еткен қыздардың да болғандығы бізді таңғалдырады. Осы арада кім-кімді де болса: «Ал ондай апа-әпке­леріміз бар болсын делік. Сонда бұлар кімдер? Олар қай майданда шайқасқан және танкшы ­ма­ман­дығын игерулеріне не нәрсе себеп болған?» деген заңды сұрақ мазалары сөзсіз. Бұған алғашқы кезекте Мария ­Октябрьская мен Ирина Левченконың есімдерін айтқан жөн. Қаһарман қыздардың қиындықтан қаймықпаған қайсар мінезін, әскери техниканы игерудегі ерекше жетістігін сол кездегі билік жоғары бағалай білген. Оған дәлел – жоғарыдағы ат­тары аталған екеуіне де өз кезінде Кеңес Одағының Батыры деген құрметті атақтың берілуі. Бұл тізім мұны­мен біт­пейді. 1418 күн мен түндегі қаһармандық хрони­касын баяндайтын тарихи құжаттарды парақтай түс­сек, әлгі біз айтқан есімдерді Валентина ­Бархатова, Вера Безрукова, Екатерина Петлюк және Мария ­Лагу­нова сияқты фамилиялар одан әрі толықтыра түседі. Осы деректерді іздеп тауып танысқанда, құрметті оқырман, олардың бізге ерекше ой салғанын айрықша атап айтқымыз келеді. Өйткені мұндай нәрселерді кейде тың тақырыптарды іздестіруге жетелейтіні, яғни жаңа фактілерді табуға түрткі болатыны кім-кімге де жасырын сыр емес. Жоғарыдағы жандардың аты-жөндерін оқып отырғанда, бізге: «1941-1945 жыл­дардағы соғыста танк жүргізіп, оның экипажында қызмет еткен қазақ қыздарының да болуы мүмкін-ау. Соларды іздеп көрсек қалай болар екен?» деген ойдың келгені бар. Осы талап бізді жиі-жиі мазалап, көптеген майдангерлердің сөзіне құлақ түргізді. Соғыс жылда­рын­да шыққан газет тігінділерін ақтартты. Ақыры оған да жауап тапқан сияқтымыз. Енді соны баяндауға көшелік. Бірде республика Ғылым академиясының орталық кітапханасына барып «Қазақстан 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде» атты құжаттар жинағын парақтап отырдық. Сонда көзімізге бір хабардың түскені. Ол «Советтік Қарағанды» газетінің 1944 жылғы 22 тамыздағы санында жарияланған «Танкшы қазақ қыздары» атты дүние еді. Өзіміздің көп уақыттан іздестіріп келе жатқан нәрсеміз ғой бұл?! Ақыры табылды-ау! Осындай қуанышты сезімнің жетегімен әлгі материалды оқып шықтық. Содан соң, мәтінді ксероға түсіріп көшіртіп алдық. Мақаланың мазмұны мынадай екен: «Танкшы қазақ қыздары. Ұлы Отан үшін ұрыстарда қазақ қыздары да мәңгі өшпес даңққа бөленуде. Олар өздерінің жастығына қарамастан, аз уақытта соғыс техникасын меңгеріп, танкшы, ұшқыш, атқыш және даңқты барлаушы болып алды. Солардың бірі – омырауында «Батырлығы үшін» медалі жарқыраған командир, кіші сержант Жамал Байтасованы көресіз. Жамалды біздің бөлімшенің жауынгерлері тегіс біледі. Сөзге шешен, іске шебер жауынгер Жамал зұлым жауға қарсы ұрыстарда ерліктің, табандылықтың, қажырлылықтың үлгілерін көрсетуде. Танкшылар шабуылға шығып, немістерді қаладан жөңкілте қуды. Литваның сәнді, сәулетті қалаларын жендеттер аяусыз талқандаған екен. Бір кезде Жамалдың танкы жаудың күтпеген жерінен шығып, немістерді баса жаншып, олардың оқ ататын ұяларының үнін өшірді. Орта бойлы күлім көз Күлкен Тоқбергенова жаудың тылына кіріп, танктерге жол ашатын, жаудан «тіл» әкелетін барлаушы болды, барлау жұмыстарында командованиенің тапсырмаларын батылдықтан орындағаны үшін үш рет наградталды. – Танкке мініп, жауға шабуыл жасадық, немістер күтпеген жерден берілген қатты соққыға табан тіреп қарсылық көрсетуге шамасы келген жоқ. Зеңбірек­те­рін тастап қаша жөнелді. Бұл күнгі ұрыста немістер­дің ондаған солдаттары мен офицерлерінің өлігі жайрап қалды, көп олжалар қолға түсті. Командование­нің бұйрығы абыроймен орындалып, танк бөлімінің алға басуына жол ашылды, – дейді Күлкен өзінің әңгімесінде. Бөлімшедегі танкшы қазақ қызы Күлжәмила Талқанбаеваның ерлік істері ерекше көзге түседі. Ол бір күнгі болған ұрыста жаудың 5 атыс ұясын ­жойып жіберді. Күлжәмила атакаға шыққанда, ­сондай шеберлігімен алға ұмтылады. Осылардың ішінде радист, пулеметші Жәмила Бейсенбаева да өзінің қызметін жақсы атқарады. Міне, бұларлың ерлік істері қазақ халқын мақ­таныш сезіміне бөлейді. Танкшы қыздар, даңқтарың арта берсін! Топатай Жүнісов, медальді сержант. Полевая почта – 280054 – О («Советтік Қарағанды» газеті, 22 август, 1944 жыл)». Газеттегі мақала осылай сыр шертеді. Ол өте қысқа жазылған. Мұнда танкшы қазақ қыздарының майданға келу жолы, аталмыш мамандықты қалай игергендігі, шайқас кезінде олардың басынан өткен қиын сәттер жайлы дерек жоқ. Автор тек көз ­алдында көргенін, өзінің қаһарман қарындастарын қарулас ­жауынгер ретінде білетіндігін қысқаша айтып шыққан. Оны қазір біз: «Әттеген-ай, бұл тақырыпқа қалам тартқан адам сол кезде оны неге кеңірек жаза түспеді екен? Сонда бұған қатысты деректер тіптен мол болар еді» деп кінәлап, жазғырмаймыз. Қайта өзінің көргенін, білгенін, кейінгі ұрпаққа бір дерек етіп қалдырған сол Отан солдатына бар дауыспен рақмет айтамыз. Өйткені мақала осынысымен-ақ бізге құнды әрі қымбат. Неге десеңіз, біріншіден, ол 1941-1945 жылдардағы соғыста танкшы қазақ қыздарының болғандығын айтып тұр. Екінші бір назар аударатын нәрсе, осы мақала жолдарын зер салып оқып отырсаңыз, одан темір тоңды ­техниканы жүргізген жаңағы апа-әпкелеріміздің қай майданда шайқасқанынан да мағлұмат алғандаймыз. Байқайсыздар ма, жоғарыдағы хабардың ішінде: «Литваның сәнді, сәулетті қалаларын жендеттер яусыз талқандаған екен» деген сөйлем бар емес пе? Ендеше, бұл танкшы қазақ қыздары Прибалтика майданындағы әскер бөлімшелерінде қызмет атқарған-ау, шамасы, деп ой түюімізге толық негіз бар сияқты. Міне, осы деректердің өзі-ақ зерделі жандарға көп сырды аңғартады, олардың қиялына қозғау ­салады ғой деп ойлаймыз. Бұдан соң, біздің: «Сол соғыстағы қуатты қару – болат тонды техниканы тізгіндеген жоғарыдағы апа-әпкелеріміздің кейінгі тағдыры қандай? Олар елге аман-сау оралды ма? Бұл қаһарман қыздарымыз Қазақстанның қай облысынан еді?» деген сұрақ ­мазалайды. Осы сауалдарға жауапты сіз бен біз болып іздестіріп көрсек қалай болар екен, құрметті оқырман. Егер бұл ісіміз оңға басса, онда бәріміз үлкен жұмыс атқардық деп ойлаған болар едік. Сонымен, сөз соңын мынадай сөйлемдермен аяқтағымыз келеді. Қадірлі қазіргі көзі тірі соғыс ардагерлері! Сіздердің өздеріңіздің 1941-1945 жылдардағы шайқас жолдарыңызда танкшы мамандығын меңгерген қазақ қыз-келіншектерін кездестірсеңіздер, дәл сондай оқиғаны көрсеңіздер, ол қашан, қай жерде болған еді? Медальді сержант, Топатай Жүнісов! Сіз қазір қайдасыз? Майдан даласынан елге оралдыңыз ба? Егер қазір бар болып, осы іздестіру хатты оқи қалсаңыз, «Танкшы қазақ қыздары» атты мақалаңызды қалай жазғаныңызды, оның туу тарихын айтып, бізге хат жолдайтыныңызға сенеміз! Жоғарыда аттары аталған танкшы, оның экипажында қызмет еткен Жамал, Күлкен, Күлжәмила, Жәмила апайлар! Сіздер қазір барсыздар ма? Осы кісілердің туған-туысқандары! Сіздер олар жайлы қандай хабар айта аласыздар? Ардагерлер! Оқырмандар! Өлкетанушы ынталы топ өкілдері! Өздеріңізден хат күтеміз!

1637 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы