- Мәдениет
- 03 Маусым, 2020
ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ ТІРЕГІ
Бейбітшілік пен келісім қоғам дамуының басты факторы және мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары екені белгілі. Еліміздің көп ұлттылығын кемшілік емес, керісінше, мемлекеттің дамуына жұмыс істейтін артықшылық әрі стратегиялық ресурс ретінде қолдану – ілгерілеудің тиімді жолы. Облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ел бірлігі мен татулығын нығайту мақсатында табысты еңбек етіп келеді. Жетісу жерінде ұлтаралық және дінаралық келісімді, қоғамдық-саяси тұрақтылық пен Қазақстан халқының бірегейлігін сақтау үшін бірқатар нақты шаралар қабылданып, жүйелі жүргізілуде.
Қилы кезеңдерде тарихи үдерістер салдарынан қазақ жеріне сан алуан ұлт өкілдерінің қоныстануы біздің тағдырымызды сол этностармен ортақтастырды. Соған сай ұлтаралық және дінаралық әралуандығымыз қалыптасты. Басып-жаншып, отарлау саясатынан туындаған сын-тегеуріндерді еңсере отырып, сан ұлт өкілдерінің панасына айналған мемлекет құраушы қазақ ұлтының мәмілегер мінезінің арқасында біз бүгінде біртұтас Қазақстан халқына айналып отырмыз. Тәуелсіздігімізді баянды ету жолында қоғамдық келісімді сақтай отырып, ілгерілеу, озық елдердің алдыңғы қатарына ену – басты мұратымыз. Елдің игілігін арттырып, мәдени сан алуандықты сақтай отырып, ерен еңбегімен мақтанышымызға айналған этнос өкілдерінің ел дамуына қосып жатқан үлесі аз емес. Атап айтқанда, Асылы Осман, Надежда Лушникова сынды мемлекеттік тіл жанашырлары – қазақ елінің мақтанышы. Ал жетістігімен елімізді әлемге танытқан спортшылардың еңбегі бір төбе. «Биыл Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған саяси тұрақтылық пен этносаралық толеранттылықты сақтаушы консультативті-кеңесші орган Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Шындығында, тыныштық арқылы тұрақтылыққа, татулық арқылы тұтастыққа қол жеткізуді мақсат еткен Қазақстан халқы Ассамблеясы ширек ғасырлық тарихында қазақ жерін татулықтың талбесігіне айналдыруға күш салды. Бір-бірімен етене араласып, біте-қайнасқан этнос өкілдерін бір мақсатқа жұмылдырып, бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастырды. Жүзден астам этносты бауырына басып, әр халықтың төл мәдениетін, тілін, ділін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін дамытуға қолайлы жағдай жасады. Ол үшін ҚР Конституциясына этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласын толықтай реттейтін нормалар енгізілді. Алпауыт мемлекеттермен салыстырғанда бізде аз ұлттар ұғымы қолданылмайды. Барлық этностың құқығы мен бостандығы бірдей, үлкен-кіші деп жіктелмейді, біртұтастық ұғымына негізделген. Ассамблея мерейтойлық жыл аясында этнос өкілдерін біріктіруді, стратегиялық сабақтастықты одан ары арттыруды басты бағдар ретінде ұстанады. Мемлекеттік және халықаралық деңгейдегі ауқымды іс-шаралардың тағылымды өтуіне де өз үлесін қосады. Абайдың тілін айрықша дәріптеп, жалпыхалықтық қатынас тіліне айналдыру үшін Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған мерейтойға белсене атсалысады. Абай шығармаларын Абай тілінде оқып, Абай тілінде түсінгенде ғана ұлтқа деген шынайы сүйіспеншілік, Отанға деген шексіз құрмет, мемлекетке деген нағыз мақтаныш сезімі қалыптасары анық. Бұдан бөлек, Алматы облыстық ҚХА Аналар кеңесі 10 мың, Текелі қаласы 300 мың, Панфилов ауданы 117 мың бетперде тігіп, 10 417 адамға үлестірді» деген ҚХА Төраға орынбасары Ж.Түймебаевтың сөзінде де Халық Ассамблеясының еліміздің тыныс-тіршілігіндегі рөлі айқын көрсетілген. Ата Заңымыз – ҚР Конституциясында барлық азаматтардың ұлтына, дініне, шығу тегіне қарамастан тең құқықты екендігі нақты жазылған. Сондай-ақ ешкімнің өзге адамдардың мүддесіне нұқсан келтірмеуі және өз кезегінде қолданыстағы заң талаптарын бұлжытпай орындауы баршаға ортақ міндет саналады. Өскелең ұрпақтың әртүрлі өзге діни ағымдарға ілеспей, қоғамға жат әдеттен бойын алшақ ұстауы үшін бос уақытты тиімді ұйымдастырып, мемлекеттік тілді меңгеруі, оны құрметтеуге тәрбиелеу, жан-жағындағыларға құрметпен қарауы отбасынан басталатын тәрбие, әрбір ата-ананың парызы. Жүзден астам этнос өкілі мекен еткен Жетісу жерінде бейбіт, тату өмір сүрудің мол тәжірибесі бар. Ел болып бірлесіп, өмірдің бар қызығын бірге көріп, бейбіт еңбек етсек қана ертеңгі күннің жарқын болары сөзсіз.
Ғабит ТҰРСЫНБАЙ, Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі
1776 рет
көрсетілді3
пікір