• Тарих
  • 03 Маусым, 2020

БЕРЛИНДІ БАҒЫНДЫРУ

Нұрперзент Домбай «Ana tili»

Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Бектай Әбсаттаровпен көптен таныс едім. Оның облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі төрағасының ­орынбасары қызметін атқаруы да газетпен, журналистермен байланысын бұрынғыдан да арттыра түскен. Ардагер азамат өзін толғандырған көкейкесті мәселелерді, кеңес тарапынан атқарылып жатқан кейбір маңызды істерді баспасөз арқылы жұртшылыққа жеткізуге асығатын. Негізінде осы мақсат үдесінен шығып та жүрді. Осылай жалғасқан берік қарым-қатынас майдангердің сонау сұрапыл жылдардағы ерлік істеріне етене қаныға түсуге мүмкіндік берді. Шынында да, жауынгер өткізген сол майдан жолдары нағыз қаһармандық пен патриоттыққа, жеңіске деген құштарлық сезімге толы ұмытылмас жылдар болатын. Бектай 1923 жылы күз мезгілінде қазіргі Қарағанды облысының Ұлытау ауданында Дүйсенбай өзенінен он шақырым жерде ағып жатқан «Бесши» бұлағының маңында дүниеге келді. Кейбіреулер бұл жерді «Бесши» ауылы деп те атайтын. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Қарсақбай мыс қорыту заводында еңбек ететін. Он сегізге енді келген жас жігітті майданнан келіп жатқан хабарлар селқос қалдыра алмады. Тезірек қолға қару алып, неміс-фашист басқыншыларымен шайқасар күнді күтті. Алайда шақыру қағазы ол ойлағандай жедел жете қойған жоқ. Ақыры әскери комиссариатқа өзі келіп, мұндағылардан майданға алу жөнінде өтініш жасады. Нәтижесінде өтініш қанағаттандырылды. 1942 жылдың 17 маусымында майданға аттанды. Бірақ бірден шайқасқа кірісіп кете қойған жоқ. Тоцк селосындағы он бірінші запастағы атқыштар бригадасына жіберіліп, осында әскери дайындықтан өтті. Осы дайындықтан кейін ғана майдан шебіне келіп, Солтүстік-Батыс майданның 353-ші жеке артиллерист-пулеметшілер батальонында гитлершілдермен шайқасты. Осында жүріп, Старый Русс, ­Эльмен көлі маңындағы қанқұйлы ұрыстарға қатысты. Осы ұрыстарда үш рет ауыр жараланғаны бар. Соның салдарынан госпитальдарда емделуіне тура келді. Соңғы емделіп шыққанда оны Нижний Тагил қаласындағы танкистер даярлайтын мектепке жіберді. Бұл мектепті бітірген соң, генерал М.Е.Катуков басқарған 1-ші гвардиялы танк армиясының 69-шы гвардиялы танк полкінде майдан жолдарын жалғастырды.

Бектай Әбсаттарұлы әңгімеге жоқ адам. Өзі сөйлегеннен гөрі басқаларды тыңдағанды жөн санайды. Ал кейде жұмыстан босап, көңілі көтеріңкі сәттері өзі бастан өткерген соғыс жылдары жайлы асықпай, тебірене сыр шертетіні бар. Сондай көптен күткен басқосу кезінде қарт майдангер соғыс жылдарындағы кейбір есте қалған оқиғаларды ортаға салған. Сол әңгіменің бірі Берлинге шабуыл­дың қалай болғандығы туралы еді. Енді ардагер сөзіне құлақ салып көрелік.

***

Соғыстың аяқталуына санаулы күн­дердің қалғанын, фашистік Германияның сазайын тартар сәттің таяу екенін сезіп жүрдік. Бұл қуаныш бойымызға тың күш- қуат қосып, жаңа ерліктерге шабыттандырды. Кеңес армиясы соғыс алаңдарында гитлершілерге аяусыз соққы берумен ­болды. Міне, енді әскерлеріміз фашистердің соңғы апаны – Берлинді шабуылдауға дайындалып жатты. Неміс әскерлері өз жерінде жеңілістен соң жеңіліске ұшырап, біздерге қарсылық көрсете алмады. Одер өзеніне дейін ­артына қарамай қашумен болды. Біздің бірінші гвардиялық танкілі армия дұшпанның ­демалуына да мұрша бермей, ­аямай соққыға алды. 69-шы гвардиялық танк полкінің құрамындағы үш танкісі бар біздің взвод ­жауды барлау міндетін атқаратындықтан, үнемі алдыңғы шепте бой көтеріп жүрді. Жаудың соңына түсіп, күніне 20-30 шақырымды артқа тастадық. Көрген-білгенімізді радио арқылы полк командиріне хабарлап отырдық. Біздің полк неміс әскерлерін екі жағынан орап, күнбатысқа қарай екпіндей жылжыды. Осындай тактикалық қимылдардан кейін қарсыластарымыз әжептәуір абыржып қалды. Олар қоршауда қалып қоймау үшін қару-жарақтары мен соғыс техникаларын тастап, қаша бастады. Бір күні үш танкіміз алдыңғы шепте барлауда жүріп, немістердің бір деревнясына тым жақын келіп қалдық. Онда немістердің жаяу әскери бөлімшелері тұр екен. Еш ­ойланбастан төпелетіп оқ жаудырдық. Сөйтіп жүріп, қоршауда қалып қойдық. Менің ылғи да танкінің жоғарғы қақпағын үнемі ашық ұстап, таза ауамен ­демалып отыратын әдетім бартұғын. Өйткені ­снарядты атып жатқан уақытта оқ-дәрінің түтінін тез шығарып отыруды башняның ­желдету жүйесі қамтамасыз ете алмайтын еді. Қақпақты бомба түсіп жатқан кезде ғана жауып қоятынбыз. Қақпақ танкінің үстінде бадырайып, қап-қара күйінде бір «нысана» сияқты көзге ұрып тұратын. Ұрыстардың бірінде танк командирі қаза тапқан. Мен сондықтан да қажет болғандықтан танк командирінің ­орнына ауысып отырдым. Ұрыс алаңында не ­болып жатқанын байқау үшін және көрші танкіні көрейін деп, қақпақтан басымды сыртқа шығардым. Басымды қайтадан ішке кіргізіп, тез төменге түскенім сол-ақ екен, кенеттен қатты дүрс еткен соққы көзім­нің отын жарқ еткізді. Есімнен танып тан­кінің снарядының жәшігі секілді төмен құлап түстім. Есімді жиып қарасам, атқыш-радис­тің орнында басымды қан басқан күйде жатыр екенмін. Құлағымнан қан ағып жатыр... Сосын белгілі болғанындай, қарсы­ластар танкінің қақпағын фауст-оқпен атқан екен. Экипаждың менің ­басымды орап таңуға мүмкіндігі болмаса ­керек. Атқыш-радист тез арада менің ­орныма – зеңбірек коман­дирінің орнына ­ауысып, ­снаряд оқтау­шымен бірге ұрысты жалғастыра беріпті. Механик-жүргізуші атқыш-радисті алмас­тырып, алдыңғы пулеметтен оқ жаудыр­ған. Мен қозғалыссыз, әлсіз күйде отырып бұрынғы ескі экипаждан жалғыз өзім қал­ғанымды аңғардым. «Бұрынғы оқ­таушы Курск шайқасында, механик-жүргізуші Казятинода, танк командирі Сан­до­мир плацдармында қаза тапты, енді менің де кезегім келген шығар» деген жаман ой келді... Иә, танктің әрбір экипажы ұзақ өмір сүруге құштар еді. Әрқайсысы соғыстан кейін Отанына, үйіне, отбасына аман-есен оралуды, сүйікті қызын, әйелін, туған анасын, әкесін қатты құшағына қысуды, болашақ өмірді және келер ұрпақтың қалай өмір сүретінін бір көруді армандайтын. Соғыстың аяғы, көптен күткен жеңіс күні жақындаған сайын, қатарымыздың сиреп жатқаны аһ ұрғызып, жанымызды ауыртатын. Біздің 1-ші гвардияшы армияның танкистері, жеңісімізбен аяқталған Висла-Одер өзені операциясын жеделдету үшін барынша белсенділікпен соғысты. Армия құрамындағы полковник А.М.Темниктің 21-ші танк бригадасы шайқаса отырып шапшаңдықпен алға ұмтылған қозғалысы жалғасып жатты. Бір-екі күннен соң Шығыс Пруссияда, Данциг пен Гдыняда орналасқан неміс әскерлерінің шегінетін және жабдықтайтын жолдарын кесіп ­тастау үшін Балтық теңізінің жағалауларына шықты. Біздің 69-шы гвардиялық танк полкінің танкистері де Данциг пен Гдыняда ауыр шайқасты бастан өткізді. Бұл жерлерде немістер бізге қарсы «бендершілер» мен «власовшыларды» қарсы қойды. Олар соңғы фауст-оқтары қалғанша соғысты. Фауст-оқтарымен біздің танктерден танк қалдырмай атқылады. Оларға жақын барып, танктың шынжыр табанымен жа­ныш­пайынша тұтқынға берілмеді. «Егер жау берілмесе, оны құртар болар» демек­ші, біз оларға аяушылық көрсете алмадық. 1945 жылдың наурызында қарсылас­тар­дың негізгі күштері аяғына дейін тал­қандалды. Біз бұл уақытта 1-ші Белоруссия майданының құрамында болдық. ­Содан кейін барып соңғы шешуші Берлинді ­шабуылдау операциясына дайындық ­басталды. Темниктің бригадасы қайтадан жарақ­танып, қалыпқа келді. Бригада орналасқан алаң қалың орман басқан жер еді. Қылқан жапырақты ағаштар мен ылғалды шөп­терден көктемнің хош иісі аңқып тұрды. Жасырылған әскери машиналар кішкене жолдың бойында орын тепкен. Темниктің танкистері бұйрық бойынша өздерінің танкілерінің маңында тізіліп тұр. Комбригтің өзі мен оның саяси орынбасары бригаданың туын саптың алдынан алып өтті. Жауынгерлер мен офицерлер туды Берлинге дейін жеткіземіз деп ант берді. Салтанатты рәсім аяқталғаннан соң комбриг жанымызға келіп, әрқайсымызға награда тапсырды. Мен III дәрежелі Даңқ орденін алдым. Жорықтағы ас үй де іле-шала келіп жетті. Комбриг қазаннан астың дәмін байқап көріп, тамақтың сапасы үшін аспазға алғысын айтты. Танкистермен қоштаса отырып, «Денсаулық болсын, ­Берлинде аман-есен кездесейік» деген тілегін жеткізді. Командирлер мен саяси қызметкерлер танкистермен ақпарат-әңгіме өткізді. ­Жауынгерлерге басып алған жаудың жерінде өздерін қалай ұстау керектігі ­жайында айтты. Біздің адамдардың жауға деген өшпенділігі тым басым болғандықтан, мұндай үгіт жұмысы қажет еді. Қайғысыз, қасіретсіз жауынгер бұл күндері жоқтың қасы еді. Көпшілігінің жақын туғандары қаза болған, фашистер еріксіз тұтқынға алып кеткен, туған қалалары мен селолары қираған. Бұл, әрине, фашистерден өш алу сезімін қоздыратын еді. Берлинге шабуылдың алдында біздің армия, оның ішінде бригадалар мен полктер жаңа әскери машиналармен толықтырылды. Барлаушылардың мәліметтері бойынша жергілікті жер жаудың жақсы қорғана ­алуына қолайлы екен. Батпақты өзендер мен су ағып жатқан жылғалар, арықтар, көлдер ілгері жылжуда көп кедергі келтіретін. Бұл, әсіресе танкистерге қолайсыз еді. Одердің батыс жағалауы батпақты, су басып жатқан жер. Оның арғы жағында тік жартастары бар Зееловский биіктіктері. Сонымен бірге бетондалған немесе ағаш жеркепеден жасалған оқ атылатын нүктелер. ...Әлі есімде, сәуір айының орта кезінде полк армияның басқа да құрамдас бөлімдерімен бірігіп, түн қараңғысын ­жамылып, шусыз, алдын ала дайындалған өткелдермен Одердің сол жақ жағалауына шықты. Сөйтіп, плацдармда арнайы белгіленген алаңға бас тіреді. Айнала тым-тырыс, үп еткен жел жоқ. Аспан төрінде жымыңдаған жұлдыздар. Ешкімнің де ұйқысы келер емес. Түнгі тыныштықты тек туған жерлерінің, өздерінің жақындарын сағынып, ақырын әндетіп отырған ­сырнайшы-жауынгерлер ғана бұзып тұрды. Осы түнде «Қараңғы түнде, далада оқтың ғана ысқырығы естіледі, сүйгенімнің көз жасын сүртіп ұйықтамай отырғанын біле­мін, тек жұлдыздар ғана жарқырайды» деген соғыс жылдарының әуені құлаққа келеді.

Менің танкімнің радист-атқышы ­Жадовский Николай Петрович, 1924 жылы туған, ұлты украин, Тернополь облысының Берстанск селолық кеңесінің тумасы, бойшаң, ірі жігіт. Жанымда шалқасынан жатып, әлгі әуенді тыңдап жатқан. Бір кезде жылап қоя берді. Мен оған «саған не болды, соншама қыз баладай өкіріп жылап?» дедім. Ал ол маған былай деп жауап қатты: «Иә, Бектай Әшірбекұлы, сенікі дұрыс. Мен ертеңгі Берлин шабуылынан тірі қаламын ба, қалмаймын ба деп уайымдап жыладым. Көп майдандас жолдастырым осы күнге дейін өмір сүрмеді. Олардың артында келіншектері жесір, ұлдары мен қыздары жетім қалды, шешелері және туған жерлері, үйлері қалды...». Мен оны Казятино операциясына дейін кездестірген едім. Біздің полк қайтадан жарақтанып қалыптасып жатқан еді. Ол сол уақытта экипажымызға қосылды. Сол уақыттан бастап онымен қатты дос болдық, бір ыдыстан тамақ жедік, соңғы қалған-қатқан нанымызбен бөлістік. Бір шайқаста түнде барлауда жүріп тосқауылда тұрған біздің танкіні немістер фауст-оқпен атып түсірді. Танк от боп жана ­бастады. Біз танкіден атып шығып, отты комбинезондарымызбен сөндіре бастадық. Немістердің автоматтарынан жауған оқтың астымен жан-жаққа қаша жөнелдік. Түн ішінде өзіміздің полктің тұрған жеріне жеттік. Таңертең полк командирі сол жаққа ­автоматшылар взводының тобын жіберді. Автоматшылар немістердің фауст-атқыштарымен шайқасқа түсіп, олардың көздерін жойды. Ұрыс аяқталғаннан кейін бағанағы танкімізге келдік. Танкінің алдынғы қақпағы жағынан іште жаралы Николайды көрдік. Оны танкіден шығарып алып, полктің штабына әкелдік. Біз одан қалай тірі қалғанын сұрағанда, ол былай деді: «Таңертең немістер танкіге жақындап келіп, қарап жүріп мені көрді. Мен орындықта бетімді жоғары қаратып, өлген болып шалқамнан жаттым. Немістер мені шын мәнінде өлген кісі деп ойлап, кетіп қалды. Мен аяғым қатты жараланып, танкіден тез арада шыға алмадым. Сөйтіп, біздің автоматшылар келген кезге дейін жаттым...». Осыдан кейін ол госпитальға кетті. Экипаждың бұрынғы ескі танкис­терінен мен жалғыз қалдым. Менің жолым болды деп ойлаймын. Берлинді шабуылдау кезінде кенеттен мені өлтірсе, бәрінің де біткені емес пе?!... Міне, сондықтан да «тірі қалсам екен және соғыстан кейінгі кезеңді – адамдардың қуанышты, бақытты өмірін көрсем екен...» деген менің ең соңғы арманым осы болды. Асыл арман тек менде ғана болған жоқ, қараңғы түнде әннің әуеніне беріліп отырған жауынгерлердің бәрінде де болды. 1945 жылдың сәуір айының ортасын­дағы қай жұлдызы екені есімде жоқ, таңғы сағат 5-те кеңес әскерлерінің «рейхтың» астанасына соңғы шешуші шабуылының басталғанын мыңдаған зеңбіректер құлақты жаратын қатты гүрсілмен хабарлады. Аспанда біздің бомбалағыштардың гуілі толастамады. Артиллериялық дайындықтан кейін жүздеген прожекторлар жарқ ете қалды. Одердің арғы жағындағы ойпаттың бәрі мыңдаған снарядтардың, миналардың, авиациялық бомбалардың жарылысынан, яғни түтін араласқан көгілдір жарықпен жарқырап жатты. Түтіннің тығыз болғаны соншама, тіпті күшті зениттік прожектор­лардың өзі жарыққа жол аша алмады. Жаяу әскерлер мен танкілер бірлесе, жақын үйіріліп шабуылға шықты. Ең ауыр жұмыс біздің саперлардың үлесіне тиді. Қарсыластар шегіне отырып көпірлерді қиратты, сондықтан өзендері, көлдері, арықтары көбірек аудандарда толассыз тоқтамай атылып жатқан оқтың астында жүріп өткелдерді жөндеп, қалпына келтіруге тура келді. Жаудың танкілерінің бір экипажы ­саперды көріп қалып, оны шынжыр ­табанымен жаншу ниетімен соңынан қуа жөнелді. Бірақ «пантера» оны қуып жеткен кезде Сычев оның шынжыр табанының астына минаны тастап үлгерді. Жарылыс толқыны саперды бір жағына қарай лақтырып жіберді. Ол есін жиып өз-өзіне келген кезде «пантераның» қозғалыссыз тұрғанын, ал оның экипажының қақпақтан атып шығып қашып бара жатқанын көреді. Сычев қашып бара жатқан гитлершілерге автомат оғының кезегін жөнелтіп, жау танкісіне кіріп жасырынып қалды. Ол танкінің башнясын бұрып алып, екі самоходканы нысанаға алды. Жаудың қалған танкілері қозғалуға жүрексініп, тұрған орындарында оқ ата бастады. Олар алдарында миналанған алаң бар екен деп ойлаған болу керек. Зееловск биіктіктерінде ұрыстар қатты болды. Қарсыласқан жақ бізге қарсы үсті-үстіне жаңа дивизияларын жіберді. Танктен қауіпті бағыттарға зениттік ­батареяларын қойды. Жендеттерді терең окоптарда, траншеяларда, темірбетонды оқ ататын нүктелерде басып жаншуға, көмілген танктерді, металл қалпақтарды қиратуға тура келді. Екі күн ішінде танкистер тек 4-5 шақырым ғана жылжи алды. Ормандар жанып жатты, өрттің түтіні дем алуға кедергі жасап, көріну қашықтығын шектеді. Мұқият жасырынған жаудың зеңбіректері де және тасада тұрған фаустатқыштар да танкистердің әрбір қадамын аңдумен болды. Танк полкінің алдында мотоатқыштар жүріп торуылшылдарды жойып отырды. Олардың артынан бұта талдар мен ағаштарды көтеріп, минадан тазалап саперлар жүрді. Танкілер тағы да 25 шақырымға жылжыды, герман астанасының сыртқы орам жағында шайқас жүріп жатты. ­Кепеникке басып кірдік. Бұл Берлиннің шеті еді. Алдымызда соңғы сулы кедергі – Шпрее өзені. Екі сағаттан кейін Шпрее өзені арқылы өтетін көпір жасадық. I-ші танк армиясының құрамдас бөлімдерінің бәрі дерлік көпір арқылы өтіп, Берлиннің шетіндегі қалашықтардың аймағына шықты. Берлиннің орталығына дейін шабуылдау үшін қолайлы орынға жайғастық. Осылай Берлин ішіндегі көшелер үшін шайқас басталды. Біздің шабуыл майданының шебі империялық канцелярия мен рейхстагтан алыс емес «Тиргарен» паркіне тірелетін Вильгельм­штрассе көшесі арқылы өтіп жатты. Бізге фаустатқыштар кедергі жасады. Кейбір кезде канализациялық құдықта немесе үйдің подвалында отырып алып көшеге шыққан танкілерді ата бастайды. Қай жаққа қарау керек екенін білмейсің. Көп қабатты үйлердің терезелерінен немесе есіктерінен фаустатқыштар біздің танкілерді ата ­бастайды. Танкілер жанып жатты. Біз де әлгілер отырған жерлерді ­аямай атып ­жатамыз. Тіпті танкіде экипаждың біреуін ғана қалдырып, автомат асынып, үйдің подвалдарындағы фаустатқыштарды іздейміз. Қаланың бүкіл бейбіт тұрғындары заттарымен, чемодандарымен подвалдарда отырды. Аш, арыған, жүдеген, ауру әйелдер мен балалардың отырғанын көреміз. Олар кеңес жауынгерлерінен қатты қорқатын. Олармен сөйлескен кезде суға малынған тауық секілді қол-аяқтарының бәрі дірілдеп, «Кранх», «Сталин гут», «Гитлер капут» деп жауап беретін. Олардың сорлы кейпін көріп, аяушылық білдіріп өзіміздің жанымызда сақтап жүрген нанымыз бен консервілерімізді бердік. Олар ашыққан қасқырлар секілді бәрі бір кісідей тамаққа лап қояды. Біз оларға былай дейміз: «Сендер бейшарасыңдар, Гитлер біздің елге қарсы соғыс ашқан кезде бәрің қуанып, «Хайл Гитлер» дедіңдер. Біздің жерімізді бөліп алып, өздеріңнің отарларыңа айналдырғыларың келді. Германияға айдап алып кеткен қыздарымызды өз араларыңда бөліп алдыңдар және олар сендерде құл сияқты жұмыс істеді. Сол кезде сендердің ешқайсыларың кеңес адамдарының да уақыты келетінін және біздің көшеде де мерекенің болатынын ойламадыңдар. Ал енді міне бейшара күйде отырсыңдар, сендер де Гитлермен бірге жауаптысыңдар». Біз бәріміз экипажбен бірге көше жаққа шыққан кезде біздің танк өз орынында тұрды. Радист-атқыш фаустат­қыштарға қарсы пулеметтен оқ жаудырып жатты. Германия жеріне кірген кезде күн сайын шайқаса отырып, 5, 10, 15 шақырымдай қашықтықты шабуылмен алатын едік, енді міне алға 5 метрге де жылжи алмай келеміз. Біз тышқанның інінен шыққанын аңдыған мысық сияқты болдық. Осылай көпқабатты үйлердің терезесінен фаустатқыштардың шыққанын аңдыдық. Атқыштар көрініп қалса болды зеңбіректен шрафнельді және жарқыншақ снарядпен атқылаймыз. Бұрын біз бір снарядты немістердің бір топ жаяу әскерлеріне жұмсасақ, енді бір фаустатқышқа жұмсауға тура келеді. Осылай үйлердің терезелерін атқылап отырып Берлиннің көшелерімен күн сайын 50 ­немесе 100 метрге ғана жылжимыз. Көшелердегі шайқастарда біздің армияның құрамдары осылай шабуылдар жасап отырды. Тіпті экипаждар танкіде бір адамын ғана қалдырып, автоматпен, гранаталармен қаруланып, көпқабатты үйлердегі фаустатқыштардың ізіне түсті. Шайқастарда автоматшылар мен саперлардың саны азайған кезде Темник штабтағы қызметшілерді жинап алып, бәріне автоматпен қарулануын бұйырып, шабуылдайтын топты өзі бастап шықты. Бір сағат бойы комбриг қатардағы автоматшы сияқты соғысты. Жаудан тағы да бір орамды тазалап алуға мүмкін болды, бірақ осы кезде жақын маңайдан мина жарылды. Темник ішінен жарақат алды. Абрам Матвеевичті госпитальға жібердік, бірақ оны аман алып қалу мүмкін болмады. Келесі күні армиялық госпитальда оның қайтыс болғанын естідім. Мен комбриг Темникті жақсы білетін едім. Ол әрдайым көңілді, ақжарқын және қарапайым, қою қалың мұрты бар кісі болатын, танкистермен әзілдесіп отыруды ұнататын. Кеудесінде үш «Қызыл Ту», бір «Александр Невский», екі «Қызыл Жұлдыз» ордендері жарқырап жүретін. Бұрынғы гвардия полковнигі, комбриг Темник Абрам Матвеевичті (Берлинде ол полковник атағын алған болатын) бәріміз де жақсы білетінбіз. Шайқаста батырлықпен көзге түскенім үшін 1944 жылдың 3 қыркүйегінде ол маған III дәрежелі «Даңқ» орденін өзі кеудеме қадап еді (майдандағы суреті мен хаты әлі күнге дейін менде сақтаулы). Орден қадаған кезде арқамнан қағып маған: «Сіз Курск шайқасынан бері келе жатқан тарлан танкистердің бірісіз, Сізге көп рақмет, өзіңіздің аман-есен болуыңызды қорғаңыз» дегені әлі есімде. Оның қаза тапқанын естіген кезде берекем кетіп, көз жасымның бетімнен сорғалап ағып бара жатқанын да байқамай қалдым. Менің оны аяған себебім, оның осы бір ең соңғы шайқаста қаза болғаны еді. Мен гитлершіл тобырлармен айқасқан жылдары қаншама көп өлімді көрдім, бірақ олардың әрқайсысына бұлай жыламап едім. Әрбір жаңа шығынды білген кезде терең қайғыға берілсем де, басқа бір жағымнан мінезімде қаталдық, жүректілік пайда болды және шайқастарда қаза тапқан әскери жолдастарымның әрқайсысы үшін кек алуға дайын едім. Біз өлімге бойымызды үйрете алмадық, бірақ бүгін кімнің біздің қатарымызда жоқ екенін ұмытпауымыз керек еді. Бір күні танкінің радиостанциясы ­бойынша Гитлердің ашынған жанайқай ­дауысын естідім. Біз мұқият тыңдадық, бірақ неміс тілін түсіне алмадық. Ол неміс армиясы мен халқына ашынған жандауысымен Берлиннің құлауы уақытша құбылыс, бізді батыстың капиталистік мемлекеттері қолдайды, уақытша елімді тастап кетіп бара жатырмын және ұлы Германияға тағы қайтып ораламын деген ой-пікірі берік екені мағынасында үндеу айтты. 25 сәуір күні қарсыластардың ­Берлин маңындағы топтары толық қоршауға ­алынды, әскерлері қиын жағдайға енді. Берлин гарнизонының тағдыры алдын ала шешілді. Танкінің радиоқабылдағышы арқылы 2 мамыр күні таңертең армия қолбасшысының оқ атуды дереу тоқтату туралы бұйрығын тыңдадық. Бұл қуанышты хабар еді. Жауынгерлер мен офицерлер бірін-бірі құшақтап, мәз-мейрам. Әркім әрқалай, пистолеттен, винтовкадан, автоматтан, зеңбіректен аспанға оқ атқылап, бас киімдерін жоғары лақтырды. Жеңістің құрметіне салют аттық. Жау жеңілгенін мойындап, берілді. Берлин от болып ­жанып жатты. Будақтаған қара түтін аспанға көтерілді. Біз 1945 жылдың 9 мамырына дейін ­Берлинде тұрдық. Орнаған тыныштық арасынан, күшейтілген қуатты қондырғылардан Германияның беріліп, толық тізе бүккендігі және төрт ұлы державаның келісім-шартқа қол қойғандығы жайында естіліп жатты. Бізге Берлиннен кету жөнінде бұйрық келді. Бөліміміз қаланы тастап Гримме қаласының шетіне келді. Экипажды төрт адамнан танкілерінің жанына сапқа тұрғызды. Полктің командирі келіп I-ші гвардиялық танк армиясы танк әскерлерінің гвардия генерал-полковнигі М.Катуковтың және әскери кеңестің мүшесі, I-ші гвардиялық танк армиясының генерал-лейтенанты Н.Попельдің колтаңбалары қойылған Мақтау қағаздарын тапсырды. Мұнда, Гримме қаласында көп уақыт тұрдық, Германияны басып алушы әскерлердің құрамында болдық. Ол кезде Германияны басып алушы әскерлерге Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков басшылық етті. 1945 жылдың қыркүйек айының аяғында КСРО Жоғарғы Кеңесінің XII сессиясының шешімі бойынша «Ұлы Отан соғысында үш рет жарақат алған жауынгер ретінде» демобилизациялануға жататындардың қатарына кірдім. Дәрігерлердің комиссиясынан өттім және үш рет жарақат алғанымды растайтын анықтама өткіздім. Мерзімді әскери қызметтің сыртында жеті ай қызмет етіп, полктің командиріне еліме қайтқым келетіні туралы өтініш бердім. Осылайша, «Берлин ­шабуылы» шайқасын аяқтап, 1946 жылдың 16 ­наурызында туып-өскен үйіме, Қарсақбайға келдім. Соғыста үш жылдан аса уақыт ­болып, жеңіспен Отаныма қайтып оралдым.

* * *

Бектай Әбсаттарұлының әңгімесінен, қолдағы бар ескі құжаттардан аңғарғанымыз – оның соғыс жылдарындағы өмірінде мұн­дай оқиғалардың көптеп кездескендігі. Қанша дегенмен де, соғысқа алдын ала мұқият әзірленіп, бақайшағына дейін қару­лан­ған жау әскерлерін жеңу оңай болмаған­дығы әрбір адамға түсінікті жайт. Ал майдан жолдарының күрес пен ерлікке, жеңіс пен өкініштерге де толы болатыны бел­гілі. Соның әрқайсысы есте қаларлық бір-бір оқиға. Жаумен шайқастағы ержүректілігі мен батылдығы үшін бірнеше орден-медальдармен наградталды. Майдангер кеудесінде 2 Қызыл Жұлдыз, 1-дәрежелі Отан соғысы, III-дәрежелі Даңқ ордендері және он үш жауынгерлік медаль жарқырайды. Жоғарыда өзі айтқандай, елге 1946 жылдың наурызында ғана оралудың сәті түсті. Келісімен жұмысты Қарсақбай ФЗО-сында өндірістік шебер болудан бастады. Бірнеше жыл Қарсақбай заводында еңбек етті. Мұнан соң партиялық қызметті де атқарып көрді. Завод теміржолының партком хатшысы, аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы секілді сатылардан өтті. Ал құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін ширек ғасыр сауда саласында жұмыс істеді. Бекең бақытты әке. Зайыбы Күлжамал екеуі он бала тәрбиелеп өсірді. Балаларының бәрі де жоғары білімді. Бірқатары немере сүйіп отыр. – Осынша баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеген жарым ертерек дүние салды. Балаларымның бүгінгідей тәрбиелі, инабатты болып өсуіне олардың анасының сіңірген еңбегі мол еді. Перзенттерімнің әке мен ана үмітін ақтай беретініне сенім мол. Негізі соғыс жылдарында туған Отанды қорғауда адал қызмет еттім деп ойлаймын. Сөйтіп, халық алдындағы бір міндетімді абыроймен орындадым, – деген еді әңгіме соңында ардагер. Майдангер, ардақты азамат 2002 жылы сексен жасқа қараған шағында өмірден озды. Туған еліне адал қызмет еткен аяулы ағамыздың өткен өмірі бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге.

3358 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы