• Тарих
  • 04 Маусым, 2020

СЕСЛАВИН ДЕГЕНІМІЗ КІМ?

Кейбір елді мекендердің байырғы тарихи атаулары күні бүгінге дейін неліктен, не себептен қалпына келтірілмей келеді? Біз әлі де өзекті болып отырған осы мәселеге амалсыз оралып отырмыз. Тәуелсіздікке қол жеткізген кезеңнен бері патша заманында отаршылдық мақсатта қойылған жер-су, елді мекен аттары ауыстырылып, байырғы атауларын қайта қалпына келтіру, жаңа атаулармен ауыстыру бағытында көп жұмыс атқарылды. Дегенмен, ескі, тәуелсіздігімізге көлеңке түсіретін, тарихымызды тануға кедергі келтіретін, ел-жұртты түбі қайдан шыққаны шатастыратын отар­шылдық топонимдер әлі де қалып қойып отыр. Бұл солтүстік өңірде ғана емес, бірың­ғай ұлт өкілдері қоныс теуіп отырған оңтүстіктегі елді мекендерде де ұшырасады. 

1990 жылдары қызу қолға алынып, бір ғана Түлкібас аудан орталығының аты Ванновка, сондай-ақ осы өңірдегі ­Вознесеновка, Корниловка, Сергеевка, Ильиновка, Антоновка, Дмитровка, ­Военка сияқты атаулар жаппай өзгертілді. Кеңес үкіметі қайраткерлерінің атымен аталған Жданов, Калинин сияқты атау­лар да жаңартылды. Алайда салғырт­тықтың немесе бойкүйездіктің салдары болар, Сеславино селосының аты сол күйінде елеусіз қалып қойған. Ресей патшалығы қазақ жерін басып алып, Ресейдегі аумақтық-әкімшілік басқаруды енгізіп, Қазақ деген сөзді саяси картадан біржола сызып тастады, өшіріп, айтылмайтын, қолданылмайтындай етті. Жер-су аттарын қалауынша өзгертті. Жаңа тартып алынған сулы, шұрайлы жерлерге орыс келімсек мұжықтардың емес, әртүрлі рангідегі Романовтар әулетінен бастап, патша генералдары, ақсүйектері мен дін қызметкерлерінің аты ешкімнің сұрауынсыз қойылып отырды. Сондай атаулардың бірі – осы Сеславино. Отаршылдық атаулары жер-су ­аттарында ғана емес, тіпті өсімдік, тау-шың аттарына дейін шұбарлады. Отаршылдықтан азат болғанымызбен, отаршылдық атаулардан азат бола ­алмай келеміз, бойкүйездікті, құлдық психологияны санадан жоя алмай келе жатқанымыз өкінішті. Отаршылдық атау әбден сіңісті болып кеткендігі сондай, оған мән де беріп жатпаушылық санадағы серпілістің, ұлттық рухтың басылып қалғандығынан. Ел-жұрт, ауыл тұрғындары Сеславиннің кім екендігінен мүлдем бейхабар, білмейді. Тіпті бұл атау Совет үкіметі кезінде қойылған атау болу керек деп қарайтындар да бар. Себебі тұрғындар үшін Сеславиннің аты да, заты да белгісіз, оның кім екені де дәл нақты емес, беймәлім. Ол жөнінде қолдарында не дерек, не мәлімет жоқ, ешбір жерде ондай мағлұмат ­айтылмайды да. Сеславиннің кім екенін зерттеп, іздеген жан да болмапты. Сеславино ауылы Келтемашат ауылдық округінің оңтүстік-шығысында Өгем-Сайрам ұлттық паркімен ұштасып жатқан Дәубаба деп аталатын өңірде, Дәубаба тауының етегінде орналасқан елді мекен. Оның шығысын Ақсу-Жабағылы мемлекеттік қорығы алып жатыр. Табиғаты сұлу, жері құнарлы, сулы өңір. Патшалық Ресей үкіметі Оңтүстік Қазақ жерін 1864 жылы жаулап алған­нан кейін, бұл жерлерге, шамамен, ХІХ ғасырдың 80-90-жылдары ішкі ­Ре­сейден көшіріліп әкелген келімсектер қоныстандырылған, себебі жері өте шұрайлы, шүйгін еді. Жергілікті қазақтарды ығыстырып тартып алған бұл жерлерге келімсектер, орыс мұжықтары орналастырылған, ­содан село Сеславино аталынды. Ал бұл елді мекеннің байырғы, ежелден қолданылып келген тарихи аты – Дәубаба болатын. Ауыл «Дәубаба ­ауылы», тұтас аймақ «Дәубаба өңірі» деп аталынған. Дәубаба өңірі Келтемашат ауылының шығысында жатқан Піспекті жотасынан басталады. Осы Піспекті жотасынан Дәубаба тауы, оңтүстікте созылып жатқан ақ бас Алатауға шейін, берісі қыр мен сай-салалар, бел-белестер анық көрінеді. Қазақ жеріндегі ең көне, ­тарихы ықылым заманға алып баратын атау­лардың бірі – осы Дәубаба деу керек. Дәубаба біздің жыл санауымыздан бұрын ІІІ ғасырларға тиесілі атау. Дәубабаның тарихы туралы зерттеу жүргізіп, кезінде арнайы мақала жазып жариялағанбыз. И.В.Мушкетов деген геолог 1874-1880 жылдары Түркістан өлкесін зерттеген, ол өзінің «Туркестан» (1886-1906) деген еңбегінде Дәубаба жерінде де болып, тау жүйелерінің геологиялық құрылымын зерттеп жазады. Оның Санкт-Петербургтен шыққан кітабында қазақ жерлерінің аттары қатесіз жазылған. Дәубабаны да тайға таңба басқандай нақты дәл етіп, қатесіз жазып көрсетеді. Түркістан өлкесінің алғаш рет геологиялық картасын жасаған И.В.Мушкетовтың еңбегі ғылыми құндылығын жоғалтқан жоқ, ғалымдар солай бағалайды. Бұл еңбекте Сеславино аталмайды. 1980 жылдардың басында Мәскеу қаласына бір айлық білім көтеру курсына жолдамамен бардым. Сол жылы қол босаған уақытта Мәскеудің көрікті жерлерін, музейлерін, атақты Третьяков сурет галереясын ерін­бей-жалықпай аралап көрдім. 1812 жылғы Ресей соғысы тарихына арналған атақты Бородино шайқасын бейнелейтін үлкен аумақты алып жатқан, Мәскеуге барғандар соқпай кетпейтін «Бородино понарамасына» да арнайы барып көріп, қатты қызығып, әсерленгенім бар. Адам назарын бірден тартатын ескерткіш. 1812 жылғы соғыс батырларының аты ойылып жазылған. Сеславиннің есімін сол жолы көріп, оның тікелей өзіміздің Түлкібас жеріндегі Сеславино селосына қатысы жоқ па екен деген ой құшағында кеткен едім. Ал «Бородино понарамасын» көргенімде осындай ­понараманы Алматыда «Аңырақай шайқасына» (1729) арнап жасайтын күн туса деп қиялмен армандағанмын. А.Н.Сеславинге қатысты деректер орыс тарихында хатталған, ол 1812 жылғы орыстардың Отан соғысына белсене қатысқан, партизандық қозғалысқа басшылық жасаған, француз әскерлеріне қарсы соққы жасай білген батыр болып шықты. Сеславиндер ертедегі орыс ақсүйек әулетінен. Әулет Тверь, Санкт-Петербург губернияларының Дворяндар әулеті кітабының VІ бөліміне енгізілген. Әулет өкілдерінің Полоцк, Новгород пен Псковта, кейіннен Мәскеуде жер иеліктері болған, кейініректе ХVІІ ғасырда Ржевск уезінде, содан кейін Тверь губерниясы Вишневолоцск уезінде жерге иелік еткен екен. Сеславиннің түп-тұқиянынан шыққан белгілі 24 кісі есімдері аталады. Сеславин әулетінің басында С.В.Сеславин тұр, ол 1491-1498, 1510 жылдар Псковта жер иеленген, дворян. Ал оның кейінгі ұрпақтары арасынан Н.С.Сеславин (1816 қайтыс болған) Ржев қала дуанының сарай кеңесшісі, поручик болған, 1812 жылғы соғыста Ржев жасақтар командирі ретінде қатысқан. Н.Н.Сеславин (1777-1856) француздармен 2 рет соғысқан, ол да 1812 жылғы соғыстың батыры. Оның ұрпақтары: А.Н.Сеславин (1820-1870) инфантерий генералы; К.Н.Сеславин (1828 туған) теміржол қатынастары инженері; Н.Н.Сеславин (1834-1875) әскри инженер, жол қатынастары басқармасында істеген. Николай Никитич Сеславиннің інісі Александр Никитич Сеславин (1780-1857) де 1812 жылғы соғыстың батыры болған генерал-лейтенант, 1813-1814 жылдары орыс армиясының шетелдегі жорығына қатысқан. 1812-1814 жылдардағы соғыста партизан қоз­ғалысын басқарып атағы шыққан, әсіресе 1812 жылғы Бородино шай­қасында өзінің ерлігімен көзге түскен. А.Н.Сеславин Мәскеудегі «Христа Спасителя» ғибадатханасының еске алу қабырғасына бейнеленген, Кремльдің Георгиев залында суреті ілінген. Мәскеу көшелерінің біріне аты қойылған, Санкт-Петербургтегі мемлекеттік эрмитажда портреті ілулі тұр. Өзі туған жерінде бюстісі қойылып, ол жөнінде 1812 жылғы Орыс-Француз соғысына арналған кітаптарда, көптеген жинақтарда, энциклопедияларда мақала берілген. Сеславиндер әулетіне ресми түрде бекітіп берілген герб те бар. Мұндай герб тек қана атақты, империя алдында еңбегі зор әулеттерге ғана ресми түрде бекітіліп беріліп отырған. Сеславиндер әулетінің аты ХІХ ғасырдың 50-ші жылдары патшалық билікке өте белгілі болды. Сондықтан да Түркістан генерал-губернаторлығы өзі жеке билеп-төстеп отырған жерлердегі орыс мұжықтары көшіріліп әкелініп, жерді иелену үшін қоныстандырылған елді мекендерге Ресейдегі атақты, белгілі адамдардың атын қойып отырған. Соның бірі – осы Сеславино елді мекені. Сеславиндер Орталық Азияны жау­лап алу экспедицияларына атсалыс­паған. Сеславиндер әулетінің тікелей Қазақстанға ешбір қатысы жоқ, сондықтан оның атында қалған елді ­мекен атын өзгерту заман талабы дер едім. Бұл атау отарлық топонимика ретінде қаралуға тиіс. Сөйтіп, Сеславино елді мекенінің атауын жойып, байырғы тарихи «Дәубаба ауылы» деген атауды қалпына келтіру қажет, мұны әрі ­тарихи әділеттік деп те білеміз. ­Ел-жұртты ­шатастырып отырған елді ­мекен атауларын тарихи тұрғыда қалпына келтіруді Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында және «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын идеологиялық маңызы жоғары еңбегінде көтерілген тарихымызға қатысты мәселелер де міндеттейді.

Мұхтар Қазыбек, жазушы-тарихшы

907 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы