• Тұлға
  • 04 Маусым, 2020

Аяған САНДЫБАЙ «Мысль» журналының бас редакторы: Баспасөзді бағаламаған елдің болашағы бұлыңғыр

Аяған Сандыбай ­– елімізге белгілі көсемсөзші-журналист. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер академиясының академигі, «Алтын Самұрық» сыйлығының иегері. Ол бүгінде республикалық «Мысль» журналының бас редакторы. Бұған дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің сектор меңгерушісі, ҚР Баспа және бұқаралық ақпарат министрінің орынбасары, «Қазақстан» телерадио» корпорациясының бірінші вице-президенті, «Қазақ теледидарының» бас директоры, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы» АҚ-тың жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы секілді жауапты қызметтерді атқарды. Биыл «Мысль» журналының жарық көргеніне 100 жыл толып отыр. Осыған байланысты журнал басшысы Аяған Өтенұлымен кездесіп, кейбір толғандырған мәселелер бойынша сұхбаттасудың сәті түскен болатын. Төменде сол әңгіме оқырман қауым назарына ұсынылып отыр.

Журналдың бүгінгі таңдағы атқарып жатқан жұмыстары көпшіліктің көз ­алдында. Сол себепті алдымен оқырманды басылымның өткен тарихымен қысқаша таныстырып өтсек. Бұл өзі дүниеге қалай келіп еді?

– «Мысль» осы кезге дейін бір­неше ­атпен шыққаны көзі қарақты жұртшылыққа жақсы белгілі. Алғашқы нөмірі 1920 жылдың мамыр ­айында жарық көрді. Журналды шығару сол уақыттағы биліктің ұйғарымымен елдегі баспа өнімдері редакциялық алқасының төрағасы В.Мюратқа жүктелді. 1920 жылдың 22 қыр­күйегінде Қазақ АССР-нің құрамына Орынбор губерниясы қосылды. Орынбор республика астанасы атанды. Келесі күні Кирбюро президиумының мәжілісі екі журналды – «Известия ­облбюро» мен «Известия Оренбургского губкома РКП (б)» басылымдарын біріктіру жөнінде қаулы қабылдады. Журналдың уақытылы шығуына М.Мырзағалиев ­жауап берсе, өлке бойынша ­материалдарды А.Анохин, ал губком бойынша ­материалдарды П.Журавский жинады.

1921 жылы 21 наурызда Кирпартбюро құрамы жаңартылды. Оның мүшелері болып В.Радус-Зенькович, А.Авдеев, А.Анохин, П.Журавский, С.Меңдешев, М.Мырзағалиев, М.Саматов, ­Ә.Жан­гелдин бекітілді. Осы оқиғамен қатар басшылықтың декреттері мен қаулы-қарарларын орналастыру үшін ­«Известия Казкрайкома РКП (б)» атты журнал шығару мәселесі көтерілді. Сол жылдың сәуір айында редакциялық алқаның құрамы бекіді.

Журнал алдына үш негізгі міндет қойды. Олар: жергілікті партия ұйымда­рымен тығыз байланыста жұмыс істеу, өлкенің шалғай жерлерін партия құры­лы­сының мәселелеріне арналған материал­дармен қамтамасыз ету, сондай-ақ ­партия ұйымдары арасындағы байланысты нығайту.

Ол уақытта білікті журналист кадр­лары тапшы болатын. Сондықтан журналдың авторларын қалыптастыруға мән берілді. Алғашқы ұйымдастырушылар және алғашқы авторлар құрамында көрнекті қайраткерлер, көсемсөзшілер А.Айтиев, А.Асылбеков, А.Горкин, А.Кенжин, Г.Коростелек, М.Леонинок, С.Либавсикий, С.Меңдешев, ­М.Мыр­зағалиев, С.Полозов, Т.Рысқұлов, С.Сей­фуллин, А.Оразбаева, А.Шафет және басқалар болды.

«Известия Казкрайкома РКП (б)» 1925 жылдың қыркүйегіне дейін жарық көрді, бұдан кейін журнал уақытша шыққан жоқ. Тек 1926 жылдың 15 ақпанында «Красный Казахстан» деген ай сайын шығатын саяси-экономикалық журналды өмірге әкелу жөніндегі шешім болды. Жауапты хатшылыққа Каховский тағайындалды. Редакциялық алқаның алғашқы құрамына И.Киселев, О.Жандосов, Б.Майлин, П.Варламов, Л.Ваннэ тағы басқалар енді.

Аталған журналдың бар болғаны төрт-ақ нөмірі оқырман қолына тиді. Бұған материалдық жабдықтардың жетімсіздігі немесе бірнеше басылымдарды біріктіру жайы әсер еткен болса керек. Ақырында «Красный Казахстан» мен «Народное ­хозяйство Казахстана» бірігіп, «Казахстан» атауын иемденді. Алайда бұл басылымның да ғұмыры ұзаққа бармады. Кейін «За партию» атты журнал өмірге келді. Ташкентте жарық көрген бұл басылымның соңғы нөмірі 1930 жылы шықты.

Мұнан соң журнал аты «Большевик Казахстана», «Коммунист Казахстана», «Партийная жизнь Казахстана» болып өзгертілді. Ал еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері «Мысль» аталып келеді.

Басылым бүгіндері саясат, тарих, ­философия, экономика, мәдениет және басқа да салалардағы өзекті мәселелерді дер кезінде көтеріп, оқырманның көңілінен шығар ғылыми, сараптама ­материалдарды жариялауымен ерекшеленеді. Қоғамдағы оң өзгерістер жөніндегі салиқалы ой толғап, жұртшылық қауымға ­пайдалы, мазмұнды дүниелер ұсыну басты мақсатымыз.

Журналдың редакциялық кеңесіндегі О.Сүлейменов, М.Әуезов, Д.Мыңбай, С.Колчигин, А.Ким, С.Харченко, А.Қошанов, Ж.Түймебаев, С.Қозыбаев, В.Жандәулетов секілді елге танымал азаматтардың әрдайым да жанашырлық танытып отыратындарын айтқым келеді. Басылымның беделін көтеруде белсенді авторларымыздың еңбегі зор. Олардың қатарында А.Бисенбаев, К.Жолдыбай, Е.Брусиловская, Т.Джанатаев, А.Кан, Л.Мартынова, шетелдік авторларымыз Т.Валлас, А.Рыскулов және тағы басқалар бар.

...Аяған Өтенұлына елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды қолдауға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қосқан үлкен үлесі үшін және республика өміріндегі барынша елеулі және қоғамдық маңызды оқиғалар ­туралы жазылған «Чем порадовать сердце» атты публицистикалық, сараптамалық мақалалар жинағы үшін алғысымды білдіремін. Шығармашылық табыс, жемісті еңбек тілеймін.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 2004 жыл, маусым

– Қоғамдағы өзгерістер туралы айтып қалдыңыз. Өзгеріс, жаңалық дегенде ең ­алдымен нені ауызға алған болар едік?

– Әрдайым да алдағы күндерден жақсылық күтетініміз рас. Қазіргі уақытта бұған толық негіз бар. Қоғамда кезектен тыс өткен президенттік сайлаудан кейін шуақты күндерге үміттендірген өзгерістер пайда болды. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – қазақстандықтардың едәуір бөлігіндегі қоғамдық-саяси белсенділіктің артқандығы. Бұған тек қоғам белсенділері қатысқан бейбіт жиындар, митингтер, акциялар ғана емес, басқа да факторлар дәлел бола алады.

Біздегі оптимизмнің ең елеулісі – Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамды демо­кратияландыруға ұстанған азаматтық және президенттік бағыты. Мемлекет басшысының сөзі мен ісі өзі ұсынған ре­формалық бағыттан еш айнымайтынын анық аңғартады. Сөз жоқ, өзгерістерді жүзеге асыру әрқайсымыздан әлеуметтік, зайырлық, демократиялық мемлекетке тән саяси-мәдениетті, жоғары қоғамдық сананы талап етеді. Бұл бағытта көп нәрсе істелу керек, алайда осы күндері атқарылған жұмыстардың алғашқы нәтижелері бар деп сеніммен айта аламыз. Мұны өздерін оппозиция өкілдері санайтын кейбір азаматтардың өзі мойындауда. ­«Оппозиция жиырма жыл бойы айтып келе жатқан талаптар орындала бастады» дейді олар демократиялық бағыттағы, мемлекеттік құрылымдар жұмысындағы қозғалыстарды байқап.

Мемлекет басшысының сөзі мен ісіндегі нақтылық реформаны жүзеге асыруға деген сенімді күшейтіп, үмітімізді нығайтады. Алайда бар жүкті Президенттің мойнына артып қойсақ дұрыс болмас. Оның жасампаздық бастамаларына жан-жақтан қолдау қажет.

Осы жерде айта кетейін, Прези­дентіміз­дің бастамасымен құрылған Ұлттық кеңес конструктивті және елеулі диалог алаңына айналды. Ол қысқа мерзімнің өзінде отандастарымыздың сенімін ақтауға мүмкіндігі барын көрсетті. Яғни жаңа ­саяси мәдениетті қалыптастырудың өзіндік орталығына айналды.

Президент жүргізіп отырған қазіргі саясат толық іске асатын болса мемле­кетіміздің дамыған елдер қатарынан ­табылатынына үмітіміз зор. Бұл үшін бізде барлық алғышарттар бар. Мынаны да ескерген абзал. Отандық БАҚ-тарда айтылып жатқан өзекті мәселелерге дер кезінде назар аудармай, оларға көңіл бөлмей өзіміз қалап отырған реформаға қол жеткізу қиын. Тіпті «Естуші мемлекет» тұжырымдамасының өзі сөз жүзінде қалып қоюы мүмкін.

Егер де билік пен қоғам арасында ­то­лық мәнінде тікелей және кері байланыс болмаса, онда жағымсыз істерге, көз­бояу­шылыққа, жемқорлыққа кеңістік пайда болады. Сөз бен іс-әрекет түсінігінің орын ауысуына жол беріп алатынымыз анық.

... Оның жұмысында қызметтер өзгерді (тас қалаушыдан, аудандық газет тілшісінен баспасөз министрінің орынбасарына, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының бірінші вице-президентіне... дейін), оның өмірінде күрделі жағдайлар кездесті, бірақ ол мектептегі жылдардан қалыптасқан қоғамға, шындыққа және әділеттілікке адал қызмет ету бағытынан еш өзгерген емес. Төңіректе көп адам өзгерді, алайда адам атына лайық азамат ең бастысы – өзінің азаматтық, патриоттық бағытынан еш өзгерген емес. Мейлі зор дауыспен-ақ айтылсын, Аяған Сандыбай Аристотельдің: «Мемлекет мүдделерімен келісе өмір сүру бұл құлшылық емес, қайта сол мүдделерді қорғау» дейтін қағидамен өмір сүріп, қызмет етіп келеді.

Иван Щеголихин, Қазақстанның халық жазушысы 2004 жыл, қаңтар

– Бұл жерде баспасөз де көмек қолын соза алар еді ғой...

– Сөз жоқ, ықпалды баспасөз ғана көкейкесті проблемаларды өзек етіп, енді-енді бой көрсетіп келе жатқан дабылды жағдайларды ескерте алады. Осындай әрекеттерімен билікке көмектесе алар еді. Мықты, өткір баспасөз ешқашан да арамза шенеуніктің сөзін сөйлемейді. Ұлтымыздың көрнекті қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп жайдан-жай айтқан жоқ. Бұл ақиқат бүгінгі күні де маңызды. Сондықтан, біздің ойымызша, Қоғамдық сенім жөніндегі ұлттық кеңестің кезекті отырысында еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік экономикалық дамуына бағытталған шараларды іске асырудағы БАҚ-тың орны туралы мәселе қаралса құба-құп.

Түйіндеп айтар болсақ, қоғам мен билік арасындағы көпірді шындап қалып­тастыратын кез келді. Ол міндетті өркениетті қоғамда баспасөз атқара алады. Рухани жаңғырудың көздеген мақсаты ұлттық сана-сезімнің әртүрлі кереғар жақтарын келістіру екені анық. Егер халықтың үні билік құрылымдарына дер кезінде жетіп жатса, бұл мақсатқа қол жеткізуге ­болады. Сонда қоғамдық өмірдің өзекті мәселелері бойынша олардың ­арасында ашық диалог орнай алады. Әлгіндей еркін пікір алысу мүмкіндігін тек баспасөз ғана қамтамасыз етер еді. Ең бастысы, оның сөзі далаға айтылғандай болмау керек.

Қазақстанның нығаюы мен ­дамуына тілектес нағыз журналист үшін оның мақаласына байланысты білдірілген пікірлер, қабылданған ­шаралар сан миллиондаған «тендерлік» жеңістерден әлдеқайда қымбат. Олардың баспасөздегі, эфирдегі сөзіне құлақ қойылып ­жатса мұның пайдасы зор. Егер, керісінше, сөз мән-мағынасын жоғалтатын болса, адамдар еркіндіктен айырылады. Билік баспасөздегі сөзге, көтерілген өзекті мәселелерге, күрделі проблемаларға көңіл бөлмесе, онда журналистер шығармашылық еркіндіктерін жоғалтары даусыз. Әріптестеріміз бұндай жағдайды бастан кешіретін болса олардың оқырманы, көрермені, тыңдаушылары ­адасады, қоғамда болып жатқан әлеуметтік-саяси үдерістерді, құбылыстарды дұрыс түсінбей, бара-бара әлеуметтік аутсайдер, яғни мәңгүрттік жайлауы әбден мүмкін. Жұртшылықты сондай халге жеткізсек Мәңгілік ел болмақ түгілі, қой соңында жүретін жағдайға да жете алмауымыз ықтимал. Қазірдің өзінде БАҚ-тардағы сыни пікірлерге мемлекеттік органдар, ұлттық компания­лар, банктер тарапынан әрекетті байқап отырған жоқпыз. Баспасөзді бағаламаған елдің болашағы жоқ. БАҚ-ты сыйламаған басшылық жұртшылық сенімінен ­айырылады. ­Кейде осындай немқұрайлылық жүйелі іркілістің белгісі емес пе екен деп ойлайсың?

Жүйелі іркіліс негізінде әдістеменің, ағартушылық технологияның, білімнің жетіспеушілігі жатқан жоқ, бәрінен бұрын таңдаған кәсіпке, өзіне, елге, Конституцияға деген қарапайым құр­меттің өзі болмауы. Әсіресе, елдің қарқынды ­дамуына жауап беретіндердің жүйелі іркіліске деген немұрайлы қарым-қатынастары өкіндіреді. Мұндай кемшілік орын алған жағдайда ­реформаны жүргізу қиынға соғады.

– Жүйелі іркіліс жағдайынан шығу үшін қоғам не істеуі қажет?

– Бір білетінім, бұл жерде тек қана журналистің күш-жігері жеткіліксіз. Өйткені жемқорлық қоғамды әбден жайлап алған. Әзір қоғам мемлекеттік құрылымдар әрекетін бақылай алмай тұрғанда, жүйелі іркіліс өсе береді. Бақылау тек баспасөз бен эфир сөзінің арқасында ғана болады. Бұл, әрине, БАҚ билікке ­немесе қалталы әлдебіреулерге емес, қоғам мүддесіне қызмет еткен жағдайда ғана орын ­алады. Осы жай Израильде шығатын ­«Едиот ­Ахаронот» атты атақты апталық газеттің бас редакторы Рафи Гинаттың ­«Журналиске» (№3 мамыр, 2006 ж.) берген сұхбатында байқалады: «Жақын күндерден бір мысал келтірейін – елде сексуалды маньяк пайда болды. Ұзақ уақыт бойы қылмыскерді ұстау мүмкін болмады. Біздің газетте шыққан мақаладан кейін Үкіметтің жедел мәжілісі өтті, жылдам төтенше шаралар қабылданды, ақырында қылмыскер қолға түсті. Ең ­бастысы бұл емес, қылмыскер бәрібірде ұсталатын еді. Біз қауіпсіздік шараларын дер кезінде қабылдамаған ­жауапсыз, қимыл-қарекетсіз отырған шенеуніктердің қызметтерінен ­босауына қол жеткіздік. Израильде елдің бас бақылаушысы институты бар. Қазір ол жылына еліміз бен қоғам үшін ең маңызды жеті деректі бақылауда. Оның бесеуіне бастамашы болған біздің газет. Біздің көтерген мәселеміздің ешқайсысы ескерусіз қалған емес».

Өзіңіз айтыңызшы, осы соңғы отыз жыл көлемінде газеттегі сын мақаладан кейін жұмысына салғырт қараған ең болмаса бір шенеуніктің қызметтен босағаны туралы деректі келтіре аласыз ба? Келтіру қиын. Есесіне, журналисті сын мақаласы үшін жазалап жатамыз.

... Менің қаламдас інім Аяған Сандыбай – орыстілді, жалпы отандық журналистикада танымал тұлға. Оның шығармашылық келбетін кескіндеуге қадам жасауымның бір себебі – мен оның аяқ алысын сонау жетпісінші жылдардың басында С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың журналистика факультетінің шәкірті кезінен бері қадағалап келемін. Сол кездің өзінде қалыптасып қалған автордың жүрек лүпілін жеткізуге ұмтылған тырнақалды очерктері мен суреттемелерінің, мақалаларының кең ауқымды публицистикалық толғауларға ұласқаны көз алдымда. Аяғанның қаламгер ретіндегі кемелденген шағы еліміздің тәуелсіз даму кезеңімен тұспа-тұс келді. Өмірін өнегелі істермен өрнектей білген шәкіртім әрі досым кемеліне келіп толысқан шағында жүзжылдық тарихы бар «Мысль» журналының туын төмендетпей, байырғы басылымды халықтың мүддесі мен мұңын жариялайтын рупор деңгейіне көтерді. Жаңа туындысы, ­бояуы кеппеген «Иду по линии света» кітабының елге ой тастайтынына толық сенемін.

Сағымбай Қозыбаев, Қазақстан Журналистика академиясының президенті 2020 жыл, сәуір

– Одақ тарағаннан кейін «Баспасөз туралы» алғашқы заңның және БАҚ-қа қатысты басқа да маңызды құжаттардың жобасын дайындауға қатысқаныңызды білеміз. Сол кездері қандай мәселелерге барынша көңіл бөлдіңіздер?

– Ол күтпеген өзгерістер мен үлкен үміттер алдындағы уақыт еді ғой. Сол себепті төмендегі негізгі мақсаттарға қол жеткізу міндеті тұрды.

Бірінші, БАҚ-ты қатыстыру арқылы жалпы құқықтық мәдениетті қалып­тастыру, екіншіден, ұлтаралық қатынас мәдениетін арттыру. Бұл мәселенің көтерілетіні, егемендік таңы атқан кезде мыңдаған адам республикадан тысқары жерге кетіп жатты. Бұл мәселе өте өзекті болды. Қазіргі кезде де маңызды. Үшін­шіден, азаматтардың бойына нарықтық психологияны қалыптастыру.

БАҚ-тар осы міндеттерді орындай алды ма? Нақты баға бергім келмейді. Бәрін бірдей орындадық деп айту да қиын болар.

– Бір әңгімеңізде патриоттық тәрбиеге мән берілмей отырғанын ашына баяндап едіңіз...

– Патриоттық сезімге тәрбиелеу, қоғам­дық сананы жаңғырту атүсті қарай­тын мәселе емес. Әрбір қазақстандық өз елінің тарихын білуі тиіс. Қазақ талай ғасырларды, жеңістер мен жеңілістерді артқа тастап, қаншама зіл батпан ауырт­палықтарды бастан кешсе де, тілін, дәстүрін, мәдениетін сақтап, бүгінгі күнге жеткізген байырғы ұлт. Біз халқымыздың ірі тұлғаларын құрметтеп, олардың ­ерекше қасиеттерінің негізінде жас ­буынды тәрбиелеуіміз керек. Бір мысал. Жеңіс күні қарсаңында «Казахстанская правдада» кеңес дәуірінде қазақтан шыққан тұңғыш ­генерал, нағыз батыр Шәкір Жексенбаев туралы очерк-портрет жарияладық (кеңес заманындағы, яғни 70 жылда бар болғаны 9 қандасымыз, оның жартысынан көбі бейбітшілік уақытында ­генерал деңгейіне жеткен). ­Осындай бетке ұстар батырларымыз ­туралы жастар білуі керек? Бізде ­жастар түгілі, кәсіби әскери қызметкерлердің өзі тұңғыш генералымыз туралы білмейтін сияқты. Мақала жарияланған күні Қор­ғаныс министрлігінен қоңырау шалып, «Кейіпкеріңіздің есімінде көше, саябақ, ауылдар бар ма?» деп тосын сұрақ қойды. Таңданарлық жай емес пе? ҚР Қорғаныс министрлігіндегі идеология департаменті осындай ақпаратты елден бұрын білуге тиіс қой. Неге мысалы, республикадағы әскери білім беретін оқу орындарының біріне осындай ержүрек қолбасшының атын бермеске?..

– Біздің бір байқайтынымыз, сіз еңбектеріңізді негізінен орыс тілінде жазсаңыз да әрдайым қазақ тілін ­насихаттап, қорғап жүресіз. Белгілі ­жазушы Герольд Бельгер өзіңіз туралы былай жазған екен: «Ана тіліне деген жөнсіз қатынасты белгілі көсемсөзші Аяған Сандыбайдың мына сөзінен артық жаза алмаспыз: «Қазақтар өз тілінен басқа кез келген тілді меңгере алады. Қатты айтсаңыз да, қатырып айтыпсыз...«»

– Біздің отандық баспасөзде, оның ішінде қазақтілді бөлігінде бұл мәселе жиі көтеріледі. Бір қарағанда, бұл бағытта істеліп жатқан жұмыстар да бар секілді. Қазақ мектептерінің саны көбеюде, оқулықтар, сөздіктер, әдістемелік құралдар шығарылуда. Елімізде мемлекеттік тілді ­дамытуда және тұғырын бекіту мақсатында бюджеттен қаржы да бөлінуде. «Тілдер ­туралы» заңымыз да бар. Сөз жүзінде ұлы Абайдың тіліне ешкім қарсы шығып отырған жоқ. Қайта, қолдап отыр. Алайда Қазақстандағы қазақ тілі әлі де болса тиісті деңгейде өмір сүріп отырған жоқ. Осы ретте атақты сықақшы Михаил Жванецкийдің мына сөзін келтіре кетейік: «Әзірге қазақтар бар кезде, мен орыс тілі үшін алаңдамаймын». Сықақшының осы сөзінен көп нәрсені аңғаруға болады. Сонда асылымыз, ­барымыз саналатын ана тіліміз өз елінде, өз жерінде өгейлік күйін кешпеуі үшін не істеуіміз қажет?

Бабаларымыздың арқасында үсті де, асты да қазынаға бай, көлемі ­жа­ғынан әлемде тоғызыншы орындағы байтақ жерге ие болып отырмыз. Менделеев кестесіндегі барлық элементтер бар. Алайда осынша байлықтан бұрын, біз үшін ең бағалысы – біздің мәдениетіміздің, өнеріміздің, дәс­түріміздің, тұтастай алғанда рухани құндылықтарымыздың негізі болып ­табылатын, ол – ғажайып тіліміз. Атақты лингвистердің, әдебиетшілердің Ұлы дала тіліне жоғары баға беруі жайдан-жай емес. Мәселен, белгілі ­фольклоршы, ­ориенталист, түркітанушы Василий ­Радлов кезінде ­былай деген екен: «Мен бүкіл әлем тілдерінің ішінде мына үш тілді ұлы тіл санаймын – орыс, француз, қазақ (түркі тілдерінің бірі) тілдері». Бұл ХІХ ғасырдың екінші жартысында бірінші рет айтылған, ғалымдар, педагогтар, журналистер мақалаларында жиі пайдаланатын ақиқат. Бірақ осыны қазақ тілінің әлеуетіне нақты дәйектерсіз күмәнмен қарайтындар түсінбей-ақ келеді. Олардың ойынша, қазіргідей жаһандану заманында бұл тіл толыққанды коммуникация құралы бола алмайды-мыс. Бұл, әрине, өзінің ана тілінің, ұлтының мәдениеті мен салт-дәстүрлерінің мән-маңызын терең түсінбейтіндердің ойы.

Өзің тұрып жатқан елдің тілін білмей, ұлттық рухани-адамгершілік қайнарынан шөлімізді қандырмай, мемлекет құраушы ұлтты барлық жағынан тани аламыз ба? Мүмкін емес.

Ағылшын тілін білмей, ағыл­шын­ның классикалық поэзиясының құдіретін терең сезіне алуға бола ма? Қайдам. Сондық­тан біз соңғы кездері жиі айтып жүрген қоғамдық сананы жаңғырту мемлекеттік тілдің қажеттілігіне де көп байланысты. Ол біріктіруші күшке ие. Ол үшін қазақстандықтар, біз, еңбек етуіміз керек. Бұл бірінші кезекте еліміздегі ұлттық элитаға қатысты. Үлгіні солар көрсеткені жөн. Егер билік құрылымдарының өкілдері, депутаттар, белгілі тұлғалардың өздері мемлекеттік тілге немқұрайлы қарайтын болса, қарапайым азаматтардан қалай талап ете аласыз.

– «Отандық PR саласын қаз тұрғызған қарымды қайраткерлердің бірі, оның қажымас «қара нары» Аяған Сандыбай ­осынау мәртебелі міндетті абыроймен атқарып келеді» деген жолдарды ­«Элита КазНУ» деген қолға түсе қоймайтын кітаптан көріп қалдық…

– Иә. Сирек басылым болуы мүмкін, өзім де таба алмай жүрмін... «Қоғаммен байланыс» мамандығын өмірге қайта әкелуге мұрындық болғаным рас. Тоқсаныншы жылдардың орта тұсында бұл мамандық жабылып қалған екен.  Білім және ғылым министрлігіне қызметке келген бетте осы мәселеге ­атсалыстым. ­Журналиске жақын тақырып қой. Шамам келгенше күш салып, жұртшылықпен байланыс мамандығы қажет екенін әр ­деңгейде дәлелдеу қажет болды. Оңай ­шаруа емес екен. Қолға алғаннан кейін қайта жалғастырдық, ­содан бері жоғары оқу орындарында пиар-­менеджерлер ­даярлауды жүзеге асырдық. Ортақ істен қалыспай, әріптестеріммен бірлесіп «Брендке барар жол», «Жарнама. Жұртшылықпен байланыс. Брендинг», «Ел брендингі» атты оқу құралдарын әзірледім.

– Журналыңыздың мерейтойы ­қар­саңында «Иду по линии света» ­кіта­быңыз жарыққа шықты. Баспасөз бетінде пікірлер шығып жатыр. Алғашқы оқырман туындыңызды жылы қабылдауда. Бұл ­табы­сыңызбен шын жүректен құттықтаймыз.

– Рақмет! Бұл еңбегімнің басқа кітап­тарыма қарағанда ерекшелігі бөлек. Шамам келгенше, егеменді еліміздің қарқынды дамуына бөгет болып тұрған проблемаларды сараптауға талпындым.

Әңгімелескен

Нұрперзент Домбай

1391 рет

көрсетілді

49

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы