• Мәдениет
  • 10 Маусым, 2020

ҰШЫРҒАН БАПТАП ҰЯДАН

Мүсілім ӘМЗЕ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің және Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері

1986 жылдан бастап Шымкент облысы, Келес ауданы, ­Димитров елді мекеніндегі Т.Бигелдинов атындағы орта мектеппен қатар аудан орталығы Абайдағы балалар ­музыка мектебіне қатынап оқыдық. Бес жыл оқыған музыка мектебіне аптасына екі рет баратынбыз. Өзіммен бірге оқитын бес-алты баламен он шақырым шамалас орталыққа улап-шулап барып қайту – біз үшін қызық болатын. Абай-­Ташкент бағытына қатынай­тын ұзын автобус, Сарыағаш-Абай бағытына жүретін сары автобусты аялдамада күтіп тұрып, ­талай тентектік те жасадық. 

Сабақ уақытында 45 минутқа шыдасақ болғаны, қалған бару-келу сапарымызды өзіміз-ақ қыздырамыз. Үйдегі үлкендерден жолға деп алған 15-20 тиынды жолай автобекетке жапсарлас базарға кіріп, ұнаған затымызға жұмсар едік. Балалардың бірі жағалай отырған әжелерден қағазға орап мәнті мен ханым алса, келесі әжей стакандап сататын пістені екіншісінің шалбар қалтасына толтырып салып беретін. Кейінгі баратын жеріміз – газды су сататын дүңгіршек еді. Сироп қосылғанына бес тиын, сиропсыз суға үш тиын төлер едік. Қарнымыз тойып, шөліміз қанған соң, домбырамызды арқалап ауылға баратын автобусты бетке алар едік. Асылы, бізге музыкадан гөрі осы еркіндік қатты ұнайтын еді. Бірде қасымдағы досым «кеттік, осы автобуспен келгенбіз» деп, жүріп бара жатқан автобусқа асығыс мініп кеттік. Жолай әрбір бөтен аялдамаға келгенде тесіле қарап, «мынау басқа жер ғой» дейміз. Түрімізден байқады ма, бір кісі «қайда барасыңдар» деп сұрады. Біз ауылдың атын жамыраса айттық. Сөйтсек, бұл басқа бағытқа жүретін автобус екен. «Бесқұбыр» елді мекенінен түсіп, жаяулатып Абайға кері қайттық. Анадайда жол жиегінде күнге шағылысып ойнаған сәулесі бізді қызықтыра түсіп, шашырай түскен әлдебір ұсақ заттар көзге бірден шалынды. Жақындап қарағанымызда автомобиль терезесінің төгіліп түскен үйіндісі екенін аңғардық. Әйнектің шынысы бірдей фигурамен уатылып, не үлкен емес, не кіші емес, квадрат формада көзге жалт-жұлт етіп, мөлдір моншақтай болып жарқырап жатты. Алақанымыз толды, әбден қызығып қос қалтамызға толтырып салып алғанымыз әлі есімде. Бірер шақырымнан соң шаршап болдырып, жолдан адас­тыр­ған досымызды айыптап, иығымызда домбыра мен сөмкеміз, күннің ыстығынан терлеп-тепшіп, манағы қызықтан ештеңе қалмай, бәріне кінәлі қалта толы «қазынамыз» көрініп, уыстап алып жиектегі егістікке шашып жіберіп құтылдық. Әлде­бір уақыт­тан соң өзімізге таныс автобекетке әзер жетіп, жүрегіміз жарыла қуанып едік. Маңдайындағы «Абай-Ташкент» деген жазуға қайта-қайта қарап, «өзіміздің» автобусқа отырып, ауылға қайттық.

Музыка мектебіне барған достарымыздың қатары әр апта ­сайын сирей берді. Балалық әуес, сабақтың қиындай түсуі ­себеп болса керек. Кейін қарындасымыз екеуміз ғана баратын болдық. Ол мектепте бізге Сұлтан Сапарқұлов, Қалдыбай Әлиев, Қаламбай Қалданов ағаларымыз сабақ берді. Бұдан өзге Назым, Ерсінай, Сағит деген ұстаздарымыз болды. Фортепиано мен баян ­класына аса жоламауға тырысамыз, орыс тілін білмейміз, мұғалімдері өзге ұлттан еді. Нота сауатым едәуір ашылып, бірте-бірте күй репертуарым молая түскен. Фортепиано, сольфеджио, музыка теориясы деген жаңа сөздерге құлағым үйренісіп қалды. Музыка мектебінің концерт залы, ауыл мектебінің акт залы, аудандық мәдениет сарайы сахнасы – жиі шығатын орынға ­айналды. Көрші аудандар мен облыс орталығына баратын болдым, бірде күй тартып, бірде ән айтып, шығармашылық өрісім кеңи түсті. Қасымда серік болып бірде әкем, бірде мұғалімім жүрді. Мектепішілік түрлі шаралар мен мерекелік той-жиындарға еркін шығатын жағдайға жеттім. Жасыма сай ел кезіп, жер тани бастағам. Облыстық жас орындаушылар конкурсы, ауданның мәдени күндері, мерекелік концерттер... Облысқа белгілі айтыс­кер ақын, әнші-композитор, қаншама өнерпаздармен жақын танысып, ақсақалдардың ақ ­батасын алғаным да осы кез. ­Осылайша, менің бала кезімде балалар музыка мектебінің орны ерекше болды. 1991 жылы бес жылдық музыка мектебін үздік аяқтап, Қызылорда музыка колледжіне оқуға кеттім. Ауыл баласының санасына өнер әлемінің тылсым ғажайып­тарын ашқан, ұлт мәдениетімен барынша жақын таныстырған, белгілі кәсіпке үзбей баулыған, оның жауапкершілігін ұдайы сезіндірген кішкентай ғана өнер ошағы – Абайдағы балалар музыка мектебі еді. Әркез жолым түскенде мектепке соғып кетемін, сыртта жүргенде мектепке қатысты жақсы жаңалыққа құлағымды түре жүремін. Келес ауданы Сарыағаш ауданымен қосылған кезде де жабылып қалудан аман қалды. Әйтеуір, жоқ емес, бар. Әйтсе де, бүгінде сол мектептің жай-күйі мазалап, оның қажетін сұраған, кем-кетігін толтырған, келешек ұрпақтың рухани деңгейін өсірер алтын ұя екенін ескерген адам бар ма! «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» дегенді жиі айтамыз, елдің ертеңі болатын өскелең ұрпақты музыка сазымен тербетер тал бесік осындай өнер мектептері екенін естен шығармасақ екен. Сол мектептен келешекте айтулы композитор, дәулескер күйші, жезтаңдай әнші, танымал өнерпаз шығарына сенім мол. Себебі қашанда «ел іші – өнер кеніші» болған. Әлемнің әйгілі сахналарына баспалдақ болған, академиялық ұжымдарға жетелеп жол ашқан, кәсіби музыка саласындағы бар жетістігімнің тұма ­бастауы болған Абайдағы балалар музыка мектебінің кішкентай ғана ­сахнасын сағына еске аламын, үнемі жадымда тұтамын!

1338 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы