• Тіл
  • 10 Маусым, 2020

МЕМЛЕКЕТ ПЕН МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – БІРТҰТАС

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ, республикалық «Ақиқат» журналының Бас редакторы

Жаратқанға мың да бір тәубе дейміз, тарихта талай теперіш пен қыспақты көрудей-ақ көріп келген ана тіліміз 1989 жылдан бастап заңды түрде мемлекеттік тіл мәртебесін алды. Осы жылды қазақ тілінің тарихындағы бетбұрысты кезең десек болатын шығар. Тіліміздің мерейі өсті, мәртебесі көтерілді. Сол кездегі тарихи жағдайлар үшін бұл үлкен жетістікке пара-пар дүние еді. Өйткені тіл үшін талай күрестер, айтыс-тартыстар жүрді. Империялық жүйе тіліміздің бағын байлап ұстады, адымын аштырмады, қанатын жазғызбады. Себебі тілдің артында ұлт бар еді. Тіл – тарихымыз еді, салт-санамыз еді, өркениет бесігіміз, мәдениетіміз еді. Империяға ұлтымыздың өркендегені, төл тарихын танығаны, салт-санасын сақтағаны қажет емес еді. Нәтижесінде қазақ мектептері жабылды, орыс тілінің үгіт-насихаты күшейтілді. Қазақ тілінің аясы тарылып, бірте-бірте жойылу қаупі төнді. Сырттан танылған қоғамдық стандарттар қазақ тілін шетке ысырды. Қазақ тілі өз жерінде өгей баланың күйін кешті. Осындай қиыншылықтарға қарамастан күндердің күнінде әділеттілік орнап, тіліміз мемлекеттік тіл дәрежесіне жетті. 

Бұл мәртебе қазақ тілінің тамырына қан жүгіртті. Қазақ тілі қысымнан, кедергілерден құтылды. Алайда тілдің бағын жандыру ісіне барша қазақ тізе қосып кірісіп кетпеді. Өкінішке қарай, тілімізге біртұтас ұлт болып, лайықты дәрежеде көмектесе алмадық. Аңсап жеткен тәуелсіздігіміздің басты белгісі – тіліміз еді ғой. Тіл қадіріне жетпегендер тәуелсіздік қадіріне жетер ме? Ісімізде шалалық, тілдік бірлігімізде ала-құлалық байқалды. Тарихта ұлы халық болсақ, ол бір жағы қуатты тіліміздің де арқасы. Бағымызды жандырған, санамызды есейткен, ­жанымызды байытқан, сөзімізге сұлулық дарытқан ­шешен де көсем тілімізді – біріміз ұмытып, енді біріміз кемсітіп, біріміз жүре тыңдап, енді біріміз мүлде қажетсінбедік. Өз тілімізден гөрі өзге тілдер күштірек, мықтырақ көрініп, солай қарай ұмтылдық. Би-шешендеріміз, ақын-жырауларымыз майын тамызып сөйлеген тілдің табиғи тұнықтығына, тазалығына мән бермедік. Қала берді, жаратылыстану пәндерінен алынып тасталды, бал тілді баптап үйрететін «Әліппе» де қағажу көрді...

Негізі, тілдің заңдық мәртебесі дейтін үлкен ұғым. Сондықтан бұл мәртебенің қадірін әрқайсымыз терең түсініп, бағалай білуіміз ­керек. Тілімізге кешегі Алаш арыстарының, ұлт зиялыларының жанашырлық көзімен қарасақ, қанша­лықты маңызды жауапкершілікті арқалап жүргенімізді сезінер едік. Бірақ сезіне алмай келеміз. Сезінсек, тілімізді баяғыда өз тұғырына қондырар едік. Қазақтың өзінен жанашырлық болмай отыр.

Шынтуайтына келгенде, біз мемлекеттік тіл саласында көп мәселенің ара-жігін ажырата алмай жүргендейміз. Мемлекеттік тіл дегенді «мемлекеттің тілі» дейміз де, қоямыз. Ал мұнда «мемлекет» және «тіл» дейтін екі үлкен ұғымның барын, бұл ұғымдар бір-бірін толықтырып тұруы тиіс екенін, мемлекет қазақ тілінің дамуына ең алдымен өзі мүдделілік танытып, ­септеспесе жайдан-жай ештеңе болмайтынын, оған қажетті алғышарттар жасалу керектігін, тілсіз мемлекеттің де ұлттық сипаты, идеологиясы, халықтың ұлттық болмысы қалыптаспайтынын басым көпшілігіміз жоғары дәрежеде пайымдап, парықтай бермейтін сияқтымыз.

Мемлекетті құру, іргетасын нығайту қандай қиын шаруа болса, мемлекеттік тілге қатысты атқарылуы тиіс жұмыстар да соншалықты ауқымды әрі өзекті. Егер сіз тамақтануға кірген кафе, ресторанда мемлекеттік тілде бір ауыз сөз ести алмай шықсаңыз, дүкендегі сатушы сізге мемлекеттік тілде сөйлемесе, сөйлейтін ниеті де болмаса, бір мекемеге телефон соғып, «сәлеметсіз бе?» дегеніңізде «здравствуйте» деп, орыс тілінде сөйлеңіз деген ишара сезіліп тұрса, жер-жерде тіліміздің есесі кетіп жатса, мемлекеттік тілдің жай-күйі жақсы дей аламыз ба? Жақсы дей алмасақ керек. Тілге ең қажетті дүние, бұл – мақсатты түрде жүргізілетін идеология екенін жоққа шығара алмаймыз.

Кешегі коммунистік идеология санамызға орыс тілін үйрену керек екенін мықтап сіңірген жоқ па. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін ең алдымен қай тілді үйрену керектігін жақсы білді. Орыс тілін меңгермесең, адам бола тұра, адам қатарына қосыла алмай қалуың мүмкін еді. Содан келіп ұлтымыз ана тіліне жат көзбен қарай бастады. «Менің тілім ешқайда жарамсыз, не мектепте оқи алмайсың, не жоғары оқу орнына түсе алмайсың, не жұмысқа тұра алмайсың, партия қатарына алынбайсың» деген ой пайда болды. Бірақ, шын мәнінде, тілден тілдің артықшылығы не кемдігі жоқ. Құдай Тағала, асылында, барлық тілді бірдей мүмкіндікпен жаратқан. Кез келген ойды кез келген тілде айтып, жеткізуге болады. Ой қуаты секілді, тіл қуаты да бірдей. Бір тілді екінші тілден артық не кем ететін қандай нәрсе десек, ол – идеология. Коммунистік идеология мұндай мүмкіндікті нәтижелі қолданды. Енді біз сол кезеңнің идеологиялық салдарымен күресіп келеміз. Қарап тұрсақ, ана тілін ұмытқан талай ұрпақ, талай буын өсіп-өніп, қалыптасыпты. Олардың ұлттық санасы тәркіленіп, тілі мен ділі өзгеріске түсіпті.

Тілдің бір қызық тұсы бар, ол – адамның санасына берік орнықса, жүрегіне ұяласа, діліне енсе, өз орнын басқа тілге оңайлықпен босата қоймайды. Тіл адамды меншіктеп алады. Егер бір адам өзге тілдің иелігінде кетсе, бұл тіптен қиын мәселе. Оқта-текте ұлттық намысы оянып, туған тілін үйренемін деп, талпынып шықпаса, басқа тілмен кеткені кеткен. Өйткені тіл адамның санасымен, жанымен байланысты дүние. ­Осылайша, біз тәуелсіз мемлекетіміздің құрылысын мем­лекеттік тілді жақсы білмейтіндермен бастап кетіппіз. Олардың ішінде мыңдаған шенеуніктер мен мемлекеттік қызметшілер бар. «Мемлекеттік тілді қашан меңгересіз?» десеңіз: «Мемлекеттік тілге қарсы емеспіз. Келешекте үйренерміз...» деп жауап қатары анық. Қазақ тілін бес айда, бір жылда үйреніп аламыз деген талай министрлерді, әкімдерді, депутаттарды да көрдік. Бірақ берген уәделері сөз күйінде қалып жатты... ­Лауазымды шенеуніктердің арасында мемлекеттік тіл мәселесіне атүсті қарайтындары аз емес. Бір өкініштісі, мемлекеттік тіліміз көп жағдайда басшылық қызметтегілердің жұрт ­алдында сөйлегенде қағаздан қарап оқитын тіліне айналып кетті.

Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген сөзі көкейге үміт ұялатады. Бұл – келешекке бағдарланған стратегиялық мақсат. Ал енді тактикалық тұрғыдан көп мәселені бүгін шешуге тура келеді. Ол үшін тілімізге даңғыл жол ашуымыз керек. Ал бұл қазіргідей қалыптасқан заңдық-құқықтық жағдаймен мүмкін емес. Бір мысал. «Тілдер туралы» бағдарламада мынадай сөйлемдер жазылыпты: «...қоғамдық өмірдің барлық саласында мемлекеттік тілге қажеттілік болуына, оның басқа тілдердің тұғырын одан әрі сақтау жағдайындағы тиісінше қолданылу сапасына және меңгерілу деңгейіне жүйелі мониторинг жүргізу көзделеді». «Осы сөйлем қалай, өзі?» деп ұзақ ойландым. Назарымды ерекше аударған «басқа тілдердің тұғырын» деген сөз тіркесі ­болды. Тұғыр бір-ақ тілде болу керек қой. Біздің жағдайымызда ол мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілі! Сонда еліміздегі өзге тілдердің де тұғыры болғаны ма? Соған қарағанда, біз басқа тілдердің хал-ахуалын өздерінің тарихи отандарынан көбірек күйттеп кеткен жоқпыз ба? «Тұғыр» деген сөзді қолданғанымызға қарап айтып отырмын. Тіліміздің аяғына тұсау болып тұрған осындай сөздер «Тіл туралы бағдарламада» және «Тіл туралы» заңымызда өте көп. Мынадай сөйлемдермен біз мемлекеттік тіліміздің көсегесін көгертіп, ұшпаққа шығарамыз деп айту қиын. Заңымызда төмендегідей жолдар да кездеседі: «...қажет болған жағдайда басқа тілдер қолданылады», «мемлекеттік тіл мен орыс тілінің қолданылуы қамтамасыз етіледі», «мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ және орыс тілі тең дәрежеде...», «...мемлекеттік тілдің және басқа да тілдердің қолданылу салаларында олардың пайдаланылуына кез келген кедергі келтіру...Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады», «Мәдени шаралар мемлекеттік тілде және қажет болған жағдайда басқа да тілдерде жүргізіледі», «Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттік тілде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тілдерде беріледі». Менің ойымша, мемлекеттік тіліміздің өріс алып, қанатын кеңге жаюына әжептәуір нұқсан келтіріп тұрған – осындай сөйлемдер. Бұл заңды дайындағандар мемлекеттік тілдің емес, өзге тілдердің мүддесін көздеген бе дерсіз. Қазақ тілін еліміздегі барлық ұлт өкілдерінің тілімен бірдей етуді ойластырғандай. Басқаша қалай түсінуге болады? «Айтпаса, сөздің атасы өледі», бара-бара өзге тілдердің құқығын қорғап, жағдайын қамтамасыз етеміз деп жүріп, бір күні мемлекеттік тіліміздің қайда қалғанын білмей қалып жүрмесек болғаны? Қысқасы, заңдарымыз мемлекеттік тіліміздің тұғырын биіктетуге емес, тіліміздің өзге тілдердің алдына шығып кетуіне жол бермеуге негізделгендей. Ешқандай тілді ренжітпей, барлығын қатар дамытқымыз келеді. Бұл мемлекеттік тіліміздің бағын жандырмайтын ұстаным. Асылында, әр мемлекет ең алдымен мемлекеттік тілдің жағдайын дұрыстайды: заңды қатайтып, талапты да күшейтеді. Олардың заңдарында «қажет болған жағдайда...», «тең дәрежеде қолданылады» деген тәрізді «тілге тұсау» сөз тіркестері кездеспейтіні мәлім. Мына қалпымызбен біз тілімізді алдағы жылдарда да ілгерілете алмаймыз. Ешбір тілге қарсылығымыз жоқ, дамысын, өркендесін, бірақ ол мемлекеттік тілмен қосанжарласпауы керек. Олимпиада ойындарының алтын жүлдегері Әнұраннан кейін жанындағы екі жеңімпазды өз тұғырына шақырып, суретке түсетіні бар емес пе. Біздің тілге байланысты заңдарымызды да сол көрініске ұқсатамын. «Тіл бағдарламасында» көзделген меже бойынша, мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 2020 жылы, яғни биыл 90 пайызға жетуі керек-ті. Мұндай деңгейге жетпегеніміз түсінікті.

Мемлекеттік тіл дегеніміздің өзі рес­пуб­ликаның барлық азаматтарына ортақ тіл ­деген сөз ғой. Ол тек қазақ ұлтының тілі емес. Бізде, өкінішке қарай, мемлекеттік тілді тар мағынада түсіну басым. Яғни өзге ұлт өкілдерінің ­басым көпшілігі оны қазақтардың тілі деп қана қабылдайды. Осы көзқарасты өзгертуіміз керек.

Тағы бір мәселе – елімізде мемлекеттік тілдің теориялық базасы қалыптаспаған. Сондықтан іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нысанына айналмай отыр. Физиканың, математиканың, басқа да ғылымдардың теориясы болады, сол теорияларға сәйкес ғылымның жүйесі құрылады. «Неліктен 30 жылдың ішінде мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясы кеңеймеді? Неліктен оны ­барша Қазақстан азаматтары меңгермеді? Неге алға жылжымадық?» дейтін сауалдарға ғылыми тұрғыдан жауап жоқ. Ғылыми еңбектер, монографиялар жоқ. «Мемлекеттік тіл» деген ұғымға заңдарда ғана азды-көпті түсініктеме беріледі. Ал оның қыр-сыры, түпкілікті мәні, қоғамның барлық саласымен байланысы, саясаттағы орны, шынайы өмірдегі ахуалы, іс-қағаздардағы жағдайы және т.б. мәселелер зерттеу нысанына айналмай келеді. Осы кезеңге дейін мемлекеттік тілге байланысты баспасөз бетінде мыңдаған мақалалар жарық көрді. Солардың сүбелілерін бірнеше томнан тұратын жинақ ретінде шығарса ауыз толтырып айтарлықтай қомақты дүние ­болар еді. Негізгі өзекті ­проблемалар айқындалмай, талданбай және оларды шешудің жолдары ғылыми түрде негізделмей, бүгінгі тілдік ахуалымызды өзгерте алмаймыз. Ғалымдар, қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары тарапынан айтылып жүрген жақсы-жақсы ойлар мен ұсыныстар аз емес. Бірақ олардың бірі де, өкінішке қарай, не атқарушы билік тарапынан, не құзыретті органдар тарапынан ескерілмей отыр. Солардың қатарында – Конституцияның 7-ші бабының 2-ші тармағын өзгерту, «Мемлекеттік тіл ­туралы» заң қабылдау, «Тіл инспекциясын» құру тәрізді көптеген ұсыныстар бар. Оның сыртында «мемлекеттік тілді білмейтіндер мемлекеттік қызметке алынбасын» деген де талаптар айтылып келеді. Осылардың әрқайсысы күн тәртібіне енгізетін мәселелер еді. Уақыт созуға шеберміз ғой, бәрін кейінге ысырып келеміз. Бірақ қайран уақытпен бірге асыл шешімдер де құрбан болып жатқанын ұмытпасақ екен. «Асығыстыққа жол бермейік» деген де жақсы, алайда темірқазық мәселелерді созбаққа сала беруге де болмайды. Отыз жылда қазақша отыз сөз үйрене алмаған шенеуніктердің кінәсін кімнен іздейміз? Өзінен бе, әлде «тым ­толерантты» тіл саясатынан ба?

Елімізде жыл сайын талай азамат мемлекеттік қызметке орналасып жатады. Солардың қаншасы мемлекеттік тілді жетік меңгерген? Бұл да үлкен сұрақ. Жалпы осындай іріктеулерде ­лауазымды орынға үміткер азаматтың мемлекеттік тілді қаншалықты дәрежеде жетік білетіні тексерілуі керек. Байқау барысында болашақ мемқызметкерлердің қазақ тілінде еркін сөйлей алуы, сауатты жаза білуі шешуші рөл атқармаса, қазақ тіліне шорқақ шенеуніктер легі алдағы уақытта да толастамайды.

Ешқандай ресми дүниені алға тартпай, қарапайым түрде айтар болсақ, қазақ тілі – мемлекетіміздің мәні ғой. Басындағы ­алтын тәжі ғой. Бәріміз осы елдің азаматымыз, жеке куәлігіміз бар, төлқұжатымыз бар, онда Қазақстан Республикасының Елтаңбасы бейнеленген, бірақ бәріміз бірдей мемлекеттік тілді білмейміз. Бұл қалай? Елге, жерге ­деген құрметіміз қайда? Бір елдің азаматы болу – азаматтық міндет жүктей ме, жүктемей ме? Қазақстан жыл сайын жүздеген адамға азаматтық береді. Бірақ олардан мемлекеттік тілді білу талап етілмейді. Республикамызға дипмиссия­мен қызмет атқаруға келген елшілер де қазақ тілін емес, орыс тілін меңгеріп алады. Елімізде күн көріс қамымен жүрген ­жалдамалы жұмыс­шылардан да мемлекеттік тілді білу сұрал­майды. Сонда мемлекеттік тілді, шын мәнінде, мемле­кеттік тіл деуге келе ме, келмей ме? Компью­терді компьютер деу үшін оның ­мониторы, процессоры, пернетақтасы және т.б. құрыл­ғылары болуы керек қой. Осылардың біреуі болмаса, компьютерім бар, істеп тұр деп қалай айтамыз? Дәл солай, мемлекеттік тіл мемле­кеттің барлық саласында қолданыс табуы керек. Бір тұста көрініс беріп, бір тұста көрініс бермей отырса, оны қалай мемлекеттік тіл дей аламыз?..

Өткен жазда Алматыға келген бір топ ресейлік туристердің: «Хорошо, что здесь рускоязыч­ная культура» дегенін естіп, осы жылдар ішінде ұлттық мәдениетімізді сырт елден келгендерге сезіндіретіндей дәрежеге жеткізе алмағанымыз ба деп іштей қапаланып қалдым. Айналып келгенде, мәселенің бәрі тілде жатыр. Тіліміздің аясы кеңеймей, ұлттық құндылықтар да, ұлттық мәдениет те өркендемейді. Демек, мемлекеттік тіл саясатында сапалы атқарылуы тиіс жұмыстар өте көп. Олай болса, мемлекеттік тіл деген қатардағы үйреншікті сөз ретінде қалмауы керек. Оның өн бойында зор айбын, заңдық күш, биік мәртебе, талаптың бәрі сезіліп тұруы керек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында тіл жайын жақсы қозғады. «Мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады» деді. Қорыта айтқанда, ұлттық қауіпсіздігімізді қорғап, тәуелсіздігімізді баянды етеміз десек, ең алдымен мемлекеттік тіліміздің бүгінгі өзекті мәселелерін шешуге Үкіметіміз, Парламентіміз баса мән беруі керек.

 P.S. 

Келер жылы Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Соның қарсаңында мемлекеттік тіл мәселесінде не істелді, не қойылды, қандай жетістіктеріміз бар, қандай кемшіліктер жіберілді, алдағы жоспар қандай болмақ деген сауалдарды арқау еткен алқалы жиын өткізілгені орынды болар еді. Ол іс-шара Нұр-Сұлтан қаласындағы «Тәуелсіздік ­сарайында» ұйымдастырылса, оған мемлекет және қоғам қайраткерлері, ­министрлер, Парламент депутаттары, облыс әкімдері, тіл мамандары мен тіл жанашырлары қатысса, сөйтіп бүкіл мәселелер ортаға салынса, проблемалар ашық айтылса, мұндай шара мемлекеттік тілімізге серпін берер еді. Тәуелсіздік тарихында мемлекеттік тілге ­байланысты жоғары деңгейдегі осындай алқалы жиынды өткізетін кез келді. Бұл Тәуелсіздігіміздің басты тірегі, елдігіміздің нышаны – мемлекеттік тілге көрсетілген құрметіміз болар еді. 

1319 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы