• Мәдениет
  • 10 Маусым, 2020

ЕҢБЕКШІҚАЗАҚТЫҢ ЫҚШАМ АССАМБЛЕЯСЫ

Еліміз өзінің тәуелсіздігін жариялағаннан бергі отыз жылға жуық уақыт ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көпэтносты еліміздегі татулық пен келісімді сақтауға, дамытуға, қауіпсіздігі мен бейбітшілігін қорғауға бар күш-жігерін салып, тұрақтылық пен ынтымақтастық құруға жіті көңіл бөлді. Қазақстандықтар бір шаңырақтың астында баянды бірлігінің арқасында егемендігін нығайтып, қысқа мерзім аралығында көптеген игі істер атқарды. Нәтижесінде еліміз әлемдегі дамыған елдер қатарына қосылды. 

130-дан астам ұлт пен ұлыс тату-тәтті ғұмыр кешуінде теңдесі жоқ ­этносаяси институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының да үлесі зор. Ол Қазақстандағы барлық этностардың еліміз дамуының барлық салаларына араласуына мүмкіндіктер берді. Әр ұлт өз салты мен дәстүрін, әдет-ғұрпын дамытуда. Елімізде этномәдени бірлестіктер құрылып, олардың емін-еркін жұмыс жасап, ойлаған игі бастамаларын жүзеге асыруы үшін мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетілуде. Ассамблея бүгін барлық облыстық және жүздеген аудандық этномәдени орталықтардың басын қосты. Олар Қазақстан халқы бірлігін қалыптастыруда көптеген игі жұмыстарды атқарып келеді. ­Алматы облысының ең үлкен ауданы – 54 ұлт пен ұлыс өкілдері тұратын Еңбекшіқазақта Қазақстан егемендік алған алғашқы жылдарда бес ұйғыр, славян, түрік, грек және күрд ұлттық-мәдени орталықтары құрылған болса, қазір олардың саны сегізге жетті. Еңбекшіқазақ аудандық ұйғыр этномәдени орталығы – ең белсенді орталық. Ұйғырлар, негізінен, ­Шелек, Бижанов, Малыбай, Қаратұрық, Асы, Ават, Ташкенсаз, Балтабай, Жаңашар ауылдық округтерінде және Есік қаласында тұрады. Орталықтың негізін Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы, зейнеткер-ұстаз Ғожахмет Шамахунов қалаған һәм алғашқы төрағасы болған. 1997 жылы Еңбекшіқазақ ауданына бұрынғы ­Шелек ауданы қосылды. Шелекте ұйғыр этномәдени орталығының ­басында алғашында зейнеткер-ұстаз Исмайыл Абдрахманов және Қазақстан Парламентінің алғашқы сайлауына депутат болған Иминжан Насыров тұрды. Екі аудан біріккеннен кейін аудандық ұйғыр этномәдени орталығын он жылдан астам уақыт Тұғылық Илиев басқарды. Ұлттың мәдениетін жаңғыртуда марқұмның еңбегі зор болды. Тұғылық Мәхпірұлының бастамасымен Есік педагогикалық колледжінде ұйғыр бөлімі ашылып, ондаған бастауыш сыныбының мұғалімдері жетіліп шықты. Баяндай орталау мектебінің ғимараты толық жөндеуден өтіп, қосымша ­сыныптар салынды. Одан кейін аудандық ұйғыр этномәдени орталығына Махаметжан Жанбақиев төраға болды. Ол ұлттық мәдениет, ана тіліндегі басылым, мектептерге баса назар аударып, «Уйғур авази» газетінің Еңбекшіқазақтағы оқырмандары санының өсуіне қол жеткізді. Орталықтың келесі төрағасы, кәсіпкер Арселин Зульяров басылым, мәдениет үйлері, мектеп және балалар бақшаларын қаржылай қолдады. Сондай-ақ ол соғыс және еңбек ардагерлеріне қамқорлық көрсете білді. Төрт жарым жылдан бері орталықты кәсіпкер Сүлейман Махсұтов басқарып келеді. Кезінде аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған Сүлейман Шамшидинұлы да алғашқы төрағалардың жұмысын өнімді жалғастырумен бірге орталық жұмысына көптеген жаңалықтарды да енгізді. Ауданда ұйғыр халқының өнерін дамытып келе жатқан бірнеше ансамбль, Қайназар Мәдениет үйінде орталықтың мұражайы бар. Еңбекшіқазақ аудандық славян этномәдени орталығы 1992 жылы Түрген ауылындағы Ломоносов атындағы орта мектептің мұғалімі ­Галина Сидельникованың бастамасымен ашылды. Орталықта орыс һәм украиндар біріккен. 2006 жылы ресми тіркеліп, «Алматы облыстық орыс этномәдени бірлестігінің Еңбекшіқазақ аудандық филиалы» деп аталды. Алты жыл бойы орталықты Нина Мантариди басқарды. 2012 жылдан бүгінге дейін ұлтаралық келісімді ту етіп, бірлікті сақтап, ынтымақтастықты нығайтуды мақсат тұтқан бірлестікке Ирина Таркова басшылық етіп келеді. Қазір бірлестік әл-Фараби атындағы орта мектепте орналасқан. Жас ұрпақтың тәрбиесі үшін орталық мүшелері тынбай еңбек етіп, әдет-ғұрпын жаңғыртып, бойына салт-сананы сіңіріп келеді. «Масленица» мерекесі, «Рождество» шыршасы, тағы басқа шараларды ұйымдастыру арқылы бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй сыйлаумен бірге, ежелгі мейрамдарын жаңғыртып отырады. Ұлттық тағамдарын, киімдерін дәріптеп, әдет-ғұрпынан хабар берер орыс ертегілерін таныстырады. Орталықтың мұражайы, «Рябинушка», ­«Лучинка», «Зоренька» ансамбльдері бар. Еңбекшіқазақ аудан­дық ­«Ахыс­қа» түрік ­эт­номәдени ор­та­лы­­ғы­ның негізін ­ау­данда есімі кең ­та­нылған ­футбол ­жана­шы­­ры, жастардың сүйікті жат­тық­­­ты­рушысы ­Рафик ­Наргилов сал­ған. ­10 жыл­дан астам уақыттан бері ор­талықты ин­женер, кәсіпкер Ибрагим Алиев бас­қарады. Еңбекшіқазақ аудандық күрд этномәдени бірлестігі 1999 жылы құрылып, содан бері мұнда 58 адам белсене жұмыс істеуде. Орталықтың негізін Ақбастау орта мектебінің бұрынғы директоры Азиз Надыров қалаған. 2010 жылдан бері орталыққа оның ұлы Надо Надыров төрағалық етеді. Әкесінің еңбек жолын қуған ұлы оның отансүйгіштік сезімдерін де жүрегіне сіңірген. – Мақсатымыз – жас ұрпақтың бойына патриотизмді сіңіру арқылы өз ұлттық әдет-ғұрыптарымызды ұмытпауға тәрбиелеу. «Біздің күшіміз – бірлікте», «Күрд халқы – Қазақ халқының ынтымақты шаңырағында» атты ұранмен түрлі шаралар ұйымдастырдық. Түрген, Қарасай, Бәйдібек би, ­Ақ­бастау, Әймен, Бөлек ауылдық округтерінде Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мере­кесінде өз мәдениетімізді танытып, қазақ хал­қының салт-дәстүрін сыйлайтынымызды көрсеттік. Сондай-ақ күрд халқының тарихын танытып, әдет-ғұрпын, дәстүр-салтын насихаттайтын қысқаметражды фильм түсірдік. Жастардың тәрбиесіне назар аударып, білімге құштар, спорттық іс-шараларға көңіл бөліп, зиянды әдеттерден аулақ, саламатты өмір салтын ұстанатын жастарды тәрбиелеу – басты мұратымыз, – дейді Надо Азизұлы орталық жұмысы туралы ­таныстырып.

130-дан астам ұлт пен ұлыс тату-тәтті ғұмыр кешуінде теңдесі жоқ этносаяси институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының да үлесі зор. Ол Қазақстандағы барлық этностардың еліміз дамуының барлық салаларына араласуына мүмкіндіктер берді. Әр ұлт өз салты мен дәстүрін, әдет-ғұрпын дамытып келуде.

Бұдан басқа Еңбекшіқазақ ­ауданында грек, кәріс, ­татар, ­шешен-ингуш этномәдени бір­лестіктері құрылған. Олар өздеріне қарасты этностардың экономикалық және әлеуметтік проблемаларын ­шешуге атсалысып, ұлттық төл мәдениеті мен әдебиетін, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпын дамытып келеді. Аудан аумағындағы ұлт және этностар өкілдері арасында қоғамдық келісім, бірлік, татулық сияқты идеяларды насихаттай отырып, тұрмыстық кикілжіңдер мен түсініспеушіліктерді шешуде үлкен маңызды рөл атқаруда. Олар: «Барлығымыз ұлтаралық татулық пен достықты дамыту ­жолында қызмет етеміз. Кейде орын алатын түсініспеушіліктер ешқашан ұлттар арасындағы төбелес ­немесе соғысқа алып келмеуі керек. Қазақстан Республикасының алғашқы Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың осы бағыттағы дана саясатын біз толық қолдаймыз. Әрбір қазақстандықтың бейбіт елде өмір сүріп, гүлденуі – өзіміздің қолымызда». Бұл – аудандағы барлық этномәдени орталықтары төрағаларының көзқарасы. Дәл солай. Басқаша болуы да мүмкін емес. Өйткені қазақстандықтардың негізгі байлығы – бірлігі. Оны көзінің қарашығындай сақтау – әрбір қазақстандықтың киелі борышы. Қазақстан Республикасының қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арналған ­Жолдауында да қоғам игілігі үшін сындарлы саясат жүргізіп келе жатқан ­саяси партиялармен және қозғалыстармен ынтымақтастықта жұмыс істеу, халықпен тиімді кері байланыс орнату, қоғамдық келісімді нығайту ­бойынша бірқатар бағытты жұмыстардың жүргізілгендігі атап көрсетілген. Бұл бағытта Еңбекшіқазақ ауданында азаматтық қоғам ­институттарымен өзара байланысты нығайту мақсатында арнайы аудан әкімдігінің жанындағы кеңес, «Нұр Отан» және «Ауыл» партияларының аудандық ­филиалдары, сегіз этномәдени бірлестіктері, ­ардагерлер мен әйелдер кеңестері қызмет істеуде. Ұлтаралық қатынас пен қоғамдық келісімді нығайту, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесімен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Есік қаласы мен 25 ауылдық округтерде қоғамдық келісім кеңестері құрылып, олар этномәдени бірлестіктермен бірлесе жұмыс атқаруда. Сонымен қатар ауданда 49 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Барлығы болып ауданда 299 800 адам өмір сүруде. Оның ішінде 29 жасқа дейінгі жастар саны – 65781 адам. Белсенді жастар саны – 5700, маргиналды жастар саны – 376 адам.

Рашида РАХМАНОВА, «Уйғур авази» газетінің Еңбекшіқазақ ауданындағы меншікті тілшісі

Еңбекшіқазақ ауданы

1307 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы