• Мәдениет
  • 11 Маусым, 2020

ОЮЫМЕН ӨРНЕКТЕЛГЕН ТАРИХ

Қазақстанда дүниеге келіп, қазақы салт-дәстүрді терең меңгерген Зита Александровнаның қолынан шыққан туындылары ерекше. Әсіресе, түрлі сәнді моншақтармен жасалған мешіт бейнесі көпшілікті таңдай қақтырады. – Менің бақыт мекенім – отбасым. Үш баланың анасымын. Тәтті немерелерім де бар. Құдай қосқан қосағым Вадим ­Козинов үнемі қолдау көрсетіп отырады. Сол үшін азаматыма көп рақмет айтқым келеді. Қазақта «Балалы үй базар, ­баласыз үй қу мазар» деген жақсы мақал ­барын жақында ғана білдім. Шынымен де, ­балалы үй нағыз базар екен. Тұңғышым Владимир 30 жаста. Заңгер. Инна атты сұлу қызым бар. Ол екі баланың ­анасы. Қызым ән айтқанды жақсы көреді. ­Дауысы өте керемет. Кенжеміз Арсений – чемпион. Республика бойынша үздік қақпашы атанып, бірінші орын алып, ­алтын медаль иеленді. Немерелерім Александр мен Миша өміріміздің жалғасы. Менің осындай өнерлі ­болуым анам Раиса Галимовнаның арқасы. Өзімді бақытты әйелмін деп есептеймін. Себебі кең байтақ туған жерім, тәуелсіз Отаным бар. Адам үшін осыдан асқан бақыт жоқ, – дейді қолөнер шебері. Қолы қалт етсе ән айтуды ұнататын біздің кейіпкердің айтуынша, қолөнер жұмыстарын жасаумен айналысу өмірге деген құлшынысын арттырады. Мақсаты – Отанына пайдалы қызмет етіп, көптің алғысын арқалау. Тоқып, тігіп түрлі әдемі бұйым жасап, адамдарға қуаныш ­сыйлауды әдетке айналдырған Зита қазақтың ұлттық өнерін әлемге танытуды армандайды. – Қолөнер жұмысымен үйде отырып айналысатынмын. Жақында арманымның орындалуына жақсы адам себепші ­болды. «Жігер» үкіметтік емес ұйымының төрайымы Ажар Қыдыралина менің өнерімді жарыққа шығарды. Қазір өзім жақсы көретін ісімді жақсы адамдардың ортасында отырып жасап отырмын. ­Алтын әріптестеріммен ұлттық киім үлгілерін тігу арқылы етене жақын ­болып кеттік. Өйткені қазақта әр оюдың өзіндік белгісі мен анықтамасы болады. Міне, бұл да бір ерекшелік. Кішкентай балаларға арнап қазақы көйлек, қыздарға арнап сәукеле, шапан, түрлі бешпенттерді де тігеміз. Ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдарды жасау арқылы қазақтың түрлі ою-өрнегін үйрендім. Құрақ көрпе құрау арқылы төзімділік пен асқан шеберліктің де иесі болдық. Алдағы уақытта бұдан да көп дүниелерді жасайтын боламыз. Қолымыздан шыққан жұмыстарды шағын дүкенімізге сатылымға шығарамыз. Ұжым болып жағдайы төмен отбасыларға көмектесеміз. Мұны қазақ бауырларымыз: «қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деп, бір-ақ ауыз сөзбен түйіндей салғанына қатты ризамын. Қолымнан келгеннің барлығын қасымдағы жандарға үйреткім келеді. Жақында мешіттің бейнесін жасап шықтым. Жолдасым екеуміз кешке серуендеп жүріп, түнде жанып тұрған әдемі мешітті көріп, бірден соның бейнесін жасауды ұйғардым. Ертеңіне ойымды Ажар Садықбекқызына айтып едім, ол кісі де бірден құптай кетті. Мұсылман адамның әрбірінің үйінде осындай қасиетті мешіт тұрса деп ойлап, әдемі дүние жасадым. Ұлтым орыс болса да, мен барлық адамзаттың дінін, тілін, салт-дәстүрін сыйлаймын. Басшымыз біздің әр қиялымызды арманға айналдыруға көмектеседі. Сол үшін ол кісіге шексіз алғыс айтамын, – дейді ­аяулы ана. – Татулық, бақ-береке, достық деген қасиетті сөздердің астарында үлкен мән бар. Қазақстан деген алтын бесік емес пе? Сол бесікте түрлі ұлт өкілдері өсті, жетілді. Мемлекеттің бір-бір уығы болып қаланды. Адам нәсілге, дінгі бөлінбеуі керек. Достықта шекара жоқ. Біздің ұйымда түрлі ұлт өкілдері қызмет істейді. Олар қашан болса да қазақ халқына алғыс айтудан шаршаған емес. Қазіргі таңда біздің ұжымдағы қыз-келіншектер қазақтың қолөнер бұйымдарына аса қатты мән береді. Себебі қазақтың қолөнер бұйымы өте бай. Таяуда ғана «Самұрық-Қазына» жобасына қатысып, жеңіске қол жеткіздік. 3 миллионның жобасын ұтып алдық. Елдегі жағдай ешкімге оңай тиген жоқ. Біз де ­барынша қолымыздан келгенін жасап бақтық. 10 мың медициналық бетперде тігіп, 4 мың данасын қайырымдылық ретінде тараттық. Бұл істе әрбір қызметкердің ерен еңбегі бар. Солардың ішінде ұжымдағы Зита Козинованы ерекше атап өткім келеді. Жауапкершіліктің жүгін шаршамай арқалай білетін ол өте еңбекқор. Бір минутын да текке өткізгісі келмейді. Телефон арқылы танысып, жұмысқа орналасқан соң бірден өз ­жобаларын ұсынып, қазақтың қолөнерін көпшілікке танытсақ деген ­ойымен бөлісті. Қазақ деп жүрегі соққан әр ­адамды бауырыма басуға даярмын. Себебі қазақтай қасиетті, көңілі дархан, пейілі кең, ниеті ақ халық жер бетінде мүлде жоқ деп айтқым келеді. Міне, сондықтан да өзге ұлт өкілдері біздерге үнемі алғыс айтудан шаршамайды. Орыс, шешен, неміс, өзбек болса да бәріміз адамбыз. Біз ешқашан да өзге ұлтты өзекке тепкен емеспіз. Теппейміз де. Біз үшін татулық, достық, бірлік қымбат. Зитадай қазақ халқын төбесіне көтеріп сыйлайтын асыл аналар көп болсын деймін, – дейді «Жігер» үкіметтік емес ұйымының төрайымы Ажар Қыдыралина.

Еңлік БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Алматы облысы

1052 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы