• Тіл
  • 11 Маусым, 2020

ТІЛДЕН БАСТАЛҒАН ТАРИХ САПАРЫ

Шерубай Құрманбайұлы, ҚР ҰҒА-ның корр. мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор

Тілдің адам өмірінде атқаратын рөлі, алатын орны айрықша. Тіл – жеке тұлғаны ғана емес, тұтас ұлтты қалыптастырады. Адам баласы ғасырлар бойы жинаған тәжірибесі мен білімін, дүниені тану барысында көрген-білген, тапқан-таянғаның бәрін сол тілде сөйлейтін халықтың қазыналы сарайы – тіліне жинайды. Сол сарайда жиналған бар байлыққа тіл арқылы ғана жетуге, оны тіл арқылы ғана игеруге, тіл иесінің тіршілік-болмысын білуге болады. Халықтың тілін терең меңгерген адам сол тілді жасаған жұрттың жан дүниесін ұғынып, мәдениетін танып, оның сан ғасырлық тарихынан тәлім алу мүмкіндігіне ие болады. Қазыналы сарайдың алтын қақпасы тілді білгенге ғана ашылады. Біз сөз қозғағалы отырған көрнекті тарихшы-шығыстанушы ғалым, академик Болат Көмековтің ғылыми ғұмырына, оның іргелі зерттеулеріне тереңірек үңілсек, осы бір ақиқат тағы да айқындала түседі. Болат Көмеков дәстүрлі қазақ ­отбасында туып, қазақы тәрбие алған, тілі қазақша шығып, ұлтымыздың салт-дәстүрлерін ­жастайынан, отының басынан бойына сіңіріп өседі. Тілі ана тілінде шығып, отбасында өз тілінде сөйлеп жүрген ол мектепте орта білімді орыс тілінде алады. Сөйтіп, кәмелеттік жасқа толған жас жеткіншек екі тілді еркін меңгереді. Ташкент мемлекеттік университетінің шығыстану факультетінде оқып, «араб тілі мен әдебиеті» деген мамандық алып шығады. Оқу бітірген жылы оған Ташкентте қалып, университет кафедрасында жұмыс істеу, аспирантурада оқу ұсынылады. ­Алайда ол бұл ұсыныстан бас тартып, қалайда өз еліне келіп қызмет етуді ұйғарады. Жолдамамен елге жеткен бойда жас маман ҚР КСРО Ғылым академиясының Тіл білімі институтына келеді. Мақсаты – араб тілінің маманы, шығыстанушы ретінде тіл тарихы бөлімінде қызмет етіп, араб, парсы тіліндегі жазба ескерткіштерді зерттеу. Институт директоры, ­академик І.Кеңесбаевтың қабылдауында болып, үміттеніп бір жарым ай күткеннен кейін жуырда бос орынның болмайтындығы белгілі болады. Бұл жағдайды білгеннен кейін ол Мәскеуге барады. Ол кезде араб тілі мамандары Мәскеуде де тапшы еді. Оған Сирия, Ирак, Мысыр сияқты үш араб елінің біріне жұмысқа бару ұсынылады. Ол студент кезінде Ирактағы Бағдат университетінде тілдік тағылымдамадан өткендіктен, өзге араб елін көріп-білу мақсатымен Мысырды таңдайды. Мәскеу араб тілі маманын өз қалауы бойынша сол елге жұмысқа жібереді. 1964-1965 жылдары Мысырда ­аудармашы болып қызмет етеді. Сөйтіп, ол тілге маманданып, өзінің базалық білімі бойынша аудармашы болып еңбек жолын бастайды. Шетелде тілдік тәжірибеден өтіп, араб тілінде сөйлеп-жазу машығын жетілдіреді.

1965 жылдың басында Мысырдан оралғаннан кейін ол сол жылдары академик А.Нүсіпбеков басқарған ҚР Ұлттық ғылым академиясының Тарих, археология және этнология институтының аспирантурасына қабылданады. Осылайша, тіл ғылымына бет алып келген жас маманның ғылыми тағдыры тілден тарихқа қарай бұрылады. Оның бүгінгі тарих ғылымындағы жетістіктері, асқан асу, шыққан биіктері, ашқан жаңалықтары тек тарихшыларға ғана емес, бүкіл ғылыми қауымға, көзі қарақты көпшілікке белгілі. Ол бүгінгі отандық тарих ғылымының, соның ішінде, шығыстанудың ең көрнекті өкілдерінің бірі. Сонымен қатар әлем тарихшылары еңбектеріне жиі сілтеме жасап, ірі шығыстанушы ­аман ретінде пікірімен санасатын танымал тұлғаға ­айналды. Солай екені белгілі болса да, біз академик Болат Көмековті көрнекті ­тарихшы, шығыстанушы-арабтанушы ғалым ретінде білумен қатар, оны тарихшылар арасындағы филолог, өз өкіліміз ретінде жақын тартып тұрамыз. Тарих ғылымына олжа салған кәсіби тарихшы, көрнекті шығыстанушы ғалымның білім бастауы тіл, филология болғандықтан, оны біздің салаға да қатысы бар тұлға деп танимыз. Тіл мен тарих ұлттың бүкіл болмыс-бітімін айқындайтын, ғасырлар бойы бір-бірімен астасып, біте қайнасып, тығыз ­байланыста дамып келе жатқан іргелес ғылымдар. Бұл ғылымдарды да осы салаларды зерттеп жүрген ғалымдарды да оқшаулап, бөлектеудің реті бола қоймас. Жақсы көпке ортақ, «Жақсыда жаттық жоқ» дейді дана халқымыз. Ендеше, Болаттай жақсы аға, ірі ғалым бізге, тілтанушыларға да ортақ. Сол себептен де оның ғылыми шығармашылығы жөнінде тіл мамандары тіл қатпай, пікір білдірмей қалса, жараспас еді. Болат Көмеков тарих ғылымы мен тілдерді қатар меңгеріп, екі тізгін бір шылбырды тең ұстап, тілмен қарулану арқылы зор ғылыми жетістіктерге жеткен, тіл-құралды өз мақсатына тиімді пайдалана білу арқылы тарих сырларына терең бойлау мүмкіндігіне ие болған тұлға. Оны отандық тарихшылар арасында ерекшелеп тұратын да осы қасиеті деуге болады. Алғашқы зерттеуі кандидаттық диссертация­сын жазу барысында-ақ 70-тен астам араб тілінде жазылған тарихи деректерді терең талдау арқылы ірі шығыстанушыларды таңғалдыруының да сыры осында ­жатыр. Түркілердің ортағасырлық тарихына қатысты аса құнды деректерді ғылыми айналымға шығарып, талдап-таразылауға жол ашқан, мүмкіндік туғызған да оның бірнеше тілді меңгеруі екенін атап айтқан орынды. Араб тіліндегі қолжазбаларды түпнұсқадан оқып, Ленинградтағы С.Кляшторный сияқты Одаққа белгілі түркітанушы, шығыстанушы ғалымның сеніміне кіріп, ғылыми жетекші ­болуына келісімін беруіне де оның тілді жетік білетіндігі себеп болыпты. Тіл үйренуге бейім қабілетті ізденуші аспирантурада оқып жүріп, еуропалық шығыстанушы ғалымдардың еңбектерімен танысу үшін ағылшын, неміс, француз тілдерін үйренуге де көп көңіл бөледі. Көп тіл білу түрлі тілдерде жазылған тарихи ескерткіштер құпиясын ашатын кілт екенін жастайынан жақсы түсінген зерделі зерттеуші өзін ғылым майданына бес қаруын сайлаған хас батырдай дайындап, өз ана тілінен өзге бірнеше шет тілдерін жетік меңгереді. Оның тарих, шығыстану ғылымында елеулі жетістіктерге жетуінің негізгі себептерінің бірі шет тілінде алынған жүйелі филологиялық білімі десек, артық айтқандық болмайды. Сол себептен де білім мен ғылымға бағышталған шығармашылығының қыр-сырын зерделеуде Көмековтің көптілділігін, оның бүкіл саналы ғұмырын арнап келе жатқан тарих ғылымындағы сәтті сапарында тілдің айрықша рөл атқаратынын және осы сапардың тілден бастау алғанын ескерусіз қалдыруға болмайды. Қазақстанның ортағасырлық тарихын, тарихи географиясын, негізінен, араб, парсы және көне түркі жазба ескерткіштері дереккөздеріне сүйене отырып зерттеген ғалым үшін араб тілін жетік білудің қаншалықты маңызды болғанын дәлелдеп жату артық. Араб тілін меңгермеген ­тарихшы алдымен сол дереккөздерді іздеп тауып, одан соң оны еркін оқып, терең түсініп, ғылыми талдаулар жасай алмаған болар еді. Болат Көмеков 1970 жылы ­Ленинградта «Араб дереккөздеріндегі IX-XI ғасырлардағы Кимектер мемлекеті» ­деген тақырыпта кандидаттық, ал 1994 жылы Санкт-Петербургте «VIII-XIII ғғ. қыпшақ, құман және қимақ тарихына қатысты араб деректері» деп аталатын тақырыпта докторлық диссертациясын сәтті қорғайды. Көріп отырғанымыздай, ғалымның екі диссертациясы да араб дереккөздері негізінде қорғалған. Сондықтан да біз оның ­тарихшы ғалым ретінде ғылыми нәтижелерге қол жеткізуінде бастапқы филологиялық білімі, араб тілі мен әдебиеті маманы болуы шешуші рөл атқарды дей аламыз. Бұл оның ғалымдық болмысының аса маңызды қыры.

ҚЫПШАҚТАНУШЫ

Көне түркі тайпасы – кимектердің (қимақтардың) мемлекеттік құрылымы болғанын ғылыми тұрғыдан тұңғыш рет шығыс деректері бойынша негіздеп, тарих ғылымына жарқыраған жаңалығымен келген жас ғалым Болат Көмеков Кимек мемлекетінің географиясын, дербес этнос ретіндегі мәртебесін, «кимек» этнонимінің пайда болуын да айқындап берді. «Кимек» пен «көмек» сөздерінің айырмасы бір-ақ әріп болуында да, көне Кимек мемлекетін Көмек өзенінің бойын мекен еткен сол кимектердің ұрпағы Көмек немересінің ашуында да бір ғажайып сәйкестік бар. «Кимек» және «көмек» сөздерінің ­семантикасына жете назар ­аудару керек екенін оған әйгілі түрколог А.Н. ­Кононов айтқаннан кейін барып, сөз сырына үңіліп, тағдыр оны ата-бабасының тарихын зерттеуге алып келгенін өзінің өмірі мен шығармашылығына арналған «Дара жол» телехабарында Болат аға көпшілік қауымға өте әсерлі етіп жеткізді. Тарих ғылымында бұрын белгілі бол­маған Кимек мемлекетін ашқан Көмеков сол кимек қағанатының құрамында болып, одан бөлініп шыққан қыпшақ тайпасының, құмандардың тарихын де терең зерделеген ғалым. Бұл бағытта ғалым қыруар іс ­тындырды. Шығыстанушы ғалымның жариялаған 700-ден астам еңбегінің елеулі бөлігі кимек-қыпшақ бірлестігінің ­тарихын зерттеуге, қыпшақтануға ­арналды. Түркі әлемімен, араб және Шығыс ­Еуропамен байланыста қарастырылатын еуразиялық тарихи-мәдени қыпшақтану ғылыми бағытының қалыптасуына Болат Ешмұхамбетұлының қосқан үлесі орасан. Ол қыпшақтар тарихы мен мәдениетін зерттейтін әлемдегі жалғыз халықаралық «Қыпшақтану институтын» құрып, ғылыми жобаларды жүзеге асыруды қолға алды. Бұл бағыттағы зерттеулерін ол осы өзі құрған ғылыми институт аясында қазір де табысты жалғастырып келеді. Ташкент мемлекеттік университетінің түлегі, Ленинградтың классикалық шығыстану мектебінің тәлімін алып, тәрбиесінен өткен Болат Көмеков еліне келіп, ұзақ жылдар бойы отандық ­тарих пен қазір одан бөлініп шығып, жеке сала ретінде дамып отырған шығыстану ғылымының қалыптасуына зор үлес қосты. Ол ерен еңбегінің арқасында ерте жетіліп, ҚазКСР ҒА құрамында тұңғыш ашылған Қазақстанның көне және ортағасырлық тарихы бөлімінің алғашқы басшысы болды. Ғалым отандық шығыстану ғылымының қайнар бастауында тұрған, осы саланың негізін қалаушылардың бірі. Академик Болат Көмеков – ­Ташкенде түлеп, Петерборда пісіп, Алматының академиялық ортасында адал еңбек ете жүріп әбден шыңдалған, кемелденген тұлға. Ол іргелі-іргелі еңбектер жазумен қатар, шәкірттер тәрбиелеп, ғылыми мектеп қалыптастыра отырып, отандық тарих ғылымының биік белестерін бағындырып, шығыстанудың шыңына шыққан ғалым. Оны осы шыңға табиғи таланты, алған бетінен қайтпайтын қайсарлығы, өз ісіне адалдығы мен қажымайтын еңбекқорлығы алып шықты. Сол биіктен қарағанда, оның ғылымға қосқан үлесінің зор, тарих түкпіріне қарай тартқан жолының сайрап жатқанын көруге болады. Мұндай бақыт ғылыми-шығармашылықпен айналысқан ғалым-мамандардың бәрінің бірдей маңдайына жазыла бермейді. Шығыстанушы Болат Көмеков ІХ ғасырдан ХІ ғасырдың басына дейінгі кезеңде Кимек мемлекетінің іргесінде кимектер, қыпшақтар және құмандар деп аталған үш тайпалық бірлестік болғанын, олардың барлығы қыпшақ тілінде сөйлегенін айтады. Қыпшақтардың құт мекені Ұлы даланы иеленіп қалған қазақ халқының негізін осы қыпшақтар құрағаны белгілі. Қыпшақтардың салт-дәстүр, таным-түсінік, тұрмыс-тіршілігіне тән көптеген сипаттар бүгінгі қазақ халқының да бойынан табылады. Тарихшы мұны тарихи сабақтастық сақталуының көрінісі деп санайды. Мұндай сабақтастықтың тілде де анық сақталғанын отандық лингвист ғалым Ә.Құрышжанов та атап көрсеткен еді. Шетелдік түркітанушылар еңбектерінен де осындай тұжырымдарды кездестіреміз. Кейінгі жылдары тарих ғылымының докторы, белгілі ресейлік полиглот ғалым Д.Петров та түркі, қыпшақ тілінің таралуы мен оның славян тілдеріне ықпалы жөнінде бұрын бұл елдің ғалымдары тарапынан ­айтыла бермейтін тың пікірлер білдіріп жүр. Жалпы қыпшақ тобына жататын қазіргі қазақ тілі де сол қыпшақ тілінің тарихи даму барысында жаңғырған, жаңарған жалғасы екеніне лингвист ғалымдар, түркітанушылар күмән келтірмейді. Шығыстанушы ғалым осының бәрін ескере келіп, қыпшақ тілі ірі-ірі қыпшақтілді тайпалар мен сол тайпалар бірлестігінің, ұлан-ғайыр аймақты алып жатқан қуатты мемлекеттің мемлекеттік тілі болды дейді. Сонымен қатар ол қыпшақ тілі орта ғасырларда халықаралық тіл мәртебесіне ие болды деген тұжырымын да жария түрде айтты. Қыпшақтар иелігіндегі алып мемлекет аумағы Дешті қыпшақ даласында қалалар салынды, сауда-саттық жақсы дамыды. Осы алып елмен қарым-қатынас орнатып, сауда-экономикалық ­байланыстар жасау үшін, Ұлы дала иесінің тілі қыпшақ тілін білу қажеттігі ­туындады. Мәселен, ғалым еуропалықтар, көпес-саудагерлердің қыпшақ тілін үйренуіне арналған «Кодекс ­куманикус» сияқты құрал дайындағанын айтады. Ол өзі құрған қыпшақтану институтында бұрын негізінен лингвистер тарапынан ғана зерттеліп келген осы ­«Кодекс ­куманикус» жазба ескерткішін тарихи тұрғыдан зерттеді. Оның құмандар сөздігін, яғни лингвистикалық мұраны тарихи тұрғыдан зерттеуінде де үлкен мән жатыр. Біздің пайымдауымызша, бұл жерде кездейсоқтық жоқ, керісінше, заңдылық басым. Кез келген кәсіби маман, тәжірибелі ғалым нәтиже шықпайтын істі, өзектілігі төмен тақырыпты өзінің зерттеу нысаны етіп алып, уақытын босқа сарп етпейді. Ғалым базалық филологиялық білімі бар, тіл білетін тарихшы болғандықтан, құман сөздігінде қыпшақ тарихына қатысты мол дерек барына көзі жеткендіктен осы қадамға барып отыр. Тіл тарихы – ұлт тарихы екенін жақсы білетін шығыстанушы ретінде ол тілдік ескерткішті тарихи тұрғыдан ­зерттеуге барды. Бұл да тарихшы-шығыстанушы ғалымның өзге әріптестерінен өзіндік ­ерекше қырын айқындай түседі. Шығысы Ертістен басталып, ­батысында Днестрге дейінгі ұлан-байтақ кеңістікті алып жатқан «Дешті қыпшақ» деп аталған Ұлы далада қай тілдің үстемдік еткені, оның қай ғасырда және қандай қатынастарда қолданылғаны тіл ­тарихы үшін де өте маңызды. Бұл тұрғыдан келгенде шығыстанушы ғалымның қыпшақ тіліне қатысты келтірген дерек-дәйектері тарихшыларға ғана емес, қыпшақ тобындағы қазақ тілінің шығу тарихын зерделеу үшін де, оның қалыптасуына негіз болған қыпшақ тілінің орта ғасырлардағы лингвогеографиясын, таралу аумағын айқындау үшін де аса қажет.

АРДАҚТЫЛАРДАН  АЛҒЫС АЛҒАН АКАДЕМИК

«Батамен ел көгерер», «Баталы ұл арымас, батасыз құл жарымас» деп, батаға айрықша мән беретін біздің халықта қадірлі ақсақалдардан, аузы дуалы, сөзі уәлі ел ардақтыларынан бата алатын көнеден келе жатқан жақсы дәстүр бар. Елінің жақсы дәстүрін құрметтей білгендердің жаман болғаны жоқ. Соның бірі – өз ісіне болаттай берік Болат Көмеков. Бір әңгімесінде ағамыз қазақтың үш ірі тұлғасынан бата алғанын айтып еді. Біріншісі – көрнекті қоғам және дін қайраткері, аудармашы, ақын 1952-1972 жылдар аралығында Қазақстан мұсылмандарының қазиы, ­Алматы қаласы мешітінің бас имамы, Орта Азия діни басқармасының мүшесі болған, қазақ руханиятында айрықша орны бар Сәдуақас Ғылмани. 1971 жылы дүниеден өтерінен бір жыл бұрын, жасы сексеннен асқан қази өзі иелік етіп отырған бас мешітке отыздан енді асқан Болат ағаны шақырып, оны діни білімін жетілдіріп қайту үшін араб елінің біріне оқуға жібергісі келетінін айтады. Осы әңгіме барысында қази жасы келгендіктен, білімді, араб тіліне жетік зиялы жас Болат Көмековті өзінің ізбасарлығына лайық көріп, орнына қалдырғысы келетінін айтады. Алайда жас ізденуші ғылымға берік бет бұрып, таңдауын жасап қойғанын, енді ол жолынан қайта алмайтынын айтады. Қазидың өзіне зор сенім артқанына алғысын, ризашылығын білдіреді. Жас ғалымның ғылымға деген адалдығын, сол үшін бір елдің бірінші діни басшысы қазилық қызметтен бас тартып отырғанын көрген дінбасы оған риза болып, батасын береді. Атасы Ахмет Ясауи оқыған медіреседе дәріс берген, мешіт ұстаған Оразбай бидің шөбересі дін жолына түссе де ешкім таңғалмас еді. Бірақ ол ғылым жолын таңдады. Таңдауы баянды болып, абырой-бақты ғылымнан тапты. Екінші рет 1983 жылы Бөкеңді ұлттық археология мен этнография мектебінің негізін қалаған аса көрнекті ғалым, академик Әлкей Марғұлан шақырады. Ол 1985 жылы өзінің жалпы редакторлығымен Шоқан Уәлихановтың 150 жылдық ­мерейтойына орай жарық көруі жоспарланып отырған әйгілі саяхатшы-ғалым шығармаларының бес томдық толық жинағын бірлесіп құрастыруды, баспаға әзірлеуді тапсырады. Бұл кезде қырықтан асып, одақ көлемінде тарихшылар ­арасында жарқырап танылған жас тарихшыға зор сенім артқан ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан, оған Шоқан мұрасын тапсыра отырып, ақ батасын береді. Арада бір жылдан астам уақыт өткенде 1985 жылдың қаңтарында сексен жасында Әлкей Хақанұлы өмірден озды. Батасын алған ізбасар іні аға сенімін ақтап, бастаған ісін аяғына жеткізді. Сол жылы академик Ә.Марғұлан жалпы ­редакциясын басқарған Ш.Уәлихановтың бес томдық толық шығармалар жинағы Б.Көмековтің жауапты редакторлығымен жарық көрді. Үшінші батаны Бөкең ҚР ҰҒА-ның құрылтайшы академигі, белгілі тілтанушы, түрколог ғалым Ісмет Кеңесбаевтан ­алыпты. 90-жылдардың басында Ыстықкөлдегі Ғылым академиясының шипажайында демалып жатқан тоқсанға таяған қарт академикті жалғыз қалдырғысы келмей, көңілін аулап қасында қалған Бөкең одан өзі бата сұрапты. Сонда Секең: ең алдымен – «Өмірде қандай жағдай болса да, жүрегіңді сақта, оны киізге орап ал», екінші – «Қатты айтып, ешкімнің көңілін қалдырма, қашанда жылы сөйле», үшінші – «Ғылым-білім үйрену үшін жердің түбіне барудан да бас тартпа» деп, өзінің өмір тәжірибесінен түйген ақыл-кеңесін айта отырып, батасын беріпті. 1963 жылы оқу бітіріп жас маман болып келгенде институтқа қызметке ала алмаған академик директордан араға отыз жылдай уақыт салып барып, өзі сақа ғалым болғанда одан бата сұрауы да екінің бірі бара бермейтін тірлік. Бұдан да Бөкеңнің бойында атаның қаны, ананың сүтімен дарыған кеңдік пен көргенділік жатқанын пайымдауға болады. Қырық жыл бұрынғы өкпе-реніштерін жіпке тізіп, бір саусағын бүгіп жүретін жандармен қатар Болат ағадай болмысы бөлек, адамның міні мен қате-кемшіліктерін термей, жақсылығын көре білетін ниеті таза адамдардың жанымызда жүргені қандай ғажап! Өмірде осындай ізгілік пен ірілік мысалдарын көргенде «Жаманда тек, жақсыда кек болмайтынын» қапысыз танып, оларды үлгі етіп кеткен бабалар даналығына қайран қаласың. «Өмір – теңіз, жүзем онда демеңіз, Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз» деп ­Рудаки айтқандай, кемесін ізгіліктен жасап алған Болат Көмеков ғылым әлемінде, өмір ­айдынына еркін жүзіп бара жатқан ­парасатты жан. Ардақты тұлғалардан, асыл ағаларынан алған алғысы мен ақ батасы сол айдында оған шамшырақтай жарқырап, жол ашып тұрғандай...

ӨНЕГЕЛІ ӨМІР МЕКТЕБІ

Болат ағаны біз Ғылым академиясында еңбек жолымызды бастаған 90-жылдардың басынан бері сырттай білеміз. Жүріс-тұрысына, ғылыми ортадағы өзін ұстау мәнері мен сөйлеген сөзіне қарап, зиялылығы мен білімділігіне сырттай сүйсініп, еңбектерімен жалпы таныс болып жүргенімізбен, жақынырақ білісудің сәті кейінірек түсті. Болат ағамен жақын танысып, аға-іні ретінде аз-кем білісе бастаған кейінгі жылдарда ұққанымыз – ол өте кішіпейіл, қашанда өзін қарапайым ұстайтын ішкі мәдениеті жоғары, нағыз зиялы, ғылым мәселесіне келгенде өз ұстанымына берік, принципшіл ғалым. Оның жақсы отбасында өскендігі, ұстаз көргендігі, үлкен ғылыми орта тағылымынан өткендігі өне бойынан айқын көрініп тұрады. Ғалымның осы қасиеттері, адамгершілігі мен кісілік келбеті адамды өзіне үйіріп, тартып тұрады. Атақ-дәрежесінен ат үркетін академиктің өзін өзгелерден зор санап, тәкаппарлық көрсеткен, астамсыған кезін көрген емеспіз. Ол қашанда бірқалыпты, қарапайым. Бізді де баурап, өзіне тарта берген жақсы ағаның осындай азаматтық болмысы мен адамдық қасиеттері. Осыдан 7-8 жыл бұрын әңгіме арасында ардақты ұстазымыз академик Әбдуәли Қайдар маған: «Сен осы Болат Көмековті білесің бе?» деді. Білетінімді айттым. «Ол бір текті азамат» деп, бір-ақ ауыз пікір айтты да қойды. Тоқсанға келген көргені көп, түйгені мол ақсақалдың бұл сөзді жайдан-жай айтпағанына Болат ағаны жақынырақ білген сайын көзіміз жете түсті.

Шығыстанушы Болат Көмеков ІХ ғасырдан ХІ ғасырдың басына дейінгі кезеңде Кимек мемлекетінің іргесінде кимектер, қыпшақтар және құмандар деп аталған үш тайпалық бірлестік болғанын, олардың барлығы қыпшақ тілінде сөйлегенін айтады. Қыпшақтардың құт мекені Ұлы даланы иеленіп қалған қазақ халқының негізін осы қыпшақтар құрағаны белгілі. Қыпшақтардың салт-дәстүр, таным-түсінік, тұрмыс-тіршілігіне тән көптеген сипаттар бүгінгі қазақ халқының да бойынан табылады. Тарихшы мұны тарихи сабақтастық сақталуының көрінісі деп санайды. Мұндай сабақтыстықтың тілде де анық сақталғанын отандық лингвист ғалым Ә.Құрышжанов та атап көрсеткен еді. Шетелдік түркітанушылар еңбектерінен де осындай тұжырымдарды кездестіреміз.

Болат аға ішкі істер саласында басшылық қызмет атқарған талапшыл әкенің, аяулы ананың тәрбиесін көріп өскен отбасындағы 7 баланың үлкені екен. Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүретіні мәлім. Өзі ғылым жолына түскеннен кейін ізінен ерген інісі Серікті де өзі білім алған Ташкентке оқуға тартыпты. Інісі де аға ізінен еріп физика факультетін бітіргеннен кейін ғылым жолына түсіп, елге белгілі маман болып, физика-математика ғылымының докторы, профессор ­атаныпты. «Серік інім маған өмірде де, ғылымда да серік болды» дейді бауырмал ағасы ол туралы. Елуден асқанда өмірден озған ең кенже інілері Марат та Санкт-Петербургте оқып, жақсы физик ғалым болыпты. Гүлжұпар қарындасының да ағасы туралы телехабарда ағынан жарылып жүрекжарды пікірін айтқанын көрдік. Осының бәрі оның әулетін, өнеге бастауы болған отбасының бірлігін көрсетеді. Болат Ешмұхамбетұлының өмір ­жолына көз жүгірткен адам оның Жаратқан жолын оңғарған жан екенін көрген болар еді. Жақсы отбасында туып, университетте білікті педагогтардан дәріс алып, ғылымда әйгілі ғалымдар ұстаздық етіпті. Ел мақтап, қыз жақтаған жігітке текті ата-ананың тәрбиесін көрген жақсы жар бұйырыпты. Алғаны жақсының берекеге ие болып, бақ-жұлдызы жарқырайтынын біздің қазақтан артық білетін халық аз шығар. Ата-аналары араласып, сыйласып тұрған екі жас іргелес мектепте қатар оқып, бала кезінен бірін-бірі көріп-біліп өсіпті. Өмірлік жары Мәриям апаймен ол Калинин қаласындағы ­мединститутты бітірген 1965 жылы отасып, отбасын құрыпты. Міне, содан бері бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешкендеріне биыл 55 жыл толды. Жарының мінезі жайлы, үй-ішінде береке-бірлік орнап, жылу ұялаған академик ғылымымен алаңсыз айналысып, сексеннің сеңгіріне тік басып, сергек көтеріліп отыр. Оның ғылымның асқар-биігіне көтеріліп, сегізінші мүшелге қарай тың адымдап келе жатқанына мінез бен ақылы үйлесім тапқан Мәриям апайдың үлесі өте үлкен екенін тарихтың талай ­сырын ашқан ғұлама ғалымның өзі де жақсы білетініне, біліп қана қоймай асыл жарын айрықша құрметтейтініне еш күмәніміз жоқ. Жайдары мінезді, жарқын жүзді, әдептен озбайтын, аса сыпайы Мәриям апамыздың әңгімесін тыңдап, онымен аз-кем сұхбаттасқанда маңдайының бағы бес елі Болат ағамыз үшін де, теңіне қосылып жақсының жары бола білген апайымыз үшін де шын сүйсінгеніміз бар. Ынтымағы жарасқан отбасында Гүлмира, Гүлнар, Райхан, Баян есімді төрт қыз өсіп-өнді. Үлкендері Гүлмира ана жолын қуған дәрігер, Гүлнарлары банк саласында, Райханы мен Баяны әке жолына түскен арабтанушы, ­тарихшы болды. Болат аға мен Мәриям апай тәрбиелі ұрпақ өсіріп, солардан өрбіген жиендерінің қызығына бөленіп отырған салиқалы ата-әжелер. Жарасымды ғұмыр кешіп келе жатқан ата-әженің, берекелі әулеттің мерейі мен беделі арта беруіне тілектеспіз. Біз қазақтың осындай зиялы отбасын біліп, аз күн болса да жақсыға жақын жүру құрметіне ие болғанымызға, асыл ағамыздың мерейлі сәтінде оған шын пейіл адал ниетімізбен бір ауыз пікірімізді арнау мүмкіндігі бұйырғанына бек қуаныштымыз. Шарапаты мол, пейілі кең жақсылар қашанда ізгілік жасап, жан-жағына үнемі шуақ шашып жүреді. Бұл олардың ­шынайы табиғаты. Жақсылардың үлгісі жанып тұрған шамдай, атқан таңдай жарық ­шашып, айналасына кеңінен тарап ­жатады. Болат аға жан сарайы жарқыраған таза адам ретінде де, ғылымға жан-тәнімен, бар болмысымен, адал көңілімен берілген ғалым ретінде де үлгі алатын, кейінгілерге өнеге болатын бітімі бөлек, кісілігі мол адам. Қазақтың жаны жайсаң жақсы азаматы, тұғыры биік тұлғасы, аса көрнекті тарихшы-шығыстанушы ғалым, академик Болат Ешұхамбетұлы Көмековтің мерейлі жасы құтты, мерейі үстем болсын дейміз! Жүз жасаңыз, жақсы аға!

Сөз соңында айтарымыз, ұлттық ғылымның дамуына үлкен үлес қосқан, тарих ғылымында нақты ғылыми жаңалық ашқан, отандық шығыстану ғылымының, қыпшақтанудың іргесін қалаған академик Болат Көмеков мерейлі 80 жасқа келіп жатқанда оны ҚР Білім және ғылым министрлігі қандай жоғары мемлекеттік наградаға ұсынса да, ел үкіметі оған қандай құрмет көрсетіп жатса да лайық деп білеміз. Академик оған зәру емес, бірақ ол ғылымға әрі нағыз ғалымға көрсетілген құрмет болар еді. 

2587 рет

көрсетілді

68

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы