• Мәдениет
  • 11 Маусым, 2020

Аманатқа адалдық

Тыңдап отырмыз ...   Сонау ықылым заманның бізге мүлдем белгісіз ғажайып ­сырлары көз алдымызға келгендей...  Иә, басқа ештеңеге алаңдамай бабалар салған сара жол ізіне түсіп, жүріп келеміз. Құлаққа көне қара қобыздың құдыретті үні естіледі, ұлы Қорқыт бабамыз мәңгілік өмірдің нәзік сәулесіне ұмтылады. Бірақ сол жалған дүние жеткізер емес. Қасиетті кең дала, қусаң жеткізбес сағым мен мұндалап  шақырғандай... Кенет көне аспаптар үнімен басталған сиқырлы әуен симфониялық оркестрдің сыбызғы  тектес үрлемелі аспаптарымен аса ептілікпен ары қарай дами жөнеледі, әсем де сазды ұлттық бояуға толы әуендер кезектесіп жарыса бастады. Ұлы даланың құдыретін шын сездіретін тың әуендер бірінен соң бірі құйылып жатты... Асқақ әуен қазақ даласының кеңдігін, сол кезде өткен батыр бабаларымыздың ерлігін паш еткендей...

Күтпеген жерден ұрмалы дауылпаз аспаптардың араласуымен Ұлы ­далада ғаламат той, бәйге басталғандай, жігері жылдам екпіндігі басқаша әуен шығарманың бет-бейнесін мүлде жаңаша кейіпте жарқырата түсті... Иә, құрметті оқырман жан дүниеңді тербетіп ұлттық рухыңды оятып, бір сәт өзіңді еркін даланың самғап ұшқан қыранындай сезімде қалдырған қандай және кімнің шығармасы екен деп ­ойлап отырғандарыңыз күмәнсіз. Бұл шығарма – халқымыздың ­аяулы қызы, асылдың сынығы Ғазиза Жұбанованың төл шәкірті – Ақтоты Райымқұлованың симфониялық ­оркестрмен «Тұран» этно-тобына ­арнайы жазылған «Дала сыры» атты ­поэмасы. Е.Рахмадиевтің «Құдаша думан», «Дайрабай», Ғ.Жұбанованың «Жігер», Е.Брусиловскийдің «Желдірме», тағы басқа да ағалар салған сара жолды енді «Дала сыры» атты ­кесек туынды толыққанды жалғастырды. Аталған шығармалар шетел ­сахнасында да орындалып, қазақ классикалық музыкасын әлемге паш етуде... Қалың жұртшылыққа ескертетін бір нәрсе, композитор атауы жалпыға ортақ болғанымен өзіндік, қарапайым тыңдаушы біле бермейтін қыр-сыры мол мамандық. Соның ішінде күрделі симфониялық дүниелерді жазу өте терең, жан-жақты білімді қажет етеді. Кәсіби музыкант, композитор болу үшін жастайынан (6,7 жас) оқу тиімді. Дыбыс үндестігі сауатты ноталық білім, есту қабілетін арттыру сияқты толып жатқан қажетті білімсіз, күрделі шығарма жазу мүмкін емес. Оған қосымша болашақ композитор әр аспаптың орындаушылық мүмкіндігін, табиғатын өте жақсы меңгеру міндетті. Біз сөз етіп отырған Ақтоты осының бәрінен өтті. Сол терең білім мен қажырлы еңбектің арқасында үлкен жетістіктерді бағындырды. Кешегі өткен аға буын композиторлардың күрделі симфониялық жанрды терең меңгеріп, ары қарай жалғастырушы жастардың алдыңғы қатарында осы Ақтоты қарындасымызды айта аламыз. Кезінде Композиторлар одағы дүрілдеп тұрғанда жаңа шыққан симфониялық туындылар концерттерде үнемі орындалушы еді. Қазір жағдай басқаша. Орталық қаржыландыру тоқталған соң кәсіби композиторлардың жай-күйі өте қиын боп қалды. Көркемдік кеңес ­жабылды... Осынау қиындықтарға қарамастан Ақтоты шығармашылықты бір сәт те тоқтатқан емес. Әсілі, композиторлардың көбі ер адамдар. Қазақ қыздарының ішінен суырылып шыққан тұңғыш кәсіби композитор Ғазиза Ахметқызы болса да жалғастырушы аруларымыз саусақпен санарлықтай ғана. Соның ішінде табандылықпен, қажырлы еңбекпен көріне білген Ақтоты болды. Ұстаз өнегесін үлгі тұтқан Ақтотыдай-ақ ­болар... Себебі Ғ.Ахметқызы аса жауапты басшылық қызметті атқара жүріп қаншама күрделі музыкалық шығармалар жазып қалдырды, ұлағатты ұстаз, аяулы ана, асыл жар бола білді. Міне, біздің Ақтотымыз да ұлы ұстазының жолын тікелей жалғас­ты­рушы, ұлағатты ұстаз, отбасының ұйытқысы, көптеген шығармалардың және әдістемелік зерт­теулердің, жаңашыл жобалардың авторы. 1992-1994 жылдары ассистент-стажировканы Е.Рахмадиев пен Ғ.Жұбановадан аяқтап, сол кісілердің батасымен шығармашылықтың үлкен жолын бастайды. «Көкжал» атты кантата, 1-ші, 2-ші квартетпен қатар 20 шақты музыкалық қойылымдарға музыка жазды. Шығармашылықтың бел ортасында жүріп, АҚШ, ­Голландия, Англия, Германия, Өзбекстан елдеріндегі фестиваль, конкурстарға қатысты. Сол елдердің композиторлары және музыканттарымен тығыз байланыс орнату арқылы үлкен тәжірибе жинақтады. Осы кезеңдерде Ақтоты көптеген халықаралық аса ауқымды жобаларды іске ­асырды. Алматы консерваториясының шығар­машылық жөніндегі ­проректоры ретінде ­«Восходящая звезда» атты ­жобасы бойынша Гала концерт (1993 жыл) халықаралық осы заман музыка фестивалі, «Наурыз ХХI» (2006, 2004, 2008 жылдар) халықаралық пианистер конкурсы (2006, 2004, 2008, 2011 жылдар) және консерватория студенттерінің шетелдік гастрольдері (Берлин, 2005-2008 жыл; Лондон, 2006 жыл; Италия, 2007 жыл; Үрімші, 2007 жыл; ­Душанбе, 2008 жыл; Қырым, 2008 жыл; ­Венеция, 2009 жыл; АҚШ, 2009 жыл; Шаосинь, 2010 жыл; ­Германия, 2010 жыл), ­сонымен қатар еліміздің түкпір-түкпіріне жасалған турнелер осы Ақтотының тікелей басшылығымен және ұйымдастыруымен іске асты. Осынау қыруар шаруаларды атқара жүріп, үш симфониялық поэма жазды:«Дала сыры» (2008 жыл), «Жәмилә» (2009 жыл), «Толғау» (2007 жыл). Жазды деп айтуға оңай, бірақ бұл күрделі шығармаларды жазып, жоғарыдағы ұйымдастыру жұмыстарын қатар алып жүруі Ақтотының аса ­табанды, жігерлі еңбекқорлығының нәтижесі. ­Театр және кино саласында да Мәдениет министрлігінің грантына ие болу арқылы екі актілі «Аспан көші» балетін жазып шықты. АҚШ-тың атақты «Contiuum»ансамбліне арнайы жазылған «Алатау» атты шығармасы бүкіл дүниежүзін аралап кетті. Ақтоты жалпы өнерсүйер қауымға да көптеген әндер жазды. «Ел бақыты», «Астана менің махаббатым», тағы басқа туындылары орындаушылардың репертуарына енген. Оның шығармалары қазақ музыкасының алтын қорына жазылды. Ақтоты ұстаздық қызметті ­ой­дағыдай алып жүрді. Солардың ішінде Тасқын Жармұхамбетов қазақ симфониясын ұлттық бояуын бұзбай, өте сәтті жалғастырып келеді. Көріп отырғанымыздай, қарапайым қазақтың талдырмаш нәзік қызы қаншама күрделі жұмыстарды атқарған! Десе де, Ақтоты өзінің адами биігінен бірде-бір ауытқыған емес, елге сыйлы, үлкенді үлкендей, кішіні кішідей жылы қабақпен, жарасымды әңгімесімен әр жүрекке жол тауып жатады. Үкіметіміз оның осы іскерлігін ескере отырып, Мәдениет және спорт департаментіне директор етіп тағайындады. 2016 жылдан 2019 жылға дейін Мәдениет және спорт министрінің бірінші орынбасары болды. Ұлттық намысты бойына терең сіңірген, қазақ өнерінің қадірін жете түсінетін Ақтоты бүгінде еліміздің Мәдениет және спорт министрі. Ананың сүтімен, әкенің қанымен келген бойындағы талант Ақтотыны осындай биіктерге жетеледі. Анасы жағынан атақты Жарыл­ғапберді ақын және көрнекті жазушы Зейін Шашкин болса, әкесі өмірден ерте кеткен қазақтың біртуар жазушысы Рахметолла Райымқұловтай асыл азамат еді... Ақтоты әкесінің және ұстазы Ғазиза Ахмет­қызының аманатын хал-қадірінше орындады деп айтуға болады. Ақтоты Рахметоллақызы рес­пуб­ли­­калық композиторлар кон­курсының бес мәрте лауреаты, (1992, 1995, 1997, 1998, 2000 жылдар), оған қоса бүкілодақтық композиторлар конкурсының (Мәскеу, 1984, 1987 жылдар) екі мәрте ­лауреаты. Қазақстан жастар сыйлығының және Президент стипендиясының иегері. Кезіндегі КСРО Композиторлар одағының, бүгінде Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі. 2010 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды. Иә, қадірменді оқырман, біз қазір есіл-дерті қалта қамы үшін аннан-мұннан ұрлап әнсымақ шығарып, сол әндерді ауыздарын жыбырлатып фонограммамен айтатын саңырауқұлақтай қаптап кеткен «әншілерді» төбемізге көтеріп жүрміз, бұл осы заманның ақиқаты, өкінішке қарай... Ал бұл үрдіс болашақ ұрпақтың рухани азуына әкеп соғуы сөзсіз. Өркениетті елдер өздерінің ұлттық музыкасын бәрінен жоғары қояды. Кешегі Құрманғазы, ­Тәт­тімбет, Ақан сері, Біржан, бергісі А.Жұбанов, М.Төлебаев, Н.Тілендиев, С.Мұхаметжановтардың ізін жал­ғастырушы Ақтоты сияқты тағы көптеген композиторларымыздың еңбегі ескерусіз қалуы тиіс емес. Бұл да «бір кем дүние» Шерағаң (Ш.Мұртаза) айтқандай. Біз егемендікке қол жеткізген елміз. Енді дамыған елдермен иық тірестіру үшін өнеріміз де соған лайық болу керек. Осы салада қазақ өнеріне орасан зор еңбек сіңірген, ұлттық классикалық музыкамызды халықаралық дәрежеге жеткізіп жүрген, аса қарапайым, өте тәрбиелі, өнегелі, қандай қиындықтарды жеңе білген Ақтотыға әлде де шығар биігің көп болсын, қазақ өнерін әлемге паш етуге аянбай еңбек ете бер демекпін!

Ермұрат Үсенов, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

1877 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы