• Қоғам
  • 18 Маусым, 2020

НЕКЕ НЕГЕ БҰЗЫЛДЫ?

Алып ұшқан албырт сезіммен көңіл жарастырып, ақыр аяғында ажырасып жататындардың қатары соңғы кезде тіпті көбейіп барады. Расы керек, бұл қоғамдағы алаңдатарлық жағдайға айналды. Мұның себебі неде? Әрине, әртүрлі десек те, көп жастардың алабұртқан сезімді ақылға жеңдіретіні сирек. Қазаққа демографиялық өсім керек дейміз. Алайда қосылғандардың барлығы да көңіл жарастырып, бақытын баянды етіп жатқан жоқ. Ең өкініштісі де осы. Ақ босағаны оң аяғымен аттап, үйге енген болашақ келінге үлкендер ақ батасын берер. Беташар жасалар, ата-ана, туған-туыс тойдың қамына кірісер. Бірақ үйлену оңай, үй болу қиын.

Болашаққа бет алған екі жас осы тәмсілді тереңірек түсінсе дейміз. Мұны неге айтып отырмыз? Ақ отауға ­енген қос ғашық өмір бойы бірге қол ұстасып өтуге психологиялық жағынан ­дайын ба? Мәселе сонда. Үй болғанына ай толмаған екеу уақыт өте келе бір-біріне үйренісер, ары қарайғы өмір сыйластыққа ұласар. Десек те, жаңа үйленген екі жасты былай қойғанда ­арада ондаған жылдар өткен соң ажырасып кететіндер соңғы кезде тіпті көбейіп кетті. Шаңырақ неге шайқалды? Мүмкін мінездері үйлеспеген шығар, басқа да себептері бар болар. Ең алдымен, дүниеге келген балаға обал. Бейкүнә баланың жазығы не? Мұндай ата-ананың балалары жалтақ болып өседі. Жүрегі жараланғыш келеді. Тіпті өмір сүруге бейім болмауы да мүмкін. Бала кезінен еңсесін көтеріп жүре алмаған бала ез болады. Ол үшін баланы кінәлау да орынсыз. Бір-біріне сенімі жоқ, бақытын ­баянды ете алмағандар осылай амалсыз ажырасады. Олар мұндай кезде көзі жәутеңдеген баланың тағдырын аяқасты еткенін де аңғармайды. Менмендік пен мінездегі үйлеспеушілік, ажырасу, қоғамдағы әлжуаз топтың қатарын толықтырады. Көп балалы және жалғызбасты аналардың жанайқайы бүгіннен пайда болған жоқ. Бұл – қоғамның қордаланып қалған түйткілге толы мәселесі. Оны шешуге болар, бірақ кейінгі кезде ажырасқандардың қатары алаңдатарлық жағдайға жеткенін біз неге аңғармай отырмыз? Енді дерекке жүгінелік... Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің есебіне жүгінсек, Қазақстандағы АХАТ ­органдары 2019 жылы 139,5 мың жастың үйленгенін тіркеген. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 1,2 пайызға артық. Әрине, қуанарлық жағдай. Отау құрғандардың 98,2 мыңы, яғни 70,4 пайызы қаланың жастары. Ал 41,3 мыңы (29,6 пайызы) ауылдық жерде некеде тұрғандар. Айта кететін тағы бір жайт, ерлердің 88,8, қыздардың 83,6 пайызы бірінші рет отбасылы болып отыр. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, республика бойынша бүгінгі күнде ең көп үйленгендердің көш басында Нұр-Сұлтан қаласы тұр. Онда неке коэффиценті 1000 тұрғынға шаққанда 10,22 адамды құрайды. Ал төменгі деңгей – Солтүстік Қазақстан облысында, 1000 тұрғынға шаққанда 6,25 адам шамасында. Әрине, көрсеткіштерді ­салыстырмалы түрде қарағанда, көз жеткен тағы бір нәрсе, жастардың отау құруға асықпауы дер едік. Бұдан он шақты жыл бұрын орташа есеппен алғанда, жастар 23-24 жаста үйленсе, қазіргі көрсеткіш басқа. Бұл өмір сүрудің оңай еместігінен болар, ­сонымен қатар үйлену мен әлеуметтік жағдайдың да күн өткен сайын ауырлап бара жатқанынан да шығар. Қалай ­десек те, қазіргі уақытта қазақстандық ­жастар, оның ішінде ерлердің отау құруы – 27,6, ал қыздардың некеге тұруы 25 жасты көрсетіп отыр. Жалпы ­шетелде ­жастар бар жағдайын ­жасап алып ­барып, 30-дан асқанда ғана үйленеді, үй ­болады. Біздің де қоғам осы үрдіске бет алып бара жатыр. Оған мына дерек арқылы көз жеткізгендей боламыз: Қазіргі уақытта қыздардың 42,9 ­пайызы 24 жасында тұрмысқа шығады. Ал ерлердің 35,6 пайызы 25-29 жасында отау құрады. Әрине, екі жастың ертерек отау құруы құптарлық іс. Десек те, өмір өз дегенін істейді. Тағдыр қосқанмен, түсінісе алмай ажырасып жатқандар көп. Алып ұшқан албырт махаббат осылай аяқасты болып жатады. Тағы бір мысал, 2018 жылмен салыстырғанда тіркелген ажырасулар саны 2019 жылы 9,1 пайызға көбейген. Сөйтіп, 2019 жылы 59,8 мың адамның дәм-тұзы жараспаған, шаңырағы шайқалған. Бұл аз цифр емес. Осы ажырасқан­дардың 73,7 пайызы, яғни 44, 1 мыңы қалада, ал 25 пайыздан астамы – 15,7 мыңы ауылдық жерде тұрады. Дәм-тұзы жараспағандардың ең жоғары көрсеткіші республика ­бойынша Павлодар облысында тіркелген. Аталған аймақта ажырасудың жалпы коэффиценті 1000 тұрғынға – 4,24, ал ең төменгі көрсеткіші Түркістан облысында 1000 тұрғынға шаққанда 1,76-дан келеді. Бірінші некені бұзған жұбайлардың орташа жасы ­ерлерде – 37,9, ал әйелдерде – 34,8 жасты көрсетті. Жалпы тұжырымдап айтар болсақ, қазіргі уақытта заңды тіркелген 1000 некеге 429 ажырасудан келеді. Демек, бұл отау құрған азаматтардың тең жартысына жуығы уақыт өте келе ажырасып кетеді деген сөз. Бұл өте алаңдатарлық, дабыл қағарлық мәселе. Неге мұндай жағдай орын алып отыр? Ажырасқан ерлі-зайыптылардың 40,3 пайызынан астамының ортақ ­балалары жоқ. Дәм-тұзы жараспағандардың 30 пайызының бір ғана баласы, 29,7 пайызының 2 және одан да көп ұл-қыздары бар. Тағдыр екеуін қосқанмен, бірақ бала сүйе алмағаннан кейін екі жаққа кеткен ерлі-зайыптылардың тағдырын түсінуге болар. Бірақ 15-20 жыл отау құрып, содан кейін «мінезі жараспай» кеткендердің ісі құптауға тұрарлық па? Әрине, жоқ. Десек те, оған әртүрлі жағдайлар әсер еткен болар. Тағы бір алаңдатарлық дерек: бір жыл ерлі-зайыпты болып, ажырасып кеткендердің үлесі – 7,5 пайыз, 5-9 жыл бірге тұрып, заңды некесін бұзғандардың үлесі – 27,7 пайыз, 10-14 жыл өмір сүріп ажырасқандар – 16,6 пайыз, ал 20 жыл бірге тұрып ажырасып кеткендердің үлесі – 13, 7 пайыз екен. Әрине, ақтауға тұрарлық іс емес екені айдай ақиқат. Десек те, шаңырағын шайқалтпай, ошағының отын сөндірмей, ері өзгеге еріп кетсе де, бала-шағасын жеткізіп, арды ойлаған қазақтың аналары баршылық. Олардың ісі құрметтеуге, бағалауға тұрарлық. Бірақ жалғызбасты ананың көңіл күйі бәрібір де жарым ғой. Ал ажырасудың көбейіп кетуіне не себеп? Психологтар мұны бірнеше топқа бөліп қарастырады. 1. Мінездің үйлеспеуі; 2. Келін мен ата-ене арасындағы салқын қарым-қатынас; 3. Жастардың мейлінше бөлек тұруға ұмтылуы; 4. Ерлердің арақ, есірткі және ойынқұмарлыққа әуестігі; 5. Отбасындағы жауапсыздық; 6. Ауыр тұрмыс, кедейлік, мате­риалдық жағдайдың төмендігі; 7. Ерлі-зайыптылардың бірінің жеңіл жүріске салынуы; 8. Ортақ перзенттің болмауы; 9. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық; 10. Дұрыс таңдау жасамау немесе бір-бірін терең танымай үйлену. Әрине, енді ғана бас қосқан екі жастың ажырасуына басқа да толып жатқан әртүрлі факторлар әсер етуі мүмкін. Дегенмен, болашаққа бет алған қос азаматты тағдыр қосады. Дәм-тұзы жараспай жатса, ең қиыны да сол. Ол үшін не істеу керек? Кез келген ата-ана бала кезден бастап, ұл мен қызына отбасылық институттың құндылығын өздерінің өнегелі іс-әрекеті арқылы көрсетіп, түсіндіріп отыруы керек. Қазақ «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бекер айтпаған. Тәлімді тәрбие көрген ұл отбасына ойран салмайды, келін боп түскен қылықты қыз кемел келешегін ойлайды. Мұндай жұпта әрқашан жарасымдық болады. Ал ұлың үйленіп, қызың тұрмысқа шыққанда ұлан-асыр той жасау қиын емес. Екі жас жоғары көтеріңкі көңіл күй кешеді. Ағайынның ақ батасын алып, келешек өмірге қадам басады. Ақиқаты, адам баласына өмір бір-ақ рет беріледі. Сондықтан ең бастысы, жар таңдауда қателеспеген абзал. Өйткені... Отбасы – шағын мемлекет. Отбасында орны жоқ адам ешкімге опа бермейді. Отау құру ойнайтын нәрсе емес, ­ойланатын мәселе.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

1238 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы