• Тарих
  • 18 Маусым, 2020

ДОСЫҢ БАР МА ДЕГЕН ОСЫ

Зулаған уақытқа көз ілеспейді. Таң мен түннің арасы қас-қағым сәт секілді. Кеше ғана жігіт едік, қырықта – қылаң, елуде – елес деген рас болды. Тіпті «Елу – ердің жасы, алпыс – ел ағасы» деп те жатады. Тәйірі, бұрынғылар бұрыс айтпаған ғой, «Елу шылбырдан алды, алпыс тізгіннен алды, жетпіс өре салды, тоқсан торта салды» деп. Міне, біз де алпыс деген асуға аяқ басқан соң, арғы-бергі өмірдің барысын безбендеп қойғанды жөн санадым. Өмір өседі, керуен көшеді. Тіршіліктің ­талабы солай. Кешегі күн тарихқа айналып, бүгінгі күн болашаққа бастайды. Артта қалған абзал шақ айтары бар естелік болып еске түседі. Қартаюдың өзі бәрінің басында болатын уақыт өрнегі, ал әдемі қартаюдың маңызы әркімнің де мақсаты.

Иә, ұмытылмас талай тарихтың тұнбасы жадымызда жаттаулы. Адам жарық дүниеге келгенде пәниге перзенттік парызын қосуды ­пешенеге жазатын көрінеді. Ол қандай үлес, оны қарым-қабілетіне қарай, шама-шарқына шақтап бұйырады. Келе-келе шыңдалып, кемел ой кемері толғанда үлкен белесті бағындыруға байлам жасайтын ой-өрістің өлшемі уақытпен үндескенде жетістікке жетудің жолы ашылады. Міне, адамның парасатты пайымы осылай жетіледі. Бөріойнақтың кешегі баласы, бүгінгі қоғам қайраткері Өлмесхан ­Болатбеков сұлу Сырдың сағасында, Түрксіб теміржолының бойында, Қаратаудың күнгей бетінде өсті. Бір үйдің кенжесі. Әкесі Мәтен Құрмет белгісі орденді теміржол бригадирі, ­анасы Әмила шаруақор адам, үйдің тынысын тарылтпаған, керегесін кеңейткен кісі. Апасы Бибігүл Мәтенова өмірден ерте өтті, артында өшпес із қалдырған белгілі журналист еді. Арқасүйер ақылман ағасы Әбтан болса құтты қара шаңырақты ұстаған, жасы жетпістегі ел ағасы. ­Жасынан еті тірі, еңбекке епті Өмекеңе таңертең көзін тырнап ашқаннан малдың соңын бағып, кетпенін сайлап, егіске кірісетін, бетін жел мен күн қағып, қарақошқылданып кетсе де бейнеттен қашпайтын ауылдың ауыр бейнесі жанына бататын. Осыны көріп ол аяйды, араша түскісі келеді, сол үшін оқу оқып, лауазым иесі ­болуды мақсат тұтады. Елдің көреген кісісі Мәтеннің сөзі де қамшылап қояды. «Шырағым, талабың болса талпын! Бейнеттен пешенесі ашылған адам көрмедім. Бес-алты тұяғын жетілдіремін деп, ертелі-кеш қара жұмыстың қамында жүреді. Бибігүлдей бол, болашаққа ұмтыл!» дегені бар. Біз сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде бірге оқыдық. Достығымыз бір төбе. Ол ішіміздегі мектептен келген ­бозбала болса да студент кезінен сергек ой, терең тағылымы өзгеге өнеге, көпке үлгі еді. Оқуды сәтті аяқтап, табақтай журналист деген дипломына қосып, Атыраудың ақ шабақ аруы Мәншүкпен қол ұстасып, туған жері жаңарған Жаңақорғанға барды. Елге болсын деген азаматтың еңбек жолы түрлі ­салада, ат үстінде жүрді. Киноландыру жүйесінде басшы, «Коммунизм жолы» газетінде директор-редактор, атқару, кеңес, комсомол ­саласында жауапты қызмет атқарды. Әрине, олардың әрбіріне тоқталу мүмкін емес, том-том дүние болады. Солардың ішінде найзағайдай жарқылдап шыққан Елбасы жетекшілік ететін «Нұр Отан» партиясындағы қызметі айрықша аталады. Өлмесхан Мәтенұлы Қызылорда облыстық партия ­филиалы төрағасының бірінші ­орынбасары, ­Сыбайлас жемқорлыққа қарсы облыстық кеңес төрағасы кезінде мемлекет мүлкіне салынған құрылыстардың сапасын бақылап, қаржының негізсіз жұмсалмауын қадағалай білді. Бұл бақылаудың мәнісі сол, құқықтық, өндірістік өте сауаттылықты талап етеді. Өлмесханның бір ерекшелігі, бетің бар, жүзің бар демей, тік айтатын, төрелігін айтатын ақиқаттың адамы. Ал ақиқатты айтып ағайынға жақпайтының тағы бар. Атқарушы билікпен иық тірестіріп, қажетінде қарсы уәж айта алатын қайсарлығын қоғам жылы қабылдағанмен, кейбір лауазым иелері үшін ондай әрекет ұнамсыз. Солардың біріне тоқталсам да жетерлік. Қызылорда қаласында Титов қыста­ғына қарай қатынас жасауға бағытталған теміржол үстіндегі аспалы көпір құрылысына қатысты заңсыздықтар анықталды. Мердігер мекеменің ­жауапты тұлғасының қылмыстық ісі сотта қаралды, қызметтен босатылды, түрмеге жабылды. Негізсіз жұмсалған қыруар қаржы мемлекетке қайтарылды. Әрине, осылай қысқа қайыра салуға болады. Бірақ бір мәселе тебіндеп тұр. Осы үшін билікпен ­талай теке-тіреске барды, белгілі ел ағалары ортаға түсті, тартысты, ­алайда тартынбады, тайсалмады. Халық үшін қайратына мінді, ақ пен қараны ­ажыратты. Бір білерім, «Нұр Отан» партиясы Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңес төрағасы ­Оралбай Әбдікәрімов, Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Боран Рахымбеков Өлмесханның өжеттігін, партия саясатын сауатты жүргізген іскерлігін, ұйымдастыру қабілетін республикаға талай мәрте үлгі етті. Олай дейтін де жөні бар. Аймақтағы әрбір ауқымды жұмыс партияның назарында болды. Тұрғын үй құрылыстары, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» ­автожолы, «100 мектеп, 100 ­аурухана» бағдарламасының орындалуы жіті қадағалаудың арқасында жүйелі жұмыс жүргізді. Бұл еңбек өлшеусіз тер, жүйкесін тоздырған тартыстардан тұрса да ел алдындағы ер міндеті болып қала береді. Ендігі бір ерекшелігін тағы еске түсірдім. Оның қызметкерлерін қызғыш құстай қорғап, қысылғанда пана, қымтырылғанда сая болуы үлкен азаматтық. Аралдан бастап Жаңақорғанға дейінгі алты аудандық партия филиалына жеке ғимарат салдырып, барлығын көлікпен қамтамасыз етті. Ірі мекемелерде бастауыш партия ұйымдарын құрып, олардың жаңа технологиямен жасақталуына аянбай жұмыс істеді. «Нұр Отан» партиясы атынан сайланатын барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын саралау сүзгісінен өткізіп, кәсіби команда жасақтауға күш салды. Депутаттық фракция жұмысын жолға қойды. Он жылға жуық партия қызметіндегі пәрменді жұмысы елеусіз қалмады. Кеудесіне «Құрмет» орденін тақты. Иә, ол қай марапатқа да лайықты. Өлмесханның негізгі мамандығы – журналист. Кейінгі кездері ол жазушылық шабытқа қонды. Қоғам қызметінен қолы қалт етсе қаламына жан бітіреді. Анау-мынау емес, елдіктің мәселесін көтереді, Елбасының ­саясатын ұстанады. Соның жемісі болар, «Ел-жұрт һәм Елбасы», ­«Жусанды даланың жұпар иісі», ­«Елбасы ­партиясы – елдігіміз, кемелдігіміз» секілді кітаптары оқырманның да оң бағасын алды. Ал идеология қызметкері ретінде баспасөз беттерінде жарияланған көркем, саяси дүниелері қаншама. Осының өзінен оның уақытпен үндескен ізденістері, талпынысы, шаруасы шаш етектен болғанын білеміз, қабілет-қарымын мойындауға тура келеді. Ескінің есті сөзінен «Еліңде кімің бар?» деген жақсы сөз қалған. Біз Сыр елі дегенде алдымен Өлмесхан ­досымызды ойға аламыз. Неге? Өйткені оның Тәңір сыйлаған ­тамаша қасиеттері бар, біз соған қызығамыз. Досымның ешкімде жоқ бір қыры: шешендік қабілеті. Тақырып талғамайды. Қазақтың қаймақтай қою сөзін қосып сөйлегенде ­шешенше көсіледі. Ойыңды табады, ойыңдағыны орындайды. Ал, екінші қыры: өзін сүйеді. Сергек ұстайды. Мұнтаздай тазалыққа құмар. Үшінші қыры: ­отбасын жоғары қояды. Мақпал мінез Мәншүгіне мейірімін төгіп, ұл-қыздарын ұлағатты тәрбиелеп, немереге нұрлы көзбен қарайды. Жалпы, бір қарағанда адамның жан дүниесі ашылмаған арал, шешілмеген жұмбақ тәрізді. Ал мен білетін Өмекең өзін халықтан биік ұстаған емес. Үлкенді құрметтеп, ініге ізет жасаудан жаңылмайды. Ана десе ардақтап алдын кеспейді, әке десе қасиетін қадірлеп, бағын бағалайды. Қызметтес, әріптес, партиялас замандастарын, зиялы қауымды, ағайын, бауырларын төбесіне қойып, төбелігін тұғырға отырғызады. Бұл ақ пейілдің, кіршіксіз көңілдің көрінісі, көрегендігі. Көзден көшпейтін, жүректен өшпей­тін достарын іздеуден, елге келсе кең құшағын жайып, дастарқаннан дәм ұсынуды ұмытпайтын ізгі ниеті де үлгі. Сондықтан оны дәріптейтін досы көп. Әсілі, досың бар ма деген осы ғой...

Иманбай ЖҰБАЕВ, ҚР Президенті сыйлығының иегері

1139 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы