• Тұлға
  • 25 Маусым, 2020

Марлен Тұрсынәліұлы, Балық шаруашылығының басшысы: «ХАЛЫҚТЫҚ БАЛЫҚ» ЖОБАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРАМЫЗ

Еліміздің  агроөнеркәсіп кешенінің маңызды бір саласы – балық шаруашы­лығы екені анық. Алайда осы балық шаруашылығын дамытуда біршама кенжелеп қалғанымыз жасырын емес. Осы саланың дамуына үлес қосып, «балықшы мектебін» ашып жүрген азаматтың бірі – Марлен Тұрсынәліұлы. Марленнің Есіктегі балық шаруашылығына барып, жұмысын көзбен көріп, өзімен сұхбаттасқан едік.

– Марлен Тұрсынәліұлы, қазақ­тың көбі бара бермейтін балық шаруашы­лығын қашан құрып, бастап жүрсіз? – Бұл шаруаны қолға алғаныма он жыл болды. Әл-Фараби атын­дағы ұлттық университеттің биотехнология факультеті балық шаруашы­лы­ғы бөлімін бітірген соң Қазақ балық ша­руашылығы ғылыми-зерттеу институтында лаборант болып біраз тәжірибе жинақтадым. Одан соң сол кезде жұмыс істеп тұрған бір кә­сіпкердің балық шаруашылығында бас­қарушы болып қызмет еттім. Осылайша тәжірибем жан-жақты жетілген соң өз шаруашылығымды құруға тәуекел етіп, бастап кеттім. Бүгінде Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында негізгі шаруашылығым бар. Екінші шаруашылығым Қордай ауданындағы Сарытөбе ауылында жұмыс істеп тұр. Үшінші шаруашылықты Түркістан облысының Шардара ауданынан ашқан­быз. Бүгінде үш шаруашылықта жылына 250 тонна балық өндіреміз. – Балықтың қанша түрін өсіресіздер, жемді қайдан аласыздар? – Балықтың үш түрін өсіреміз. Бақтақ, бекіре және сазан. Балықтар­ға, негізінен, Еуропада өндірілген жем береміз. Себебі ол балық ұны­­нан жасалған, сапалы. Олар жүз жыл бойы осы балық жемін өндірумен айналысып келе жатқан, дүниежүзіне танылған, халықаралық дәрежедегі өндірушілер. Еуропалықтардың жемі балықты тез семіртеді. Отандық екі келі жемнің орнына еуропа­лық бір келі жемді жесе, жетіп жатыр. Осы арада айта кетейін, Үкіметтен балықтың жеміне 30 пайыз субцидия беріледі. Бұл да болса үлкен көмек. Қазіргі таңда Еуропаның жем өндірушілерімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Болашақта олар зауыттарын біздің елге әкеліп салатын болады. – Өндірген өнімді қайда саудалайсыздар? Жалпы балық етіне сұраныс бар ма? – Сұраныс өте жоғары. Мәселен Шымкент қаласындағы ірі сауда орындары күніне 10-15 тонна балық етін алады. Ал Алматы сауда орындарына жылына 2 мың тонна балық етін өткіземіз. Көптеген сауда орындары балықты тірідей де саудалайды. Балық етін үнемі жеп жүрген тұтынушылар шеттен әкелінген тоңазыған балық етінен гөрі біздің балғын балығымызды дұрыс көреді. Бүгінде сиыр, жылқы еті қатты қымбаттап кетті. Осы арада балық етін көптеп өндіріп, халыққа қолжетімді балық етін ұсынсақ деп отырмыз. «Халықтық балық еті» деген жобамыз бар. Өзіңіз білесіз, балық еті адам ағзасына өте пайдалы. Тез сіңеді. Ба­лықты жүйелі тұтынған адам жүрек, қан қысымы, онколо­гиялық ау­руларға ұрынбайды. Біз балық ша­руашылықтарын көбейтіп, балық етін қолжетімді ету арқылы халықтың ден­саулығын да жақсартамыз. Негізінде бір адам бір жылда 14 кг балық етін тұтынуы керек екен. Ста­тистикалық деректер бойынша біздің халық қазір осының жартысын ғана тұтынады. Бұл өте аз көрсеткіш. – Көрші мемлекеттермен салыс­тырсақ, балық өндіруде қай деңгейдеміз? – Ресейде балық шаруашылығы Кеңес кезеңінен дұрыс жолға қойыл­ған. Олардың өзен, көлдерінде табиғи балық қоры да мол. Ал, көрші өзбек, қырғыз ағайындар да тоғанда балық өсіруді дұрыс жолға қойған. Жылына үш жүз тонна балық өндіреді. Әр үйдің ауласынан тоған жасап балық өсіреді. Балық жергілікті тұрғынның дастархан мәзіріне әбден сіңіскен. Қырғыздар ішкі сұраныстарын өтеп, балық өнімін Ресей нарығына саудалап жүр. Біз ғана кенжелеп тұрмыз. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін біраз уақыттан бері «Балықшы мектебін» ашып, балық өсірудің қыр, сырын үйренем деген кәсіпкерлерді оқытып бастадық. Оларға теория­лық білім берумен қатар, өз шаруа­шылығымызда балықты қолына ұстатып, жемін бергізіп, тәжірибеден өткізіп жүрміз. Қолдарына дайын бизнес жоспарды ұстатып, күні ертең ауылдарына барған соң әрқайсы бір-бір шаруашылық ашатындай дайындықтан өткізіп жатырмыз. Тіпті өндірген балықтарын саудалап, өткізуге де кепілдік беріп отырмыз. – Қазіргі таңда үш шаруашылықта қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз, жалпы балық бағу қиын ба? – Шаруашылықтарда балық бағатын­дары бар, дүкендердегі сатушыларымыз бар, барлығы елу адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Ал балық өсіруге келсек оның да қиындықтары бар. Балық өсіретін бассейіндерді салғанда су айналымы дұрыс болуы керек. Одан соң әр балық әр түрлі су температурасын қажет етеді. Міне, соны бақылап ұстап тұрған жөн. Балыққа күндіз төрт рет, түнде екі рет жем беріп отыру қажет. Ша­бақтан тауарлық деңгейге жеткенше жеті ай уақыт қажет. Малмен са­лыстырғанда оңайырақ. Балықты ұры алып кетпейді, қасқыр жемейді. Малды тауарлық сатуға жеткенше кемі екі жыл бағу керек болады. Осындай айыр­машылық бар. Бұрын балықты аулаған пайдалы болса, қазір өсірген пайдалы болды. Жалпы балық өсіруді дамытуымыз қажет. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрболат Абайұлы

1490 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы