• Мәдениет
  • 25 Маусым, 2020

ТЫНЫМСЫЗ ЖУРНАЛИСТ ТҰРСЫН

«Апай, келіп кетіңіз». Газеттің сол кездегі бас редакторы Серік Жанболат телефон соқты. «Танысыңыз, атыраулық журналист Тұрсын Қалимова. «Айқынның» бір мүшесіне айналдырсаңыздар өкінбейсіздер» деп отыр. Тапсырма беріп көрелік». Не істеу керек екенін өзіңіз де білесіз ғой дегендей, бас редактор әңгімені көпке созбай, қысқа қайырды. Алты ай сынақ тұсында тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, өзін жақсы қырынан көрсеткен оның алдындағы атыраулық тілші жұмысқа ресми кіріскен күннен алғашқы қарқынынан айырылды да қалды. Күнделікті газеттің қарбаласы оны айналдырған 3-4 айдың ішінде титықтатып жіберсе керек. Сонымен қоштасуға тура келгенін Тұрсынға түсіндіре бастаған едім, «Апай, маған тездетіп тапсырма беріңіздер. Орындай алмасам кінә өзімнен» деп ойын нықтап, нығырлап жеткізді.

Тұрсын Жұмабекқызы айтқан уәдесінде тұрды. Әріптестер арасында тапсырманы жылдам әрі сапалы орындауымен ерекшеленді. Көңілі баладай, кіршіксіз. Ізденімпаз. Өте тынымсыз, әрі мазасыз журналист. Кейде болмашы нәрсеге күйіп-пісіп, жанын қоярға жер таппай кетеді. Ондай кездері Тұрсынмен бірге оның дәл сол мезеттегі көңіл күйімен бөлісе қоймасаңыз, көресіні көрдім дей беріңіз. Телефонның құлағына тыным болмайды. Қайта-қайта безек қағып шырылдаған телефонды көтермей қою мүмкін емес тіпті. Сонау Атыраудан Алматыға жарты сағатқа жетер-жетпес уақытта бірнеше мәрте телефон шалып, редакциядағы жауапты қызметкерлердің бәрін өзін қатты қызықтырған ақпаратпен таныстырып, ортақтастырғысы келгенше асығады. Күнделікті газеттің таусылмайтын тірлігінен қолы бір босамайтын бас редактордың сол кездегі орынбасарлары Берік Бейсен мен Ермахан Шайхы соңында телефондарын сөндіріп қоюға мәжбүр. «Апай, орныңыздан қозғалмай отырыңызшы» дейді Берік ондай кездері. Бетке Тұрсынның кезекті бір мақаласы кетіп бара жатқанын түсіне қоямын. Сосын Тұрсынға мән-жайды баяндап, көңілін күпті еткен сауалдарына толығымен жауап беруге тура келеді. Сенің «Айқыннан» алатын айлығыңның бәрі редакцияға телефон шалумен-ақ таусылатын шығар. Жиі неге соға бересің? Аса қажет болған жағдайда өзіміз хабарласамыз ғой» деп Тұрсынды сабырға шақырмақ боламын кейде. Оның айтар уәжі қашан да дайын. «Менің әр мақаламның артында адам тұр. Сондықтан мақаламның тағдырына немқұрайлы қарай алмаймын». Кейбір меншікті тілшілерге қосымша тапсырма бергенде, қолдары мемлекеттік тапсырысты орындаудан босамайтынын сылтауратса, ал керісінше Тұрсын үшін «редакция тарапынан қандай тапсырма бар» деп күніне ең кемі бір рет сұрап қою бұлжымас қағидаға айналған. Жалпы ол елді елең еткізетін жаңалық тапқанды ұнататын журналист. «Апай, «Қыз Жібек» фильмінде «Гәккуді кім орындағанын білесіз бе?» «Бибігүл Төлегенова болар» деймін мен. Оның тағы да бір тынымсыз ізденісінен оқырман үшін қызықты мақала туындайтынын әңгіме ауанынан аңғаруға болады. «Таппадыңыз!». «Енді кім?» «Материалды алғанда көресіз». Сосын ол мақала қолға тигенше тағатсыздана күтесіз. Осылайша Тұрсын Қалимова оқырманға «Қыз Жібек» фильмінде» кадр сыртында «Гәккуді» шырқаған әнші көпшілік ойлағандай Бибігүл Төлегенова емес, Мунира Ижанова екенін жеткізеді. «Айқын» газетінің Атырау облысындағы меншікті тілшісі атанған 15 жылдың ішінде Тұрсын Қалимованың қаламынан туындаған мазмұны сан алуан мақалалардың бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Әрі оның бәріне тоқталуға шағын мақаланың ауқымы көтермейтіні де рас. Дегенмен Тұрсынның тынбай жүгіріп, атсалысуының нәтижесінде іске асқан екі ауқымды шараға тоқтала кетпеске болмас. Бір күні Тұрсын Халық қаһарманы Хиуаз Доспановамен «ауырды». «Атырауға шетелдіктер көп келеді. Әуежайға атын беріп, ескерткішін орнатса ғажап емес пе?! Ұшақтан табандары қазақ жеріне тиген шетелдікті қазақтың қайсар қызы қарсы алып тұрса, қандай керемет! Соған қол жеткізуге тырысамын!» деді ол бірде әңгіме барысында. Айтса айтқандай, оның бастаған ісінің бәрі баянды болды. 2012 жылы «ЭйрАстана» әуекомпаниясы тұңғыш жекеменшік ұшағының алғашқысы «Эмбраэр» ұшағына Хиуаз Доспанова есімін берді. Атырау халықаралық әуежайының алдына Хиуаз Доспанованың қола мүсіні орнатылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына арналған жиында облыс әкімі Асқар Ноғаев журналистің еңбегі ерен екеніне жете тоқталып, атап өтті. «Ескерткіштің ашылуына дейінгі жұмыстарда қоғам мен биліктің арасында байланысшы болған журналист Тұрсын Қалимоваға өз атымнан ерекше ризашылығымды білдіремін» деді әкім. 2016 жылы жарыққа шыққан «Хиуаз» атты кітапта да Тұрсынның қолтаңбасы бар. Енді биылғы жылдың наурызынан Атырау халықаралық әуежайы Хиуаз Доспанова халықаралық әуежайы деп аталатын болса, оған да Қалимова қосқан үлес бар екені даусыз. «Апай, сүйінші!» Тұрсынның ойға алған үлкен бір бастамасының оң шешім тапқаны телефонда жарқын шыққан дауысынан анық аңғарылып тұрды. «Құмаршыққа ескерткіш ашылды» деді шабыттана. «Ашаршылық жылдары талай қазақты ажалдан құтқарған осы өсімдікке, ақындар жырына арқау болған ақ шағылға ескерткіш орнатылса деген ата-бабалар арманы орындалды. Алапат ашаршылықтан қазақ ұлтын сақтап қалған құмаршыққа белгі Фариза Оңғарсынқызының ескерткішімен қатарласып тұғырына қонды. «Құмаршықтың дәні» атты осынау ескерткіш енді ұлт тарихының ажырамас бір бөлшегі сынды оның айтулы бір беттерін ұмытылмастай етіп тұр» деп, көңіліндегі көркем ойды телефоннан Тұрсынға ғана тән шабытпен бүкпесіз ақтарды. Ескерткішке қашап жазылған өлеңнің авторы Тұрсын екенін білгеннен кейін «Сен өлең де жазады екенсің ғой» дедім таңғалғанымды жасыра алмай. «Жарайсың!». «Өлең жазамын, өте сирек. Сурет саламын. Каллиграфиялық қолжазбама жұрт таңғалады. Кезінде домбыра тартып, ән айттым. Журналистикаға келген соң бәрін қойдым. Негізгі мамандығыма адалмын» дейді...

Ұлбосын АЙТӨЛЕН

1913 рет

көрсетілді

57

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы