• Басты мақалалар
  • 25 Маусым, 2020

ҰЯДАЙ ЫСТЫҚ «ҰЛЫТАУ ӨҢІРІ»

Нұрперзент Домбай «Аna tili»

Биыл ұлтымыз үшін қасиетті де киелі топырақ саналатын Ұлытау өңірінің жаршысы, хабаршысы ретіндегі басылым – «Ұлытау өңірі» газетінің жарық көре бастағанына 80 жыл толып отыр. Бұл әрине, аз уақыт емес. Газет беттерін асықпай парақтай қалсақ талай жайтқа қанығарымыз анық. «Ұлытау өңірі» - мен үшін ерекше ыстық. Өйткені еңбек жолымды осы газеттен бастағам. Ол өзі қалай болып еді ?

Біз жоғары оқу орнында білім алып жүрген жылдары «жолдама» деген болатын. Сол бойынша тиісті өңірге барып қызмет етесің. Оны беретін жай біреу емес, сол уақыттары еліміздегі ең жоғары билік саналған – Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті. 1980 жылы Қазақ мемлекеттік уни­верситетінің (қазіргі әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ) журналистика факультетін тә­мам­дадым. Ел жақтағы газеттерде бос орын жоқ. Яғни кадрдан тапшылық байқал­майды. Ал жолдамаға келсек, бірнеше облыста орын бар. Ойлана, толғана тандау Жезқазғанға түсті. Себебі Орталық Комитет ұсынған өңірлердің ішіндегі өзім туып-өскен Қызылордаға ең жақыны осы облыс екен. Үйге, ата-ана­мызға барып тұруды ойлаймыз ғой, баяғы. Жезқазғанға келгенде ең алдымен есігін ашқан мекеме – облыстық партия комитеті, оның насихат және үгіт бөлімі. Тапсырма солай болатын. Алдымен обкомға жолығуымыз керек. Бөлім басшысы Сағындық Қожам­сейітов (кейін ағалы-інілі болып кеттік) құжаттармен танысқаннан кейін айтқаны: «Бізде аудандық газеттеріміздің жағдайы мәз емес. Олардың жұмысын жақсарту қажет. Өзің секілді жас мамандарға зәруміз. Сол себепті жұмысты аудандық газеттен бастағаның дұрыс болар еді. Облыстық газетке кейін де келуіңе болады». Осының бәрін мәдениетті түрде, сыпайы түсіндірді. «Мені облыстық газетке жіберген» деп екі-үш күн көнбей жүрдім. Алайда көнбегенде қайда барасың. Партияның дүрілдеп тұран шағы. Айтты – бітті. Сөйтіп Ұлытауға, онда да жаңа жұмыс орным болып есептелетін «Ұлытау өңірі» газетіне жол осылай басталды. Ол кезде редакция Ұлытау ауылының қыр жағындағы ғимаратта орналасқан болатын. Барак секілді. Бөлмелері абажадай. Нысанның бір жағында басқа мекеме, бір жағында редакция орын тепкен екен. Редакторымыз – Мағзұмбек Машайықов. Кең адам. Бастықпын деп шіреніп отырмайды. Есесіне қызмет­керлерінің көңілін көтеріп, зілсіз әзіл-қалжының ортаға салып отырады. 1981 жылдың 1 қаңтары болу керек. Мақаң мені ертіп, «Терісаққан» кеңшарының бір бөлімшесі «Қос көлге» апарды. «Жүресің бе?» деді. «Барсам, барайын» дедім. Сондағы фермада маңыз­ды бір жиналыс өтпек. Аупартком­ның бюро мәжілісі ме екен... Әйтеуір жай жиындардың бірі емес. Ол кезде бірінші хатшы Жаманқұл Шайдаров. Қызметіне берілген, іскер басшы еді. Көрмейсіз бе, жаңа жылдың алғашқы күнінде сонау, ауданның ең шетіндегі «Қос көлде» бюро өткізбек. Оның орнында өзге біреу болса, мұндай қадамға бара қоймас. Жаңа жылды тойлап, бала-шағасымен үйінде отырмай ма. Ол кездің қысы да қатал болатын. Аяз қақап тұрады.Бірақ сол жолы Мақаң екеуміз редакцияның ескі көлігімен далада қалып қоймай, аман-есен «Қос көлге» барып қайттық. Ұмытылмайтын, есте қалған сапар болды. Мақаң – жақсы ақын. Қуат Құрман­сейітов деген ініміз біраз өлеңдерін жатқа біледі екен. Бірде соның аузынан естігенде: «Апырым-ай, мынау шынымен Мағзұмбек ағамыздыкі ме?» деп ризашылығымызды білдіргенбіз. Асанәлі Тәліпов деген ағамыз болды. Талантты азамат еді. Қазір арамызда жоқ. Мақала жазуға да, өлең туындатуға да шебер болатын. Ол үйдегі Айгүл жеңгеміздің қолынан талай дәм таттық. Бара қалсақ қазанын көтеріп ала жөнеледі. Әсіресе етті бабында, келістіріп дайындайтын. Жеңгейді мақтасақ, Асекең де бір көтеріліп қалатын. Қазір Айекең балаларының, немерелерінің ортасында бақуатты ғұмыр кешуде. Шахмардан ағамыз да есімізде. Мақаң редакцияның шаруашылық жұмы­сын осы азаматқа жүктейді. Қысты күндері қаладан көмір тасып, редак­цияның бөлмелерін жылытатын біздің Шәкең. Өнерге де бүйрегі бұрып тұрады. Ау­дан­ның сахналарында оның режис­сер­лігімен сәтті спектакльдер қойылып жүрді. Шәкеңнің жиі айтатын бір сөзі болды. Сөзінің арасында : «Е деген құстың ұясы болыпты» дейтін. Жұқпайтын нәрсе болмайды ғой. Осы сөз кейде өзіміздің аузымыздан қалай шыққанын байқамай қалатынымыз бар. Құрманжан Сламахунов деген газет тілшісі болды. Қарапайым, қой мінезді жігіт еді. Өмірден ертерек өтіп кетті. Қуатпен (тегін ұмытып қалыппын) аз-кем жұмыстас болдық. Жайдары мінезі есте қалыпты. Кейін Алматы жаққа көшіп кетті ғой деймін. Фототілшіміз – Амангелді Бейсекеев. Газет жұмысына көп көмектесті Ләззат Тортаева қарын­дасымызды ұмыту мүмкін емес. «Кел, сырласайық!» деген өзінің жеке айдарын ашып, жұрт оқитын жақсы материалдарды ұйымдастырып жүрді. Бойынан имандылық нұры есіп тұратын Қуаныш Сихымбаев ағамыздың, гүл-гүл жайнап жүретін корректор Гүлдариға жеңгейдің орындары тіпті бөлек-тін. Тілшілер Гүлнар Сүйінбаева, Зағипа Хамитовалар жап-жас болса да болашақтарынан мол үміт күттіретін. Гүлнар қазір Алматыда бір мектепте оқу ісінің меңгерушісі. Ізтай Белгібай деген бауырымыз қатарымызға кейінірек келіп қосылды. Газеттің қазіргі басшысы Елекең­мен – Елтыңды Дүйсенбиевпен сыйлас­тығымыз отбасылық қарым-қатынасқа жалғасты. Қатарласпыз. Сырымыз бір. Шаңырағына қонақтар келіп жатса бізді де қалдырмайтын. Ол үйдегі Гүлекең жүзінен әрдайым жылылық есіп тұратын жаны жайсаң жан. Елекең кейін Алматыдағы Жоғары партия мектебіне оқуға түсті. Сонда жүріп ұлтымыздың бірегей тұлғасы Дінмұхамед Қонаевпен кездесіп, сұхбат алды. Ол кез Қонаевтың қызметтен босап, үйде отырған кезі. Көп адам жолай бермейді. Бірақ соған қарамастан Елекеңнің ол кісімен кездесіп, әңгімелесуі, сөйтіп ол сұхбатты республикалық басылымда жариялауы ерлікке пара-пар іс десек қателесе қоймаспыз. Әзиза атты терімші (машинистка) тәтеміз де есімізде. Жалғыз өзі отырып тілшілердің материалдарын лезде теріп тастайтын. Реніш танытып, қабақ шытқанын бір көрмеппіз. Қашан да жарқын қалпында. Есепшіміз Орынбасар еді. Арамыздағы ең кішіміз. Тыпың-тыпың етіп жүріп айлығымызды уақытылы қолға тигізетін. Ол уақытта редакция мен баспахана тығыз қарым-қатынаста жұмыс істедік. Тіпті жауапты хатшы, корректор, кезекші дегендеріңіз баспаханадан шықпайтын. Жұмыстың реті солай болды. Баспахана басшысы Қапет ағамыз. Мекемесінде жиылып жүргенімізді ұната қоймайды. «Жұмысқа кедергі келтіресіндер» дейді. Өмір деген де қызық. Кейін Қапекеңмен құда болдық. Менің туған бауырымның қызы ол кісінің немересіне тұрмысқа шықты. Баспаханада өз істеріне адал, нағыз еңбекқор қыз-келіншектер жұмыс істеді. Айтар болсақ, олар Сағыныш, Ақгүл, Қанипа, Тұрсынкүл, Балқия, Ақлима... Жан-жағындағылардың көбіне әурелейтіндері Ақгүл. Мінезі ашық. Әзілді көтере біледі. Содан да шығар. Әсіресе Сағыныш жеңгеміздің әзілдері денеңді күйдіріп өтер шоқтай еді. Ол уақытта компьютер деген атымен жоқ. Оныңыз түске де кірмейтін. Әріп қорғасынға құйылады. Әр әріп қолмен салынады. Осыны бүгінгі жастарға айтсаң сене қоймас. Баспаханадағы қыз-келін­шектер қолдары май-май болып, ауыр жұмысты атқарып жүрсе де әрдайым көңілді, ауыздарынан әзіл-қалжың түспейтін. Редакция ұжымы ұйымшыл болды. Қазір ойлап отырсаң арамызда түсінбестік, кикілжің деген атымен болмапты. Бір отбасының мүшесіндей, ойнап-күліп жүріп газет шығардық. Компартияның тақта мығым отыр­ған кезі ғой. Қазіргідей сан алуан тақы­рып­ты көтеру ол кезде қайда... Негізгі тақы­рыбымыз – еңбек адамдары. Шопан, бақташы, механизатор қауы­мы­ның еңбектерін насихаттауға баса көңіл бөлінді. Әрине, өзге де маман­дық иелерінің жарқын істері назардан тыс қалған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, еңбектің, адал еңбектің рөлі баса көрсетілді. «Еңбек етсең ғана бақ – мұратыңа жетесін, бақытқа кенелесің» дегенді меңзеп жүрдік. «Ұлытау өңірі» дегенде жоғарыда тілге тиек еткенімдей менің көз алдыма газетте бірге қызмет істеген әріптестерімнің бет-бейнелері келе қалады. Түк өзгеріссіз. Сол қалыптарында. Тіпті киген киімдеріне дейін. Бұл газетте төрт жыл қызмет атқар­дым. «Қайран, жиырма бес» дейтін тәтті шақ осы ұжымда өтті. Аудандық партия комитеті қызметке шақырды да амалсыз ұжыммен қоштасуға тура келді. Сөз соңында не дейміз. Ұлытау қазір ел-жұртымызға танымал аймақ. Бірліктің, ынтымақтың бастауы болған жер. Тау – тасының, өзен-көлінің айтар сыры мол. Демек бұл өңірдің газеті үшін көтерер мәселе жетерлік. Ең бастысы оқыр­ман сенімінен табылған абзал. Бұл жағынан келгенде сенде мүмкіндік мол, «Ұлытау өңірі». Ұлы топырақтың шежі­ресін жазуда шаршама да шалдықпа.

321 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала «ТЯНЬ-ШАННЫҢ ДИЮЫ»
Келесі мақала ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТЕРІНІҢ ТӘЛІМГЕРІ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №40

30 Қыркүйек, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор