• Басты мақалалар
  • 25 Маусым, 2020

АБАЙ САЛҒАН ЖОЛМЕНЕН...

1. Ақпарат дәуіріндегі қазақ журналистикасының басты мәселесі? 2. Жаңа медиакеңістікте журналистиканың қандай жанры жоғалып бара жатыр деп ойлайсыз? 3. Қазақ журналистикасының артықшылығы мен кемшілігі не?

Есей Жеңісұлы, журналист, ақын

1. Тәуелсіздік дәуірінен бері қазақ журналистикасы көп өзгере қойған жоқ. Қазақ журналистикасы қазақтың бүкіл өміріне деген жауап­кершілік сезімін мойнына жүктеп алған. Соңғы уақытта жаман мағынасындағы эстрадалық журналистика бел алып бара жатқанын жасыра алмаймыз. Бұл, әсіресе телеарналарда жиі байқа­лады. Жұлдыздардың киіміне, өміріне, төсегіне, көлігіне үңіліп кеттік. Бұл қазақ үшін бұрын ұсақ-түйек нәрсе болса, қазір қалыпты жағдайға айналып барады. Осы үлкен проблеманың бірі деп ойлаймын. Ең негізгі мәселе мемлекеттік тілдің әлі де өз тұғырына орнықпауы. Қазақ тілінің ұлт тілі, мемлекеттік тіл дәрежесіне жетпей отырғанына және қолдан жасалған кедергілерге ұрынуына қатысты наразылық әр қазақ журналисінің бойында бар. Ол аз болғандай, соңғы жылдары журналистикаға келген жас толқынның сөйлем құрай білмей, көшірме сөзбен сөйлеп, орыс, ағылшын, араб тілдерінің ықпалынан шыға алмай отырғанын да байқап жүрміз. Бұл да алаңдатарлық жайт. 2. Журналистикада жүргенімізге жиырма жылдан асты. Осы кезеңде белгілі бір жанрдың дәуірлеп, келесі бір жанрлардың қалтарыста қалып жатқанын көзіміз көрді. Мәселен, төрт-бес жыл бұрын сұхбат жанрының дәуірі жүргенін көрдік. Гламур, глянц журналдар түрлі сұхбаттар арқылы оқырман тартты. Адам шошырлық тақырыптар қойып, бірақ ішінде іліп алар ештеңе таппайтын сұхбаттар көбейді. Қазір осы сұхбат жанры сәл бәсең тартып, оның орнына шағын хабарлама жанрының жаңа сипаты пайда болды. Мұны ұрлық жанр десек болады. Біреудің Instagram, Facebook-тағы ақпаратының өңін айналдырып, шағын материал етіп бере салу үрдісі қалыптасты. Ал, жоғалып бара жатқан жанрлар – кең құлаштап толғап жазатын эссе, очерк дер едім. Кеңес Одағы дәуірінде жұлдызы жанған есеп жанры мүлдем көрінбей бара жатыр. Оны, менің ойымша, іздеп те қажеті жоқ секілді. Өйткені есеп белгілі бір ақпараттық жүк көтеретін салаларға, мысалы, спорт, экономика саласына көбірек керек. Қорыта айтқанда әр дәуірдің жұлдызы жанатын немесе жұлдызы сөнетін жанрлары бар деп тұжырымдауға болады. 3. Қазақ журналистикасының артықшылығы – ұлтын керемет сүйетіндігінде. Тіпті кей жағдайларда ұлттық рухты, намысты жанкештілікпен қорғаған кездері болды. Міне, кейінгі буын қазақтың қазақ болып қалуына сіңірген ұлттық журналистиканың еңбегін ескеруге, бағалауға, керек болса үлгі етуге тиіс. Қазақ журналистикасы қажет кезінде ұлтжанды, патриот бола білді. Белгілі бір дәрежеде Абай салған жолмен жүріп, қазақтың әр кемшілігін, қателігін түзетуге барын салды. Жетістігі болса төбесіне көтеріп насихаттады. Бұл жолда пафосқа ұрынған кездері де болды. Қазақ журналистикасының қазақ мемлекетігінің баянды болуына қосқан үлесі көп деп ойлаймын. Кей жағдайда жал­тақтық танытқан кездерін де жоққа шығара алмаймыз. Кейбір салаларда терең сараптама жасай бермейтіні де бар. Соңғы кездері журналистиканың эстрадаға көптеп бой ұруы да негізгі кемшіліктерінің бірі ғой деп ойлаймын.

Зейін ӘЛІПБЕК, тележурналист

1. Қазақ журналистикасының басты мәселесі – ақпарат көздерінің орыс тілінде болуы. Сұхбат, пікір беретін адамдар, спикерлер де орыстілді. Қазақ журналистерінің қосымша мамандығы бар, ол – аудармашы. Өз басым осы қиындықпен көп кездестім. Бір мәселе бойынша сұхбат алғың келеді. Бүтін бір министрліктегі лауазымды қызметкерлер арасында қазақ тілінде дұрыс жауап беретін маман таппай қалатын кезіміз көп. Әрине, орысша сөйлеп тұрған спикердің үстінен аударып беруге болады. Бірақ ол хабарды қызықсыз етеді. 2. Журналистік зерттеулер аз секілді көрінеді. Бүгінгі журналистикадан терең талдауларды, репортажды таппаймын. 3. Артықшылығы: қазақ журналистикасы ұлтымыздың үлкен мәселелері – тіл, дін, руханиятты жеріне жеткізіп жазамыз, айтамыз. Дұрыс. Ал оған қаншалықты құлақ асады – ол да үлкен мәселе. Екінші, қаржы және құқық тақырыбына тісіміз батпай жүрген секілді көрінеді. Мұны да ойланып, қолға алған жөн-ау деп ойлаймын.

Болат Мүрсәлім, 31-арнаның Ақпараттық бағдарламалар директоры

1. Жур­на­лис­тиканың өзі жоғалып бара ма деп алаңдайсың. Қазір телеарналарды қарасаңыз да, газет, журналдарды оқысаңыз да, интернет басылымдарды шолсаңыз да журналистика жоқтың қасы. Оның орнына сенсация қуған жаңалықтар, саяси тапсырыс, белгілі бір топтардың мүддесін ғана көздеу, өзгені келемеждеу сияқты дүниелер тенденцияға айналып кетті. Журналистік ізденіс, фактчек жасау, бейтарап ақпарат берудің орнына, сонау тоқсаныншы жылдардан келе жатқан дертіміз – журналистің өзі сарапшы, өзі тілші, өзі сұрақ қойып, өзі жауап беретін материалдар азаймай тұр. Ең басты мәселе осы деп ойлаймын. 2. Жаңа медиа кеңістікті сайттар, интернет-журналистика деп қарастырсақ, оларда кәсібилік жетіспейді. Кез келген блогер өзін журналист немесе тұтас бір ақпарат құралы ретінде сезініп қалатын мінез байқалады. Олардың интернет-порталдарда, блог-платформаларда, You Tube-та дайындап, шығарып жатқан өнімдері терең журналистік зерттеу емес. Ал соңғы он жыл уақыттан бері жарық көріп келе жатқан бірлі-жарым белгілі автордың немесе журналистің жазғанын ғана сайттардан оқуға болады. Оның өзінде ол дүниелері кейде сәтті, кейде сәтсіз шығады. Яғни жаңа медиа дәстүрлі медиамен бәсекелестікке түсе алмай жүр. Дәстүрлі медиада – газет, журналдарда кәсіби, қаламы қалыптасқан журналистер отыр. Олар бәлкім жылдам емес шығар, ақпаратты бірден ұсына қоймайтын болар. Бірақ журналистиканың талаптарын сақтауға тырысады. Ал жаңа медиа өте жылдам, сағат сайын ақпаратын жаңартып отырады, бірақ терең зерттеу, талдау жасамайды. Дегенмен қазіргі қазақ сайттары, порталдары жақсы бағытта дамып келеді. 3. Мемлекетіміздегі тұтынушы: оқырман мен көрерменнің 70 пайыздан астамы қазақ. Олар мемлекеттік тілдегі өнімді еркін тұтынады. Демек қазақ аудиториясы өсті. Бұл қазақ журналистикасының артықшылығы, оларға берілген үлкен мүмкіндік. Ал, кемшілігіне келсек, өкінішке қарай, белсенді аудитория бәрібір ақпаратты ең әуелі «Tengrinews»-тан оқиды. Не болмаса «Nur.kz»-ті қарауы мүмкін. Кейбір жекелеген шенеуніктерге қатысты зерттеулерді «Времия» газетінен, сайтынан іздейді. Бұл қазақ журналистикасының осындай тақырыптар жазуда ұзақ уақыт ойланатының, ұзақ уақыт зерттейтінің кесірінен шығар.

Мұхтар СЕҢГІРБАЙ, журналист, саясаттанушы

1. Бәсекенің жоқтығы, мемлекеттік және жекеменшік компаниялардың журналистиканы үгіт-насихат құралы деңгейінде ғана қарастыруы басты мәселе дер едім. Әсіресе мемлекеттік және квазимемлекеттік ақпарат құралдарында бәсеке болмаған соң жаңашылдық та, ізденіс те, құлшыныс та азая түседі. Оның үстіне тақырып аясы, көзқарас аясы тарылған сайын еркін ойлауға, қоғамдағы құбылыстарға сыни тұрғыда қарауға мүмкіндік қалмайды. 2. Очерк азайып барады. Бұрын сөзбен суреттейтін нәрсені қазіргі технология жетілген заманда басқа құралдардың көмегімен береді, сондықтан, сөз азайып, визуалды материал көбейіп келеді. Бұл жақсы да шығар, бірақ сөздің орны бөлек. 3. Бізде зерттеу журналистикасы (investigative journalism) азайып кетті. Саладағы мамандардың көбі жур­налистиканың болашағы осы бағыт екенін айтады. Себебі, қазір кез келген адам оқиға орнынан репортаж бере алады, азаматтық журналистика қарқын алып келеді. Алғыр, ізденімпаз, білімді, кәсібіне адал мамандар – қазақ журналистикасының басты артықшылығы дер едім. Өкінішке қарай, қазақ журналистикасында олардың кәсіби тұрғыда өсіп, креативті ойларын жүзеге асыруына мүмкіндігі жоқ, саяси, қаржылық, тұрмыстық себептер қолбайлау. Оның үстіне, әсіресе телевидение тым саясиланған мекемеге айналып келеді. Онда журналистің кәсіби деңгейі меритократиямен емес, мүлде басқа параметрлермен өлшенеді. Сондықтан кәсіби қазақ журналис­тикасын биікке көтереді дейтін мамандар басқа салаға ауысып кетеді. Қазақ журналистикасының алдында үлкен мүмкіндіктер бар. Олардың қатарында тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толғанда орыс журналистикасына байланбай, өз бетінше даму мүмкіндігі туып отыр. Қазір Ресейдің ақпарат кеңістігінен алшақ, Қазақстанның өз ішіндегі орыстілді ақпаратты сирек көретін оқырман өсіп келеді. Орыс журналистикасы жаман емес, ол – үлкен мектеп екені белгілі. Бірақ қазақ журналистикасы өз даму жолына түсіп, әр мәдениеттің озық үлгісін алса ғана жақсы дами алады. Қазір шетелде білім алып келген сауатты жастар журналистикаға жаңа леп әкеле бастады. Екінші мүмкіндік – ақпаратқа сусаған қазақтілді қалың оқырман өсіп келеді. Қазақ журналистикасы оларға ХХІ ғасырдың қажеттіліктері тұрғысынан ақпарат бере алуы керек. Жыл санап емес, ай санап өзгеріп жатқан технологияның мүмкіндіктерін қазақ журналистикасы пайдаланып қалуы керек.

565 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТЕРІНІҢ ТӘЛІМГЕРІ
Келесі мақала Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ ТАРИХ ТАРАЗЫСЫНДА ТҰР

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *