• Руханият
  • 25 Маусым, 2020

ҚОЛЖАЗБАНЫҢ ҚОЛБАСШЫСЫ

Қолжазба мұра – мыңдаған жылдар бойы халқымыздың жадында сақталған тарихы мен мәдениетін, салт-санасын, әдет-ғұрпын, тілі мен дінін жинақтаған баға жетпес асыл қазына. Онда хатқа түскен ұлттық руханият халықтың көркемдік-эстетикалық, өнегелік, философиялық, моральдық-этикалық дүниетанымын шырқау биіктерге көтерді, мәдениеті мен тарихының, жалпы дала өркениетінің сақталып қалуына ықпал етті. Бүгінгі тәуелсіз Қазақ елі руханиятының қайнар бұлағы, өткенін айғақтайтын дерек көзі, төлқұжаты. Халық мұрасын, әсіресе сөз өнерін жинау, жүйеге түсіру, жариялау, зерттеу жұмыстары ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастау алып, әлі де жалғастырылып келе жатқаны баршаға мәлім. Бүгінгі күні елдің сирек қорларда жинақталған қолжазбалар мен көне басылымдарда, микрофильмдерде, үнтспаларда миллионнан астам әдеби мәтіндер қамтылған. Бұл мұраның әр кезеңдерде жиналуына, жүйеленуіне, ғылыми сараланып, зерттелуіне, мүмкіндігінше жарияланып, сан ұрпақтың игілігіне жаратылуына ғалымдардың бірнеше буын өкілдері қызмет етті. Сол азаматтардың айырықша жанашырлығының, табандылығының нәтижесінде ұлттық сирек қорлар қалыптасып, баға жетпес мол мұра жинақталды. Олардың қатарында М.Әуезов, Ә.Марғұлан, М.Ғабдуллин, Е.Ысмайылов, Ә.Қоңыратбаев, Б.Ысқақов, Б.Адамбаев, Ш.Ахметов, М.Ғұмарова, Т.Бекқожина, М. Жармұхамедұлы, Қ.Сыдиқов, О.Нұрмағамбетова, Ү. Субханбердина, А.Сейдімбек, Ш.Кәрібаев, Қ.Саттаров, М.Шафиғи, т.б. ғалымдар болды. Солардың бірі – ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Сейіт Қасқабасов.

Сейіт Асқарұлы бүкіл саналы ғұмырын халықтың көркем мәдениетіне, әсіресе сөз өнеріне арнады және осы салаға бар күш-қуатын, ой-қабілетін, білік-дарынын жұмсады. Қазақстандағы фольклортану ғылымының өркендеп, дамуына үлесін қосты, жас зерттеушілердің бірнеше буынына бағыт-бағдар беріп, тәрбиеледі, соның негізінде өзінің ғылыми мектебін қалыптастырды. Оның кейінгі жарты ғасырдан астам уақытта басып өткен өмір соқпақтарына шығармашылық жолына тереңірек зер салар болсақ, онда алпысыншы жылдардан бергі бүкіл халық әдебиетінің ғылыми игерілу, зерттелу тарихы айқын көрініс беретінін аңғарамыз. Екінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында туған ғалымның балалық шағы қиындықтарға толы болды. Әкесі Асқар майданда қаза тауып, отбасындағы ауыртпалықты еселей түскен еді. Осы жағдайды ескеріп, көмек қолын созған нағашы атасы Әбдікерім елуінші жылдардың басында қызы мен жиендерін Алматы маңайындағы Қаскелең ауданына көшіріп алады. «Көкірек көзі ояу, танымы терең, зердесі мықты нағашы атасы Әбдікерім Кемпірұлы мен нағашы әжесі Жарқынай Құлынбайқызы Сейіттің елтанудағы, мұратанудағы, тіпті фольклордың әліппесін үйренудегі алғашқы ұстаздары еді. Ол кісілер жиеніне кеудесіндегі небір көмбені ашып, ықтиятпен түсіндіруге ерінбепті. Құймақұлақ Сейіт те атасы мен әжесінің аузынан шыққан асыл сөздерді зердесіне тоқи беріпті» (Қамзабекұлы Д. Сейіт Асқарұлы Қасқабасов. – Алматы: Ғылым, 2000. – 25-б.). Шындығында, ғалымның өзі айтпақ­шы, Әбдікәрім ақсақал көпті көріп, кө­кейі­не түйген, жады халықтың әні мен жы­рына, аңыз-әңгімесіне, шежіресіне толы, елді аузына қаратқан әңгімешіл, көпшіл қазы­налы қариялардың бірі болыпты. Ол ілгеріде Жетісуда өмір сүріп, қазақ-қырғызға есімдері тең танылған өнер иелерінің, ақындардың, әнші-жыршылардың көзін көріп, сөзін тыңдап, есінде сақтап, отбасында, жұрт ортасында айтып отырады екен. Жасөспірім Сейіт атасының аузынан жыр сүлейі Сүйінбай, Құлмамбет пен Жамбыл, Сарбас, Қуандық, Тілеміс, Қаңтарбай, Бармақ сияқты ақтангер ақындардың өлең-толғауларын, айтыстарын, жырларын, ән-күйлерін, Күсеп, Қабан, Балпық, Ескелді, Сарыбай, Қаба, Атамқұл сияқты би-шешендердің сүбелі сөздерін естіп өсті. Осынау әуесқой қызығушылықты ғылыми негіздерге ұштастырған білім ошағы Абай атындағы педагогикалық институты болды. Алпысыншы жылдардың басында филология факультетіне қабылданып, білім жолына түскен жас жігіт атақты фольклортанушы Н.С.Смирнованың назарына ілігіп, халық әдебиетін зерттеуге ден қояды. Академик С.Қирабаевтың сөзімен айтқанда: «КазПИ-де оқып жүріп, ғылыми жұмыспен айналысты, сабақтасы Едіге Тұрсыновпен бірге фольклор жинаушы экспедицияларға қатысты, студенттердің ғылыми конференцияларында қазақ ертегілері туралы баяндамалар жасап, жұртшылық көзіне түсті» (Қирабаев С. Ғұлама. Оқымысты. – Алматы: ҚазАқпарат, 2010. – 8-б.). Бұдан кейінгі бүкіл саналы ғұмыры рухани-мәдени мұраларды іздестіруге, жинақтауға, реттеп-жүйеге түсіруге, зерделеп-зерттеуге, саралап-жариялауға арналды. Ұстазы Нина Сергеевнаның ұсынысымен сол тұста белгілі-белгісіз себептермен терең зерттеле қоймаған ұлттық фольклор саласына, оның ең сүбелі бөлігі – ертегілерді зерттеуге ден қойды. Ел-елді аралап, көнекөз қарттардың аузынан халық әдебиетінің түрлі үлгілерін жазып алып, жүйеге түсіріп, алғаш рет іргелі зерттеудің нысанына айналдырды. Ол жинап, хатқа түсірген фольклорлық туындылар мен ауыз әдебиеті үлгілері елдің қолжазбалар қорын толықтырды. Әсіресе, ел тәуелсіздігін алып, идеологиялық кедергілер шектелген кезеңде ірі-ірі республикалық, халықаралық экспедициялар ұйымдастырып, Қазақстанның барлық өңірлерінен, қазақ этносы тығыз қоныстанған іргелес елдерге арнаулы экспедициялар аттандырып, әдеби-мәдени мұралардың біртұтас ұлттық руханият ретінде жиналуына қол жеткізді. Олардың арасынан 1998 жылғы «Қазақстандағы халықтар бірлігі және ұлттық тарих жылына» орай елдің 17 облысын қамтыған кешенді экспедицияларды ерекше атауға болады. Құрамы тарихшы, этнограф, тілші, әдебиетші, өнертанушы мамандардан жасақталып, заманға лайықты түсіру-жазып алу қондырғаларымен жарақтанған бұл экспедициялар бір айдың көлемінде өңірлердегі әр ауданды, ауыл, бөлімшелерді толық аралап, тарихи-мәдени құндылықтарды жинау­мен шұғылданды. Халықтың бейзаттық (материалдық емес) мұрасын халықаралық деңгейде жинаудың екінші үлкен кезеңі тікелей академик С.А.Қасқабасовтың жетекшілігімен жүргізілді. Ол Қазақстан Үкіметіне 2012-2014 жылдар аралығына «Қазақстан халықтарының фольклоры, әдебиеттануы, өнері» және «Шетелдердегі қазақтардың фольклоры, әдебиеттануы, өнері» аталған екі үлкен жоба ұсынып, қаржылай қолдау тапты және олардың мерзімінде, сапалы орындалуын өзінің жауапкершілі­гіне алды. Нәтижесінде Қытай, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан сияқты елдерге арнайы экспедициялар жіберіліп, сол елдерді мекендейтін қазақтар арасынан, жергілікті сирек қорлардан, мұрағаттардан фольклорлық, әдеби туындылар, тарихи, құжаттық, деректік, өнерге қатысты материалдар мен олардың көшірмелері алынып, Институт қоры аса мол рухани қазынамен толықтырылды. Мәселен, бір ғана Қытай мемлекетіне барған экспедиция 1700 шақырым жол жүріп, 55 мыңға жуық материал жинақтауға қол жеткізді. Аталған жобалардың орындалуы барысында жинақталған әдеби-мәдени құндылықтардың негізінде алғаш әлем қазақтарының фольклоры, әдебиеті мен өнері біртұтас ұлттық қазына ретінде зерттеліп, іргелі ғылыми еңбектер жазылды. Сейіт Асқарұлы түрлі жоғарғы мемлекеттік лауазымды қызметтер атқарып, 1994 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына қайта оралғаны мәлім. Ғылым ошағы директорының ғылым жөніндегі орынбасары, Қолжазба және текстология орталығының жетекшісі қызметінде жүрген кезінде де, 2001-2010 жылдары институттың директоры лауазымын атқарғанда да қолжазбалар қорына айырықша көңіл бөлді. Әсіресе, оның сақталу мәселесін үнемі назарында ұстады және бірқатар нәтижелі іс-шаралардың жүзеге асуына ұйытқы болды. Ең алдымен, 1961 жылдан бастап институт ғалымдарының қажырлы еңбегінің арқасында жиналып-теріліп, қалыптасқан институт қорына түгендеу жұмыстары жүргізілді. Себебі кеңестік кезеңде қор қоймасында санитарлық-техникалық ережелерді орындау, стандартқа сай температуралық режимді ұстану, сақтауға арналған құрал-жабдықтарды, құрылғыларды қалпында ұстау, ескіргендерін жаңартып отыру, қолжазбаларға, көне кітаптарға, фотосуреттерге, микро және үн таспаларға дезинфекциялық шаралар жүргізіп, химиялық өңдеуден өткізіп, олардың ұзақ мерзімде бұзылмай сақталуына жағдай жасау, өңдеу және сақтау жұмысын ұйымдастыру; сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбаларды өңдеп, сұрыптап, сақтау мәселесіне арнайы көңіл бөлінбей келгені ешкімге де жасырын емес. Тіпті, институттың штаттық бірлігіне аса қажетті қорсақтаушы-маман да алынбаған еді. Сейіт Асқарұлы осы мәселелерді күн тәртібіне қойып, институт бюджетінен тыс қаржы көздерін қарастырып, қолжазбалардың сақталуына, ғылыми игерілуіне байланысты жобалар жасады, солардың негізінде бірсыпыра түйінді мәселелерді шешуге мүмкіндіктер тудырды. Атап айтқанда, қордағы 40 мыңға жуық қолжазба қайта қаралып, түгендеу жұмыстары жүргізілді. Осы ретте беттері өшірілген, жыртылған, тозығы жеткен көне қолжазбаларды қалпына келтіріп, оқылуы қиындаған кейбір мәтіндер (араб, латын жазуларындағы) қайта көшірілді, өшу қаупі туындаған қолжазбаларға электронды көшірмелер жасалып, жыртылған, мүжілген, сапасынан ажыраған көптеген қолжазбалар қайта өңделді. «Тек М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекшісі (директоры) С.Қасқабасовтың табандылығынан тозығы жетіп, үзіле бастаған ұзындығы 700 шақырым құрайтын үнтаспалар қайта өңделіп, лазерлік табақтарға түсірілді» (Әлібек Т. Жетісу ақындары. – Алматы: Әдебиет және өнер институты, 2008. – 134-б.). Ол алғаш фольклортануға бет бұрып, зерттеу жұмыстарымен шұғылдана бастағаннан бері халық әдебиетінің жанрлық жүйесіне терең сараптаулар жүргізіп келді. Баршаға мәлім, алпысыншы жылдарға дейін фольклордың, әсіресе прозалық туындылардың біртұтас жанрлық жүйесі ғылыми тұрғыда толық айқындалмаған еді. Ең алдымен, ұлттық ертегілерді ғылыми нысанға алып, түптамырына зер салған жас зерттеуші олардың композициялық құрылымын, көркемдік табиғатын, сюжеттік ерекшеліктерін жан-жақты қарастырып, ішкі жүйелерге саралады. Соның негізінде алғашқылардың бірі болып «Қазақтың қиял-ғажайып ертегілері» тақырыбында іргелі еңбек жазды. Одан кейінгі зерттеулерінде халық прозасының тереңінен дендей еніп, оның жанрлық жүйесін кешенді түрде зерделей бастаға­нын көреміз. Нақтылап айтқанда, оны әлемдік деңгейдегі фольклортанушылардың қатарына қосқан «Қазақтың халық прозасы» (1984), «Казахская несказочная проза» (1990) аталған іргелі еңбектерде тек ертегілер ғана емес, одан сырт шежіре, аңыз, әпсана, хикая, ауызекі әңгіме сияқты халық шығармалары алғаш ғылыми жүйеленіп, олардың құрылымы, жанрлық ерекшеліктері, көркемдік болмысы терең зерттелді. Әр жылдары республикалық, одақтық, халықаралық ғылыми басқосуларға, конференцияларға белсене араласып, қазақтың фольклорлық мұрасы мен оның жанрлық ерекшеліктері туралы маңызды баяндамалар жасады. Түрлі деңгейлердегі ғылыми басылымдарда зерттеу еңбектер жазды. Ал тоқсаныншы жылдардың басында Р.Бердібай, А.Сейдімбек, Ш.Ыбыраев сынды белгілі ғалымдармен кеңесе отырып ұлттық фольклорды қайта саралап, зерде елегінен өткізіп, ауыз әдебиетінен бөліп, оның жаңа жанрлық кестесін түзгені көз алдымызда. Бұл жүйе кейін отандық фольклортанушылардың тарапынан қызу қолдау тауып, ғылыми ортаға бағыт беретін бағдарламаға айналды. Қашанда соны ізденістерге, жағымды жаңалықтарға құмар Секең алыс-жақын шетелдерге барған сапарларында сол елдердегі ғылыми жетістіктерге аса мән беріп, елеп-екшеп, қажеттісін көкейіне тоқып қайтатынын қызметтестерінің көбі біледі. Мәселен, 1991 жылы Финляндиядағы фольклортанушылардың халықаралық федарациясының ғылыми мәслихатына қатысып, осы қоғамдық ұйымға мүше болып қабылданады. Сапар барысында бүкіл әлем таныған фольклортанушылардың «Фин мектебінің» өкілдерімен танысып, білісіп, тәжірибе жинақтап қайтты. Кейін көрген-білгенін саралап, қажеттілерін отандық ғылымға пайдалануды қолға алды. Әсіресе, ХХ ғасырдың бас кезінде фин оқымыстысы Антти Аарне, кейін Ст. Томсон жетілдірген «Ертегі типінің көрсеткішінің» негізінде қазақ ертегілерін жүйелеу мәселесін жолға қойды. Аталған Аарне-Томсон еңбегі бойынша ұлттық ертегілердің сюжеттік және мотивтік көрсеткіші жасалып, олардың шығу тегі, даму тарихы, таралу жолдары жан-жақты қарастырылды. Ел тәуелсіздігінен кейінгі жылдары ғалымның жетекшілігімен қордағы мұраларды құжаттауға байланысты да біршама жұмыстар атқарылды. Бұл ретте қолжазбаларға, микрофильмдерге, үнтаспалардағы ән мен күйлерге бөлек-бөлек каталогтау карточкалары жасалып, заманға лайық жаңа үлгілер енгізілді. Мәселен, бір қолжазба мәтінге атауы, жанры, бумасына қатысты үш түрлі карточка толтырылды. Бұл зерттеушінің керекті мәтінді тез тауып, пайдалануына қолайлы жағдай жасады. Жетекшінің табандылығының арқасында қорда сақталған 500 мыңнан астам әдеби мәтінді құжаттау жұмыстары бірер жылдың аралығынында толық аяқталды. Қордың күрделі жұмыстарының бір бөлігі әдеби мәтіндерді жанрына қатысты жүйелеп, олардың ғылыми сипаттамасын жазу мәселесі болды. Бұл жұмыс 1975 жылдан бері академик М.Ғабдуллиннің бас­тамасымен жүзеге асырылып, он жылдың көлемінде «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» деген атаумен батырлық (1-т.), ғашықтық (2-т.), тарихи (3-т.) эпостарға, ақындар шығармашылығына (4-5-тт.), айтыстарға (6-т.) арналған томдары жарық көрген еді. Сексенінші-тоқсаныншы жылдардағы экономикалық дағдарыс ғылымға да кесірін тигізіп оның қоғамдық салаларына байланысты көптеген жоспарлы тақырыптары жүзеге асырылмай қалғаны мәлім. Соған байланысты 1985 жылдан кейін «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» көптомдығы жалғасын таппай, кезекті томдарын дайындау жұмыстары тоқтап қалған еді. Сейіт Асқарұлының тікелей араласуымен 1995 жылдан бастап бұл тақырып қайта қолға алынып, ертегілердің қолжазба үлгілеріне арналған томы жазылып, баспаға әзірленгенімен, сол тұстағы қаржылық қиындықтарға байланысты 2003 жылы ғана жарық көрді. Ғалымның фольклортанудағы, әдебиет­та­нудағы, өнертанудағы, жалпы мәдениеттанудағы орасан еңбегі жөнінде біршама пікірлер жазылды, әлі де іргелі зерттеулер жүргізіліп, оның қазақ ғылымындағы өзіндік орны айқындалады деген ойдамыз. Біз сөз кезегінде қазақ текстологиясына қатысты ғана кейбір еңбектерін атап өткіміз келеді. Оның бұл саладағы алғашқы зерттеуі сол кезеңге дейін текстологиялық тұрғыда сараптаулар жүргізілмей келген ертегілік прозаға арналғаны белгілі. Зерттеушінің пікірінше, мейлінше жиі басылым көріп отырған ертегілерді баспаға дайындауда құрастырушылар тарапынан мынандай кемшіліктер жіберіліп келген: «Көп жағдайда тексті тек мазмұны тұрғысынан, аракідік көркемдік жағынан бағалаймыз да, сол текстің тілі, орындалу сапасы қандай – оған мән бермейміз. Текстологиялық редакциялаудың ғылыми негізделген шарттары да бізде жоқ. Мәтінді қаншалықты және қандай түрде редакциялау керек? Бұл да әлі ғылыми негізделмей жатыр. Сондықтан қазақ ертегілері жинағын құрастырушылар мәтінді редакциялауда өз білімі мен тәжірибесіне және баспахананың шарттарына сүйеніп жүр. Соның салдарынан ертегілік жинақтарда мәтіннің тілі көп өзгеріске ұшырап, ертекшінің стилі мен халықтың ауызекі тілі толық сақталмай, өз ерекшеліктері мен сипаттарынан айрылып қалып жүр. Жинақтарда әр жерден жазып алынған ертегілерде кездесетін диалектілік ерекшеліктер де өшіріліп қалды» (Қасқабасов С. Елзерде. – Алматы: «Жібек жолы», 2008. -61-б.). Кейін «Бабалар сөзі» жүзтомдық сериясының аясында басылым көрген ерте­гі­лердің бестомдығында осы кемшіліктер ескеріліп, бұрынғы жарияланымдар қол­жазба нұсқаларымен қайта салыстырылып, түпнұсқа негізінде дайындалғанын көреміз. Зерттеуші өзінің шығармашылық ғұмырында фольклордың өзге де жанрлар мен ақындар поэзиясына байланысты текстологиялық зерттеулер жазып, әлі де қалыптаса қоймаған мәтінтану ғылымына өзіндік үлесін қосты. Олардың арасында «Қазақ ертегілерінің текстологиясы туралы», «Қазақ ертегілерінің текстологиясы», «Проблемы и принципы издания текстов прозаического фольклора», «Фольклор шығармаларының текстологиясы жайында», «К вопросу об источнике поэмы Абая «Искандер», т.б. танымал еңбектері бар. Ал дәстүрлі ән мәтіндерінде кездесіп жүрген кемшіліктер де ғалымды бейжай қалдырған емес. Әсіресе, ән мәтіндерінің бұзылып орындалуы, халық әндерін авторларға балау, болмаса бір әншінің туындысын екіншісіне телу, қолдан әнші, сал-сері жасау сияқты келеңсіздіктер де оның сын тезінен сырт қалған емес. «Шынын айту керек, бұл олқылықтардың түрі бірнеше және олар әртүрлі себептерге байланысты. Олардың біразы Кеңес өкіметі тұсындағы таптық-партиялық идеологияның салдарынан болса, енді біреулері орындаушылардың халық әнінің сөзіне мән бермегендіктен немесе сөзін білмегендіктен болса, үшіншілері – орындаушылардың ән сөздерін өз ауылына қарай бұра айтуынан. Тағы бір тенденция – ескі халық әндерін ешқандай негізсіз бір авторға тели салу, сондай-ақ мәтінге кірме сөздерді енгізу, т.б. Міне, осыларды ғылыми тұрғыдан қарап, ақиқатты анықтау және жұртшылыққа әннің әуенін ғана емес, мәтінін дұрыс жеткізу – рухани мұрамызды бүгінгі және келешек өмірге қажетті дүние етудің басты шарты деп ойлаймыз» (Қасқабасов С. Ойөріс. Астана, 2009. 121-128 бб.). Сейіт Асқарұлының еңселі еңбектерінің тағы бір тобына халық мұраларынан әр жылдары құрастырған, баспаға дайындауға жетекшілік еткен, редакциясын басқарған көптеген ғылыми-көпшілік, академиялық басылымдарды жатқызуға болады. Оның дарынды замандасы Е.Тұрсыновпен бірге ең алғаш экспедициялық текстологияға ден қойып, зерттеуші ретінде араласып, ұстазы Н.Смирнованың жетекшілігімен жарыққа шығарған еңбегі «Казахский фольклор в собрании Г.Н. Потанина» атты жинақ (1972) еді. Жас ғалымдар жинақты баспаға дайындау барысында көптеген қиындықтарға кездесті. Мәтіндерде түсініксіз сөздер, бір-бірімен үйлеспейтін тіркестер, үзіліп қалған ойлар жиі ұшырасқан еді. Қазақ тілін жетік білмейтін ...Г.Н.Потанин болса, «... жітілікке, тереңдікке бармаған. Себебі, оның ғылыми зерттеулеріне керегі көркем шығарма емес, фольклорлық мотивтер мен сюжеттер болды» (Фольклор шығармаларының текстологиясы// Қазақ фольклоры мен әдеби шығармаларының текстологиялық зерттелуі. – Алматы: Ғылым, 1983. 15-16-бб.). Сондықтан құрастырушылар мәтіндерге ерекше мән беріп, қазақы қалпына келтіріп, ғылыми түсініктерде текстологиялық ерекшеліктер жөнінде толымды зерттеулер жазды. Кейін осы үрдісті жалғастырып, шәкірті К.Матыжановпен бірігіп В.В.Радлов жинаған фольклорлық үлгілердің негізінде «Алтын сандық» (1993), «Ел қазынасы – ескі сөз» (1994) сияқты жинақтарды жарыққа шығарды. Жетпісінші жылдардың аяғында Е.А.Костюхин, Н.С.Смирнова сияқты атақты фольклортанушылар мен әріптесі Е.Тұрсыновпен бірігіп, алғаш қазақ ертегілерін орыс тіліне аударып, «Казахские сказки о животных (легенда, предания, бытовые рассказы, сказки и басни)» атты жинақтың (1979) баспаға дайындалуына атсалысты. Алда да осы жұмысты жалғастырып, «Қозы-Көрпеш Баян сұлу», «Қыз Жібек» ғашықтық жырларын орыс тіліне тәржімалап, арнайы зерттеулер жазды. ХХІ ғасырдың басында «Қозы-Көрпеш Баян сұлу» жырының нұсқаларын сараптап, текстологиялық зерттеулер арқылы таңдаулы сегіз үлгісін топтас­тырып, ауқымды ғылыми түсініктерімен жеке жинақ ретінде жарыққа шығарды (М.Жолдасбековпен бірге, 2002). Араға жыл салып халықтың осы жырларының орыс тіліндегі аудармаларын «Козы Көрпеш и Баян сулу. Киз Жибек. Казахский романтический эпос» деген атумен Мәскеуде басылым көруіне мұрындық болды. Ол ақындар шығармашылығына да айырықша ден қойып, олардың әдеби мұраларын жинақтауға, жеке жинақ болып жариялануына, жаңаша зерттелуіне зор ықпалын тигізді. Бастамалар көтеріп, көптеген жинақтарға құрастырушы ретінде қатысты, сапалы басылым көруіне жетекшілік етті. Олардың арасында Жамбылдың «...Избранные произведения» (1996), Құланаян Құлмамбеттің «Сөзімнің қыл сыймайды арасына» (1998), Иса Байзақовтың «Ақбөпе. Таңдамалы» (2000), Дулат Бабатайұлының «Шығармалары мен тағылымы» (2003), т.б. жинақтары бар. Ал ғалымның ақындар шығармашылығы туралы іргелі еңбектері өзінше бір бөлек дүние, арнайы зерттеуді қажет етеді. Сейіт Асқарұлының халық әдебиетін жарыққа шығаруға деген жанашырлығы, ынта-жігері, жауапкершілігі «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында «Бабалар сөзі» жүзтомдық сериясы баспаға дайындалған жылдары айқын аңғарылды. Осы бірегей жинақтың атауын да, құрылымын да, жоба-жосығын да үкіметке өзі ұсынып, жетекшілік етті, оның мерзімінде, сапалы аяқталуына аянбай тер төкті. «Академик С.Қасқабасовтың «Бабалар сөзі» жобасының дүниеге келуі мен оның мемлекеттік тұрғыда қолдау тауып, жүзеге аса бастауы – қазақ фольклорын әлемдік деңгейге көтеріп, шет ел оқымыстыларының қызығушылығын туғызды. Себебі, қазіргі таңға дейін әлем деңгейінде мұндай аса бай мұраны текстология ғылымының жан-жақты талаптары: мәтіннің қолжазба нұсқалары, қолжазба мен жарияланған мәтіндердің ара-жігін ашып, толық ғылыми аппараты қамтылып, өзінің мұрагері болып табылатын халыққа ғылыми басылым түрінде қайта ұсынған халықтар кемде кем. «Бабалар сөзі» жобасы – ғалымның ондаған жылдар жинақтаған шығармашылық тәжірибесінің жемісі, жүрекжарды төл тумасы. (Әлібек Т. Ойтамызық. – Алматы: Әдебиет және өнер институты, 2013. 233-б.). Ғалымның бастамасы және жетекшілі­гімен баспа жүзін көрген «Әдеби жәдігер­лер» жиырма томдығы (2007-2013), «Қазақ музыкасының антологиясы» бес томдығы (2005-2007), Махамбет Өтемісұлының «Төрт томдық шығармалар жинағы» (2003), «Дала фольклорының антологиясы» онтомдығының 1-5 томдары сынды басылымдардың қазақ мәтениетінің тарихында алғаш рет жарық көруі республика жұртшылығын ғана емес, шетел оқырмандарын тәнті етті. Ол саналы ғұмырында халық әдебиетіне байланысты жүздеген зерттеулер, моно­графиялық еңбектер жазып, республика ауқымында, халықаралық деңгейде ондаған конференциялар, симпозиумдар мен ғылыми мәслихаттар ұйымдастырды. Алыс-жақын шетелдерде өткен ғалымдардың алқалы топтарында баяндамалар жасап, қазақ елінің халық әдебиетінің әлем мәдениетінің құрамдас бөлшегі екендігін дәлелдеп, оның өзіндік орнын айқындап берді. Бүгінде ұлттық фольклортанудың абызына айналып, сексен жасқа толса да қаламы қолынан түспеген ғалым ұзақ жылдар бойы өзі қалыптастырған ғылыми мектептің төрінде, қалың шәкірттерінің арасында ғылыми жұмыстарын жалғастырып отыр. Көкірегі идеяларға толы, жазғанынан жазары мол.

Тоқтар ӘЛІБЕКОВ, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Қолжазба және текстология» бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты

2317 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы