• Мәдениет
  • 25 Маусым, 2020

ДАЛАНЫҢ ДАУЫСЫ – ДОМБЫРА

Еліміздегі ерекше мереке, ерен көңіл-күй болып өтетін Домбыра күні қарсаңындағы ойлар мен ұсыныстар
Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Он сегіз мың ғаламды тербеткен мәртебелі Музыканың маржан тіліне жүгінсек, адамзат игерген саз аспаптарының бәрі де бір-бірінің үнін қайталауға қауқарлы. Бірі жетіп қайтарады, бірі жетік қайтарады, бірі өтіп қайтарады. Бес құрлықтың бойлығын жайлаған Адам Ата мен Хауа Ана перзентінің ортақ тілі – дыбыс, үн, саз, әуен, ырғақ, музыка. Қара жердің алғашқы тұрғыны қасиетті жеті нотаны жете меңгермесе де, тастан шыққан дыбыс жаннан шыққан саз болып, әр халықтың, әр нәсілдің өмірлік өнегесіне, көңілдік кенегесіне айналған.

Әр ұлт өзінің ұлттық аспабын мақ­таныш етеді, басқаға теңгер­мейді, жаттың қанжығасына өңгермейді. Бірақ бір нәрсе айқын – қазір қазақтың ұлы музыкалық аспабы – қасиетті қара домбырадан шыққан үн, ол орындай алатын әлемдік аспаптардың кеудесінен шыққан кез-келген күрделі әуен, көрікті саз қайсы ұлттың өкілдерін де жалт қаратып, жанына шуақ, көңіліне қуат құяды. Әдетте, «қара» деген сөзді бағзы бабалар «қасиетті, тарихи, ерекше тылсымға ие» деген мағынада қолданған. Осы сөз қазақпен бірге жасап келеді, жасай да береді. Қара жерде қазақ тұрғанда оның домбырасы сөйлей береді. Дың еткен «до» нотасынан кейін келетін алты саздың айшықты жетегіндей, қара домбыра дегенде кейде айтылып қалатын «қу ағаш» деген сөз де ойды бөліп, олқы сөздің түбін қазуға шақырады. Өткен бір ақындар айтысында осы «қу ағаш» деген сөз тілге тиек болып, үлкен-кішіні пікірталасқа шақырғаны бар. Дауылды жырдың даңғылы Қашаған ақынның сұпының үйіне келіп, ақынның домбырасын қызықтаған баласына сұпының: «таста әрі даңғырлаған қу ағашты» деп айтуынан домбыра туралы заман тіліне салып айтқанда, эстетикалық, этикалық, патетикалық, романтикалық, драмалық, философиялық, сатиралық, аллегориялық, эпикалық, эпитафиялық бояулары астасқан ғажайып жыр туған. Кейбір жас айтыс ақындары осы «қу ағаш» деген сұпының сөзін малданып, жеңіл сөзге алданып, тайыз ойды қарманып, оны ақтап алуға тырысып қалып жүр. Ақын әріден көруі керек. Алысқа қарауы қажет. Ақиқаты қайсы? Ақиқатқа адвокаттық жүрмейді. Тарихатқа жүгініп, шариғатқа бүгіліп, мағрипатқа үңіліп, ақиқатқа иіліп қарасақ, «Қу ағаш» сөзі - шала молданың шатпағы. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген төредей төртеуіңізді тұтастырған қара домбыра осы.Қашаған ақынның төкпе жырына ой көзімен қарасақ, ол «қу ағаш» деген жарымжан сөзді жарқыратып тазалап, қисындық-имандылық, діни-философиялық жағынан аршып алған. Осыны терең түсіне отырып, әрбір қазақ тоқтаса, «қара домбыра» деген тіркеске тоқтауы керек. Қара орман қазақ, қара орман жұрт қара шаңырақта қара домбыраны қолға ұстағанда, қара қазанның қақпағы ырыс демінен желпінген. Ұлы қаламгер Мұхтар Омарханұлы: «Қашаған – сөздің дүлдүлі» дегенде, ақынныңжауһар жырына көңіл құсы қонған болар. Әрине, домбыраның төркіні – ағаш. Сөздің төркіні – тіл. Тілдің төркіні – діл. Ділі дүмше, тілі сақау, ойы мақау сұпыға Қашекем сонда не дейді: ...Қолымдағы қу ағаш, Сайрап отыр бұл ағаш, Асылы емен, қарағай, Шыққан жері су ағаш, Пайғамбарлар туғанда, Бесік болған бұл ағаш, Ибраһим Қағба салғанда, Есік болған бұл ағаш, Мұнаралы әр жерде, Мешіт болған бұл ағаш, – деп жаратылыстың жариясын нақты деректермен шегелеп, иман таразысын шегендеп, тәкаппар пейілді көгендеп, ой нөсерін селдеткенде жырдың басты кейіпкері қазақтың қасиетті қара домбырасы еді. Анау ақ ұшпалы Алтайдан, сырғып аққан Сыр бойынан, Әзіреттің Алатауының етегінен табылған, тылсым тарихтың тіліндей, қазағымның үніндей болған, тасқа айналған домбыра сызбалары мен сұлбалары Ұлы Даламызда ислам дініне дейін де осы киелі аспаптың түбі біздікі болғандығынан сыр шертеді. Берел қорғанының берер қазынасы болған қазбалардан шыққан, бұдан бес мың жылдық әріде бабаларымыз көзбен көріп, қолмен ұстаған бес бұрышты жұлдыз бен сегіз мың жылдық тарихқа тартатын төрт құбыланың белгісі – крест таңбасы кейінгі замандарда келімсектер мен көрімсектердің қоржынына түсіп, жеке меншігіне айналып кеткенін енді ешкім жасыра алмас. Төл таңбаларымыз төрімізде жатыр екен ғой, жарықтық. Шалқайып шаңыраққа қарасақ, жетіп жатыр емес пе! Түндіктен әрі көз жіберсек, жұлдыз самсайды.

Керек десеңіз, біздің ұлы домбырамыз осы төл таңбалармен төркіндес, құрдас, қанаттас, қабырғалас. Жаратқан жандыны да, жансызды да жұптан жаратқан. Домбыраның қос ішегі де жұп болатыны содан. Осы жұп ішек Ұлы Даланың жоғалмас сарынын кейінге, бізге жеткізді. Бекзат өнер атанып, Еуропаның ендігі мен бойлығында ақ сүйек мырзалар мен айдай жүзін күн шалмаған арулардың мерейін асырған саз аспаптары: арфа мен фортепьяно, виоленчель мен рояль, саксофон мен кселофон секілді лағылы жалт-жұлт еткен музыкалық аспаптардың ең күрделі, ең иірімді, ең нәзік, ең жоғары регистрлі үндерін олардан бетер жеткізе алатын және олардың үндік үлгілеріне қажет кезінде бас пен баритон, тенор мен альт, немесе өз тілімізде айтқанда, барқын, жарқын, талшын, шіңгір секілді өзіндік әуенін жүрек ұясынан жайдары самалдай шығатын қоңыр сазымен қоса байытқанда, домбыраның үніне таңдай қағып, тақиясы түскен талай майталманды көргенбіз. Жанры әралуан күрделі музыкалық шығармаларды: шалқыған симфониялар мен өр дауысты ораторияларды, кең тынысты кантаталарды, мақамы мөлдір романстарды шырқ үйіріп ширатып, бабына келтіріп боздатып, сан дыбысты қоздатып, рухани мүмкіндігін таныта алатын қарапайым ғана қара домбыраның ұлы қасиетін өзіміз әлі жете бағалай алмай жүрміз. Тарихтың тар кезеңінде тіліміздің тиген жері де, ұятымыздың күйген жері де болды. Домбыраны тәрк еткен хатшы да болды қазақта. Әлі есте, 1987 жылдың алғашқы айы болатын, сол кездегі «Жас Алаштың» бас редакторы Уалихан Қалижан тікелей телефонмен өзіне шақырды. Кірсем оның алдында орта бойлы, ақ шашты, жүзі ресмилеу, адамға тінте қарайтын бір ақсақал отыр екен. Сәлемдесіп, қарсы алдына отырдым. Уәлекең алдында жатқан қағазды маған қарай ысырып, «мына жігіт бөлім меңгерушісі, мақалаңызды осыған беремін, қарап пікірін айтады, сосын арғы жағын ойластырамыз, сіз бара беріңіз, хабарласамыз» деді. Әлгі кісі біздерге шаншыла, шытына қарап, құлықсыздау шығып кетті. «Таныдың ба?» деді Уалихан сәл шамырыққан үнмен. Танымадым. «Өзің білетіндей, баяғыда қазаққа домбыра неге керек?» дегендей пікір айтып, ұлттық өнерге тұсау салған, содан бері басынан осы сөз арылмай келе жатқан Нұрымбек Жандилдин деген ағаң осы» деді. Әрине, білемін, кезіндегі Орталық партия комитетінің хатшысы. Мақаласын сол жерде оқып шықтым, өзін ақтауға талпынған тәсілі екен. Уәлекең орнынан тұрып, сейфін ашып: «Сен біліп жүрсін дедім, бұл мақала осы темір сандықтың түбінде жатқаны жатқан, басылмайды, бір жауабын берерміз» деді сенімді үнмен. Осылайша домбыра туралы оғаш сөз иесінің кеш жазылған пікірі томағасы алынбас темір сандықтың ішінен орын алды. Яғни, ағат сөз абақтыға қамалды. Домбыра – ұлттық ұлы байлықтың қайнары. Мұндай музыкалық аспабы бар халық қазақтан басқа жоқ. Тиегіне дейін киелі, сағасына дейін жүйелі, шанағына дейін шежіре, құлағына дейін тарих, пернесіне пейіл ұя салған ұлы қазына бізден басқа кімде бар? Арлы азаматтардың арқасында қазақтың мың күйі тасқа түсіп таңбаланып, дискіге түсіп құлақ ашып, төрімізден орын алды. Атақты алты мектептің – Атыраудың төкпесі мен желеңі, Маңғыстаудың мың толғақ, жүз иірімсазы, Сыр бойының сыршыл, сәулелі сыңғыры, Қаратаудың қоңыр үнді шертпесі, Шығыстың шежірелі,шаңқандай ажарлы үні, Арқаның жан баураған жайлы ырғағы, бәрі-бәрі жиналып келгенде, Ұлы Даланың Ұлы Оркестрі болып кеудеңді мақтанышқа, еркіңді ерлікке, жігеріңді жеңіске шақырады. Сондай кезде қазақ болып туғаныңа мақтанасың. Академик Ахмет Жұбановтан тартып, кешегі Қаршыға мен Төлегенге, бүгінгі Сержан мен Розаға, Айтжан мен Жанғалиға, Айгүл мен Анарға, Секен мен Тұрарға дейінгі, олардан кейінгі домбырашылар қазақ домбырасының құдіреті мен қасиетін әлемге танытып жүр. Ал қазақ поэзиясында ақындардың мыңдаған өлең-дастандары жыр жампозы Ілияс Жансүгіровтен бастап, Хамит Ерғалиевпен қостап, дәулескер Дәулеткерейдің күйшілік рухын ақындық қуатта жалғастырған жастарға келіп жал-құйрығын артады. Бабамның көзіндей, сөзіндей және өзіндей домбыра тұрғанда ұлтымыздың рухы өлуі мүмкін емес. Ғасырдан-ғасырға ұласқан рухани жаңғырудың тәуелсіздік дәуіріндегі жаңаша жаңғыруы домбыраға келіп астасқаны, «Домбыра Күніне» келіп бас қосқаны әрі байрағымыз, әрі қайрағымыз, әрі жайнағымыз, әрі байламымыз болды. Қалам ұстап, кеудесінде қазақы жүрегі қалтқысыз соққан әрбір қаламгер домбыра тақырыбын айналып өткен емес. Өйткені, домбыра бұл – атамыз, анамыз, баламыз, қысқасы ұлттық данамыз! Соның ішінде қазақ поэзиясында тек қана бір тақырып – күй тақырыбында арнайы жыр жинағын жазған ұлы ақынымыз Жұмекен Нәжімеденовтің «Күй кітабы» атты керемет кемел шығармасының жөні де, жобасы да бөлек еді. Өзі де ғажайып домбырашы Жұмекен осы кітабына барын салған болатын. Күй сазына орай, оның күрделі ырғағын бұзбай, мазмұнын дамыта аша отырып, күйге сөз жазған ақын да қазақ әдебиетінде жалғыз өзі болды. «Алатаудың» маңғаз да марқайған көрінісі, «Қайран шешемнің» мұңды да сырлы самалы, «Ақбайдың» ақыл мен ашу арбасқан қағысы, «Кішкентайдың» кішірейе басталып, дауылға ұласқан жойқын төгілмесі, «Адайдың» алашапқан арғымақ жүйріктігі, «Серпердің» сертке бөккен серпіні, «Қызыл қайыңның» қызулы қуаты, қысқасы, несін айтасыз, ұлы Құрманғазының ұлан күйлері өлең тілінде зергер құйған зерлі алтындай жарқырап түсіп еді. Соны бір талапты ақын, талмауырын сыншы орынсыз сынап жазғанда, Жұмекен ағам: «Ойбай-ай» деп күйіне тіл қатып, бір уыс төбе шашын жұлып алған екен. Өзі де аса сақып домбырашы Жұмекеннің осы кітапты жазуға толық ақындық, азаматтық қақы бар еді. Осы жерде бір ескере жүретін жайтты да сөз арасына сала кетелік. Әдетте, сахнаға шыққан күй тартушының бәрін «күйші» деп хабарлап жатады. Бұл – әбестік. Өзгенің шығармасын орындаушы – домбырашы, ал күйші өз жанынан шығарма тудырушы, демек композитор. Екеуі мүлде екі бөлек адам. Осыны да өнер сүйгіш қауым қаперіне ұстаса екен. Термин төркіні адаспауы керек. Алғаш рет туған еліміздің әр қиырынан келгенмен, бір қалада тоғысқан 2000 мың домбырашы Елбасы Жарлығымен бекітілген «Домбыра күні» ұлттық мерекемізде еліміздің ең салтанатты алаңында – Тәуелсіздік алаңында күй төкті. Айтулы дирижер Айтқали Жайымовтың сиқырлы таяғы сілтенген сәтте шалқып, Астана аспанын жаулаған Түркештің «Көңілашары», Құрманғазының «Адайы» мен «Са­рыарқасы», Нұрғисаның «Ата толғауы» мен Желдібаевтың «Ерке сыл­қымы» бастаған күйлер Елорданың еңсесін көтеріп, әрбір қазақ баласы көптен күткен төл мерекесінің тұсауын кесті. Бұл ғажайып мейрам, ғаламат шаттық болды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың баталы сөзі мен арқалы тілегінен кейін төгілген күйлер қазақ аспанын заңғар биікке көтеріп әкетті. Осыны көптен күткен едік қой, төбеміз көкке жетті.Алаңды толтырған аламан жұрттың көңілдері де күйдей шалқыды, саздай балқыды. Ұзағынан болғай ұлағатты бастама! Екі мың адамның алдыңғы қатарында қара домбыраны құндақтап саусағы саға бойлап жүгірген «Астана опера» театрының директоры Ғалым Ахмедияровтың, Құлагердің жалындай қалың шашын сілке тастап домбырасын сөйлеткен Секен Тұрысбектің, тепсініп төге тартатын Тұрардың, қаба сақалын күй сазы желпіген Бекболат Тілеуханның, сүйрік саусақтары салтанатты күйлерде салаланып кететін Айгүл Үлкенбаевның, қоңыр құндақ домбырасын қыса ұстап, маңдайына күн қонақтаған Мейрамбек Бесбаевтың, кішкентай саусақтары майысып, аға-апаларының арт жағынан табылған балалардың халық алдында қасқайып отырып, үкіленген үш сағаны қайтара күй тартуын әрі азаматтық, әрі ғаламаттық деп қабылдаймыз. Үйренер үлгі, ізашар үрдіс осы болар. Бұл да ұзағынан болғай! Алла қаласа, бұл асқақ мереке жыл сайын өте бермек. Домбыра дәурені жалғаса бермек. Амандық болса, жыл сайын Домбыра күнінде 3-4 мың адамдық оркестрдің күй керуенін исі қазақ исіне тыңдап, өзге этностар да елең етсе деген қиялым да бар. Рухани жаңғыру дегеніміз құр сөз, құрғақ ақыл емес, осылай көрініс танытса, көшіміз көлікті, жүгіміз көрікті бола түспек. Осы орайда, Ұлттық домбыра күнінің ғұмыры ұзақ болуы үшін осы іске мұрындық боларлық азаматтардың назарына мына жайларды да бере кетсек деп едім: – Барлық бастауыш, орта мектептер мен арнаулы орта оқу орындарында домбыра сабағын (мүмкін факультативті сабақ ретінде) оқыту; – Жыл сайын жас домбырашылардың республикалық байқауларын өткізіп, озғандарына мемлекет тарапынан арнау­лы стипендиялар тағайындау; – Кезіндегі халық театрлары сияқты жергілікті жерлерде ұлт аспаптары оркестрлерін құрып, олардың респуб­ликалық ортақ репертуарларын арнайы бекіту; – Жыл сайын Домбыра күні алдында жазба ақындардың мүшәйрасын өткізіп, жүйрік шығармаларды жеке жинақ етіп шығару; – Ел бойынша домбыра жасаушы­лардың байқауын өткізіп, үздік шебер­лердің есебін алып, оларға тиісті қам­қорлық-көмек көрсету; – Жылына бір рет осы күн алдында «Даланың даусы – домбыра» атты халықаралық ақындар айтысын өткізу; – Еліміздегі әр алуан күйшілік мектептің шебер орындаушыларын республикалық ғылыми-іскерлік мәслихатқа шақырып, күй мамандарының зерттеу-сараптамаларын жасатып, олардың даму бағыттарына тиісті жол көрсету; – Қазақ күйлерінің алуан мектептік антологиялық дискісін шығарып, халықтың қол жетімді бағасына сатуды ұйымдастыру; – Елорданың Тәуелсіздік алаңында Домбыра ескерткішін тұрғызу; – Президенттің Жарлығымен «Домбыра» медалі тағайындалып, жыл сайын, оны таланты асқан домбырашыларға беріп отыру. Елден бұдан басқа да құнды ұсы­ныстар түсуі мүмкін, солардың бәрін жинақтап, сараптап, іс барысында жүзеге асыру нұр үстіне нұр, күй үстіне күй болар еді. Ендеше, іске сәт! Домбыра дәурені даңқын асыра берсін.

4336 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы