• Мәдениет
  • 16 Ақпан, 2011

«Шаһмаран» дастаны жөнінде

d0b1d0b0d0b1d0b0d0bbd0b0d180-d181d0bed0b8М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында жарияланатын “Бабалар сөзі” топтамасының жүз томдық ғылыми басылымын жоспарлау барысында ұлттық фольклордың бұрын-соңды толық жарияланбаған, аса бай құндылықтар болып саналатын эпостық жәдігерлерге ерекше ден қойып, осы мұраларды 63 том көлемінде дайындауды жобалаған еді. Олардың он үш томы «Хикаялық дастандарға» арналып, алғашқы жинақта : “Сыршы молда”, “Ғаяр қатын”, “Қисса Зейне Зайуб”, “Жетім көдек”, “Орқа-Күлше”, “Қисса Таһир” сияқты туындылар қамтылса, топтаманың кезекті 2-томын «Шаһмаран» дастанының (құрастырып, ғылыми түсініктерін жазған – филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Әзібаева) бір ғана нұсқасы құрады.

Кеңестік дәуірде қалың оқырмандарға беймәлім болып келген бұл фольклорлық туынды Қазан төңкерісіне дейін алты мәрте баспа жүзін көріп, Қазақстанның барлық өңірлеріне таралған. Алайда дастанның ХІХ ғасырдың аяғында жарық көрген екі нұсқасы ғылыми айналымға түспеген. «Қазақ кітаптары» (1986), «Ре­волюцияға дейін қазақ тілінде шық­қан әдеби кітаптар» (1978) библиография­лық көрсеткіштерінде дастан Қазан қаласында 1881, 1893 жылдары «Қисса-и Шаһмаран», “Хикаят Шаһмаран” деген атаулармен жарияланғаны туралы деректер келтірілген. Бірақ бұл басылымдар еліміздің сирек кітап қорларында сақталмағандықтан, қандай да бір тұжырым айтудың қисыны келмейді. Ал шығарманың Орталық ғылыми кітапханадағы 1901, 1907,1909,1913 жылдары жарияланған басылымдары әр қилы аталғанмен, мәтіндерде көп ерекшеліктер байқалмайды. Алдыңғы «Шаһмаран кітабы»», «Шаһмаран хикаясы» аталған екі кітап та белгілі татар баспаге­рі И.Н.Шәмсидиновтің қаражатымен Қазан университетінің баспаханасынан жарық көрген. Жинақтардың мұқабасында баспаға, баспагер-демеушіге қатысты мәліметтер ғана көрсетілгенмен, туындының авторы, жырлаушысы, жинаушысы, тіпті болмағанда жіберуші адам туралы дереккөзі қамтылмаған. Тек дастан мәтінінің аяқ шеніндегі: «21 июнь 1895-ші санади, Көкшетау Жүсіп Нұрым ұғылының» деген дерекке қарап, шығарманың аяқталған мезгілін, жазылған жері мен жазып жіберушінің аты-жөнін аңғару қиын емес. Дастанның «Шаһмаран» атауымен жарық көрген соңғы екі басылымы да (1909, 1913) Ш.Құсайыновтың демеушілігімен жарияланған. Құрастырушы аталған төрт басылымды салыстыра қарастыру барысында айтарлықтай мәтіндік өзгешеліктер кездестірмегенімен, соңғы екі жинаққа дастанның жариялану тарихына қатысты біраз шумақтар қосылғанын анықта­ған. «Өлең жолдарының мазмұнына қарағанда, Жүсіп Нұрымұлы бұл дас­танды алғаш 1895 жылы қағазға түсіріп, оны жариялау мақсатымен Қазан қа­ласындағы баспагер Ш.Құсайыновқа жі­берген. Бірақ та ойдағыдай шықпай, дастанды Ш.Құсайынов емес, оның сол уақытта сенімді қызметкері болып, кейін Ж.Нұрымұлы айтқандай, “дәм таусылып Құсайыновтан шығып кетіп” өз алдына баспагер болған Исмаил Нәжмедин Шәмсидинов өз қаражатымен басып шығарып, пайдаланып кеткен. Оған наразы болған Ж.Нұрымұлы 14 жылдан кейін, яғни 1909 жылдың қаңтар (январь) айында мәтіннің тағы бір данасын да­йындап, соңына 13 шумақ өлеңін қосып Ш.Құсайыновқа қайтадан жібереді. Сәті түсіп, көп кешікпей мәтін, 1909 жылдың аяғында болса керек, кітап болып жарық көреді. Демек, 1909 жылы жарық көрген кітапты Ш.Құсайынов ұрпақтары Жүсіп Нұрымұлы 1909 жылы қайтадан жазып жіберген нұсқасынан бастырған. 1913 жылы осы кітап еш өзгеріссіз тағы басылып шығады». Тағы бір көңіл бөлерлік жайт, дастан нұсқаларындағы жырлаушыға қатысты деректердің біржақты еместігі. Атап айтқанда, мәтінді баспаға дайындаушы Ж.Нұрымұлының жыршы, көшіруші ретіндегі қызметі басылымдардың еш­қайсысында да арнайы көрсетілмеген. Құрастырушының пайымдауынша, туын­дының жыршысы Фахреддин деген адам болуы да мүмкін. Себебі «Әй, Фахреддин, шаршатпа өзіңізді, Көп сөз жазып талдырма көзіңізді» деген мазмұндағы өлең жолдары мәтінде он бір рет қайталанады. «Келтірілген мысалдардан бұл есім бір ғана ситуацияда кездесетіні көзге түседі: жыршы өзінің атын атап, “Әй, Фахреддин”, – деп өзіне үндеу жасап отырады. Осыдан Фахреддин есімді дастан жыршысы мен қолжазбаны жазып, Қазанға екі мәрте жіберген көкшетаулық Нұрым Жүсіпұлы екі бөлек адам болған деп қорытынды жасауға болады. Бұған қоса жоғарыда келтірілген деректерді [дастан 1881 жылы және 1893 жылы кітап болып шыққаны туралы] назарда ұстасақ және Ж.Нұрымұлы қолжазбаны 1895 жылдың маусым айында жазып бітіргенін ескерсек, Ж.Нұрымұлы дастан мәтінін бұрын жарық көрген кітаптан, я әзірше бізге белгісіз бір қолжазбадан көшіріп, соңына өз атын қосып қойған деп болжауға болады. Себебі ол уақыттарда қағазға түсіруші, көшірушілер көптеген жағдайда өздерін жазушы деп санаған, өйткені олар жазу дегенді бір жағынан өте кең мағынада түсінуімен қатар кейде дәлме-дәл, сөзбе-сөз түсінген. Сондықтан әзірше Ж.Нұрымұлы еңбегін «Шаһмаран» мәтінінің айтушысы, көшірушісі, оны дайындап баспаға жіберуші ретінде бағалаған жөн». «Шаһмаран» дастаны бір-біріне жал­ғасып, оқиғалары кезектесіп дамып отыратын түрлі тақырыптағы шығармалар жиынтығынан құралады. Дәлірек айт­қанда, шығармаға Құран Кәрімде және одан бұрын түскен қасиетті кітаптарда баяндалған, сондай-ақ Ислам және өзге елдердің, яғни діні басқа халықтардың фольклоры мен әдебиетінде жиі аталатын әулие, пайғамбарлардың, тарихи және эпикалық кейіпкерлердің өмірі мен қызметін бейнелейтін аңыз, хикаяттар; табиғат-жаратылысқа байланысты ортағасырлық дүниетанымды әсірелей көрсететін хикаялық әңгімелер; ертегілік, мифтік көріністер, сюжеттер мен мотивтер өзек болады. Шығарманың негізгі кейіпкерлері – Даниал пайғамбар мен оның жалғыз ұлы Жамсыб. Бірақ басты қаһарман Жамсыб жалпы эпостық туындылардағыдай Құдайға жалбарынудан дара-жалғыз туып, ерекше ержетіп, тылсым күш-қуаттың иесі болмайды, керісінше, Даниал пайғамбар болашақ ұлының тағдыр-талайын қасиетті кітаптар арқылы алдын ала болжап, дүниеден өтер алдында әйеліне өсиет етіп кетеді. Шынында, әйелі ұл туып, есімін Жамсыб қояды. Бала ержетіп, молдадан дәріс алғанмен, Даниал болжағандай, білім, ғылымға бейімді болмайды. Жасөспірім отыншы кәсібін игеріп, сол шаруамен жүріп, бір күні жер астындағы жыландар патшасы Имлиханың қолына түседі. Патшалықтың құпиясын ашқысы келмеген Имлиха Жамсыбты жер үстіндегі мекеніне жібергісі келмейді. Оның себебін түсіндіру үшін адамдардың зымияндығына, арамдығына, дүниеқорлығына байланысты үлгі-өнегесі мол, қызғылықты ұзақ-сонар әңгіме айтады. Осыдан үлкен ғибрат, зор тәрбие алған Жамсыб аяғында әкесі болжаған жетістіктердің бәріне қол жеткізеді. Томның ғылыми түсініктемесінде құрастырушы тарапынан «Шаһмаран» дастанының нұсқаларына, оның ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы басылымдарына, мәтін ерек­шеліктеріне байланысты жан-жақты талдаулар, тілдік, стильдік өзгешеліктерге қатысты ғылыми сараптаулар жүргізілген. Сөздік бөлімінде мәтінінде кездесетін көне түркі (әйла – жасау, істеу; гүнша – гүл; раушан; тұт – ұстау, сақтау; тұтқынға кіртеді – тұтқын ету, тұтқындау; түпірік – түкірік; тірік, тіріклік – өмір, тірі болу, тіршілік ету, т.б.), парсы (бинакаһ – жазықсыз, күнәсіз; биһұшт, биһұш – көңілсіз, ессіз болу, естен танып қалу; гаулау – шулау; гәп, кеп – сөз, әңгіме, хикая; зүбәржат – жасыл түсті асыл тас; зымыстан – адам төзгісіз, қатты; қыс), араб (ағза – дене мүшелері, ажиз, ғажиз – күйсіз, әлсіз, нашар; әрбаи – рубаи сөзінің көпше түрі; әсіл – түбі, тамыры, түп негізі; әуара – есуас, әуре; әулад – [уәләд сөзінің көпше түрі] – ұрпақ т.б.) сөздерінің қазақша баламалары, мәтінде кездесетін Құран аяттары мен дұғалардың аудармасы берілген. Сондай-ақ дастанда жиі ұшырасатын Пайғамбарлардың, сахабалардың, діни қайраткерлердің өмірі мен қызметіне байланысты, жер-су атауларына және жинаушыға қатысты қысқаша мағлұматтар қамтылған. Тоқтар ӘЛІБЕКҰЛЫ, ҚР Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты

3556 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы