• Әдебиет
  • 02 Шілде, 2020

АЙДЫНДЫ АЛАКӨЛ

Жаз айы басталысымен Алматыдан Алакөлге  күніне арнайы оншақты автобус, Алматы-Достық пойызы, Алматы-Үшарал ұшағы туристерді тасымалдайды. Жеке көлікпен демалуға баратын отбасылар қаншама? Маусым, шілде, тамыз айларында көлдің шипалы суына шомылып, емдік қара батпағын денеге жағып, күнге қыздырынған мыңдаған демалушының қызықты-думанды көңіл күйіне таңырқай да тамсана қарайсың. Кейінгі оншақты жыл көлемінде Алакөлдің аты республикадан тыс жерлерге де жете бастады. Бір жолы түскен жолаушының екінші қайта келуіне жетелеген көлдің қандай құдіреті, қандай құпиясы бар екен? 

Еліміздің оңтүстік-шығысындағы тарихи атауы әрбір қазақтың жадында мәңгі сақталып қалатын «Жоңғар қақпасы» – шығысында Тарбағатай мен оңтүстігінде Жоңғар Алатауы сілемдері өзара түйісе алмаған жазық алаңның атауы. Осы екі таудың арасындағы Алакөл ойпатында ұзындық өлшемі 120 шақырымдай, ені 55 шақырым болатын Алакөл көлі толқып жатыр. Алакөл тарихына үңілсек, оның табиғатына қызыққан Еуропа, Қытай саяхатшыларының көне жазбаларын оқуға болады. Караханидтер әулетінің тарихнамасын жазған араб тарихшысы әл-Ыдырыси көл атауын Шаған (Алакөл), оған құятын Тентек өзенін Шария деп атайды. 1253 жылы «Жібек жолы» арқылы жүріп өткен саяхатшы Вильгельм Рубруктың жазбаларында көлдің атауын «Толқынды көл» деп көрсеткен. Алакөл ойпатын зерттеген патшалық Ресей мемлекетінің офицері Н.Унковский Алакөлдің қысқаша сипаттамасы мен картасын түсірген. Міне, осы бағыттағы зерттеулерді үдете бастаған Ресей патшалығы 1793 жылы Императорлық ғылым Академиясының мүшесі, дәрігер ботаник И.Сиверсті жіберіп, Алакөл ойпатының емдік шөптерін анықтап, жабайы жеміс-жидектерін зерттеп, тізімдеткен. Ал 1840 жылы «Петербордың ботаникалық бағы» арнайы экспедициясы құрылып, Алакөл ойпатын зерттеуге А.И.Шренк пен оның серігі К.Ф. Менсгаузенді аттандырды. Шренк Алакөл көлдерінде мекендейтін балық түрлерін «Балықтар» аталатын жинағында жариялады. Қытаймен шекаралас Алакөл ойпатын зерттеушілер жылдан-жылға жаңа экспедициямен толығып, құпия деректерді жинады. Осындай экспедицияның бірінде атақты саяхатшы П.П.Семенов Тянь-Шаньский 1857 жылы Жоңғар Алатауын асып, Алакөл ойпатының солтүстікке созылып жатқан Сасықкөлде болып, ботаникалық зерттеулер жүргізді. Ебі желінің соғу жылдамдығы мен екпінін, мал жайып жүрген малшы мен малын ұшырып, көлге түсіргенін де жазған. Көлдің абсолютті биіктігін анықтау үшін гипсометрлік өлшемдер жүргізген, көл суының тұщылығы да сөз болған. Алакөлдің ғажайып құбылысына жатқызамыз ба, жоқ әлде құпиясы ашылмаған табиғаттың тылсым ерекшелігі ме, көл суы деңгейінің 9-10 метрге дейін көтерілуі мен төмен түсуі ешкімді бейжай қалдырмайтыны анық. Ақын Ахмет Кендербекұлы: «Алакөл туралы айырықша тоқталған жөн. Алакөл қазаққа да, басқа жұртқа, әсіресе мәскеулік ғарыш саласымен айналысатын ғалымдарға, ғарышкерлерге ежелден таныс. Көл жанымен көне Жібек жолы өткен. Қазір «Достық» бекетіне баратын теміржол торабы елімізбен көршілес Қытай елін байланыстырып отыр. Өткен ғасырларда Алакөл суының шипасына Шыңғыс хан, әлемге әйгілі саяхатшы Марко Поло да куә болған деседі. «Алакөл серіктері – Жалаңашкөл және батысындағы Сасықкөл тұтасып жатқан» дейді Марко Поло» деген деректер келтірген. Қазіргі Алакөл бассейніне кіретін көлдердің теңіз деңгейінен биіктігі: Сасықкөл – 348 м., Қошқаркөл – 348,9 м., Ұялы – 349 м., Алакөл – 348 м., Жалаңашкөл – 368 м. Бастапқы төрт көлдің деңгейлері шамалас, ал Жалаңашкөл деңгейінің айырмасы 9 метр. Сая­хатшы Марко Полоның көргені мен айтқаны шындыққа жанасады. Жергілікті тұрғындарға және де көл маңайындағы балық аулауды кәсіп ететін балықшыларға көл суының көтерілуі мен төмендеуі қалыпты табиғи құбылыс ретінде қабылданады да, көл суының көтерілуі балық­тың өсуіне, көбеюіне мейлінше қолайлы жағдай туғызса, судың төмендеуінен көлді мекендейтін құс пен балықтың қорегі азайып кетеді екен. Ғалымдардың зерттеулеріндегі көл суының көтерілуі мен төмендеуінің айнал­малы-қайталану сипатына сүйене отырып, анықталған деректердің көрсеткішін келтіре кетейік. 1845-1850 жылдары су қатты төмендеген. Ал 1940 жылғы деректер судың 3-4 метрге көтерілгені туралы жазады. Көл суының ең төменгі деңгейінен бастап келесі төменгі деңгейіне дейінгі айналымы 61 жылдың (1885-1946 жылдар) ішінде судың көтерілуі 23 рет, ал төмендеуі 38 рет байқалған. Көл жағасында орналасқан Көктұма, Қамысқала ауылдарын су басып, тұрғындар амалсыздан бірнеше мәрте қоныс ауыстыруға мәжбүр болған. Қамысқала балықшылар ауылында 1970 жылдары салынған үш қабатты жаңа үлгідегі орта мектеп ғимараты су астында қалып, ақыры оқушыларды биіктеу жерде орналасқан аурухана ғимаратында оқытуға тура келіпті. Жоғарыдағы келтірілген деректер нақтылы табиғи құбылысты анықтағанмен, осы құбылыстың туындау себептеріне біржақты пікірді беретін сияқты. Яғни көлге құятын өзен суы қар қалың түскен жылы және жауын көп жауғанда көбейеді деген тұжырымдарды ғана айтады. Көнекөз қариялардың өздері куә болған әңгімесін тыңдадым. «Өткен ғасырдың 30-50 жылдары балық аулаумен шұғылданған балықшылар көлге шығатын кезімізде көзі қарақты қариялар: «Көл ортасында үлкен иірім бар, ол жаққа барып ау салмаңдар. Иірімнің айналымына түскен қайықтың аман шыққанын естіген емеспіз. Сақ болыңдар» деп ұдайы ескертетін. Барлық балықшы әлгі иірімнен алыстау жүріп балық аулайтынбыз» деген еді бірде Ақмежан аға. Балқаш көлінің деңгейі теңіз деңгейінен 342 метр биіктікте жатса, Алакөлдің деңгейі 343 метр. Қос көлдің деңгейінің көтерілуі мен төмендеу көрсеткіштері өте ұқсас екенін байқаймыз. Ал ол ұқсастықтың себебі әлі де белгісіз болып отыр. Мүмкін осы екі көл суы жер асты сулары арқылы жалғасып жатыр ма екен? Алакөл бассейнін құрайтын бес көл су көтерілген кезде тұтас бір айдынға ұласып кететіні белгілі. Көл суы тартылғанда әрқай­сысы өз айдынына бөлшектенеді.

Ұлтымыз жер-су атауына аса көреген­дікпен қарап, табиғат құбылысымен үйлестіре отырып таңбалаған. Алакөл бассейнін құрайтын бес көлдің атауы өз сипаттарына дәл келеді. Жоңғар қақпасынан бастау алатын көл – Жалаңашкөл. Атына заты сай – көлдің айналасы қиыршық тас, жалаңаш жазық. Көлдің шығыс жақ жағалауында ғана тораңғы тоғайы сақталып қалған. Көл суы жалбыз түстес. Суға бойлай жүзсең су астынан баяу шығып жатқан кішкене ауа шарларын байқайсың. Денең ширап, ары-бері малтып сергіген соң, жағаға шыққанда судың өте жұмсақ әрі майлы екенін сезесің. Көл суының адам ағзасына пайдасы көп, соның ішінде радиациялық әсерді бәсеңдететін қасиеті бар. Ғарышкерлер жерге оралған соң Жалаңашкөлге шомылдырып, бойға күш-қуат жинататын болған. Жалаңашкөл мен Алакөл көлін аласа жота бөліп жатыр. Алакөл Жалаңашкөлден сипаты ерекше. Судың тұнықтығы соншалықты жағада тұрып тереңге көз салсаң су түбіндегі тастарды, жүзіп жүрген шабақтарды айқын көруге болады. Көлдің суы тұзды. Суға шомылып, жағада құм аралас қиыршық таста қыздырынып жатып, немесе арқаңды күнге беріп көл айдынын тамашалай қарасаң, көл бетінің ашық түсі қоюланып көк түске, бір сәт көк түстен басқа реңге ауысып кеткенін байқайсың. Көл суының бір жолағы ақшыл, бір жолағы көкшіл болып өзгеріп тұруы аспандағы қыран құстың қалықтау биігінен де анық көрінеді. Осы құпия құбылыс көлдің «Алакөл» деп аталуын дәлелдеп тұр. Ұялы, Қошқаркөл мен Сасықкөл атауларының негізінде де осы көлдерге тән сипаттар анық байқалады. Тянь-Шань мен Жоңғар Алатауының жоталарын мұз басқан бұрнағы замандарда Балқаш көлімен Алакөл тізбектері бір бассейнді құраған деген болжам (Валангали; Давыдова, т.б.) бар. Уақыт өте келе Балқаш пен Алакөл көлдері өзара бөлініп кеткен. Осы екі көлдің суында тіршілік ететін жәндіктердің ихтиологиялық зерттеулеріне сүйене отырып, мынандай өзгешеліктеріне тоқталып, жауап іздейсің. Бастапқыда бір теңізді құраса, бассейндегі теңіз жәндіктерінің, балық түрлерінің әртүрлі болуының себебі неде? Алакөлде тіршілік еткен жергілікті балық түрлері санаулы: ұсақ итбалық, қара балық (шармай), шұбар ит балық, алабұға. Балқаш көлінің негізгі табиғи қоры өте бай: сазан, табан, қара балық (шармай), мөңке, жайын, ақсерке, көксерке, қаяз, шортан, бекіре, аққайран. Екі көлдегі балықтың осыншалықты ерекшеленуіне қандай табиғи құбылыстар себеп болған? Қазіргі күні Алакөл бассейнінде 22-ден аса балық түрі жіберіліп, жерсіндірілген. Алакөлдің толық зерттеліп, ашылмаған құбылысы жетерлік. Жас ғалымдардың туған өлкенің табиғатына қызығып, құпия құбылысқа теңеп жүрген жорамалымызды физика, химия, геология, сейсмология, ихтиология, т.б. ғылымдары теориясымен дәлелдейтініне сенімім мол. Ерекше құбылысты, тұма табиғаты бар Алакөлдің келешек ұрпаққа дін аман жетуі жергілікті тұрғындардың, аудан басшыларының азаматтық борышы екенін естен шығармайық.

Тұрсынбек СӘДІРБЕКОВ

Алматы

1726 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы