• Білім және ғылым
  • 02 Шілде, 2020

Жақыныңа жанашыр бол, лейтенант!

Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша өткізілетін «Түлек – 2020» жас лейтенанттардың оқу бітіру кеші бұл жылы карантин режимін сақтай отырып ұйымдастырылды. Елімізде «COVID-19» індетінің таралуына орай қалып­тасқан ахуалдың себебінен кешті жабық өткізуді жөн көрген шекарашылар бұл жолы салтанатты кешке құрметті қонақ ретінде ешкімге шақыру билетін таратпады. Мың бұралған сұлу қыздармен вальс билеуден де бас тартты. Карантин режимінің талаптары қатаң сақталып, оған алғаш рет лейтенанттардың ата-аналары мен дос-жарандары да қатыстырылмады.

Дипломдарды салтанатты тапсыру кезінде де санитарлық-эпидемиялық нормалар сақталды. Әрине, мұның бәрі пандемияның таралуын тез арада шектеуге қатысты шұғыл әрі тиімді шаралар қабылдаудың негізі еді. «Жа­қыныңа жанашыр бол!», короновирустан сақтанудың бұдан артық тиімді жолы жоқ. Жалпы биыл ҚР ҰҚК Шекара академиясын қазақстандық 226 түлек бітірді. Олардың жиырма алтысы оқу орнын үздік тәмам­даған. Айта кету керек, қазақстандық түлектермен бірге Қырғыз Республикасының 13 өкілі, Тәжікстан Республика­сының 18 өкілі офицер атағын алды. Оның екеуі қызыл диплом иегері. Қазақстандық лейтенанттардың үздік оқыған бесеуі алдағы уақытта Шекара академиясының атынан, Қа­зақстан Республикасы Қарулы Күш­­терінің Бас Қолбасшысы, Ел Прези­дентінің қолынан диплом алу үшін Астана қаласына баруды жоспарлап отыр. Ал лейтенант Мекен Ерсұлтанға «Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін» төсбелгісі табыс етіліп, оның есімі академияның құрмет тақтасына енгізілді. Оқуды табысты аяқтауларымен түлектерді Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара академиясының бастығы полковник П.Поливанов құттықтады. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің оқу орындарының қазақстандықтардың болашақ ұрпағын тәрбиелеудегі, азаматтардың тез өзгеретін әлемде білімді және бәсекеге қабілетті болуының маңызды рөлін атап өтті. Президент талаптарын жүзеге асыру аясында бүгін біз офицерлердің кезекті легін даярлап отырмыз. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының бұйрығымен сіздерге лейтенант шені берілді. Мен сіздерді осы көптен күткен елеулі оқиғамен құттықтаймын» деді. Дәстүр бойынша түлектерге Акаде­мия­ның Жауынгерлік туымен қоштасу рәсімі өтті. Мұндай құрмет түлектер аты­нан биылғы жылы лейтенант Қы­­дыр­баев Мақсат Өріспекұлына бұйырды. Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара академиясы шекарашы офицер кадрларын дайындайтын еліміздегі бірден-бір әрі Тәуелсіз мемлекеттер достастығы аумағындағы тарихы терең бірегей оқу орны. Өзінің даңқты жолымен айшықталған әскери оқу орны алғашында Ф.Дзержинскийдің атымен аталған Алматы шекара училищесі Кеңес Одағы аумағына, тіпті одан тыс жерлерге де әйгілі болды. Бүгінде аталмыш оқу орны ҚР ҰҚК Шекара академиясы деп аталады. Шекара академиясынан түлеп ұшқан түлектер оның даңқын асқақ­татып келеді. 88 жылдық тарихы бар білім ордасын осы жылдары 35 мыңнан аса түлек аяқтады. Оның 45 түлегі Кеңес Одағының батыры, біреуі екі мәрте және бесеуі Ресей батыры ата­ғына ие болды. Сондай-ақ аталмыш оқу ордасының 300-ден аса түлегі генерал. Бүгінде аға буын ұрпақтың даңқты жауынгерлік дәстүрін жалғастырған ізбасарлары егеменді Қазақстанның шекарасын кірпік қақпай күзетіп, Қазақстан Республикасы Шекара қызметінің әскери бірлестіктері мен бөлімдерінде, басқа да бөлімшелерінде басшылық жасауда. Отан алдындағы айрықша қызметі үшін көптеген шекарашы офицерлер мемлекеттік жоғары наградалармен марапатталған. Атап айтқанда, ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен бес және ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендері бір адам марапатталған. Тәуелсіздік алған жылдан бері Академияны сегіз мыңнан аса офицер бітірді. Олар алғашқы қызмет жолдарын шалғайда орналасқан шекара заставасы бастығының орынбасары болып бастайды. Бүгінде Шекара қызметі академиясында 77-і ғылыми қызметкер табысты еңбек етіп келеді. Оның 8-і ғылым докторы, 29-ы ғылым кандидаты, 12-сі PhD докторы, 28-і профессор мен доценттер абыройлы қызмет етіп жүр. 2019 жылдың өзінде төрт әскери қыз­метші халықаралық спорттық жарыс­тарға қатысып, еліміздің көк байрағын желбіретіп, жеңімпаз атанды.

Жанат ЖАБЫРБЕКОВ, ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының баспасөз хатшысы

1166 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы