• Тарих
  • 02 Шілде, 2020

МІНЕЗ ТУРАЛЫ МИНИАТЮРАЛАР

Жақау ДӘУРЕНБЕКОВ,жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

1. Түртіп қояр бір ойым: көріп жүрміз, мансап та мінезді өзгертеді екен. Адамның бұлай өзгеруі мәдениеттің төмендігі, жан дүниенің жадаулығы, болмысының нәуетек боркеміктігі болар сірә. Түлеп өзгерсе жақсы ғой, ал өзін-өзі түзеп-күзеп өзгеру деген келеңсіздік. Мінезін өзгерткендер өмір сүру қағидасын тәрк еткендер. Әйтсе де, мансаптың буына мастанып жүргендер жетерлік. Оларды бірден танисың, бірден «түсінесің». Кешегі қатардағы жанның кейіпкері мансаптың міскін «кейіпкеріне» ай­налған. Қарасаң оқтау жұтқандай боп оқшауланып тұратыны, сырты жылтырап саяқтанып жүретіні, сөзінің суық тар­татыны, сөйлемді қысқа айтатыны – бутафорлық бейнені көз алдымызға әкеледі. Таңғалмайсың, түсінесің, түңілесің. Адамның ұлы боп туып, мансаптың құлы боп өмір сүру өз жаратылысына жасалған жалғандық, жаратылыс берген мінезді жарымжан ету. Өмірдің ақиқаты – мансап кетеді, мінез қалады. Сол мінезді сақтап қалайық, ағайын. 2. Мұқаң (Әуезов) туралы айтылған-жазылған дүниелер ұшан-теңіз. Кемеңгерлігі, қаламгерлігі, ғұламалығы, көрегендігі... Шығармалары бар қырынан зерттеліп, бағасын алғанын білеміз. Әлі де бұл зерделеу сөзсіз жалғаса береді. Қыруар жазбаларда Мұқаңның мінезі жөнінде айтылмайды екен. Тек академик Серік Қирабаевтың естелігінде «Мұқаң бала мінезді еді» деген жолдар кездеседі. Әйтсе де, адами болмысы, қарым-қатынасы жайында қысқа да болса сыпатты бір үзік үзінді бар екен. Оны орыс жазушысы, аудармашы Анна Никольская «Біздің Мұқтар» жинағында («Жазушы», 1976 жыл) көріп, көңілге түйгенін, танып түйсіне білгенін жазады. Толғамды баянында: «Маған соны көрінген тағы бір мінездің ұшығын байқадым. Мұхтар әдебиетке баға беруге келгенде бетің-жүзің демейді екен. Таныс-тамырлық ол жерге жүрмейді ұнағанын қуана мақтап, жаратпағанын ашық даттап отырды... Өмірдің көзге ілінер әрбір құбылысы мен жеке адамдардың кішкентай ғана творчестволық табысы – оны немқұрайды қалдырмайтын. Бәріне елеңдеп құлақ түріп отыратын. Кішкентай ғана деректен ол үлкен тұжырым жасай білетін» дейді. Мұны шығармашылықтағы Мінездің шынайылығы десек болар. Асылы, кемеңгерге тән кемел үлгі. 3. Темірбек Қожакеев бәріміздің сүйікті ұстазымыз еді. Бәріміз деп отыр­ғаным – журфакты бітіргендер қауымы. Өйткені Темкең дегенде бәріміз тік тұрамыз. Тегіне тәнті болғандықтан, қырғи тілін құп алғандықтан. Бір досымыздың шығарған афоризмі бар еді. «Амандосовтың ақылымен тоқыдық, Қожакеевтің қамшысымен оқыдық» деген. Жаны бар сөз жадыдан өшпейді екен. Әркез еске түседі, әркез жымиып қоямыз. Темкеңнің қаталдығынан қорықсақ та әділдігіне еш күмәнданбайтынбыз. Оның темірдей мінезіне бойымыз да үйреніп, ойымыз да үйір тартып – үйреніп кеткен едік. Содан да шығар, Темкеңнің тәртіпке салған тезінен өткен біздер ұстаздың темір мінезін сағына еске аламыз, сағына айта жүреміз әлі күнге. «Темір мінезді Темкең» деген бір ауыз сөздің де журналистиканың айдарлы сөзіне айналып кеткелі қа-ш-ш-шан. Бұл да ұстазға деген адалдық, ұстазға деген құрмет. 4. Оразбек Сәрсенбаев – қазақтың философ жазушысы, жаңашыл ақыны, сөз бен ойдың білгірі. Орекеңмен көп жыл баспада бірге жұмыстас болдық. Көп араластық – көп сырластық. Соның бәрі әлі де ойда сәуле шашады. Күпір сөзі жоқ, шүкір сөзі көп Орекең... Әрине, адам бойындағы қасиеттер оның бойынан емес, ойынан байқалып тұрады. Өмір мен тіршілікке, қоғам мен адамға, өзгерістер мен саясатқа да әсерленетін, кейде арбалатын, кейде шамданатын сезімдер жетегінде болатын әрбір жанның біліктілігі мен парасаты дәйім сол адамның болмыс-сипатынан шыға келеді. Көңілі қалған, болмаса көңілі толмайтын адамға нөл деген баға беріп отыратын. Орекеңнің осы мінезі – өзіне лайық мінез еді. Оқығаны көп, соған орай білімі де терең, Орекең сөйлегенде бар эмоциясы сыртқа шыға келетін. Онысына өзі тежеу салмайды. Қайта барынша ашық болуға тырысады. Өйткені өзіне-өзі көңілі риза, өз ойының әмірімен, өз жүрегінің жетегімен жүретін қаламгердің бапты болмысында бір берік батылдық бар-ды. Ол – өзіне деген шүкіршіл сенім. Сенім дегеннің негізі – шындықты сүю ғой, шыншылдық қой. Адам өзіне мықтап сенген жағдайда батыл да, батыр да болады. Бір ерекшелігі тағы бар, ол ештеңеден ықпайды, жалтақтамайды, жағымпазданбайды. Орекең бойындағы осы бір қасиет тәнті ететін. Бұл қасиет өзінің туа бітті ойлы мінезі екен. Өмірді сүйген, иманы ізгілікке толы Орекеңнің шүкіршіл мінезі де, өзіне сай жайлы да жарасымды еді. 5. Әр адамның мінезі өзіне тән. Ол сол мінезімен өмір бойы бірге болады, Мінез бірге қалыптасады. Оны адамдармен қарым-қатынасына қарай әр кейіпте айтады, мінезіне қарай бағалайды, тіпті құрметтеп атай жүреді. Енді біреулердің іс-әрекетіне қарап, адамшылығына көңіл толмаған жағдайда кім екенін көпке жаяды. «Оны қой, бір ит мінез ғой» деп келтесінен қайырады. «Ит мінез» дегені түйсігі барға түсінікті сөз. «Е-е, солай ма» деп әлгінің қандай екенін біле қояды. Бұл «Ит мінез» дегенді ұлы Абай да айта кеткен екен. «Білімдіден шыққан сөз» деген өлеңінде: «Айтшы – айтшылап жалынар, Ұққыш жансып шабынар. Ұқпай жатып жалығар, Ұйқылы – ояу бойкүйез. Жас баладай жеңсік қой, Байлаулы емес ақыл, ой. Ойлағаны – айт пен той, Ыржаң-қылжаң ит мінез» депті. Мұндай мінез кімдерге телінері айтпаса да түсінікті болар. 6. Қазақ ханымдарының ізгілікті іс-әрекеттері көне құжаттар мен әдеби туындыларда қатталып қалған. Оқыған жанның көңілі тоғайып қалар сәттері жайлы үзік-үзік болса да тарихтың көне беттері айғақ береді. Солардың бірі – Әбілқайыр ханның әйелі Бопай ханым. Хан алдына иіліп құрақ ұшып отыратын әйел емес, ханым ел басқаруға да атсалысқан, сөз алысқан жан ретінде көрінеді. Қара мен төренің арасындағы қырлы қатынасқа дәнекер бола білу де оңай ма: Әбіш ағамыз тарихи романында ханның көңіл күйін тапжылтпай танитын Бопай ханымды «Ортадан шығар – су төкпес жорға мінез» деп суреттейді. Бопай ханымның Анна Иоанновна патшайымға, кейінірек ұлы патшайым Елизаветаға жазған сәлем хаттарындағы сөз салтынан, мінез қалпынан нағыз дипломаттық дегдарлық, су төкпес жорғалық мінез айрықша көрінеді. «Пәлі!» дейсің көңілің марқайып. «Шіркін-ай, жазғаны қандай!» дейсің шалқи түсіп мақтан сезіммен. Ресей патшайымынан бастап ұлықтарына дейін қалай мән бере жауап қатқанын айтсайшы. Жорға мінездің астарында қазақ ханымының тегі мен тік ұстаған азат басы айдай боп тұрғанына тәу етейік, бір сәт. 7. Хас таланттардың мінезі жұмбақ боп келеді-ау... Қарап тұрсаң ондай мінездердің терең тағдыр-талайын да түсіну оңай емес. Мағжан Жұмабаевтың өзі Ақан сері жайлы жазып, Ақанның мінезін де, қасіретін де ақын жүрегімен тебірене толғайды. Жай толғау емес, әнімен жылынып, сөзімен сыйынып сезім күйінің құлағын қайырады. «Ақанның жат мінездерін, өмір бойы тәңірі көріп сұлулыққа табынуын көз алдыма алып келсем» депті ойын өрнектей тартып, – менің есіме Англияның ақыны – Оскар Уайльд келіп түседі. Оскар өмір бойы сұлулықты жырлаған, жалпы жұрттан сері деген лақап алған. Жұрт оны да сері деген. Сол серілігі үшін абақтыға жапқан... Ақан да сұлулыққа табынған. Алты Алаштан сері деген ат алған. Бірақ Ақанның сұлулыққа табынуы тереңірек. Ақан өмірінің жұмбағы түйіндірек. Мұның өмірі – мұң мен зар. Сол сұлулыққа табынудан туған мұң мен зар» деп, мұндай жанның мінезіне жұрттың түсіне алмауын, елдің не деуге де білмей қалуын, оның сыр-жұмбағын талантының ерендігі мен ерекшелігіне балайды. Ақан мінезінің астарын түйсіне де, түсіне білу, бағалау Мағжандай сезімпаз дүлдүл дарынның ғана қолынан келер қасиет болар, тегі. Сыны да, сыры да терең қасиет. 8. Болмысына жайдарылықтың – жанашырлықтың, азаматтық пен адалдықтың уызы ұйыған жанның бірі – қаламгер, қайраткер Әлібек Асқаров ініміз. Оны баршамыз білеміз, бағалаймыз, құрметтейміз. Өйткені мұндай қошаметке тазалығымен, іс­керлігімен, ізеттілігімен, қарапайым­дылығымен, бастысы толық адамға тән табиғилығымен жеткен. Иә, өзің білетін жан туралы жазылған өлеңдерді, жылырайлы жолдарды оқып отырып риза көңілмен марқайып қалатының бар. Мұндай шуақты сәтке бөленген қазақтың бір туар азаматы, мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтановтың сыпаттай айтқан мына сөзі әлі күнге тіл ұшында тұрады. Ол ініге деген ізгілік энергиясымен айтылған сәулелі лебізі еді. Азаматтық сабырмен ағынан жарылып: «Әлібек – мінезге бай жігіт. Әлібек Асқаров сияқты жігіттерді қазына деп есептеуіміз керек. Ол кім көрінгенмен тіл табыса берудің жолын іздемейді. Ол өзінің мінезімен әртүрлі характерлі адамдармен де, әртүрлі қарама-қайшылықты жүрген адамдармен де сөйлесуге қабілеті жетеді. Мемлекеттік қызметкерлердің барлығы Әлібектей таза, Әлібектей жауапкершілікті, Әлібектей өзін-өзі міндеттеуші және бастаған нәрсесін аяғына дейін жеткізетін тиянақты жігіттер болса, көп нәрседе алға қарай дамып отырар едік деп ойлаймын» дегені бар еді. Адамын тану да әділ бағаның бағы ғой. 9. Кейде бір ауыз сөзде адамның бүкіл болмыс-мінезі көрінеді-ау деп ойлайсың. Мұндай ойға қазақтың көпті көріп, көп жасаған қазыналы қарты Ғалым Ахмедовтың әйгілі ақын Анна Ахматова жайлы айтқан естелігіндегі бірауыз сөз-сипаттаманы оқығаннан кейін келгенім бар. Өйткені нені жазса да тек нақты дерекпен сөйлейтін Ғалым ақсақалдың қаламының әр жолынан тек шындықты көресің, сол шындыққа иланасың. Ақсақалдың естелігінде ақынмен сәті түсіп жүздесіп әңгімелескенін айтады. Ондағысы – «Қыз Жібек» лирикалық эпосын орыс тіліне аудару қам-қарекеті болыпты. Анна Ахматова жастайынан жарқырай көрініп, орыс поэзиясының еркесі болған ақын. Өмір жолы да күрделі, талай ауыртпалығын көтеріп, азапты жолдан өткен, еңкеймеген, иілмеген тағдыр иесі. Ақсақал Мәскеуге бір барғанында кездесуге қолы жетеді. Жүздесіп әңгімелесу жылы шырайда өтеді. Ата-бабаларының Қырым татарларына қатысы барын айта кеткен ақынның өзін еркін, тік ұстайтыны, тәнті етеді, өзіне сенімді адамды көреді. Тағы бір байқағаны, «Сірә, қалай дегенмен де орыс әдебиетіндегі өзінің орнын білетін, ешкімге бас имейтін, Мінезге берік адам-ау деп қалдым» деп жазады («Алаш «Алаш» – болғанда») естелігінде. Осынау мінезге берік деген бірауыз сөзге қараңыз енді. Анна Ахматованың ақындық та азамат­тық портреті осынау бір ауыз сөзде тұрған жоқ па?! 10. Дауыстың да мінезі бар. 11. Ойын тереңнен тартып, сөзін сабырмен сабақтайтын Смағұл Елубайдың қаламгер әрі қайраткер ретіндегі тұлғасы саналы әлеуметке жақсы таныс. Оның бүкіл шығармашылық бітім-болмысы байыптылығымен де өзін баурап алады. Соған қарап оның мінезін де тануға болады. Оның елінің болашағына, тілі мен діліне қарап алаңдайтын қасиеті кім-кімді де енжар қалдырмайды. Қайсы сөзін алсаң да ар-ожданымен айтады. Оның «Қиямет қайым ғасыры» туындысындағы өзекті ойлар мен сәулелі сөздерді оқи отырып, жүрекке жетер жолдарынан Смағұлдың имани мінезін көремін. Қаламгердің адалдықпен айтылған ақиқатынан жүрек үні – иман игілігі көрінеді. Бұл Смағұлға тән жан азығы – иман нұры. Сол нұрға сеніммен қараған Сма­ғұл­дың мінезі – имани мінез десек артық айтқандық болмас. 12. Мұзағаңның (Әлімбаев) мінезі оның қолтаңбасынан да көрініп тұратын. Аңқылдаған көңілінің ақшуағын ақтарыла айтып, жанымен жүрек сөзін жаза салатын. Соның бірі мынау: «Жоталы ой, жақұтты сөздің иесі Жақау бауырыма! Елге керекті сөзді елпілдей жеткізген елгезектігіңе ырза көңілден Мұзафар. 9. 02.2002 жыл. Алматы. пәтер: 54-76-88». Мұзағаңның қаламы қолынан түс­пегені, баспасөзде үзбей көрініп отыр­ғаны мәлім. Оймақтай ойын мақал мен нақылға айналдырып, үзбей жариялағаны таңғалдырып тәнті етеді. Көпшіл, мейірбан, аңқылдаған Мұзағаңның мінезі балапандарына дарығаны даусыз, өзі де сол базарлы басылымның – өмір бойы өзі басқарған «Балдырғанның» бағбаны болып тарихта қалды. Қазір де «Балдырғанның» әр санын қолыңызға алсаңыз Мұзағаңның сөзі, өлеңі, мақамы, мақалы, ойы – тіпті мінезіне дейін жүзіңді желпіп тұрғандай көрінеді. Мұзағаңның мінезі – қазақ қартына тән мархаббатты мінез ғой. 13. Табиғатқа қарап тұрсаң, басыңа қилы-қилы ойлар үйіріледі. Олардың қайсы бірі ой тереңіне тарта жөнелсе, енді бірі тәтті-түсініксіз қиялға бастан әкетеді. Соның бірі сенің сезіміңді сілкілеп, зейініңді тінтілеп, бір сәтке басқа дүниеге бөлектеп болмысыңды баурап алады. Табиғаттың әр мезгілі келген сайын басыңда осындай бір күй орнайды. Көктем, жаз, күз, қыс – бәрін сен әуелгіде жаңа көріп тұрғандай күй кешесің. Биылғы қыстың бораны да таби­ғаттың тосын құбылысы секілденеді. Күн сайын қар жауып, тоқтамай ұйытқи соққан бораны бұрын болмаған жайдай, бұрын көрсетпеген қаһары сияқты. Боран буырқанған мінез боп бір сәт пенделерді таңғалдырып әрі мойындатып алғысы келгендей. Боран... Біреулер бұл Арқаның мінезі дейді. Уілдеп үскірініп, дүниені қымтап із қалдырмай, бет қаратпай борап тұр... Бұл қысқы ертегі емес, кәдімгі боран жыры... боран мінезі... 14. Бір көп оқитын, көп білетін қаламгер дос: – Қаламгердің мінезін танығың келсе, кейіпкеріне қара, – деді. – Оның негізін қайдан алдың? – Ақсақал жазушы М.Симашко айтыпты. «Ғабеңді ұғу үшін – романындағы Игіліктің мінез-қалпына зер сала қараңыз» депті. Пәлі, бұған не дерсің. Көре білген – айта да біледі-ау?! 15. Белгілі мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтановтың қаламы қашанда көзіне түсіп, көңіліне ілінгенін шынайылықпен айта да, жаза да біледі. Оның әлем Әбіші, абыз Әбіш туралы айтқаны соның бір көркем көрінісі. – Шөл мен аптапқа сыр бермес төзімді үстірттің қара нарындай кейпінде Арқаның құрық тимеген асауындай тарпаңдық та, Алатаудың қарағай мүйізді Арқарының маңғаздығы да мен мұндалап тұрады. Осының бәрі түп нағашысы Қара Боқан мен бағзы бабасы – Қожаназардан өрбіп келе жатқан өшпес мұра, бай мінезі болса, шешендігі мен тапқырлығы, зиялылығы мен дарқандығы – ұлы ана Айсәуледен дарыған асыл қасиеттері дерсің, – деп толғай түйіндеген еді, айта жүрер сырлы әңгімесінің бір орайында. Бәріміз де ұлы Әбіштің байтақ тілін, бапты сөзін, бай мінезін көріп, куә болғанымызға тәубе дейміз. 16. Мінез – рухы күштінің рәуіші. 17. «Адамның мінезі адамның ойының түрінен, көңілінің күйінен, істеген ісінен білінеді. Адамның тысқа шыққан пікірінде, көңілінің күйінде, еткен ғамалында мінезінің қай түрі көбірек көрінсе, сол адам сол мінезді болмақ» депті Ахмет Байтұрсынов. 18. Мариям апайды (Хакімжанова) қазақтың ақын қыздарының анасы санайды. Лайықты тұлға – айшықты ақын. Сабырлы, сырбаз мінезді ақын апайымыздың жазғандарынан да қазақ қызына тән ибалық, анаға тән инабаттылық пен мейірім есіп тұрады. Осындай мейірманды мінезді апамыздың сөзге ұсталығын сүйсіне айтқан Мұзағаң (Әлімбаев) тәнті бола жазыпты: «Мариям апай Мәскеуге қауіп төнгендегі жайды айта келіп: – Жау біздің ерлердің маңдайынан шерте алған жоқ; есігімізге келсе де, төрімізге жете алған жоқ, – дегені бар» дейді. («Көңіл күнделігінен», 60 бет, 1980 жыл). Міне, мінезді жауап, мұратты сөз! 19. Ол күні бойы архивте болып, түні бойы жазу үстелінде отыратын жан. Ғалым-профессор, оқытушы. Өз еңбегін күйіттеп, зерттеуін зерделеп жүрер жөні бар. Бірақ оған тән қасиет – тынбай іздену, тынбай өмірден өткен белгілі арыстар мен ардақтылардың еңбегін жинап-теріп жарыққа шығару, халқына жеткізу, қалың қауымға құлағдар ету. Артында іздеушісі жоқ, бар болса да қарымы қысқаның ықыласына ниет қосу, жәрдемін беру. Олардың еңбектерінің алғы сөзі мен түйін сөзін жазып түгендеп шығармалары мен еңбектерін жүйеге түсіріп, жаңалап жарыққа шығару жұмыстарын жанын салып атқаруды парыз санайды. Оның осы еңбекқорлығы баршаға аян. Бұл бәріміз білетін танысымыз – замандасымыз – Серік Негимов. Қарап тұрсақ оның іздестіруімен, жинастыруымен «Нәзипа Құлжанова», «Қазақтың сал-серілері», «Шашубай», «Айқын Нұрқатов», «Мәлік Ғабдуллин», «Шешендік өнер», «Өзі де, сөзі де Айқын еді», т.б. көптеген кітаптарды дайындап жарыққа шығару оңай шаруа емес-ті. Соның бәрінің Серіктің арқасында жүзеге асқанын біле жүрген жөн болар дейміз. Осынау қыруар қайырымды еңбекті ол ардақтылардың артында қалған еңбектерінің көңілден өшпеуін, бүгін ұрпаққа таныс болуын ойлаған жанашыр жүрекпен жасаған еді. Қарапайым еңбек секілді көріне­ті­німен бұлар өте күрделі еңбектер болатын. Негізінде оған бастау болған Серік Негимовтің ерік жігері. Қайырымды жүрегі. Ең бастысы – мейірбан Мінезі. 20. «Тұрмысқа сарын жасайтын адамның ғамалы, ғамалға өң беретін адамның мінезі, мінезге кейіп беретін тұрмыс төңірегі» депті Ахмет Байтұрсынов. Бұл да ойымызға ой қосар өрелі пайым. 21. Бізде жақсы жазушылар көп. Тек соларды танып, талғап оқи білсек жарадық. Өз басым Нұрғали Ораздың жазғандарын үзбей оқып отырамын. Мөл­­діретіп, сөзді шуаққа бөлеп жазады. Қарапайым өмірдің сәттерін, оқиғасын, адамдары жайлы жазғандарынан өзінің де мінезі көрініп тұрады. Нұрғалидың мінезі сонысымен баяғыдан білетін, жанға жақын боп көрінеді, өзіне тартып тұрады, бейне ескі танысыңдай боп... Ойым да осыдан кейін «Нұрғалидың жібек мінезі оқырманына дәйім шуақ шашып тұрады-ау...» деген пайымнан айныған емес. 22. Түрлі кітаптарды оқу кезінде ондағы мінез туралы айтылған тұсына үңіле қарау әдетіме айналған. Мына бір жолдар да соның бір үзігі: «Маған соншама сұмдық, соншама қисынсыз жала жабылды. Сонда Сәкен Сейфуллин өзін жазасына кескен соттың алдында, мылтықтың аузында тұрып, ажалдан қаймықпай, ол жазықсыз, оған жала жабылған, совет халқының алдында оның еш айыбы жоқ деп, мені ақтады. Өлім үкімі орындалғалы тұрғанда осылай деу үшін жан-дүниеге қандай құдіретті күш керек?» дейді Галина Серебрякова. Шерлі сөзінің астары – бұл қандай жан, қандай қайсар мінез деп тұрған жоқ па? Сәкеннің ерек мінезіне таңғалу мен тәу ету деген осы шығар. 23. Баубек Бұлқышевті бәріміз де оқыдық, бәріміз де шығармаларына сүйсініп өстік. Қайталап оқығанымда, Баубектің жазғандарынан бір романтикалық желпіністі байқадым. Өлеңінде де, публицистикасында да сол серпін, ерекше желпініс есіп тұрады. Өмірге деген құлшыныс, табиғатқа деген сүйсініс, достарға да ақжарылған кең құшақ, көк жайлау көңіл... Тебіреніске түсіріп, ойға қалдырар мына бір жолдарына қараңызшы: «Мен шығыс адамымын, батысқа кетіп барамын. Күн батысқа еңкейіп келеді, мен де батысқа қарай келе жатырмын. Күн де мені қимағандай, ұясына қона қоймай, тұр. Шығысқа жеңіспен қайт! Мен сені Алатаудың аясында қарсы алармын! – деп тұр». Ойы мен бойын кернеген қайрақтай құлшынысы қаламын күнмен тілдестіреді, түнмен тебірентеді. Күн мен тілек, күн мен қалам. Өміріне серік, күн мен қаламына серік сөз астасып жатыр, тілеуін Тәңір жарылқағыр. Қарашы, демінен де, деуінен де үмітке толы романтикалық леп есіп тұр! Иә, жазғандарының бәрінен де ақбұлақтай атқақтайтын ақық аңсар, ақжауын сезім, осы бір рухы биік роман­тикалық леп – оның романтикалық мінезі екеніне иланасың. Шіркін, Баубектің мінезі осындай рәуішті, жастықтың жасын рухына толы екен ғой... 24. Суретте қаһарлы күндердің бір мезеті. «Хиуаз. Германия. 8 наурыз 1945 жыл». Суретке қарай бергің келеді. Хиуаздың көркі қандай десеңші. Көркіне көзің тоймайды. Қазақтың хор қызындай сұлу қызы, Қайсар Хиуаз, көрікті Хиуаз... Оның осы сұлулығына тәнті болған жерлес сіңілісі Сара (Ләтиева) бірде сүйсінісін жасыра алмай: – Сіз неткен әдемісіз? – дейді сұхбат үстінде. – Не? – Әдемі болатынсыз... – Әй, қайдам... Жас кезінде, бала кезінде бәрі әдемі болады ғой, – депті Хиуаз апай күлімсіреп. Хиуаз апай осы күнге (85 жаста) жетуімен Батыр екенін тағы бір дәлелдеді. Тәубе дерлік ғұмыр. Бірақ осыған ол қалай шыдады. Бұл – ерлігі еленбеген, қайсар мінезі құрметтелмеген Хиуаз Доспанова еді. Неге олай болды? Деректермен сөйлесек: соғыс кезінде Талғат Бигелдинов жау тылына – 305, Леонид Беда – 211, Сергей Луганский – 390 рет ұшып барып, жауынгерлік тапсырмалар орындаған екен. Үшеуі де екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Ал Хиуаз Доспанова 300 рет от кешіп барып жау тылын бомбалап қайтқан. Бұл ерліктің қаһармандығы мен қайсарлығына кім теңесе алады? Хиуазбен бірге ұшқан орыс қыздарының бәрі батыр атанды, бірақ Хиуаз қалыс қалғаны неліктен? Осы бір сұрақ жанды ауыртып, көңіліңді қамықтырады. Не деген әділетсіздік!? Бірақ мұңаймады, мұқалмады. Қазақтан шыққан жалғыз ұшқыш қыз өмірінің ақырына дейін қайсар мінезінен, шыншыл сөзінен, тура сөйлеуінен айнымады. Қайсарлықтың қадірін білмейтіндер оның осы мінезін ұнатпады. Уақыт – әділ, уақыт төреші. Тәуелсіздік туы көтеріліп Хиуаз апайымыздың қаһармандық, қайраткерлік ерлігі лайықты бағаланды, оған Халық қаһарманы атағы берілді. Оның өмірінің шуақты бір сәтін суреттеген Сара Ләтиеваның мына бір түйін сөзі жүректің тілімен сөйлепті. «Қазақтың қызы деген ғажап атқа лайық, қарындас деген қасиетті сағынышқа лайық, қазақтың біз көрмеген Батыр қыздарының тірі тұлғасы, ұзақ өмірінде антына адал болған, нағыз ерліктің бейнесі Хиуаз Доспанова босағаға сүйеніп қала берді. «Қалың қалай, ардақты апа?» деп келер бір ілтипатты ұрпағын күтіп тұрғандай» деп жазады. Міне, қайталанбайтын тағы бір тағдыр тәмсілі... Оның таңдаған тағдырлы жолынан өмірді сүйген, өмірді тазалық пен адалдық деп түсінген, сол мұратынан айнымаған Мінезді көреміз. 25. Ақындар туралы айтқанда, оның өлеңдерін айналып өте алмайсың. Әлбетте, ақынның өмірі – оның өлең­дерінде өрнектеледі, жыр боп жария болып, сыр болып төгіледі. Тек оны оқи білу керек, иіріміне үңіле қарап, астарынан аңдатпасын аулай алуың керек. Ақын жырлары ақынның айнасы. Жыр айнадан – ақын арманы, ойы, өмірлік мұраты, туа бітті мінезі көрініп тұрады. Ақын Ғалым Жайлыбайдың мына бір жауһар жыры соған айғақ бола алады. Тынышымды алған тылсымдар тілдескенім, Тұлпарына ешкімнің мінгеспедім. Көңілімнің көмбесін жиі ақтарып, Сазға біткен сары ағаш сияқтанып – Солқылдадым, Несіне жасырамын? Сонан кейін сізге аян тасығаным... Өлең болып өріліп өскен өңір, Көлбең-көлбең етеді кешкен өмір. Сәуле ойнатып сұлудың сырғасына – Күнім шықты өрмелеп қыр басына. Төңірекке төбел нұр төккен арай, Көкжиегім кеңіді көкке қарай. Басын иіп тұрған соң еңіс біткен, Мен өзімді іздедім кеңістіктен. Мінекей, ақынның мені мінезін де айтып тұр емес пе?! Өмірдің өлең – өрінде өз тұлпарымен дара шапқан дарынды ақынның өр мінезі – өз мінезі демей гөр. Ақжауын жырлары жанымызды жарылқай берсін дейік. Дәйім. 26. «Өнер» баспасында істеп жүргенде екі жас журналист Сағатбек пен Шәмші ақ-жарқын көңіл күйлерімен жаңа леп ала келгендей еді. Арада талай жыл өтті. Сол Сағатбек курстас досы Шәмші жайлы әдемі эссе жазыпты. Осы эссені оқып өте риза болып өзіне де звондадым. Бұл эссе де бірін-бірі жазып отырса да, екеуінің мінезі шыға келгендей болды. Екеуінің де мінезі етене танысымыздай көрінуі – жанды жадыратар сәт сыйлайды. Өзгелердің кемшілігін – өздерінің кемшілігіндей көретін мұндай жігіттер­дің мінезінен айналсақ керек-ті. Сағатбектікі – сарабына сенімді сайлы мінез, Шәмшінікі – жалтақтығы жоқ жайлы мінез деуді құп көрдік.

2594 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы