• Әдебиет
  • 02 Шілде, 2020

«Адамның тән тірлігі» жөнінде...

1921 жылдың 31 қаңтарында Орынбор қаласында ұлт көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлының төрағалығымен зиялы қазақ азаматтарының жиыны өтеді. Осы жиында олар бірауыздан қазақ мектептеріне оқулық әзірлеу керек деген қаулы қабылдап, дереу іске кіріседі.  Бұл Ахаң бастаған ұлт зиялыларының ел үшін еткен ерен еңбегінің бірі. Әрине, бұл еңбек «кетігін тауып, қаланған», жыртыққа жамау болған нағыз ұлтсүйгіш азаматтардың ерлігі. 

Нәтижесінде, жаңбырдан кейінгі жауқазындай қаулап, оқу құралдары баспадан шыға бастады. Солардың ішінде, Халел Досмұхамедұлының «Жануарлар» (1922 ж), «Табиғаттану» (1922 ж), «Адамның тән тірлігі» (1927 ж) атты кітаптары басылғаны белгілі. Аталмыш еңбектер өз заманының рухани қазынасын ғана байытып қоймай, егемен еліміздің де құнды жәдігеріне айналып отыр. Сол себепті де, «Қазақ тілі» баспасы Х. Досмұхамедұлының «Адамның тән тіршілігі» атты ғылыми еңбегін қайта жаңғыртып басты. Кітап «Арыс» қорының «Алаш – 100» бағдарламасы аясында баспаға ұсынылып, жарыққа шықты. Еңбекті баспаға дайындап, құрастырған ф.ғ.д., профессор Ғарифолла Әнес. «Адамның тән тірлігі» атты кітап, ең әуелі – халқымыздың төлтума анатомия ғылымының бастау көзінде тұрғандығымен ерекше һәм өзекті. Халқымыздың медицинасы, жалпы адам анатомиясы туралы айтқанда, есімізге Өйтейбойдақ Тілеуқабылұлы түсетіні даусыз. Оның «Шипагерлік баянын» зерделесеңіз, қазақта медицина болмаған деуге аузыңыз бармайды. Өтейбойдақ еңбегінде, анатомияға байланысты 500-ге жуық атау-терминдер айтылған. Демек, халқымызда дәрігерлік болған және ол атадан балаға мұра боп жеткен. Х.Досмұхамедұлы бабалар зерделеген дәстүрлі ғылыми тұжырымдарды кәдеге жарата отырып, еуропалық ғылымның жетістіктерін саралап, аталған еңбегін жарыққа келтірген деуге негіз бар. Мысалы, аталмыш кітапта бұлшық етті «борша» деп атаған. Бүгінгі қазақтілді анатомиялық еңбектерде түгелдей бұлшық ет деп жазылады. «Борша» десеңіз, тосындау естілуі мүмкін. Бірақ борша сөзі – бағзыдан келе жатқан, бұл күнге архаизмге айналып бара жатқан атау. Әкелеріміз мал сойғанда етті боршалау керек деп жататын. Демек, бұл сөз бұлшық еттің көне атауы. Аталмыш еңбекте де бұл туралы: «Ет не борша жүйесі адамның денесін қозғалту үшін жаралған. Тексергенде адамның еті бөлек-бөлек борша болады. Әрбір борша өз алдына жұмыс қылады. ... Боршаның негізгі қасиеті жиырылу не құрысу» деп көрсетілген. Халел Досмұхамедұлы бұл еңбегінде де тіл тазалығына жоғары деңгейде назар аударғаны байқалады. Ол ғылымды қазақтың түсінікті тіліне икемдеген. Еуропалық ғылыми терминдер мен қазақ тілінің тоқайласатын тұсы туралы: «Жат сөздерді қолданғанда өзгертпестен алып, бастапқы жат қалыбымен тілге сіңіреміз дегендік – шатасқандық. Бұл жолда жүрген адамдар тілімізге орасан зиян келтіреді» деп, өзінің айқын ұстанымын аңғартқан. Сондықтан да өз еңбектерінде бұл мәселеге қатты көңіл бөліп, мүмкіндігінше, терминдерді қазақыландыруға, қазақ баласының тіліне жатық болу жағына зер салған. Мысалы, адам жүрегіне: «Жүректің қалыбы – шошақ дорба» деп анықтама берген. Зер салып қарасаңыз, қазақ баласына ұғынықты сөз һәм қабылдауға оңтайлы тұжырым. Клетканы – ұлпа деп алған. Х. Досмұхамедұлының «Адамның тән тірлігі» кітабында адамды құраушы әрбір элементтің қызметі мен атқарар рөлі тиянақты жазылған. Белгілі бір дене мүшесінің дұрыс қызмет етпеуінен туындайтын ауру түрлерін де мысалға келтірген. Айталық, адамның өті өз қызметін дұрыс атқармағандығы себепті туындайтын аурудың түрін айтқан. Ол туралы: «Өттің құйылып тұратын жолы байланып қалса, өт дорбаға сыймай кетеді. Дорбадағы, бауырдағы өт ыдыстары да керіліп кетеді. Ішіндегі өт лимпі ыдысына кіріп, қанға барады, тұла бойға жайылады. Адамның түсі сарғайып кетеді, денесінде түрлі қышу пайда болады, адам сары ауру деген аурумен ауырады» деп жазады. Мазмұнында – ұлттық таным мен ғылыми негіз, тілінде – қазақы бояу аңқыған кітаптың кім-кімді болмасын елең еткізері анық. Әсіресе ізденуші талапты жастар мен студенттерге таптырмас оқулық болары даусыз.

Құрманғазы ЖҰМАҒҰЛ

1874 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы