• Әдебиет
  • 02 Шілде, 2020

ФЛОБЕРДІҢ МАХАББАТЫ

(Соңы. Басы өткен сандарда)

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Кез келген өнер адамының шы­ғарма­шылық психология­сының тереңіне үңілу үшін оның өмірлік ұстанымын жақсы білмек парыз. Ал өнерден басқа құндылықты мойын­да­маған Флобер сияқты жал­ғандыққа жаны қас суреткерлер бөтен біреу түгіл, өз жүре­гінде жасырынған өтірікті де аяусыз әшке­релеп, ар сотына салудан тайынбайды. Таланты да, танымы да, адамгершілігі мен ар-ұяты шамалы ақын мен жазушы кінәнің бәрін өзгелерден көріп, өз кемшілігіне көңіл бөлмей, үнемі оқырман көзіне сүттен ақ, судан таза періштедей болып көрінуге құштар. Мүмкін сондықтан ба екен, соңғы жылдардағы ұлттық әдебиетіміздегі ірі қаламгерлеріміздің өз жамандығын жасырып, жақсылығын асырып, әлдекімдерді кінәлай сөйлейтін өмірбаяндық шығармаларының шындығы мені аса сендірмейді. Ал ақиқатында жазушы-психолог өз бойындағы жақсылықтардан гөрі, жамандықтарға көбірек үңіліп, одан шығармасына қажетті құнды қазынаны таба біледі. Толстойдың «Хайуан сияқты өмір сүріп жатырмын» немесе Абайдың «Жүрегімді байқасам, инедейін таза емес» деп ар-азабын тартуының құпиясы неде? Жұртқа көрінбейтін үшінші көзіңмен өз мініңді бақылап, жамандық атаулыны өзгеден емес, өз бойыңнан іздегенде ғана шығармашылығыңды шынайы ете түсетін ұлы сезімдердің қайнарын адаспай табасың. Мұқағалидың айтатыны бар емес пе: Ойым бар менің, Ойым бар менің ерекше. Жақсылық жауып, Дүниені мынау сел етсе, Жауыздықтардың, жамандықтардың барлығын Көрге алып кетем керексе. Адамның бүкіл айыбын Арқалап алып, Азабын өзім көрер ем. Жамандық басқан денемен, Жандырып жатқан, Тоңдырып жатқан тамұққа Жамандығыммен төнер ем. Жақсылықтарға қарағанда, жамандық­тардың адамдарды өзіне тартып тұратын дуасы әсерлірек, сиқыры күштірек болып келеді. Біз көп жағдайда ақындардың зұлымдық тікеніне жүрегін жаралай жүріп сұлулықты іздейтініне, жауыздық, жамандық атаулының барлығымен жанаса жүріп шындықты зерттейтініне аса мән бермейміз. Француз классигі «Бовари ханымда» Эмманың өз күйеуіне жасаған опасыздығын баяндай келіп, әйелдерге істеген өз қиянаты, олардың сезімін алдап, жүрегін жаралаған өз жамандығын сүзгіге салып, ақырының неге әкеліп соқтыруы мүмкін екенін таразылайды. Шығармашылықта ақ параққа берген сертін адал атқара алмай, өзінің жасаған күнәсін жасырғысы келетін суреткердің сәтсіздікке ұшырайтынына Флобердің көзі әбден жетті. Өйткені «Бовари ханымды» жазуға отырғанға дейін дәл осындай жағдайды ол басынан кешірген-тұғын. Өзіне өліп-өшіп ғашық болған Луиза Колемен қарым-қатынасы үзілгеннен кейін Флобер қайтадан шығармашылыққа жан-тәнімен беріліп, біраз уақыттан бері қазан-миында қорытып жүрген «Әулие Антонидің адасуы» драмасын жазуға құлшына кірісіп кеткен болатын. Денсаулығының мәз еместігіне қарамастан, бір бет түгіл, бір сөйлемді қағаз бетіне түсіру үшін ақ тер, көк терге түсіп, дүниенің қызығын ұмытып шығармашылық шеберханасынан аттап шықпай жұмыс істейтін суреткер, драманы жазу барысында, көркем туындысының қиюын келістіре алмай, қатты қиналды. Жазғандарына көңілі толмай, қайта-қайта өңдеуден жүйкесі тозып, шаршап кетті. Шығармашылықтан асқан рахатты іздемейтін және білмейтін Флобер мына қолға алған туындысын аяқтағаннан кейін досы Максим дю Канмен бірге Таяу Шығысқа саяхаттап, көңілін сергітіп, демалып қайтуды ұйғарды. Күндіз-түні тыным таппай еңбектенудің арқасында жаңа драмасының нүктесі қойылып, Флобер әдебиетті жақсы көретін достары Максим дю Кан мен Луи Буйлеге бірнеше күн түскі астың алдында төрт сағат бойы қаламының сиясы әлі кеппеген жаңа туындысын дауыстап оқып берді. Соңына дейін оқып бітіріп, демін алғаннан кейін ол шығармасының қаншалықты шынайы шыққанын білу үшін аса қатты таңданыстарын танытпаған достарының жүздеріне үрейлене қарады. Қаупі бекер болмапты. Жазушылыққа таласпаса да күрішті күрмегінен ажырата білетін екеуі де драманың өте сәтсіз шыққан туынды екенін жасырмай, «Мына шығармаңды отқа тастай сал. Бізден басқа ешкім оны оқымай-ақ қойсын» деп досының алып-ұшқан көңілін су сепкендей басты. «Іштен шыққан шұбар жыланыңның» нашар екенін мойындау кімге оңай тисін. Флобер достарымен келіспей, ұзақ уақыт пікір таластырғанымен, ақырында олардын дәлелді қисындарынан жеңіліп, шындықты мойындады. Басқалардан емес, жанындай жақсы көретін достарынан осындай ауыр сөздерді естимін дегенді ол мүлде күтпеген. Бірақ кемшілігіңді көріп тұрып, оны өтірік жасырғанның несі достық? Ондай өтіріктің шын аты – бақай есеп. Ал нағыз дос кемшілігіңді жасырмай айтып, оны көзіңе шұқып көрсетіп қана қоймай, көмектесуге даяр тұрады. Сондықтан да шындықтың арқанынан аттап кете алмаған Луи Буйле досына Бальзак романдарының рухында әдебиетте үлкен жаңалық болатын реалистік туындыны жазуды қолға алуға ақыл-кеңес берді. Ұзаққа созылған қызу айтыс-тартыспен қалай таңның атқанын да аңғармаған достар әңгімені жалғастыруды кейінге қалдырды. Алаңсыз ұйқы мен шуақты күлкінің не екенін ұмытып, тынымсыз жұмыс істеп, жаны күйзеліп кеткен Флобер денсаулығын жақсартып, көңілін сергітіп, қайту үшін досы Максим дю Канмен бірге Таяу Шығысқа аттанды. Екеуі Египетте, Палестинада, Сирия мен Грецияда болып 1851 жылы еліне оралды. Әңгімеміздің орайы келіп тұрған ұрымтал сәтті пайдаланып, оқушымызды француз классигінің ең жақын достары Максим дю Кан және Луи Буйлемен таныстыра кетейін. Максим дю Кан 1829 жылы құрылған «Ревю де Пари» журналынан үлес сатып алған дәулетті адамдардың бірі. Жұмыстан қолы босағанда ол да қағаз шимайлап, жазуды ермек қылатын. Атақты досы дүние салғаннан кейін Максим дю Канның екі том естеліктер жинағы жарық көрді. Онда ол былай дейді: «Жазушылар екі топқа бөлінеді. Біріншілері үшін жазушылық – ақша табудың көзі, екіншілері үшін ол шығармашылық кемелдікке жету жолындағы үлкен мақсат. Мен өзімді бірінші санаттағы қаламгерлердің қатарына жатқызамын. Мен өзім үшін әдебиетті сүю құқынан басқа ештеңені талап етпей, қолымнан келгенше оның дамуына ат салыстым». Жазушыдан гөрі, беллетрист деп айтуға келетін Максим дю Кан сияқты қаламгерлер қай заманда да өнерде көп. Шын жүрегімен әдебиетті сүйетін оларда шығармашылыққа бейімділік те, талғам да, білім де, айтар ой да, оқиғаны суреттеп бере алатын қаламның жеңілдігі де бар, бірақ ең басты нәрсе – Құдай берген талант жоқ. Бала күнінде ондай бейталанттар әдебиеттегі алғашқы қадамын өлеңнен бастайды, сосын көркем прозада бағын сынап новеллалар, ортақолдан төмен романдар жазады. Ең соңында әдеби сынға ауыз салып, жібі түзу шығарма туғыза алмағандарына қарамастан көркем прозаның қандай болуы керек екенін айтып, жұртқа ақыл-кеңес беруге көшеді. Француз классигінің тағы да бір досы – Луи Буйле де шығармашылыққа жақын адам болды. Флобер оны үлкен ақын санап, қатты қателесетін. Шындығында оның бойында ақындық талант атымен болған жоқ. Ұлы жазушы досының талғамына шүбәсіз сеніп, пікіріне құлақ асатын. Егер осы екі досы болмағанда әлем әдебиетіндегі ең ұлы шедеврлердің бірі «Бовари ханымның» дүниеге келуі екіталай еді. Суреткер келешекте жазатын романына қажетті сюжетті таба алмай, шығармашылық ізденістің үстінде жүрген шағында достары оған Эжен Деламар есімді дәрігердің тарихын әңгімелеп береді. Деламар Руандағы ауруханалардың бірінде әлде хирург, әлде терапевт болып па, жұмыс істеген көрінеді. Өзінен әлдеқайда ересек бірінші әйелі қайтыс болғаннан кейін, ол екінші рет көршісінің қызына үйленеді. Қолына қондырған құсы мінезі жеңіл, қияли қатын болып шығады. Әдемі өмірді аңсап, мына іш пыстыратын тіршіліктен тез жалыққан бикеш можантопайлау, тоңмойын, көнбіс күйеуінің көзіне шөп салып, көңілдестер табады. Отағасының тірнектеп жиған табысын оңды-солды шашып, қарызға белшесінен батып, ақыр соңында у ішіп өледі. Бірнеше жылдан кейін Эжан Деламар да өзіне-өзі қол салады. Флобер достары айтып берген тұрмыстық оқиғаға аса көп ештеңені қоспай және өзгертпей оны сол қалпында «Бовари ханымда» суреткерлік шеберлікпен баяндап берді. Еліктіріп әкететін сюжеті де, алып бара жатқан драмасы да жоқ қарапайым тұрмыста жиі кездесетін оқиғадан ол шығармасына қажетті материалдың кенішін тапты. Таяу Шығысқа сапар шеккен саяхатынан орала салысымен Флобердің жалғыздықтан жалыққан жүрегі жабырқап қайтадан Луиза Колені іздеп аласұрды. Мына жарық жалғандағы жалғыздығы туралы ойлары миының бір түкпірінен қойша қоздағанда, оны шын ықыласымен сүйген әйелді себепсіз ренжіткені есіне түсіп, қатты өкінді. Енді бірін-бірі көрместей болып айырылысардағы ашуы тарқап, көкірегіне тас болып қатып қалған сіреспе мұз еріп, әйелдің жібектей нәзік алақанын сағынған сәби көңілі өксіп, жанары жасаурады. Әтірдей исі бұрқыраған арудың тұла бойыңды қанттай ерітіп жіберетін жұпарын аңсаған қанағатсыз сезімі көңілінің зымыран шыңыруында тұншыққан түсініксіз ойларын түрткілеп, әлдеқандай сиқыр құштарлық қайта оянғандай ма, қалай? Қанша тырысса да ол қызылды көргендегі аш бүркіттей адуын ойын сабырға жеңгізе алмады. Алыс сапардан келе жатқанда дегбірі қашып, көз алдынан Луиза кетпей тұрып алып, кірпіктері желімденбей қойды. Ғашығының оттай ыстық құшағында балқыған түндер, жалаңаш тәндері тар төсекте табысқан кездегі сұлу келіншектің әлденеге байыз тауып рақаттанған дауысы, өліп-өшіп ентіге шыққан демі еміс-еміс есіне түскен сайын, көзі шырадай жанып, ұйқысы қашты. Көңілі ұнатқанмен, жүрегі сүймесе де әр еркектің қойнында адасып жүрген ұрғашыға неге желімше жабысып қалғанының себебін өзгелер түгіл, кейде өзі де ұқпайды. Неге өзін-өзі алдап жүргеніне ақылы жетпейді. «Егер мен сені ұмытсам, басыма найзағай түсіп өлейін. Өмір бойы мен сендікпін» деген сыңайдағы өтірік хаттарды неге жазғанына ақылы жетпейді. Махаббат деп айтуға келмейтін, жалғыздықтан қашып, біреудің көңілінен су ішкісі келіп шөлдеген үркек сезім оны Луизаға қарай қайта-қайта магниттей тартады да тұрады. Неге? Қолтығына қанат біткендей болып, құстай ұшып Францияға жете салысымен ол бірінші кезекте Луиза Колені іздеп тауып алды. Флобер туған елінен жырақта жүрген жылдар ішінде байғұс әйел тағдырдың талай теперішін көріп үлгеріпті. Күйеуі қайтыс болып, көңілдесі Виктор Кузен оған ақша беріп көмектесуін біржола тоқтатыпты. Жазған пьесасын театрлардың бәрі де қоюдан бас тартыпты. Тап осындай өмірінің өларасында Флобердің бұрынғы қарым-қатынастарын қайтадан қалпына келтіргісі келген ниетін байғұс келіншек қуана-қуана қабыл алды. Әуелі екеуі бір-бірімен хат жазысып, кейін жазушы Парижге келіп, қайтадан Луизаның көңілдесіне айналды. Бірақ алыста жүріп сұлу бикешті сағынғанда асау арғымақтай тулай жөнелетін от сезімі, оны көргенде су сепкендей басылды. Тұрмыстың ауырлығы титықтатып жіберген жасы қырықтан асқан әйелдің жүзінде баяғы әдеміліктің ізі де қалмапты. Өздерін мәдениетті санайтын француз әйелдері ол кездері опа-далапты пайдаланбайтын. Беті-қолын әжім басып кеткен бикешті ол бастапқыда танымай қала жаздады. Сұлулықты да аямай талқандайтын уақыт қандай қатыгез жендет еді, десеңші! Жақсы көргендіктен емес, мына жалғанда сүйеу болар ешкімі қалмаған әйелді аяп кеткендіктен ғана Флобер бұрынғы қатынастарын қалпына келтіруге барды. Қалай десек те француз классигін шын беріліп сүйген, оған тұрмысқа шығуды армандаған жалғыз әйел болса, ол, осы Луизе Коле еді. Ол Флобердің біржола Парижге жанына көшіп келіп, ендігі қалған өмірлерін бір шаңырақтың астында өткізуді қиялдады. Алайда, жазушы оны іздеп астанаға жетуге асықпады, оған үйленуден мүлде ат-тонын ала қашты. «Сен ғажайып қатынсың, күндердің күнінде мен сені есімнен тана жаздап сүйетін боламын» деп уәде бергенімен, Флобердің күн өткен сайын әйелдерден гөрі, әдебиетке деген құштарлығы күшейе түсті. Қайта кездескен кездегі сезімнің қызуы да бірте-бірте суық тарта бастады. «Сенің жазған нәзік сезімге толы ұзақ хатыңа баяғыда жауап беруім керек еді, бірақ мен қымбаттым қазір қатты шаршап, әлсіреп жүрмін» (1851 жыл қараша). Флобердің анасы Луизаны жақтырмағандықтан, екеуі жасырынып, құпия жағдайда кездесіп жүрді. Шешесінен қаймығып, үйден шығуға уақытты әрең табатын жігітті Луиза қатты қызғанып, басқа біреуді тауып алғанынан қауіптеніп, көзінің жасын көлдеткен кездері де бар. Луиза бекер қауіптенбеген екен. Шынында да, екеуінің арасында бір әйел, дәлірек айтсақ, Бовари ханым есімді күйеуі бар келіншектің образы пайда болды. Шығармашылықтың құдіреті әйелге деген құмарлықты жеңіп, Луизенің отбасылық бақытты армандаған үмітінің отын біржолата өшірді. Көздеген мақсатына жету үшін барын салатын от-әйел ұлы жазушыға тұрмысқа шыққысы келетінін жасырмай, ойын ашық айтып тастады. Әйткенмен, өмірін өнерге ғана арнауға серт берген Флобер әйеліне тәуелді болып, отбасылық бақыттың құлдық қамытын мойнына кигісі келмеді. Мәңгілік өнердің жанында әйел, бала-шаға дегеніңіз не тәйірі? Тіпті Луиза екеуінің арасындағы махаббат оты енді ғана тұтанып, құмарлықтың тәтті сезіміне мас болып жүрген жылдарда да «Сен мені емес, өнерді сүй. Оған деген махаббат сені еш уақытта да алдамайды. Ауру да, ажал да оның көзін құрта алмайды. Идеяны ғана Тәңіріңдей қастерле, тек сонда ғана ақиқат бар. Өйткені идея мәңгі өлмейді» дегенді айтқан суреткерді райынан қайтару қалайша мүмкін болмақ. Тәйірі, оны істеу бойындағы бар байлығы – сұлулығынан да айырылған Луиза Коленің қолынан келе қояр ма екен? Өнерге жақын әйел болғандықтан Луиза Коленің да анда-санда бірдеңені шимайлайтын әдеті бар-тын. 1852 жылы «Бовари ханымды» жазуға бар күшін салып кірісіп кеткен Флобер уақыт тапшылығына қарамастан, Луизаның қолжазбаларын қарап, сөйлемдерін түзеп беріп отырды. Шыдамсыз әйел шығармасын жібере салысымен сүйіктісінің қайта-қайта мазасын алып, жынына тиіп, асықтыра беретін. Өмірде қанша ойлансаң да ақылың жетпейтін талай-талай қызықтар бола береді екен-ау! Өз басым өнердегі ұстанымдары да, мінездері де ұқсамайтын Флобер мен Луизаны сегіз жыл қатарынан қандай құдіреттің бір-біріне жіпсіз байлап қойғанының себебін түсіне алмаймын. Ұлы жазушының Луизаны о бастан шын ықыласымен ұнатпағаны басы ашық әңгіме. Сұлу бикештің өзі де оны іштей сезген. Жә, жә, жарайды шын махаббат болмаған күнде шығармашылыққа жақын әйел мен еркекті ең құрығында ұлы өнерге деген мүдде мен мақсат табыстыруы керек қой. Жоқ. Бұл жағынан алғанда Луиза Колені француз классигінің өнердегі антогонисі десек те қателеспейтін шығармыз. Флобер әдебиетке аса үлкен жауапкершілікпен, ал Луиза керісінше салдыр-салақ қарады. Француз классигі елдің көзіне түсе бергенді ұнатпаса, көңілдесі, керісінше, баспасөз бетінен түспегенді жақсы көретін. Бала күнінен стиль тазалығына қатты мән берген суреткердің шығармасына керек маңызды сөйлемді табу үшін түні бойы ұйықтамаған кездері бар. Ал Луиза стильге аса басын қатырмай, сөзді суша сапырып, мылжың туындыларды мысықша балалататын. Шығармашылыққа жүрдім-бардым қарайтын Луизаның мінезін Флобер жақтырмайтын. Оған жазған хаттарының бірінде «Сендер Париждегілердің бәрі, атақты болуға неге сонша құмарсыңдар? Үйлеріңнің шатыры дайын болмай жатып, тұрғындарды оған шақыруға асығасыңдар. Горацидің кеңесіне құлақ асып, елге көрсетердің алдында өз туындысын тоғыз жыл жасырып ұстай алатын адамдар қайда кеткен?» деп, ашу-ызаға булығады. Бұл француз классигінің Луиза Колеге жазған ең соңғы хаты. Біз оқып отырған хат 1854 жылы жазылыпты. Әйел екеніне қарамастан, сүйіктісінің шығармаларындағы шамадан тыс сентментализмі жынына тигенде «Мүмкін сен өз жынысыңды өзгертсең, кемелдікке жететін шығарсың» деген ауыр сөздерді айтуға дейін барған кездері болды. Бойында суреткерлік қабілеттің жоқ екенін өзі де жақсы білетін Луиза Коленің алға қойған өмірлік мақсаты шығармашылық емес, Флоберге тұрмысқа шығып, әйелдік бақытты сезіну еді. Классиктің қасында жүріп, махаббатқа тоймайтын әйелдік көңілімен оны өмір бойы аялап өткісі келді. Ал Флобер өз жүрегін отбасылық бақыттың құлдығынан азат етіп, мына өмірдің еш қызығына да айырбастай алмайтын ең сүйікті ісі – өнерге ғана адал қызмет етуден басқаны қаламады. Бір күні Теофиль Готье досынан неге оның Луиза Колеге үйленбегенінің себебін сұрағанда ол: «Ондай әйел менің бөлмеме – қасиетті де, киелі мекеніме кіре алады деп ойлайсың ба. Жоқ, ешқашан» деп жауап береді. Өкінішке қарай, Флобер өзін өліп-өшіп сүйген әйелдің хаттарын жойып жіберді. Луиза Коле болса керісінше, француз классигінің жазған хаттарының біреуін де жоғалтпай, бойтұмарындай қастерлеп, көзінің қарашығындай сақтады. Флобердің оған үйленбек ойы жоқ екеніне әбден көзі жеткенше, үмітін үзбей, көңілдесі Виктор Кузеннің бірге тұруға жасаған ұсынысынан да бас тартты. Не істерін білмей, амалы таусылған әйел ақыр соңында Флоберге тұрмысқа шыққалы жүргені туралы жұртқа өсек таратты. Шыдамның да шегі бар, Флобер шарт кетіп, екеуі ұрысып қалды. Оңайлықпен жеңілгісі келмеген Луиза бірнеше күннен кейін Круаске келіп, жанжал шығарды. Қатты ашуланған жазушының оны итеріп есіктен шығарып жіберуден басқа амалы қалмады. Арманының орындалмайтынына көзі әбден жеткен ашынасы осы оқиғадан кейін Флоберді жексұрын етіп суреттеген бір нашар роман жазып, кегін қайтарғандай болды. Алайда Луиза Коле француз классигінің өзі сияқты тоғышар әйелдердің мінез-құлықтары айнадағыдай көрініс табатын шедеврі – «Бовари ханымды» жазуды аяқтап қалғанын ол кезде білген жоқ...

1071 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы