• Басты мақалалар
  • 02 Шілде, 2020

РАБАБ ЖӘНЕ ҚОБЫЗ

[caption id="attachment_57772" align="alignright" width="1000"]Қобыз «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің құрамында. Германия. Карнеги Холл. Қобыз «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің құрамында. Германия. Карнеги Холл. [/caption]

Сағатбек Медеубекұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің деканы, ф.ғ.к., доцент

Әл-Фараби «Музыка туралы үлкен кітабында» музыкалық аспаптардың түрлеріне қысқа-қысқа анықтама бере кететіні бар: «расында белгілі аспаптардың арасында дыбыстарды ішекті қозғау арқылы шығаратындары бар» дейді. Мұнда ол ішекті – шертпелі аспаптарды айтып отыр. Біз бұған дейін осындай аспаптардың арасынан әл-Фараби дыбыстық мүмкіндіктерін зерттеген ішекті-шертпелі аспаптар – уд пен қазақтың шертерінің байланысын, танбур мен домбыраның сабақтастығын, шахруд және ма*азиф пен жетігеннің жалғастығын зерделеп көрдік. Әл-Фараби одан әрі үріп ойналатын аспаптар туралы айта келіп, «олардың арасында бір ішекті қозғап, басқа ішектерді тартатындары да бар» дейді. Осы сипаттамасы біздіңше ішекті-ыспалы аспаптарға байланысты айтылған. Шындығында, «бір ішекті қозғап» дегені – ысқы, яғни қиғақ, ал «басқа ішектерді тартады» дегені - аспаптың өзінің бойындағы ішектері.

Рабабқа әл-Фараби арнайы тоқта­лады: «Бұл аспап та дыбыстары ішек бөлік­терінен шығатын аспаптың түріне жатады. Кейде аспаптың бір ішегі ғана қол­­данылса, енді бір кезде бірдей екі жуан ішек тең қолданылуы мүмкін» (Әбу Насыр әл-Фараби. Музыка туралы үлкен кітап.ауд.: Ж. Сандыбаев. Алматы: «Колор», 2008. 445-бет.)

Ғалым айтып отырған аспаптың ыс­палы екендігін оның «екі жуан ішек» деген анықтамасы айқындай түсетін секілді. Өйткені ысқымен ысыла­тын ішектер әдетте жуан болатыны рас. Олай болмаған күнде жіңішке ішек үйкеліске шыдамай, үзіліп кетуі мүмкін. Жуан болатыны – ішектің жылқы қылынан тағылатындығынан. Біздің бұлай рабабты ыспалы аспап екендігін дәлелдеуге тырысып отырғанымыздың бір себебі – Әл-Фараби осы рабаб туралы өз сипаттаулары мен баяндауларында, түсіндірмелерінде оның қиғақпен тартылатындығы туралы, болмаса ішегінің қылдан болатындығы хақында, әйтпесе ыспалы аспапқа тән басқа да ерекшеліктері жөнінде ақпарат айтпайды. Соған қарамастан, зерттеушілер ғалымның айқындамаларына мән бере келе, бұл аспапты ыспалы аспаптарға жатқызады (Вызго Т.С. Музыкальные инструменты Средней Азии. Исторический очерк «Музыка» М., 1980, стр. 80 )

Шындығында, әл-Фараби аспаптардың үніне қатысты сипаттамалар бергенде осы рабабты дыбысының ұзақтығы жөнінен адам дауысына ең жақын аспап деп жоғары бағалайды. Байқап қарасаңыз, расында, ыспалы аспаптың үні ұзаққа созылады. Өйткені ол ысқышпен тартылады. Ысқышты ішектен айырмай басынан аяғына дейін жүргізсеңіз, үзілмеген бір қалыпты ұзақ дыбыс естисіз. Ал адамның үні секілді үзіксіз ұзақ дыбысты шертпелі аспаптар шығара алмайды. Әл-Фараби «Аспаптар туралы кітабының» кіріспесінде ішегін шерту арқылы дыбыс шығаратын аспаптарға қарағанда «ішектерге басқа ішекті немесе соған ұқсас өзге затты үйкеу арқылы дыбыс шығаратын аспаптарды» ерекше атап өтеді ( Вызго Т.С. Музыкальные инструменты Средней Азии. Исторический очерк «Музыка» М., 1980, стр. 80 )

Демек, ыспалы аспаптар Орталық Азия аумағында ортағасырларда да ерекше мәшһүр болған. Сондай аспаптың бірі – рабаб (1-сурет).

Әл-Фарабидің айтуынша, адам дауысына «еліктеу сапасына қарай жалпы аспаптардың ішінде рабабқа, (сырнайға және осыларға ұқсас аспаптарға) тең келері жоқ» (Әбу Насыр әл-Фараби. Музыка туралы үлкен кітап.ауд.: Ж. Сандыбаев. Алматы: «Колор», 2008. 62-бет).

[caption id="attachment_57774" align="alignleft" width="300"]Рабаб. (Әбу Насыр әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен кітабының» 445-бетінде берілген 369-сурет) Рабаб. (Әбу Насыр әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен кітабының» 445-бетінде берілген 369-сурет)[/caption]

Ғалымның сипаттауынша, рабабтың екі ішегі екі түрлі жуандықта қолданыла береді. Мұн­дайда рабабтың жуан ішегі уд аспабының екін­ші ішегінің жуандығын­дай, ал жіңішке ішегі уд аспабының үшінші ішегінің жуандығындай болады. Кейде рабабқа төрт ішек те тартылыпты. Аспаптың төменгі жа­ғында ішектердің ұшын түйіндеп қоятын құ­рылғысы бар. Тиегі, мойны, құлақтарының орналасуы хорасандық танбурға келіңкірейді. Ең басты айырмашылығы мынада: «рабаб тартушылар, дыбыстарды ... олардың арнайы шектелген орындары мен пернелер арқылы шығармайды. Керісінше, олар дыбыстарды өз араларында қолданылып, есту арқылы қалыптасқан орындардан шығарады» (Әбу Насыр әл-Фараби. Музыка туралы үлкен кітап.ауд.: Ж. Сандыбаев. Алматы: «Колор», 2008. 446-бет.)

Демек, қазақтың қобызындағыдай бұл аспапта да перне болмайды. Есту арқылы жадында қалған ішек бойындағы дыбыс орындарын басу машығы қалыптасқан адам кез келген шығарманы пернесіз- ақ тарта береді.

«Музыка туралы үлкен кітабында» әл-Фараби рабаб аспабының дыбыстарының орнын анықтайды, қай саусақ ішектің қай тұсын басқанда қандай дыбыс шыға­тынын, олардың ара қатынасын, айқын­дауды нақты сызба үлгілері арқылы көрсетеді.

Одан кейін екі ішекті және оның бойындағы дыбыс орындарын белгілі бір әріптермен белгілеп, сол әріптермен рабаб іше­гіндегі интервалдар­ды да сызба арқылы көрсетеді.

Бұдан кейін ғалым рабаб аспабының мүмкіндіктерін ескере келе, дыбыстық құры­лымын одан әрі жетіл­діру жолдарын ойластырады. Ол үшін жеңіл қосымшалар қосуға бо­латындығына көз жеткізеді.

Келесіде ол рабаб аспабының құлақ күйін кел­тірудің үш жолын көр­сетеді. Алдымен, сол кезде кең тараған ортаңғы сау­сақ (ортанқол  «ортан­терек») арқылы қалай күйге келтіруді, одан кейін төртінші саусақ («шүл­діршүмек») арқылы құлақ күйін келтіру амалдарын, сонан соң шынашақ арқылы күйге келтіру жолдарын сызба үлгілер арқылы жеткізеді.

[caption id="attachment_57775" align="alignleft" width="300"]Араб елінде бәдеуилер арасында кең тараған шайырлар ребабы (ребаб аш-шаир). Араб елінде бәдеуилер арасында кең тараған шайырлар ребабы (ребаб аш-шаир).[/caption]

Ғалым рабаб аспабына басқа да тәжірибелер жасап көреді. Ол рабаб аспабы дыбыстарын уд аспабы дыбыстарымен қалай теңестіруге болатындығын түсіндіреді. Қай ішекті қалай тартып, қай дыбыспен күйге келтіру керектігін өз тәжірибесі арқылы сызба үлгісімен көрсетеді әрі түсіндіреді.

Келесі кезекте ғалым рабаб аспабының дыбыстарын танбур аспабының дыбыстарымен теңестіру жолына тәжірибе жасап көреді. Осы тәжірибеде ол мынаған көз жеткізеді:

 «Бұл аспап өзінде қолданылатын түрлі тетрахордтар мен үндестіктер жағынан бағдаттық танбурдан артық екені анық. Рабаб аспабындағы интервалдардың үйлесімділігі, басқа аспаптармен салыс­тырғанда, олардан кем қалмайды, кері­сінше, өзінде пайдаланылатын интер­валдарының артықшылығы байқалады. ...Ал енді оның әуелгідегі ерекшелігін алсақ, онда бұл аспап көптеген аспаптарды өзінің артына қалдырады... Сондай-ақ бұл аспапта біз көрсеткен дыбыстық қатарлар реттілігінің саны жағынан да асып түсуге болады...» (Әбу Насыр әл-Фараби. Музыка туралы үлкен кітап.ауд.: Ж. Сандыбаев. Алматы: «Колор», 2008. 457-бет.)

Ғалымның рабаб туралы айтқан­дары мен түсіндірмелеріне және айқындамалары мен тәжірибелеріне қарап, біз оның осы аспапты да толық меңгерген музыкант болғанына көз жеткіземіз.

Құлаққағыс: әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен кітабының» соңына берілген түсініктемеде бұл аспапқа қатысты мынадай мәліметтер келтірілген: «Рабаб – қазіргі кезде сирек қолданылатын бұрыннан танымал ішекті аспап. Рабаб түрлерінің арасындағы ең ескі түрі «мысырлық рабаб» – «мисрий». Алайда, бұл аспап көп жағдайда екі ішекті болып келеді. Дыбысы адамның дауысына ұқсап келуі үшін мал терісімен қапталады. Уақыт өте бұл аспап жетіле келіп, бірнеше түрге бөлініп кетті. Олардың арасында: шайыр рабабы( рабаб әш-ша’ир), мағрибтік рабаб (рабаб әл мағрибий), кейін түркі рабабы (рабаб әт-туркий). Кейінгі рабабтардың пішіні әуелідегі рабабқа ұқсамайды. Бұл аспап Еуропаға Андалусия арқылы кірді. Заман өткен сайын аспап одан әрі жетіле түсіп, ХV ғ. «әл-каман» немесе «әл –сиюлә» деген атпен танылды» (Әбу Насыр әл-Фараби. Музыка туралы үлкен кітап.ауд.: Ж. Сандыбаев. Алматы: «Колор», 2008. 705-бет)

Ал енді әл-Фараби сипаттаған рабаб аспабы туралы басқа мәліметтер не дейді және оның қазақ халқының қобызымен тамырластығы неде екендігіне көз жүгіртіп көрелік.

Алдымен мына анықтамаға кезек берейік: «Ребаб, рабаб, рабоб. Мұсылмандардың ішекті аспаптарының жиынтық атауы. Арабтардың ысқымен ойналатын ішекті музыкалық аспабы. «Ребаб» сөзінің түбірі араб тілінде қысқа дыбыстардың бірігіп, ұзақ ойналуы деген түсінік береді. Ребаб 1-2 немесе үш ішекті болады» ( Қараңыз: https//ru.m.wikipedia.org).

Бірінші сөйлемдегі  «мұсылмандардың» деген айқындама әлі де анықтай түсуді қажет етеді. Шындығында, бұл аспап тек мұсылмандар ойлап тапқан аспап па және мұсылмандар ғана қолданатын аспап па? Сондай-ақ оның дінге қаншалықты қатысы бар?

[caption id="attachment_57776" align="alignleft" width="300"]Ортағасырлардан бастап Еуропа елдеріне тарай бастаған ыспалы аспап –ребек. Ортағасырлардан бастап Еуропа елдеріне тарай бастаған ыспалы аспап –ребек.[/caption]

Жоғарыдағы айқындамада үш атау қатар берілген. Рас, бұлардың түбірі бір. Бірақ қазірде бір халықтарда «ребаб» деген атау қолданылса, енді бір елдерде «рубаб» деген атауды, ал келесі бір халықтар «рабаб» деген атын сақтаса, тағы бір халықтар «ребек» деген өзгеріспен сіңіріп алған. Оның үстіне бұлардың барлығы дерлік ыспалы аспап ретінде қолданылмайды. Мысалы, рубаб парсыларда шертпелі аспап ретінде қалыптасқан.

Ребаб деген атпен белгілісі – арабтардың ыспалы аспабы. Ежелгі бәдеуилер ұстаған мұндай аспапты «шайырлар ребабы» деп атаған. Ол көбіне екі ішекті. Шанағы төрт бұрышталған, қақпағы қой немесе ешкі терісінен қапталған.

Ребабшы аспапты тік ұстап, дүмін тізесіне тіреп отырып тартады. Аспаптың дыбыс қатары кварта-квинта. Көбіне қасыдаларды сүйемелдейді.

Ребаб – Ирактағы, Сауд Арабиясын­дағы, Иорданиядағы, Сириядағы, Ливандағы көшпелілердің мәшһүр аспабы. Ол сондай-ақ Мысырда, Алжирде, Мароккода, Индонезияда, Индияда, кейіннен Еуропаға да кең тараған. Осынша көп елдерге тарауының басты себебі оның ерте пайда болған, көне және әл-Фараби айтқандай үні ұзақтығы жағынан адам дауысына өте жақын аспап екендігінде болса керек.

 «Ребек» деген атаумен белгілі ыспалы аспапты ағылшындар «ribibe», «ribible», «rubebe», «rybybe»; француздар «rebebe», «reberbe», «rebesbe»; италияндар «rebeka», «ribeka»; испандар «rabe’», «rabel», «rebeguin» деп атайды (Музыкальные инструменты. Энциклопедия. –М.: «Дека –ВС», 2008. стр.470.).

 «Ребек» Еуропаға ортағасырлардан бастап тарай бастаған. Бұл аумақта ол тұрпатын сәл өзгерткенімен, ойналу тәсілі мен негізгі бөлшектері – қыл ішек пен ысқыны өзгертпеген.

Осы ребек жетіле келе, виола деген аспаптың дүниеге келуіне, ал виола дами келе скрипканың тууына себеп болды. Скрипканың пайда болу тарихын осымен түйіндей салуға да болар еді. Бірақ ақиқаттың ақырына дейін баруға ерінбейтін ғалымдар әлемді тамсандырған еуропалық скрипканың тарихи тамырын одан әрі қазбалай түсуді жөн көрген. Скрипка – әу бастан ішекті ыспалы аспап. Ішекті ысқышпен ысып, есіп әрі дыбыстық орындарын саусақпен баса дыбыс шығару арқылы жанға ләззат сыйлайтын әуен шығару мәдениетінің бастауы қайдан, жұмыр жердің қай аумағынан, жер бетін мекендеуші халықтардың қайсысынан тараған деген сұрақтарға жауап іздеген ғалымдар ақыры ортақ бір пікірге тоқтады. Этномузыкатанушылар ысқышы ғана емес, ішегі де қылдан тартылған аспаптар ХХ ғасырда да әу бастағы бітімін сақтаған қалпы көптеген халықтың сүйікті музыкалық аспабы ретінде өмір сүріп келгендігіне көз жеткізгеннен кейін бұған дейінгі еуропалық таптаурын таным-түсініктерін өзгертуге мәжбүр болды. Сөйтсе, үні де, түрі де сүйкімді скрипканың арғы атасы тұрпаты көзге сүйкімсіздеу көрінетін ыспалы аспап – қобыз екен. Қобыз секілді ішегі де, ысқышы да қылдан тартылған аспаптар тек қазақтарда ғана емес, өзге көшпелі халықтарда бар болып шықты: ондай аспапты қырғыздар қыйақ, моңғолдар моринхур, твалықтар игил, алтайлар тошпулуур, ал қазақ, қарақалпақ, татар, өзбек, башқұрт қобыз деп атайды. Осылардың ішінде қазақтың қобызы ең көне тұрпатын сақтаған аспап екен. Оның ысқышы да, негізгі сұлбасы да кәдімгі садақтың тұрпатынан аумаған. Музыкатанушы ғалым А.Мұхамбетова скрипканың еуропа халықтары мәдениетінде алатын орнын және шығу тарихын зерттей келе оның әу бастағы тегі қобыз, ал қобыздың арғы тегі садақ деген тоқтамға келеді. Мұндай пікірді еуропалық зерттеушілер де жоққа шығармайтынын тілге тиек ете келе, ол: «ХХ ғасырда, Вернер Бахман және Слави Дончев деген еуропалық ғалымдардың зерттеуінің нәтижесінде қобыздың әлемдегі ең ежелгі ыспалы ішекті аспап екендігі дәлелденді. Оны өздері қасиетті деп бағалайтын Сырдария жағалауын мекендеген түрк тайпалары жасаған. Батысқа оны түрк-оғыздар, түрк-бұлғарлар және басқа халықтар апарған...» дейді (Мухамбетова А. В поисках предков скрипки. В кн.: Казахская традиционная музыка и ХХ век. Алматы: Дайк-Пресс, 2002. Стр. 513-519).

Батыста тұрпаты мен қызметін өзгертіп, барған жерлеріндегі жұрт­тардың көркемдік-эстетикалық қажеттіліктеріне, сондай-ақ жасалуына керекті затындардың табиғатына қарай икемделген қобыз қанша ұрпақ ауысса да, нелер сұрапыл қиракезік уақыт өтсе де өз атамекенінде өзінің әу бастағы болмысын сақтаған күйі ХХІ ғасырға нық қадам басты. Қазір бүкіл әлем қобызды сол баяғы ежелгі қалпындағы болмысымен таниды, сол байырғы үнімен тыңдайды.

Қорыта келгенде, жоғарыда айтылған ойлардан қазақтың қобызы – бергі ребектің де, арғы ғасырларда әл-Фараби сөз қылған рабабтың да шыққан тегі деген түйін туады.

3323 рет

көрсетілді

109

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы