• Тарих
  • 02 Шілде, 2020

Созақ көтерілісінің тарихын білеміз бе?

Халқымыз талай қиян-кескі соғысты да, ашаршылықты да көрді, нәубет жылдарды бастан өткерді. Тарихшылардың айтуы бойынша, 1929-1931 жылдары елімізде кеңестік-тоталитарлық үкіметтік саясатқа қарсы 350-ден аса бұқаралық бас көтеру болған. Бұл қан жоса қылып басылған толқу-көтерілістер туралы деректер еліміз егемендік алғанға дейін аса құпия сақталды. Сонда да қазағым мойымады, жасымады, осы күнге жетті.

Осылайша, жарты ғасыр бойы айтылмай, тарихы жазылмай келе жатқан қанды оқиғаның ең ірісі 1930 жылы ақпан айының 7-16 күндері Созақта болған халық наразылығы еді. Адам шығыны мен қатысқандар саны жағынан ең ауқымды бұл көтерілістің тұтануына халықтың қолындағы мал-мүліктің заңсыз тәркіленуі, зорлық-зомбылық, қолындағы соңғы сауын малына дейін тартып алынуы, «жүн салығы», «мақта салығы», т.б.түрлі салықтардың салынуы себеп болды. Оның үстіне осы заңсыз істерді асыра сілтеумен шегіне жеткізген коммунистер мен комсомолдардың, түрлі уәкілдер мен шолақ белсенділердің бассыздығы отқа май құя түсті. Күйзеліп, әбден жұтаған халық, намысы тапталған бұқара амалы таусылып, атқа қонды. 1928 жылдың тамызында Қазақ АКСР Орталық атқару комитетінің «Ауқатты байлардың мал-мүлкін тәркілеп, жер аудару» жөніндегі қаулысы шыққаннан кейін Қазақ өлкелік партия комитетін басқарған Ф.Голощекин елді неғұрлым қысқа мерзім ішінде отырықшылыққа көшіруге пәрмен берді. Күштеп, зорлықпен тігерге тұяқ қалдырмай малды ортаға салды, ал «орта болмаймыз, колхозға бірікпейміз» дегендер түрмеге жабылды. Орталық биліктің жергілікті жердегі шаш ал десе, бас алатын белсенділері ойына келгенін істей бастады. Тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбеков: «Созақ көтерілісіне жергілікті белсенділердің жасы келген адамдарды апанға салып, қыс айларының қар аралас жаңбыр кезінде азаптауы түрткі болған» дейді. Шынында да, 1930 жылдың ақпанның аңыраған суығында орта шаруалардың үлкен тобын «бай-құлақ» деп айыптап, Созақ пен Шолаққорғанның жанында қазылған апанға салмаса, бұл көтеріліс дәл осылай лап етіп басталмас па еді?! Ақпанның аласапыранында әр ауылдан бас көтеріп шыққан наразы жігіттер жиналып, қолдарына қару алды. Атқа мінерлері бас қосып, алқа кеңес құрды. Дәстүр бойынша толқыған жамағаттың басын қосатын, жөн сілтейтін ханы болуға тиісті. Халық бірауыздан Тама руынан шыққан Сұлтанбек Шалақұлын хан көтеріп, көтеріліске жетекші етіп сайлапты. Халық хан көтерген Сұлтанбек Шалақұлы маған да аталас туыс. Бәріміздің арғы аталарымыз Теріскей елінде аса зор құрметке ие болған жандар. Мал біткен, сөз ұстаған, ұрпағы жайылған әулеттер. Қалың жұртқа да қадірлі, өз ортасына сыйлы ақсақалдар. Бірақ басты әңгіме бұл емес, айтпағымыз жазықсыз қырылған жандар, қанға бөккен ел, шаңырағы ортасына түскен отаулар, ботадай боздап қалған бала-шаға, шал-шауқан, жалпы халық хақында ғой... Ел намысын ту қылған Сұлтанбек Шалақұлы мен бас мерген Салықбай Аралбайұлы бастаған халық батырлары мұздай қарулы қызыл үкімет жасағына, шолақ белсенділерге қасқайып қарсы тұрды. Азаптың апанына тасталған аяу­лы ұлдарын тыныш жатқан елге тиісіп, зорлық-зомбылық жасағандардан арашалап алу үшін аянбай күресті. Әбден аяусыз қаналған, кеңестік жүйенің озбырлығын мейлінше тартқан халық күші «Алла!» деп ұрандатып, Созақ абақтысында жатқандарды босатып алды. Атқа қонған, арқасы қозған, ашынған топ қамба, дүкендердегі азық-түлікті тонап, бұқара халыққа таратып берді. Аудандық атқару комитетінің кеңсесін өртеп, хатқа түскен байлар тізімі жойылды. Балта, айыр, орақпен қаруланған көтерісшілердің жалпы саны екі мың адамнан асты... Көп ұзамай сүйреткен зеңбірегі бар от қарулы жазалаушы отрядтар келіп жетті. Бірен-саран шошайған білте мылтығы бар көтерілісшілер қоршауға алынды. Қан қасап қырғын болды. Қайнар елді мекенінің жанындағы Дуана деген жерде қазір де жазалаушы әскер лагерінің орны сақталған. Көтерілісшілер қырылып біткен соң кезек бейбіт халыққа келді. Амал жоқ аталарымыз кір жуып, кіндік кескен жерін тастап босып кетті. Сол бір «үркіншілік» жылдарында созақтық бейбақтар сияқты жалпы қалың қазақтың миллионға жуық жан басы көрші мемлекеттерге ауа қашып, оның жарты миллиондайы ғана жат жұртқа аман жетіп, бассауғалағаны бүгінде белгілі жайт. Елден безе қашқан біздің аталарымыз көп ұзамай, қырғыз елінің Ош елді мекеніне қоныс тебеді. Менің Асқар атам тумасынан кеңпейілді, мінезі жайма-шуақ жайлы жан еді. Бауырлас қырғыздармен өз туысындай аралас-құралас болып кетеді. Олар да азған-тозған, босқан қазақ бауырларын бауырына басып, жан сақтап, ел ретінде түтіндерін түзу ұшыруға көмек қолын созады. Атамекен, атажұрт аңсатпай қоя ма, аталарымыз жылда елге жасырын жаушы жіберіп, туған жерден хабар үзбейді. Бірақ қылышынан қан тамған «күн көсем» тірі тұрғанда, сталиндік озбырлық тоқтамай, олардың қопарыла қайта көшуіне батылдары бармайды. Тек 1954 жылы ғана Ошта ошағын өшірмей, бала-шағасын аман сақтап қалғандар туған топыраққа оралады. Әулетіміз ең алдымен әулиелі Түркістанға тұрақтайды. Осылайша, менің кіндігім Қырғызстанда кесіліп, ал балалық шағым туған елімнің құшағында өтеді... Менің әкем Әбжаппар Шалқарұлы 1920 жылы Созақ ауданының 11-ші ауылында дүниеге келіп, балалық шағы сол жерде өтеді. Жеті жас шамасында анасы, сегіз жасында әкесі опат болып, әкесінің інісінің қолында қалады. Кейін ата-анасыз тұлдыр жетім есебінде Түркістандағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Осылайша, ол Созақ көтерілісін өз көзімен көре алмағандығын, бірақ барша бауырларынан естіп-білгендерін там-тұмдап айтып отыратын. 1957-58 жылдары мен әлі баламын, әйтсе де, әкемнің немере ағасы Жуасбек атамның маған аса бір құпиялап айтқан мына бір әңгімесін әлі күнге ұмыта алар емеспін. «Көтеріліске қатысып, мергендер қатарында болдым. Қолымызда білте мылтық, жүзбасы мен онбасының тапсырмасымен ғана атамыз, өйткені оқ дәрі тапшы. Бейсуат оқ атуға тыйым салынған, атқан оғың қаңғып далаға кетсе, екінші оқты онбасы не жүзбасы өздері атады. Осылайша, Созақтың тұсындағы Балықшытау асуын бақылауда ұстадық. Бірнеше күн Түркістан жағынан келе жатқан қызыл әскерлерді тосқауылдап, алға жылжытпай қойдық. Арқа тұсымыздан, Шолаққорған жағынан келген қарулы отрядпен де атыстық. Бұлардың күші басым, қару-жарағы өзгеше болды. Қайта-қайта жер сілкінеді, бұндайды көрмеген біз абдырап қалдық. Сөйтсек, олар зеңбірек оғымен атып, ол айналасын айран-асар қылып жайратады екен. Тасаға байланған аттарымыз да шылбырын үзіп қаша бастады. Осылайша, бұл соғыста жеңіліске ұшырадық. Тек ажалы жетпегендер, тақымы жүйрік атқа іліккендер ғана аман қалды. Көтеріліс басылған соң жаппай тергеу-тексеру, шетінен тұтқындау басталды. Күніне бір-екі отбасы ізім-қайым жоқ болатын болды. Сондықтан бір түнде ағайындармен бірге біз де Қырғызстанға ауа көше жөнелдік. Уақыттың тарлығы сонша, көрші ауылдағы Қарлығаш апама да, әкемнің інісіне де хабарласуға мұршам болмады. Сол жылдардағы бойға сіңген қорқыныш, үрей Қырғызстанда жүргенде де басылмады. Кеудемізде елге деген сағыныш оты лаулап жүрсе де, кейін қарай қайтуға батылымыз жетпеді. Тек 1954 жылы Сталин өлгеннен кейін ғана Қазақстанға келіп, Арыс қаласының маңына Қаражантақ деген жерге қоныстандым. Сен әлі баласың, міне, арада отыз жылдай өтсе де Созақ көтерілісінің зардабы әлі тарқаған жоқ. Еркіндік қашан да қымбат қазына, қара басың бостан болғанға не жетсін?! Осыны есіңнен шығарма, айналайын!..». Ішіне сыймаған сырын ақтарған Жуасбек атам сонау 1960 жылы өмірден озды. Топырақ Түркістан қаласынан бұйырды. Арада қаншама ондаған жылдар өтсе де Жуасбек атамның сол бір жанын жаралаған оңаша әңгімесі санамда сайрап тұр. Бұл салмағы зіл батпан естелік ата-бабаның маған аманаттаған ғасырлық өсиеті екенін енді ғана ұғынып, жан жүрегіммен сезінгендеймін... Сірә, бұл жазықсыз жандары қиылған, нақақтан қандары төгілген аталарымның рухы шығар... «Біздің сұраусыз төгілген қанымыз сенің бойыңды жылытып тұр, біздің кебінімізді киіп шығып, ар-намыс жолында құрбандыққа шалған рухымыз сенің төбеңде, еліміздің аспанында қалықтап жүр... Ұмытпа бізді...» деп түнде түске енеді, күндіз күлкіден айы­рады... Менің білуімше, тек Созақ көтерілісі құрбандары ғана емес, сол кездегі билікке, режімге қарсы бас көтерген 350 толқу, көтерілістердің қай-қайсысы да тарихи бағасын ала алмай келеді. Сонау 1990 жылы-ақ, Қазақстанның «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы Созақ аудандық бөлімшесінің басқарма жиы­ны «1930 жылғы Созақ көтерілісін «Алашордашылардың, байлар мен ишандардың басшылығымен кеңес өкіметіне қарсы ұйымдастырылған контрреволюциялық қарулы көтеріліс» деген баға әділетсіз, қазақ ұлтына жабылған жала, ендігі жерде бұны сталиндік-тоталитарлық жүйенің зорлық-зомбылығы, террорлық әрекеті деп тұжырымдалсын» деген қаулы қабылдаған болатын. Осы қаулының негізінде Созақ ауылында Созақ көтерілісіне – 70 жыл және Сұлтанбек Шалақов атындағы көшелер пайда болып, мемориалдық тақта орнатылған еді. Көтеріліс құрбандарына орнатылатын ескерткіштің орны белгіленіп, тіптен тұғыры да құйылған еді. Еңселі ескерткіштің жобасын жасауға байқау жарияланған... Шейіт кеткен ата-баба аруағын құрмет тұту мақсатында еңселі мұнара мен көтеріліс басшысы Сұлтанбек Шалақұлына дербес ескерткіш орнатуға құлшыныс білдірілген... Бір шүкіршілігі, соңғы жылдары «Тама Қарабура» қоғамдық қорының төрағасы Орынбек Ибжанов «Созақ қасіреті» мемориалдық кешенінің құрылысын жүргізіп жатыр. Азалы қасірет мемориалының тұрғызылуы – Созақ көтерілісі құрбандарының көзсіз ерлігіне берілген халықтық баға, бүгінгі ұрпақтың өткен тарихқа тағзымы, тағылымды тәрбиенің, иманды игіліктің үлгісі болмақ. Баршамызды ата-бабамыздың намысты рухы қолдап жүрсін! Тәуелсіздік жолында шейіт болған шаһид ерлердің ерлігі мен есімдері мәңгілік халық жадында жаңғырсын! Әбдімүтәліп Әбжаппаров, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері

1815 рет

көрсетілді

207

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы