• Тарих
  • 02 Шілде, 2020

КӨШБАСШЫ

Ұлтымыздан шыққан қоғам қайраткерінің бірі Халел Досмұхамедұлы «Өз жұртына жұмыс істеп, еңбек сіңірген адамдарды қадірлеу – елдіктің белгісі» деген еді. Сондықтан өз ұлты үшін қызмет еткен ел басшыларының еңбегін, ерлігін, ізгі істерін бағалау, насихаттау бізге үлкен парыз. Ел басқару өнері – кез келген адамның қолынан келе бермейтін, ақыл-парасатты қажет ететін өнер. Ежелгі Грекияның аты әйгілі ойшылы Демокрит «Мемлекет басқару өнері – өнер атаулының төресі» деп тектен-тек айтпаған. Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қара ормандай қалың халықтың сеніп тапсыруымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті болып сайланды. Отыз жылға жуық уақыт қазақ елінің көркеюі мен гүлденуі үшін орасан зор еңбек сіңірді. 

Н.Назарбаев 40-қа тарта мемлекетте тарыдай шашылып жүрген қандас ағайынға: «...Шетелдегі қазақтардың елге жиі келіп, туған жермен байланыстарын нығайтып отырғандары дұрыс. Қай елде тұрсаңыздар да әрдайым Қазақстанды жүректеріңіздің төрінде ұстаңыздар. Қазақтың тарихи Отаны біреу-ақ. Ол – Қазақстан» деп, тарихи Отанын ұмытпауға, оны құрмет тұтуға шақырды. Мен Қытайда жүрген кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әділеттің ақ жолы», «Бейбітшілік кіндігі», «Ғасырлар тоғысындағы Қазақстан», «Қазақстан – 2030», «Қалың елім. Қазағым» сынды кітаптарын тебірене отырып бірнеше рет оқып шыққан едім. Аталған кітаптар Қытайда ханзу, қазақ, ұйғыр тілдерінде баспадан шықты. Бұл кітаптар менің Елбасының еңбегін түсінуіме, оның отаншылдық идеясынан өнеге алуыма мүмкіндік берді. Елбасы дүниежүзі қазақтарының ІІ құрылтайында айтқан: «Келем дегендерге Қазақстанның жері кең, елі кең, жағдайы бар, заң қабылданды. Құқтарың бар. Қандай жұмыс істеймін десең, қандай бизнеспен шұғылданам десең мүмкіндік бар. Келіңдер де, айналайын қазағым, күніңді көріп байыңдар» деген сөзі шетелдегі қандастарымыздың ет жүрегін елжіретті. Қазақстан тәуелсіздік алған отыз жылға жуық уақыттан бері қазақтың «Нұрлы көші» әлі тоқтаусыз жалғасып келеді. Елбасы Н.Назарбаев туралы Маргарет Тэтчер, Ли Куан Ю, Си Цзиньпин, т.б. әлемдік саясаткерлер заңғар-заңғар бағасын берді. Солардың бірі ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 2019 жылы сәуір айының 28-і күні Н.Назарбаевпен кездескенде: «Н.Назарбаев мырза Қазақстанның мемлекет құрушы елбасы және ұлт көсемі. Қазақстанның мем­лекеттік тәуелсіздігіне және дамуына, Қазақстан ұлттарына өшпес еңбек сіңіріп, өнеге көрсетті. ҚХР мен Қазақстанның арасында өзара стратегиялық серіктестік орнатуға, дамытуға тарихи үлес қосты. Біз мұны жоғары бағалаймыз» («Азия кіндігі» газеті, 2019 ж. 1-мамыр) деп өте жоғары баға беріп, Н.Назарбаевқа Қытай Халық Республикасының «Достық» орденін ұсынғаны бар. Тарих керуені талай-талай жойқын соғыстарды, қан кешкен дәуірлерді бастан кешсе де, адамзат баласы жаратқан шұғылалы мәдениеттің ізін өшіре алмады, қайта уақыттың өтуімен адамзат баласы жаратқан асыл өркениет үздіксіз өркендеп дамыды. «Өркениет – қалалық мәдениет» (Страбон). Өркениеті болмаған халықта қала мәдениеті дамымайды, сондықтан қала тарихы – халық тарихының асыл жауһары. Елбасы Н.Назарбаевтың астананы көшіру туралы саяси шешім қабылдауы Қазақстан тарихында ұлы бұрылыс жасады. Осы еңбегінің нәтижесінде күллі дүние таң қалған жаңа қала, көрікті астана – Нұр-Сұлтан қаласы бой көтерді. 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп әлемге жариялап, келесі жылы 10 маусымда тұсаукесер тойы өтті. Қазақстан мемлекетінде Нұр-Сұлтан қаласының бой көтеруі қара ормандай қалың халықтың арманы мен үміті еді. Міне, бұл Н.Назарбаевтың ұзақты болжайтын саясаткер, қазақ елінің тарихи қала өркениетін жалғаушы, асқан ойшыл екенін дәлелдейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев президенттік міндетін атқаруға кіріскеннен кейін Қазақстан елінде өмір сүріп жатқан 130-дан астам ұлт пен этникалық топтардың тұрмысын жақсартып, әл-ауқатын арттыру үшін қыруар реформа жүргізіп, кемелді жоба-жоспарлар жасады, құнды бағдарламалар ұсынды. Әсіресе Н.Назарбаевтың «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы ұзақ мерзімдік болашақты болжаған тарихи дәуірлік сипатқа ие. Осы еңбегінде Елбасы «Мәңгілік ел – бұл біздің жалпы қазақстандық ортақ үйіміздің ұлттық идея­сы, біздің бабаларымыздың арманы» деген еді. Елбасы Н.Назарбаев еліміз тәуелсіздік алған отыз жылға таяу уақытта қайқайып өрге шапқан қаракердей топ жарып түрлі реформалар жасап, Жолдаулар мен құнды бағдарламаларын ортаға салып, Қазақстанның атақ-даңқын аспандатқан, аты аңызға айналған үздік реформашы ретінде әлемге танылған тұлғаға айналды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығында мемлекеттің экономикалық жағдайы біртіндеп оңалып, дағдарыс кезінде жабылып қалған мекемелер (кітапханалар, клубтар, мұражайлар, т.б.) қайтадан ашылып, халықтың тоқыраған мәдениеті жанданып, табыстарға қол жеткізді. Осындай мемлекетті қайта құру сияқты күрделі кезеңдерде көп ұлтты, көп салалы мәдениетке қолдау көрсетіліп, ұлттық құндылықтарды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылды. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жасалды. Бұл бағдарлама 2003 жылдан бастап жүзеге асып, отандық ескерткіштерді түгендеді, тарихи және мәдени ескерткіштердің тізімі жасалды. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жолға қойылғаннан кейін қыруар тарихи-мәдени ескерткіштер қалпына келтіріліп, ғылыми жұмыстар жүргізілді, жазбаша және ауызша таралған ұлттық әдебиеттің үлгілері жиналып, жүздеген том жинақ баспадан шықты. Елбасы 2017 жылдың 12 сәуірінде өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақа­ласында еліміздің нұрлы болашағы үшін атқаруға тиісті маңызды мәселелерді ортаға салды. Сондай маңызды мәселенің бірі – қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі еді. Латын әліпбиіне көшудің сая­си, мәдени, әлеуметтік астарында ұзақ болашақты көздеген аса көрегендік саясат пен парасат жатыр. Өз заманының озық ойлы ғұламаларының бірі Жүсіп Баласағұн: «Парасат қайда болса ұлылық сонда, Білім қайда болса биіктік сонда» деген керемет сөзін айтқан екен. Н.Назарбаев Қазақстанның дамуы мен гүлденуіне ерекше үлес қосқан үздік саясаткер, аты әлемге танылған қоғам қайраткері. Қазақстан тәуелсіздік алған отыз жылға таяу уақыттан бері мемлекет тоқыраудан дамуға, саннан сапаға, аласадан биікке, әлсізден күштіге, балалықтан даналыққа қарай керуен тартты. Осылайша, мемлекет көркейіп гүлденді. Қазақстанда тұратын 130-дан астам ұлт өкілдері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір-бірімен жарасымды береке-бірлікте, бақытты өмір сүріп келеді. Сондықтан Қазақстанның бүгінгі жеткен табысы мен дамуы Н.Назарбаевтың сара саясатының жемісі деп айтуға әбден болады. Сан ғасыр қойнауындағы тарихты Жаратушы да, таратушы да қара ормандай қасиетті халық. Тарих жолы қым-қуыт күрделі де алысқа керуен тартқан ұзақ жол. Тарихы жоқ халық дүниеде болған емес. Қай халықтың тарихы мен мәдениеті болсын, оның сан ғасырды бастан кешкен бұралаң да күрделі жолымен сабақтасып жатады. Әр дәуірдің ұзақ ғасырдағы керуен жолы тарих болып таңбаланып бізге жетіп отырған. Қазақ халқынан шыққан ғұламалардың бірі Төле би Әлібекұлы «Өсетін ел тарихын таспен жазады, өшетін ел тарихын жаспен жазады» деген сөзінде терең мән жатыр. Білікті ғалым Ақселеу Сейдімбеков: «Тарих көшінің ұлы шеруінде әр ұрпақтың өзіне ғана тиесілі міндеті болады. Ол міндетті сол ұрпақ қана келістіріп атқара алуға тиісті. Себебі кез келген ұрпақ өзі өмір кешкен кезең үшін өткен мен болашақ арасының жанды көпірі, оның тал бойында өзіне дейінгі сан ғасырдың жүгі бар. Сол жүктің сабақты жібіне дейін қалдырмай бола­шаққа қол жалғау – жер басып жүрген тірілердің киелі міндеті» деген салмақты сөз айтқан еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басқаруда аса көрегендікпен әлемдегі дамыған елдермен бейбітшілік, достық қарым-қатынас, саяси-эко­номикалық ынтымақтастық орнатып, өзіне тиесілі міндетті абыроймен орындады. Қазақстан халқының ес жиып, етек-жеңін жапқан кезі – дәл тәуелсіздік алып күллі әлемге танылған, Нұрсұлтан Назарбаев ел тізгінін ұстаған кезі.

Нұрлан СӘРСЕНБАЕВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф

1911 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы