• Әдебиет
  • 02 Шілде, 2020

«ТОЙЛАУ МЕН ОЙЛАУ» ЖАЙЛЫ ЕКІ АУЫЗ СӨЗ

Үлкен кісінің толғанысы үлкен ой салды... Маңайымыз толы мазасыздық. Емхана толы сырқат. Сынаққа толы тағдырлар. Карантин – қараңғы түн сияқты боп тұр. Мұғалім мұңды. Мекке жабық. Қажылық тоқтаған. Соры қалың адамзаттың сорпасы татымайтын ұрпағы біз боп шыққан жоқпыз ба?

Расында, дүрліккен дүние бүгін-ертең тыншығысы жоқ. Бізде қа­персіздік басым. Әлемді наға­шы­ларымыз билеп тұрмағаны белгілі. Ал қазақтың тартпасы бос, шылбыры шұбалаңқы. Біз кү­пін­генде күн күркірейді. Кеуде қаққанда кереге сықырлайды. Трамптың «төрт қатесін» тауып, Путиннің «бес бәлесін» біліп отыр­ғандар, отбасының төрт құ­быласын түгендеп, Алланың бес парызын орындауға құлықсыз. Бір қуанарлығы – «Отан от басынан басталатынын, Құдайсыз қурай сынбайтынын» әлі ұмытқан жоқпыз. Ел болудың еркіндігін «бай болу» деп түсініп, бағы бар да, соры бар да отыз жыл атымызды борбайладық. Отыз жыл Жаңаөзеннен қара Ертіске, Мақтаралдан Жайыққа дейін сөз қудық, той қудық, атыс­тық, шабыстық. Ақырында тапқанымыз не, әлемге бренд қып немізді ұсындық? Ауызды қу шөппен сүрте алмаймыз. «Нені қусаң соның сорпасын ішесің» деген. Ширек ғасыр «кім мықты, кім тәуір, кім айтқыш» деп баспасөзде де, басқа жерде де төбелесіп жүріп, әлемдік аренаға әйтеуір атымызды әйгілейтін, жақсы төбелесетін бір жігітті шығардық. Таңнан тұрып теледидар қостық. «Зауытқа жетіп алайын», деп жапон «Sony»-ға, неміс «Audi»-ға, Джонсон «Barvie»-ға кетіп бара жатқан уақытта біз рингтегі соққының солқылына сүйсініп, шынтақтың шықшытқа тигенінен шабыт алып, соғылған гонгтың даусынан бабалар үнін естігендей рухтанып отырдық. Сосын... Сосын бір жеткеніміз, байдың орынына банкир, бидің орынына бикештер ақыл айтып, ақынды алаңнан іздеп, әншіден пәтуа сұрап, ақсақалдың орынын асаба, әженің әңгімесін әлеуметтік желі алмастырды. Отбасыңның сырынан, сериалдың сюжеті қызық болған заманға жеттік. Шоусыз күніміз батпай, шоуменсіз таңымыз атпай, бизнес ашсақ вайнерден бата сұрап кеттік... Тоймен ұйықтап, топырмен ояндық. Өнеріне өресі, сымбатына сың­ғырлаған үні жарасқан әнші ұлымызды әлем таныды. Төріне шығарды, төбесіне көтерді. Әйтсе де, Президентіміз айтқан­дай әлемнің ниеті бұлыңғыр, ындыны бөлек боп тұр. Пандемияның кезінде үлкен ұйым­дардың өзі қауқар көрсете алмай, көшбасшы елдер көрпені өзіне тартуда. «Е, Қазақ, сенің жұдырығың қатты, жұлдызыңның үні тәтті екен» деп есіркеп отырған ешкім жоқ. Қажымұқан Еуропаның есін алып, есімін жаттатқан кезде де, Мұстафадай есіл еріміз есігінде жатқан кезде де бүйрегі бізге бұрыл­май, бедірейген қоғам ғой, бұл... Әміренің әні Париждің аспанында әуелеп, сұлтан сүйек, бекзат болмыс, бұғағы салбыраған буржуаз мырзалардың өзі таңғалғаннан кейін де «қазақтың көші алға жүрсінші» деген жанашыр жұрт болған жоқ. Керісінше, талантымызға орай жеген тая­ғымыз, қабілетімізге орай көрген қор­лығымыз ғана есте. Біз кеше, «Той көп, тамада болсам да аштан өлмеспін, офис көп, охрана болсам да нанымды табармын» деп жүргенде, дүниенің дидары өзгеріп кетіпті. Бүгін-ертең той жоқ, офис жабылып жатыр... «Тарих таразысында қазақтың тағдыры тұр»... Болашақта дені сау ұлт ретінде сақталып қалу, ары қарай ақырымыз тақыр болмай өсіп-өну – бәрімізге ауыр салмақ, Алла алдындағы аманат боп тұр. Соны терең сезініп жүрміз бе? Бірдеңе деп айту қиын... Бүтіндей отарсызданбаған жұртқа Отанның қадірін қалай түсіндіресің?! Ұзақ уақыт мемлекеттік жүйесін өзі құрып, өзі басқара алмаған елге, мемлекетшілдіктің жағымпаздық емес екенін, жанашырлықтың ортаңнан шыққан билікпен жауласу емес екенін қалай жеткізе аласың? «Жемқор болсам да, жақы­ныма қамқор болайын» деген «тұл­ғалардың» елім деген тамырына қан жүгіргенше, есеміз кетіп, ескегіміз қайраңда қап кетпейтініне кепілдік бар ма? Әлде, әне-міне өтпелі кезең артта қалып, арғы жағалаудың берекелі белесі ағараңдап, көрініп қалар ма екен? Әлемді топан су басқанда Нұқтың (ғ.с.) кемесінде адам да, хайуан да қатар отырған. Бір-бірін түсінген. Әлеуметтік желідегі елірген елге пандемия түгілі жайшылықтың өзінде, қазаққа өзара махаббат пен мейірім керек екенін, өкпемен басталып, өлімге қиып тынатын құн тартқызар кеуде мен кесірлі мінездің түкке керегі жоқ артық жүк екенін кім түсіндіре алады. Қалай ұғындырады? «Мен аш болсам да, елім тоқ болсын, өзгеден қиянат көрсем де, өзім әділ болайын» деген перзенттер тәрбиелеп, көптеп көшке қоса алдық па?! «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстап», топқа түсетін толымды ұр­пақ­ты өсіре алмасақ, «битке өк­пе­леп, тоныңды отқа жаққаның» кімге керек?! Не болғанда да жағдай мәз емес. Төңірегімде сау адамнан гөрі ауырған таныс көп. Жақсылық өз алдына ғой, пенделердің соңғы жылдардағы қатыгездігі мен қанағатсыздығы, ымырасыздығы мен ысырапшылдығы еске түсіп, кейде жаман боласың... Біз бер жақтағы чип пен ваксинаны айтып жүргенде, бұл жағдай Алланың өзінен тікелей келген азап боп жүрмесін. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Дәрігер мен өкіметті, Бил Гейтс пен Уханды умаждап жүр­генде, пендешілігімізге тәубе қып, Құдайымызға иман айтуға шамамыз келмей қап жүрмесін... Президент «тойдың уақыты емес, ойдың уақыты» дегесін ойланып жатқан шығармыз... Кәрі тарих не дейді? Мұндайда, «бал арасындай ауыз­бір­шілік пен құмырсқадай үнемшілдік­тің, тамшыдай тынбас еңбекқор­лық пен қара жердей тыпыр етпес сабырлылықтың» ең керек кезі осы дейді...

Мұхамеджан ТАЗАБЕК, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері

1149 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы